Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҮЙДЕ ҚҰРАН ОҚЫЛСА...

Батыржан Мансұров muftyat.kz 29.04.2024 1599 0 пікір
ҮЙДЕ ҚҰРАН ОҚЫЛСА...

Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жолға бастайтын, Қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран – соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің жолы және Ислам шариғатының ата заңы. Ал қасиетті Құранды оқу – адамзат баласының екі дүние нұры. Адам баласы оны оқыған сайын тазарады, бүкіл болмысымен өзгереді. Сондықтан Құран оқитын адамның ішкі дүниесі рухани тазарады, жүріс-тұрысы өзгереді.

Пайғамбарымыздың сахабасы Узайр ибн Ғусайд (оған Алла разы болсын) Құранды әрдайым жақсы мақаммен оқитын болған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны көргенде: «Мына Ғусайд Құранды қандай тамаша оқиды!» – деп мақтайды екен. Ғусайд өзінің мына бір оқиғасын баяндайды: «Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырдым, атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның дауысын естіп атым оқырынып жер тарпып, тепсіне бастады. Оқығанымды тоқтатып едім, атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым қайта жер тепсіне үрки бастады. Үшінші мәрте оқығанымда атым тағы да мазасызданып, қозғала бастады. Ұлым Яхия аттың жанында ұйықтап жатқан болатын, басып кетпесін деп баламды алдым да әрірек жатқыздым. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырап тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең болған оқиғаны Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанымда: «Уа, Ғұсайд! Оқы. Уа, Ғұсайд! Оқы», – деген сөзінен Құранды оқу керек екенін түсіндім. «Уа, Алланың елшісі! Яхия ұлым аттың қасына жақын жатқандықтан, басып кете ме деп қорқып, Құран оқығанымды тоқтатып едім», – дегенімде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Ғұсайд! Сенің көргенің періштелер болатын. Оқыған Құраныңды естіп келді. Сол қалпы оқи бергеніңде, таңға дейін тыңдайтын еді. Көпшілік көзінен жасырынбайтын еді», – деді.

Адам баласы кез келген кітапты оқу арқылы белгілі бір өмірлік пайда алуы мүмкін. Ал қасиетті Құран Кәрімді оқу арқылы адам баласы өмірлік пайдамен қатар ақыреттік сауапқа да кенеледі. Өйткені Құран – екі дүние шапағатшысы. Өмірде де, ақыретте де қасиетін жоғалтпайтын Алланың сөзі. Құран оқудың артықшылығы пендені көптеген жоғары дәрежеге жеткізеді. Мұны біз Құран оқыған сайын кісінің Алла алдындағы дәрежесінің артатыны жайлы айтылған хадистерден білеміз. Қасиетті Құранды оқуға талпынған адамның да сауабы еселене түседі. Әлбетте Құранды көркем, тәжуидіне сәйкес оқудың артықшылығы бөлек. Десек те шариғи қағидаға сәйкес машақат көбейген сайын сауаптың артатынын ескерсек, Құран оқуға талпыну барысында белгілі қиындықтарға кезіккен кісінің сауабы да арта түсері сөзсіз. Бұл жайлы Айша (оған Алла разы болсын) анамыз жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды мәнерлеп оқыған қари ұлы періштелермен бір дәрежеде болады. Ал тілі келмей, қиналып оқығанға екі есе сауап беріледі», – деген (Бұхари, Мүслим). Құран сөзінің мағынасына келсек, ғалымдар арасында көптеген пікір бар. Соның бірі Ғалым әт-Табраси: «Құран сөзінің негізгі мағынасы – оқу», – деген.

Құран оқу арқылы адам баласы өзінің жандүниесін нұрландырады. Құранды оқыған адамға да, тыңдаған кісіге де орасан зор жақсылық бар. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ендеше, Алланың шексіз рақымына бөленем десеңдер, Құран оқылғанда оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!» – деп («Ағраф» сүресі, 204-аят) үлкен жақсылықпен сүйіншілеген. Құран Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен. Алайда Пайғамбарымыз Құранды өзгелердің оқығанын тыңдағанды жақсы көретін. Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) мынадай риуаят келтіреді: «Пайғамбарымыз: «Маған Құран оқып берші», – деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейін бе?» – деп айттым. Сонда ол: «Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін», – деді. Мен «Ниса» сүресін оқыдым. Бұл сүренің: «Мұхаммед! Әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек, қандай болар еді?» – деген аятын оқығаннан кейін, Пайғамбарымыз: «Жеткілікті», – деді. Мен Алла елшісіне бұрылып қарасам, оның жанары жасқа толып тұр екен».

Құран оқыған немесе тыңдаған адамды ғана емес, Құран оқылған жерді де нұрға, берекеге, жақсылыққа толтырады. Дәл сол сияқты қандай да
бір үйде Құран оқылмайтын болса ол үйде ешқандай жақсылық болмайды. Хадисте: «Үйлеріңде Құран оқуды арттырыңдар! Құран оқылмайтын үйдің қайыры (жақсылығы) азаяды, жамандығы көбейеді. Ол үй үйдегілерге тар болады», – деген (Дарақутни). Ғалымдарымыз: «Бір үйде жатқа болса да Құран Кәрім оқылмаса, ол үй мазар сияқты болады», – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте: «Үйлеріңде Құран Кәрімді көп оқыңдар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиындықтан көз ашпайды», – деген. Яғни Құран оқылған үйде Алла Тағаланың шексіз мейірімі, рақымы болады. Тағы бір хадисте: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді», – деген (Ахмад, Мүслим).

Сахаба ибн Масғұд (оған Алла разы болсын): «Кімде-кім түнде «Бақара» сүресінен он аят оқыса, ол үйге шайтан кірмейді: басындағы төрт аят, «Аятул-Күрсі», оған дейінгі екі аят және соңғы үш аят», – десе, Пайғамбарымыздан жеткен тағы бір хадисте: «Кім түнде «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын оқыса, ол оған жеткілікті», – делінген (Бұхари). Ғалымдар осы хадистерді түсіндіре келіп, «Бақара» сүресі барлық жамандық пен кесірден сақтануға жеткілікті. Ол адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды», – деп тәпсірлеген.

Халқымызда да қай кезде болсын Құранға деген құрметі шексіз болған. Қазіргі қоғамда араб тілінде оқу-жазуды білмейтін адам қандай да бір арабша жазылған жазулардың жерде жатқанын көретін болса, оны құрметтеп жоғары көтеріп қойып жатқанын көреміз. Әрбір қазақтың үйінде (оқи алмаса да) Құраны тұратыны анық. Яғни үлкендеріміз Құранға деген құрметінің көрінісі ретінде «Құранды дәретсіз ұстауға болмайды» деп ақ матаға орап, төріне іліп қоятын болған.

Аллаға шүкір, қазіргі кезде еліміздің әрбір мешітінде Құранды үйрететін арнайы курстар ашылып, жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Сондықтан қасиетті Құранды үйімізде, яғни шаңырағымызда оқитын болсақ, ол отбасыға береке орнайды, түрлі жамандық атаулы жоламайды. Хадисте айтылғандай, «Құран оқылған жерге мейірім жауады, періштелер келеді» (Бұхари).

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру