АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ (ﷺ) ӨЗГЕ ПАЙҒАМБАРЛАРДАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Бұл мақалада Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзге пайғамбарлардан ерекшеленетін негізгі артықшылықтары туралы сөз етпекпіз.
1. Пайғамбарымыз соңғы әрі бүкіл адамзатқа жіберілген пайғамбар
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – пайғамбарлық тізбегінің соңғы буыны. Одан кейін қияметке дейін ешбір пайғам- бар келмейді. Бұл – оның ең айқын ерекшеліктерінің бірі.Қасиетті Құранда: «Мұхаммед – Алланың елшісі әрі пайғамбарлардың соңғысы» деп баяндалған («Ахзаб» сүресі, 40-аят). Бұл оның миссиясының аяқталғанын емес, керісінше, оның әкелген шариғаты- ның қияметке дейін сақталатынын білдіреді. Бұрынғы пайғамбарлар белгілі бір қауымға ғана жіберілсе, Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа және жындарға да жіберілген пайғамбар. Оның хабары – уақытпен де, кеңістікпен де шектелмейтін, барлық адамзатқа арналған мәңгілік жол.
2. Құранның сақталуы да – пайғамбарлық мұғжиза
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен ерекшеліктерінің бірі – оған түскен Құран Кәрімнің толық сақталуы. Бұрынғы қасиетті кітаптар уақыт өте келе өзгеріске ұшыраған болса, Құран Кәрім түскен күнінен бастап, бүгінге дейін өзгеріссіз сақталып келеді. Бұл – тек Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне берілген ерекше нығмет. Құранның бір мезетте жатталуы әрі жазылуы оның бұрмаланудан сақталуына себеп болды. Осы себепті Құран – адамзат тарихындағы ең сенімді әрі ең қорғалған қасиетті мәтін.
3. Көркем мінездің ең биік шыңы
Құранда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы: «Сен ұлы мінез-құлық иесісің» деп айтылды («Қалам» сүресі, 4-аят). Оның артықшылығы тек пайғамбарлығында емес, мінез-құлқында көрінді. Мысалы, Пайғамбарымыз шыншылдықтың шыңы, сенімділіктің үлгісі, әділдіктің символы, мейірімнің ең биігінде болды. Қиындық кезінде сабыр, жеңіс кезінде кішіпейілділік, байлық кезінде жомарттық танытты. Бұл қасиеттер оны адамзат тарихындағы теңдессіз тұлғаға айналдырды.
4. Пайғамбарымыздың мұғжизаларының өміршеңдігі
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген мұғжизалармен ерекшеленді. Олардың арасында ең ұлығы – Құран Кәрім. Сонымен қатар оның өмірінде Исра мен Миғраж, айдың екіге жарылуы, аз тағамның көп адамды тойдыруы, су мен тағамның берекеленуі, табиғаттың оған бағынуы сынды көптеген мұғжизалар көрініс тапты. Бұл мұғжизалар оның жай адам емес, Алланың ерекше таңдаған елшісі екенін дәлелдейді.
5. Пайғамбарымыздың тарих бетінде сақталуы
Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – өмірі ең егжей-тегжейлі зерттеліп, толық сақталған тарихи тұлға. Оның өмірі тек көзін көрген сахабалардың ауызша баяндауы емес, жазбаша түрде де жүйелі түрде құжатталды. Оның өміріне арналған қаншама классикалық әдебиеттер жазылды. Бұл ерекшелік оның әкелген ислам дініне деген сенімді күшейтеді. Себебі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі айқын болған жерде, оның әкелген діні де, өмірі де күмәнсіз болады.
6. Пайғамбарымыздың барша адамзатқа ең кемел үлгі болуы
Пайғамбарлардың жіберілуіндегі негізгі хикмет – адамзатқа үлгі болу. Бұл тұрғыда Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – ең кемел үлгі. Құранда: «Расында, Алланың Елшісінде сендер үшін көркем үлгі-өнеге бар» деп айтылған («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Оның өмірі тек діни құлшылықта ғана емес, бүкіл адамдық болмыста үлгі-өнеге саналады. Айталық Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): отбасында отағасы ретінде, қоғамда басшы ретінде, әскер мен соғыста қолбасшысы ретінде, жамағатқа рухани жетекші ретінде, яғни барлық салада кемел үлгі көрсетті. Оның өмірі тек үгіт-насихаттан тұрмайды, өмірдің толық көрінісін қамтиды.
7. Пайғамбарымыз күллі үмбетке рухани жетекші
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тек өз дәуірінің емес, барлық заманның рухани жетекшісі. Оның ғұмыры жеке адам өмірін, отбасы құрылымын, қоғамды және мемлекет жүйесін толық қамтиды. Ол ғибратты ғұмырында адам өмірінің барлық саласында тепе-теңдік орнатқан кемел дін әкелді. Қорыта айтқанда, Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – барлық пайғамбарлардың ішіндегі ең ұлысы, ең кемелі және ең соңғысы. Оның ерекшелігі тек пайғамбарлығында ғана емес, адамзатқа қалдырған мәңгілік ғұмырында көрініс тапты. Оның өмірі – адамзат үшін қияметке дейін жалғасатын нұрлы жол. Сондықтан да ол тек мұсылмандар үшін емес, бүкіл адамзатқа теңдессіз үлгі-өнеге болып қала береді. Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Батыржан БЕРДЕНҰЛЫ
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Батыржан БЕРДЕНҰЛЫ
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі
24.08.2026
59
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру