Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НӘПСІНІ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ?

Бауыржан НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ muftyat.kz 08.07.2021 11729 0 пікір
НӘПСІНІ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ?

Алла Тағала Құранда бізге мынадай аяттарды баяндайды: «Расында, нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды» («Шәмс» сүресі, 9-10-аяттар); «Ал енді кім Раббысының құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалауларынан тыйған болса, негізінде оның баратын жері жәннат» («Назиғат» сүресі, 40-41-аяттар). Бұл аяттар бізге нені ұқтырады?

Алла Тағала жоғарыда айтылған аятта нәпсісін жамандықтан, лас істерден тазартқан адам азаптан құтылатынын, жамандыққа бұйырушы қалауына еріп, Құдайға ұнамсыз істер жасаған жанның қор болатынын ашық баяндайды.

Келесі аятта Алланың тыйған істерінен тыйылып, есеп күнінде Хақ Тағаланың алдында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалауларынан тыйған пенденің баратын жері жәннат екені айтылады. Түйіндеп айтқанда, нәпсіге еру – жамандық есігін ашқанмен тең, ал нәпсіні лас істерден тыю – жақсылық пен игілікке кенелу деген сөз.

Шал ақынның мына мысал өлеңі біздерді ойландырмай қоймайды. Ақын өлеңі былайша баяндалады:  

Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері,

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері.

Расында, бейнелеп айтқанда иман дегеніміз «қой» секілді қорғауды қажет ететін қорғансыз нәзік нәрсе. Ал оны қорғап тұратын нәрсе – ақыл. Яғни ақыл жамандыққа жуытпай, тек жақсы істі орындауға итермелейді.

Нәпсі деген «бөрі» сияқты кез келген сәтте қойға шауып, оны алып кететіні секілді адамды азғырып, жамандыққа тартып әкетеді. Бұл жерде қойшының қырағылығы мен амал-әрекеті – аса маңызды іс. Сол айтқандай, жамандықты сыбырлаушы нәпсіні басқаруда ақылдың рөлі ерекше.

Өлеңнің екінші қатарында «Бөріге қой алдырмас ердің ері» деген жолдар бар. Шынында, нағыз ер ғана қойды қасқырға алдырып, қарап тұрмайды. Сол секілді нағыз тақуа адам нәпсіге ерік бермейді. Қалауға алданбайды.        

Өлеңнің үшінші қатарында «Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса» делінген. Егер қойшы қойды көзден таса жібермей, аса сақтықпен байқап, ұқыптылықпен бағатын болса қасқыр жоламайды. Сол секілді иманын лас нәрселермен кірлетпей, ары мен ұятын қорғай білген адамға, өлеңнің төртінші жолында жазылғандай, «ондай пендеге жоламас ешбір пәле, шайтан-пері».

Нәпсіні тізгіндеп, иманды сақтау үшін бірнеше амалды жүзеге асырған абзал. Солардың ең негізгілерін айта кетуді жөн көріп отырмыз.

Біріншіден, нәпсіні тойымсыз қалаулардан шектеу. Мысалы, адам баласы тамақ, ұйқы, күлкі сынды істерден өзін шектемесе болмайды. Адам тамақты жеген сайын, ұйқыға басқан сайын оған «көмектесе» береді. Айтайын дегеніміз, тамақ пен ұйқыны өз өлшемі бойынша шектемесе қалау деген нәрсенің шегі болмай қалады.

Екіншіден, шынайы ниетпен құлшылық амалдарды орындау. Алла Тағала Құранның «Анкабут» сүресінің 45-аятында: «Расында намаз – адам баласын арсыздықтан және жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды» дейді. Шын мәнінде, адам баласы шынайы ниетпен Алланың бұйырған амалдарын орындайтын болса, оның осы ізгі іс-амалы нәпсі қалауын жамандықтардан құтқарады.

Үшіншіден, тақуа адамдармен бірге болу. Лұқман Хәкім ұлына: «Балам! Ғалым адамдармен бірге бол және олардың сұхбатынан қалмауға тырыс! Өйткені Алла Тағала жаңбырмен топыраққа нәр бергені сияқты, хикмет нұрымен жүрекке нәр береді» деген екен. Расында, ізгі кісілермен сұхбаттасу жүрекке нәр береді. Олардың жақсы әдеттерін үйренесің. Осылайша, нәпсіңді тәрбиелейсің.

Ізгі ғұламалар былай деген екен: «Кемелдікке жету үшін адам баласына төрт-ақ нәрсе керек: аз ішіп-жеу, аз ұйықтау, аз сөйлеу және көпшіліктен бөлініп, оңашалану».

Төртінші, Құранды көп оқу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса бір сауап алады, ал бір сауап он сауапқа тең...» деген. Расында Құран Кәрім – жақсылық пен ізгіліктің, игілік пен берекенің бастауы. Құран оқылған, оған амал етілген үйге жақсылық келеді, Алланың берекеті болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар...» деп өсиет еткен екен. Хадистердің тағы бірінде «Құран оқу – көңілдің шипасы» делінген. Адам баласы Құран оқу арқылы иманын күшейтеді. Осылайша нәпсісін тізгіндеп, жамандыққа жуымайды.

Бесінші, Алланы көп еске алу. Адам баласының ойы мен уайымын осы өмірдегі сынақтар мен өмір тауқыметі алаңдатпай қоймайды. Ал пенде Алланы еске алу арқылы жүрегі тыныштық табады. Құран Кәрімде: «Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады» («Рағыд» сүресі, 28-аят) делінген. Алланы көп еске алған адам нәпсі қалауына ерік бермейді.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітапта нәпсі тәрбиесіне қатысты ғибратты мысалдар мен дәлелдер келтірілген. Кітапта нәпсіні тәрбиелеудің жолдары, нәпсіні шынықтыру (риязат), нәпсінің дәрежелері сынды тақырыптар кеңінен жазылған екен. Нәпсі туралы мол мағлұмат алам деген адам үшін «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап таптырмас еңбек болмақ. 

 

Бауыржан қажы НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,

Өскемен орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру