Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БУАЗ МАЛДЫ СОЮҒА БОЛА МА?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 30.07.2020 963 0 пікір
БУАЗ МАЛДЫ СОЮҒА БОЛА МА?

Алла Тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адамзаттың пайдасы үшін жаратты. Ол туралы Құранда:

هُوَ الَّذِي خَلَقَ لَكُم مَّا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا

«Ол (Алла) жердегі нәрселердің бәрін сендер (адамдар) үшін жаратты»[1]-дейді. Адам баласы жаратылғалы мал мен жануарлардың етін жеп күнелтеді.

Әбу Сайд әл-Худури былай дейді: «Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Уа, Алла Елшісі! Біз түйені, сиырды және қойды бауыздағанымызда ішінен баласы шығып жатады. Оны жей берсек бола ма, әлде лақтырып жібереміз бе?» - деп сұрағанымызда Ол: «Қаласаңдар оны жеңдер, өйткені анасының бауыздалуы оның бауыздалуы»[2], - деп жауап берді.

Хадисте айтылғандай, буаз малды союға рұқсат. Алайда төлдеуіне жақын қалған буаз малды сою – мәкруһ[3]. Шариғат қоғамның немесе жеке тұлғаның қажеттілігі болмаса, үй жануарларын, жабайы аңдарды, ағаштарды себепсіз аулауға, атуға, сою мен кесуге рұқсат етпейді.

Ибн Рушд: «Көпшіліктің пайдасына жарап жатқан буаз түйені, жер жыртатын сиырды және сауынды қойды союға болмайды»[4] - дейді.

Буаз мал сойылған жағдайда оның ішінен шыққан төлін жеудің үкімі екіге бөліп қарастырылады:

1) Жұмһур ғұламалардың көзқарасы бойынша жан берілмей (яғни ұйыған қан, кесек ет) немесе жаратылысы толық жаратылмаған төлді жеуге болмайды. Өйткені ол өлексе саналады.

2) Жан беріліп, толық жаратылыс күйінде шыққан төлге қатысты бірнеше пікір бар:

- Толық тірі туылса, оны сою керек. Егер соймай жатып өліп кетсе, ол өлексе болып саналады.

- Анасын бауыздамай жатып ішіндегі төлі өлгені белгілі болса, оны жеуге болмайды.

- Буаз мал бауыздалып, ішінен төлі өлі шықса, оның қай сәтте өлгені белгісіз болғандықтан, басым көзқарас бойынша анасының бауыздалуымен өлді деген тұжырым жасалады. Дегенмен бұл мәселеде ғұламалар арасында пікір қайшылығы орын алған. Сахабалардың басым бөлігі және имам Мәлик, имам Шафиғи, имам Ханбал, имам Әбу Юсуф, имам Мухаммед ондай төлді жеуге рұқсат берген. Олар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Анасының бауыздалуы оның да бауыздалуы», - хадисін дәлелге алып, анасын бауыздау оның төлін бауыздаумен бірдей деген.

Имам Әбу Ханифа, Зуфар, Хасан ибн Зияд болса, ондай төлді жеуге болмайды деп, мына аятты алға тартқан:

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ

«Сендерге өлексе харам етілді»[5]. Аталмыш ғалымдардың ұстанымы бойынша буаз малды бауыздағаннан кейін ішінен шыққан төл тірі болмаса, ол өлексе болып саналады. Себебі іштегі төлдің тіршілігі дербес келеді. Өйткені ол анасы өлгенен кейін де тірі қала беруі мүмкін. Сондықтан ол жеке бауыздалады дейді[6]

Қорыта айтқанда, буаз малды союға рұқсат етіледі. Тек төлдеуге жақын қалған уақытта бауыздау – мәкруһ. Бауыздалған малдың төлі тірі шықса, оны бауыздап жеуге болады. Ал өлі туылса жеуге болмайды. Сонымен қатар, құрбандыққа шалынған буаз малдың ішінен шыққан төлі тірі болса, оны анасы секілді бауыздап, еті таратылады. Алайда оны бауыздамай, тіпті құрбан шалу уақыты өтіп кетсе тірідей садақа етіледі[7]. Дегенмен, құрбандыққа буаз малды таңдамаған дұрыс.

Шариғат және пәтуа бөлімі

[1]«Бақара» сүресі, 29-аят.

[2] Әбу Дәуіт, 2/253. Хаким, 4/114.

[3] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия, 12/5231. Әл-Фәтәуә әл-Сирожия, 391.

[4] Мәуәһибу әл-жәлили ли шәрхи мухтасар халили, 4/347.

[5] «Майда» сүресі, 3-аят.

[6]Әл-Мәусуға әл-Фиқһия, 21/201-203.

[7] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия, 5/372.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі