Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Косметика өнімдері халал ма?

Айжан ОМАРОВА 11.12.2019 10248 2 пікір
Косметика өнімдері халал ма?

Қазіргі таңда қыз-келіншектердің өзін-өзі күтінуінде косметика өнімдерінің алатын орны зор. Әйелдер сұлулыққа жақын жандар болғанымен кейбір косметика өнімдерінің құрамына мән бермесе, құлшылығына зияны тиері анық. Сондықтан да косметика өнімін таңдағанда құрамына аса мән берген жөн. Бұрындары франциялық, америкалық, италиялық косметикалар нарықты жаулап алып, әйгілі бренд өнімдерінің көшін бастады. Ал соңғы жылдары бүкіл әлемді кореялық косметика жаулап жатыр. Қазір әлемдік нарықта кореялық косметикасының 2000-нан астам бренді белгілі. Корея косметикасы неліктен қолжетімді? Оның басқа өнімдерден қандай айырмашылығы бар? Төмендегі мақалада осы және косметика өнімдері құрамында кездесетін харам және күмәнді қоспалар жайында кеңінен баяндаймыз.

Алдымен косметикаға тоқталсақ, косметика өнімдерінің құрамындағы ингредиенттерді үш топқа бөліп қарастыруға болады:

  • Дәстүрлі қоспалар – барлық елдердің косметикаларында қолданылатын әмбебап, зертханалық сынаулардан өткен, косметиканың негізін қалайтын қоспалар.
  • Эксперименталды қоспалар – аты айтып тұрғандай, бұрын-соңды өндірісте қолданылмаған, тәжірибеде ғана қолданылып жүрген жаңа (ноу-хау) қоспалар.
  • Ұлттық қоспалар – әр елдің географиясына байланысты қолданылатын ингредиенттер. Мысалы, Корея және жалпы Шығыс Азия елдерінде ғана өсетін лотос, женьшень, кордицепс сияқты емдік шөптер ұлттық ингредиент қатарына жатады.

Дәстүрлі қоспалардың ең негізгілері – коллаген мен гиалурон қышқылы. Коллаген дегеніміз – дәнекер ұлпаларын біріктіретін ақуыздың бір түрі. Ол терінің иілгіштігі мен серпімділігін реттейді. Терідегі пайда болған әжімдер ағзада коллагеннің төмендегенін білдіреді. Дұрыс тамақтану – осы ағуыздың бұзылу үрдісін баяулатудың бірден-бір тәсілі. Демек, коллаген дегеніміз – ақуыз. Ағзамыздағы ақуыздың 30-40%-ы коллагенге тиеселі. Коллаген терінің жастығын реттейді, сонымен қатар ол тырнақ, шаш, буын және ішек ұлпасында да кездеседі.

Коллагеннің 16 түрі бар. Оның үш түрі (90 %) кеңінен таралған. Коллагеннің I және II түрлері сүйекте, теріде, сіңір байламдарында, ал III түрі буындарда болады.

Адам ағзасы коллагеннің қажетті мөлшерін бөліп шығаруға қабілетті. Алайда 25 жастан соң табиғи реттеу төмендейді. Соның салдарынан алғашқы әжімдер пайда болады. Уақыт өте келе артритке айналуы мүмкін. Олай болса, мұның алдын алу үшін не істеу керектігін бірге қарастырайық.

Косметикалық құралдардың көбінің құрамына осы коллаген қосылады. Атап өткеніміздей, ол – терінің серпімділігіне жауап беретін ақуыз. Уақыт өткен сайын ағза табиғи коллаген өндіруді азайтып, қартайған шақта мүлдем тоқтатады. Терінің салбырап, босап қалатыны содан. Осының алдын алу үшін көптеген косметикалық өнімдер құрамына коллаген қосылады.

Косметологияда коллагеннің бірнеше түрі қолданылады.

Біріншісі ірі қара малдың терісінен өндірілген коллаген. Ол арзан болып келгенімен аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін.

Екіншісі өсімдік текті коллагенді бидай протеинінен өндіреді. Бұл гипоаллергенді, бірақ өте қымбат шикізат.

Үшіншісі теңіз балықтары терісінен өндірілетін теңіз коллагені де гипоаллергенді қасиетке ие. Осы жағдайларды ескере отырып, Корея ғалымдары шошқадан алынатын коллагенге тоқтады. Өйткені, шошқа коллагені адам ақуызымен өте ұқсас болғандықтан, оны өз өнімдерінде ашық көрсетуден де қымсынбайды.

Корея косметикаларынан қаптамасында доңыздың суреті салынған әртүрлі тазартқыш кремдер мен жақпа майларды кездестіруге болады. Коллаген – барлық косметика өнімдерінің негізін қалайтын басты қоспа. Сондықтан кореялық косметиканың барлық түрінен коллагенді кездестіруге болады. Мәселен, мына өнімдер құрамында шошқа майы мен ақуызы бар екенін анық көрсетуде.

Ал гиалурон қышқылы дегеніміз – сүйектің дәнекер ұлпаларының құрамына кіретін қоспа. Былайша айтқанда, тері қабатындағы сүйек ұлпаларының арасын біріктіретін желім тәрізді зат. Ағзамыздағы гиалурон қышқылының 50 пайызы теріге тиесілі. Гиалурон қышқылы – косметика өнімдеріндегі ең басты ылғалдатқыш қоспа. Гиалурон қышқылының ағзадағы қызметі «цемент» іспетті, ол клеткаларды бір-бірімен байланыстырады. Ол коллагеннің синтезіне жауапты, сондай-ақ теріні ылғалдандырып, оның иілгіштігіне, жылтырлығына әсер етеді.

Косметика өнімдеріне гиалурон қышқылын қосудағы басты себеп – теріні ылғалдандырып, терінің сулы балансын реттеп тұру. Косметологияда екі түрлі гиалурон қышқылын қолданып жүр: жануар текті, биотехнологиялық синтез негізінде өндірілетін гиалурон қышқылы.

Ұзақ жыл бойы гиалурон қышқылын жануарлардан өндіріп келген. Жануарлардың ағзаларын ұсақтап, екі фазалы тазалау арқылы өндірген. Бірақ мұндай әдіспен өндірілген косметикалық өнімдер аллергиялық реакция береді. Яғни ағзаның қорғаныштық қызметімен гиалурон қышқылы бөтен затқа айналып, ағза оны шығарумен әлекке салып жатты. Сондықтан да мұндай әдіспен косметика өндіру ыңғайсыздық тудырып, гиалурон қышқылын жануарлардан емес, биосинтез әдісімен өндіру жолға қойылды. Қазіргі таңда гиалурон қышқылын жануардан өндіру кемде кем. Биосинтез әдісінде өсімдік текті ортада (бидай сорпасы) стрептококк бактерияларымен гиалурон қышқылын алуға бейімделген. Яғни осындай биосинтез әдісімен өндірілген гиалурон қышқылын халал деуге болады.

Енді эксперименталды қоспаларға ойыссақ. Мұндай «жаңашыл» қоспаларға плацента, жылан уы сияқты заттар жатады. Бүгінгідей интернеттің дамыған заманында биологиядан хабары бар кез-келген адам косметика қаптамасындағы Placenta деген сөзін түсінуі керек. Білмейтіндер үшін айта кетейік, плацента дегеніміз – қағанақ, бала жолдасы. Яғни жүктілік кезінде жатыр ішінде дамитын, ана мен жатыр қуысындағы нәресте арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды мүше. Әйел босанған соң, артынша бала құрсақта дамыған плацентадан да босанады. Бұл қоспа қазіргі таңда көптеген косметика құрамында бар. Мұны бүгінгі күннің косметика технологиясының жеткен жетістігі деп жүр. Кей ғалымдар бұған соңғы жылдардағы косметикадағы ең сорақы қоспа деген баға берген.

Косметикадағы плацента екі түрлі шикізаттан алынуы мүмкін: адам плацентасы, жануар плацентасы (шошқа, ірі қара мал т.б). Мәселен, мына крем қой плацентасынан жасалған.

Еуропада адам плацентасын қолдануға заңмен тыйым салғанмен өзге елдерде де бұған шектеу жоқ. Перзентханадағы босанған әйелдердің плацентасы, сонымен қатар түсік тасталған ұрық клеткалары да осы косметика өндірісінде кеңінен қолданылады.   

Плацентаны косметика өнімдеріне қосу себебі – оның құрамында көптеген витаминдердің болуымен және теріні жасартатын қасиетімен түсіндіріледі. Алайда плацентаны қолдануға байланысты дау көп. Себебі оның құрамындағы гормондар ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Сондай-ақ, зиянды вирустар жұғу қаупі бар. Косметикада адам плацентасы қолданылғанын қаптамадасындағы «аллогенный» деген жазуынан білуге болады.

Қазіргі таңда косметикалық өнімдер ішінде осындай плаценталық кремдер сұранысқа ие. Бірақ ондай кремдердің ішінде пайдалануға болмайтындары да бар.

Халал мәселесі тек ішіп-жеген асымызбен ғана шектелмейтінді. Мұның күнделікті қолданып жүрген әрбір затымызға да қатысы бар. Сондықтан мұсылман баласы косметикалық өнімдерді пайдаланатын кезде шариғат адал деп бұйырмаған аң-құстар мен жануарлардың ақуызы қосылған косметикалық өнімдерді пайдаланбағаны дұрыс. Әсіресе шошқа майы мен ақуызы, адам плацентасын пайдаланған косметикалық өнімдерді қолдауға болмайды.

 

Айжан ОМАРОВА,

ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің бас маманы

Пікірлер (2)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Маратов Нүркен | 20.01.2020 07:29

Алла разы болсын сізге, Айжан Омарова!

Маратов Нүркен | 20.01.2020 07:31

Осылай адамдардың көзін ашып, осындай керек ақпаратпен бөліскеніңіз үшін Алла сізге разы болсын!