Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҮБАШШИР АТ-ТАРАЗИ: МЫСЫРДАҒЫ ІЗДЕРІ

Шамшәдин КЕРІМ "Мұнара" газеті 28.06.2022 2705 0 пікір
МҮБАШШИР АТ-ТАРАЗИ: МЫСЫРДАҒЫ ІЗДЕРІ

Газетіміздің өткен жылғы сандарында профессор Шамшәдин Керімнің әкелі-балалы Таразилердің өмірлері туралы «Жырақта ғұмыр кешкен Насрулла ат-Тарази» («Мұнара» газеті, №2, 2021 жыл), «Азаттық үшін күрескен Мүбашшир ат-Тарази» («Мұнара» газеті, №5, №6, 2021 жыл), «Түрмеде берілген ижаза» («Мұнара» газеті, №24, 2021 жыл) мақалаларын жариялаған болатынбыз. Бұл жолы профессор Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің Мысырдағы діни-саяси күрескерлігі хақындағы мақаласын ұсынып отырмыз.

Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази (1896-1977) Кеңес үкіметінің Әулиеатада жеріндегі (қазіргі Тараз) дінге қарсы күресіне қарсы тұрады, 1930 жылы  қуғын-сүргінген аман қалу үшін амалсыз шет елге қоныс аударады. Сөйтіп Ауғанстанда, Мысырда эмиграттардың Түркістан азаттығы жолындағы қозғалысының жетекшісіне айналады. Кеңес үкіметінің барлау қызметі Кабулдағы түрмеден 1949 жылы бостандыққа шыққан ат-Таразиді өлтіруге бірнеше рет әрекет жасайды. Сондықтан ат-Тарази Мұхаммед Заһир шаһтан Ауғанстаннан отбасымен бірге кетуіне рұқсат сұрайды.

Оқымыстымен қоштасуға Премьер-министр сардар Махмуд-хан келген. Ат-Тарази әуелі Пәкістанға өтіп, 1949 жылдың  24 қыркүйегінде Пешавар қаласында отбасын қалдырып, ары қарай Мысырға жол тартты. Сонда тұруға рұқсат алып, балаларын әл-Азһар медреселеріне орналастырмақ болады. Күрескерді Мысыр үкіметі саяси босқын ретінде  қабылдап әрі үлкен құрмет көрсетеді, айлық жалақы тағайындайды.

1950 жылдың 16 қаңтарында отбасын түгелдей Мысыр көшіртіп алдыртады. Осылайша Мүбашшир эмиграциядағы ұзақ өмірінің көз жұмғанға дейінгі кейінгі 27 жылын Каирда өткізді. Оның Мысырдағы өмірін 2 кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші кезеңі саяси белсенді сипатымен ерекшеленсе, екінші кезеңі ғұмырының соңғы шағы діни-шығармашылыққа біржолата ойысқан, өндіре, іргелі еңбектерін жазған мезгілі ретінде айшықталады. Оның саяси мәлімдемелерінде, еңбектерінде, аты-жөнінің жанына «ғұлама», «күрескер» («жиһадкер»), «Каирде тұратын түркістандықтардың көсемі» деген анықтауыштар қосылатынын байқаймыз.   

1949 жылдың қарашасында Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Абдуррахман Аззам әл-Әминмен жолығып, кездесуде Түркістан елдері ахуалын, ондағы коммунистердің басқыншылығы жайын түсіндірді. Бұл жүздесудің хабарын «әл-Әсәс» және «әл-Кәтлә» газеттерінде, сондай-ақ сол мезгілдері Каирде французша жарық көріп тұрған «Дежебит» журналында  жариялаған болатын.

Араб мемлекеттері лигасы – араб елдерінің өзара достығын күшейтуді, сыртқы саясатын үйлестіруді, егемендігі мен мүдделерін қорғау мақсатын көздеген ұйым. Ұйымның штабы Каирде орналасқан. Мысыр басылымдары, оның ішінде «әл-Аһрам», «әл-Мысри», «әл-Заман», «әл-Мусаууар», «әл-Иснәйн» газет-журналдары ат-Таразидің өз отбасымен бірге Мысырға келіп орналасуы және оның бірер белсенді жұмыстарын жаңалық ретінде берген.

Ат-Таразидің Мысырға қоныс аударған уақыты Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Азия және Африканың барлық елдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар, империалистік бодандық езгісіне қарсы табан тірескен күрес белең алған, түбегелі өзгерістерді бастан кешіріп жатқан кезге сәйкес келді.  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі «отарсыздану» үдерісінің нәтижесінде 25 жыл ішінде Азия және Африка құрлығының 60 мемлекеті өз бостандығын  иеленді. 1952 жылдың маусымында «Ерікті офицерлер» құпия ұйымы Мысырда төңкеріс болып, король Фаруқ тақтан тайдырылып, монархия жойылып, билік тізгіні Революциялық кеңестің қолына өтті.

1956 жылы Египеттің жаңа конституциясы қабылданып, Жамал Әбд Насыр (1918-1970) елдің президенті болып сайланды. 50-жылдары Египет Араб әлемінің беделді мемлекетіне айналды, аймақтағы тәуелсіздік үшін күресте саяси және идеологиялық әсерін тигізе алды. Бодандықтан құтылу жолын таңдаған көршілестерін сүйемелдеп, Алжир төңкерісіне қолдау көрсетті. Африка бірлігі ұйымының құрылып, олар араб бірлігі идеологиясын ұстанды.

Ғұлама ат-Тарази Мысырдағы діни салалардағы өмірге етене араласып, осы бағыттағы жауапты тұлғалар мен ғалымдармен жатсынбай қойын-қолтық қарым-қатынас жасаған. Соның бір айғағы – 1950 жылдың аяғында Мысырдың мүфтиі Аллам Насар ажырасу мен көп әйел алуға шектеу қою жөнінде пәтуасын жарыққа шығарғанда үн қатып, батыл сынға алуы. Даулы пәтуә «әл-Аһрам» газетінің 1950 жылдың 25 қарашасындағы санында жарияланды. Шариғатқа сәйкеспейтін бұл пәтуа Ислам әлемінің дін ғалымдарының ренішін тудырған. Пәкістан, Иран және Мысыр, оның ішінде әл-Азһардың кейбір ғұламалары оған қарсы жауап жазған болатын. «Минбәр уш-шарқ» (Шығыс мінбері) газетінің 1950 жылғы 15 желтоқсандағы санында жарияланған «Алланың бұйрығын шектемейік!» атты мақаласы арқылы ат-Тарази өзінің келіспеушілігін білдіріп, мүфтиден бұл пәтуасын қайта қарауды сұраған. Алайда мүфти алған бетінен қайтпады. Бұл пәтуаның және оған қарсы жауаптардың бір түсініксіз былапытқа айналуы ғалымның   қолына амалсыз қалам алдырды. Осы жайында «Құрметті мүфтиге соңғы сөзім» тақырыбымен тағы бір мақаласын «Минбәр уш-шарқ» (Шығыс мінбері) газетінің 1951 жылдың 26 ақпан күнгі санына жариялап, оны Хаққа оралуға шақырып, өз кеңесін жазды. Алайда мүфти өзі де бір мүшесі есептелетін Ішкі істер министрлігіне жүгініп, ат-Таразидің үстінен шағым түсіреді. Сөйтіп Көші-қон полициясы ат-Таразиге мемлекет территориясынан тастап шығып кету талабын мәлімдейді. Ат-Тарази өзі мен отбасын біраз уақыттан бері баспана берген Мысырдан кетуге дайындалып жатқанда оның елдегі беделді достары оған білдіртпей, бұл мәселені сырттай шешіп бергені белгілі болады. Оның Мысырдағы әл-Азһар ұстаздарымен байланысы және Пәтуа үйіндегі ғалымдармен қарым-қатынасы тығыз әрі үздіксіз болған еді. Оның құнды пікірлері Мысырға көшіп барған уақыттан бастап баспасөз беттерінде ұдайы жарияланып тұрды. Сондай-ақ әл-Азһар университетінің қабырғасындағы ұстаздар мен шейхтар арасында бірлік пен ынтымақ болуына, сөйтіп әлемге үлгі білім ошағына айналуына ықпал етті. Айталық, төңкеріс алдында әл-Әзһар ғұламасы арасында келіспеушілік туындаған кезде оларға бауырмалдық насихатын «Өкінішті уақиғалар» атты мақаламен білдірген болатын («Ән-Нәзирул-Мысрия» (Мысыр жаршысы) газетінің 1371 жылғы  Рабиғул-әууәл айындағы саны). Онда былай дейді: «әл-Азһар ғұламасы арасында дүние, мансап және жеке пікірлер тұрғысынан қақтығыстар туындап жатыр дегенді естігенде қатты көңілім түсті. Егер бұлар рас болса, әл-Азһардың қамын ойлайтын әрбір мұсылман баласына өкініш берер жәйт. Әл-Азһар ғұламалары – әл-Азһардың айнасы, өз істерімен оның атын шығарады. Егер ізгі іс жасаса, әл-Азһардың аты жақсы, ал жаман іс істесе, жаман ат әл-Азһарға келеді. Адамдарды керісуден тыя жүріп өздері осындай іске ұрынуы олардың діни, ғылыми әрі тәрбиелік дәрежесіне мүлдем лайық келмейді. Өйткені ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері және тақуа асылдардың сынығы. «Расында Алладан шын мағынасында ғалым құлдары қорқады» (аят). Одан соң мына сөздерімен оларды бір-біріне құшақ жаюға шақырды: «Әрі бұл қақтығыс отаршылдардың Мысыр халқына төндіріп тұрған қаупі кездерінде болғаны қандай жаман. Дүние адамдардың көбін өзіне баурап, коммунизмнің күйретуші уысы өңешімізге жақындап қалған кезде. Расында отаршылдардың бодандығында қалған Түркістан мен Бұхараның халінде ғибрат алушыларға сабақ және ойланатындарға ой салатын жәйт бар».

Оның әл-Азһар ғұламасын осылай жөнге шақыруына мұрын шүйіріп, «бізге ақыл айтатындай ат-Тарази кім еді?» деушілер де табылды. Өйткені ат-Тарази «Минбәр уш-шарқ» (Шығыс мінбері) газетіне 1952 жылы 19 қыркүйегінде осындай қауесетке жауап ретінде Мысыр оның да отаны, барша мүминдер оның қамын ойлайтынын жазып, әл-Азһар ғұламасын тағы да бірлік пен ынтымаққа шақырады: «Шындығында мүминдер – бір-біріне бауыр, мұсылман – мұсылманның бауыры, Ислам елі – барлық мұсылманның елі, Ислам Отаны бөлінбейді, сол тәрізді әрбір мұсылман – ең үлкен имамға, ең үлкен мүфтиге, әл-Азһар ғұламаларына бауыр,...менің пікірім осы өзімді толғандырған бір жай - Ислам әлемінде татулық туралы пікір алға шығуы керек, Алла жаратқан дінге жетекшілік жасайтын әл-Азһар ғұламалары, әсіресе мұсылман сабының тұтастығына, олардың ауызбірлігіне, мүминдер арасындағы туыстық байланысқа көңіл аудару керек» деп жазған.

«Минбәр уш-шарқ» (Шығыс мінбері) газетінің бас редакторы оның сөзін қоштап, ат-Тарази сынды азаматтардың сыны өте орынды екенін және  ол бөтен емес, біздің азамат деп жазған болатын.

1953 жылдың 16 қыркүйегінде ат-Тарази әл-Азһарға байланысты өзінің кейбір маңызды ойларын Жоғарғы имам (имам ул-акбар), шейх Мұхаммед Хидр әл-Хусейнге жолдайды. Сондай-ақ ат-Тарази 1954  жылдың 11 желтоқсанында Исламды таныту ұйымы құрылғанын естіп, оның басшысы, үлкен ғалым, профессор, бұрынғы мүфти шейх Хүсейн Мұхаммед Махлуфқа хат жазып, оған және мүшелерге деген жылы лебіздері мен құттықтауын білдіреді. Өз ойын жазған хатында былай дейді: «Мен бұл ұйымның маңыздылығының зор екендігіне сенемін. Бұл – үлкен қажырлы еңбекті және терең зерттеулерді, көркем жолдармен күресуді талап ететін жауапты міндет. Мен және барлық Исламның қамында жүрген азаматтар бұл ұйым өсіп-өркендейтініне және Алланың қалауымен табыстарға жетіп, Ислам ғылымын келер ұрпаққа жеткізеріне кәміл сенеміз. Жеңіс – тек Алладан».

1952 жылдың 26 желтоқсанындағы хатта ат-Таразидің Ислам ғылым-біліміне және әл-Әзһар университетінің беделін қорғауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.

Ат-Таразидің о бастағы бітіспес саяси күресінің өзегі – Түркістанның бостандығы, еркіндігі жолындағы ұстанымдарынан бас тартқан жоқ. Қайта Ніл жағасында екінші тыныс ашылғандай үдеп, әрекеті жаңа сипатта өрбиді. Коммунистердің үстемдігіне қарсы ымырасыз күрескер ретінде Мысырдағы пікірлес эмиграттармен қосылып, отандық ұйымдар мен жиындарда белсенді жұмыстарға біржола бет қояды. Кеңес үкіметінің құйтырқы саясатын айыптап, әшкерелеген талдаулары мен мәлімдемелерін жариялайды, мінберлерде өткір сынап, әлемдік  қауымдастықтың назарын аударуға жан салып дамыл таппайды. Еркіндік, дін мүддесін қорғау жолында майдандағы  саяси алаңда күрес тәсілдерін сол заманның ағымына сай түрлі формаларын қолданды, баспасөз құралдарына жедел жүгінетін. Оның қайыспас қара нардай көтерген қызметтерін былайша топтастырып, жіктеп қарастыруға болады: өзі ұйым құрып, жанына пікірлестерін жинады, беделді халықаралық ұйымдарға түрлі талап-мәлімдемелер жіберіп дабыл қақты, мемлекет басшылары, ұйым жетекшілері, қоғам қайраткерлерімен байланыс орнатып,  конференция-жиындарға қатысып батыл-батыл сөздер сөйледі, ақпарат бетіне ой-пайымдарын, көсемсөз мақалаларын жиі жариялап отырды. Оның  көтерген мәселелерінің арналары: Түркістанды орыстардың аяусыз жаншып келе жатқаны, осы басқыншылық езгі-жаншудан азат ету, Кеңес одағындағы мұсылмандарының Ислам дінінің ахуалы, сеніміне құрмет көрсетілмей, аяқасты болуы, Мысырдағы дін мәселесі, мұсылман елдерінің отаршылдыққа қарсы тәуелсіздік күресінің дұрыстығы, құқықтық тұрғыдан, заңдылығы, шариғи ұстаным тұрғысынан да адамзаттың өз қалауын жасауға иқтиярлығы, мұсылмандардың бірлігі. Халықаралық тәжірибеге ене бастаған қағидаларға сүйеніп, түрік мұсылмандарының өз тағдырын өзі шешіп, таңдауын жасауын, қожа болуын талап етті. Осыған байланысты адамның, ұлттардың еркін өмір сүру талаптарын Ислам дінінің ұстанымын Құран мен хадис мәтіндеріне сүйеніп, тарата саралады.

1951 жылдың 14 наурызында Каирден шығатын «Мисри» газетінде Кеңес  үкіметінің әкесінің мешітінің орнына шай ішетін кафе мен Ленин мүсіні орнатылғанын мысал етіп, осылайша үлкен мешіттерді кафелерге айналдырғанын, не бүлінгенше қараусыз қалдырғанын, байырғы тарихы құнды ескерткіштердің бұзылып кеткенін айтады. Осы сұхбатында Түркістан, Бұхара өңірлерінде Исламға қарсы күрестің ауыр салықтар міндеттейтінін, мешітке не аудан тұрғындарына жыл сайын екі-үш мәрте салық төлететінін келтірген.    

Ат-Таразидей ірі, кәнігі күрескердің Мысырға тұрақты табан тіреуі осы елге келген түркістандық диаспора өкілдерін жігерлендіріп, басын қосып, деңгейін көтере түскен. Мысырға қоныс аударған түркістандықтар бұрыннан ортақ ұйым құрған. Ахат Андижан түркістандықтардың азаттық жолындағы күресіне арналған зерттеу кітабында Мысырдағы түркістандық қоғамның бір тобының 1936 жылдың 21 қарашасында түскен суретін берген. Демек Мүбашширдей қажырлы да жалынды тұлғаның Мысырға келуі арқылы саяси күрестің жанданғанын бағамдаймыз. 1949 жылы Коммунистік Қытай Шығыс Түркістанда біржолата тәртіп-үстемдігін орнатқан соң ондағы ұлт-азаттық жолындағы күрескерлердің біразы сыртқа қашқанда бас сауғалағандар арасынан Мысырға да келіп табан тірегендер болды.

1950 жылы мүдделес күрескер эмиграттармен бірге «Итихад Туркистан» (Түркістан милли (ұлттық) бірлігі) атты ұйым құрады, Каирде екі журналды араб тілінде «Саут-ут-Түркистан» (Түркістан үні) деп, түрік тіліндегі «Азад Түркістан» (бас редакторы Мұхаммед Әмин Ислами) атауымен шығаруға келіседі. 1953 жылдың ақпан айынан бастап жарық көрген «Саут ут-Туркистан» (Түркістан үні) журналы 1959 жылдың маусым айына дейін шыққан. Араб тіліндегі журналға Ибраһим Уәсил жалпы басшылық жасаса,   бас редакторлықты Сағутдин әл-Уәкия атқарған. Басылымның араб тіліндегі алғашқы санында бас редактордың «Темір перденің артында» атты беташар сөзінен кейін бұрынғы Шығыс Түркістан Бас әкімінің орынбасары Саид Мухаммед Әмин Бұғраның «Түркістан үні», Ибраһим Уәсилдің «Берекелі жаңа кезеңге», Мүбашшир ат-Таразидің «Саут ут-Туркистанға», Мысырдың Римдегі елшісі Ахмед Рәмзидің «Ислам тарихындағы Түркістан» атты сөздері берілген.

Ат-Тарази бастаған бір топ қайраткерлердің Біріккен Ұлттар ұйымы Бас хатшысына коммунистік озбыр жүйенің Түркістан халықтарының адами заңды құқын таптап, еркіндік бермей қырып-жойып, зар илетіп отырғанын айыптап, шағымдану сипатындағы мәлімдемесін жолдаған. «Азад Түркістанның» бірінші-екінші санында (7-8, 12-13 беттер) «Ислам Назариятда исқилал» (Ислам түсінігіндегі тәуелсіздік») деген мақаласы басылған.

1951 жылдың 3 желтоқсанында оған Каирдегі «Ислам-араб конференциясы»  алқасынан келген хатта мұсылман және араб саяси лидерлерінің бас қосатыны, 1951 жылдың 28 қарашасында болған отырысында оны Түркістанның өкілі ретінде мүшелікке қосу жөнінде шешім қабылданғаны хабарланған. Бұл ұйымның атауы 1952 жылдың 26 наурызында «Ислам халықтарын азат ету күрес ұйымы» деп өзгертілді. Ат-Тарази сол ұйымның басқару алқасына мүше болып тұрған кезінде ұйымның ұйымдастыруымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысына ресми мәлімдеме жіберіп, Кеңес одағынан Түркістанға азаттық беруін талап еткен, түркі жұрттарының инсани құқына құрметпен қарау, олардың егемендік, бостандық таңдау қалауына  сай өз жолын дербес түрде шешуіне мүмкіндік тудыруын және азаттығы жөнінде қаулы шығаруын сұраған. Бұл саяси мәнді мәлімдемге Мысыр атынан шейх Мухаммад Абдул Латиф Дираз (әл-Азһар өкілі), Судан атынан Махди әл-Халифа әл-Тайши мырза (Судан-Мысыр бірлестігі клубының президенті), Сирия атынан Даулат Хақи бек әл-Азм (Сирияның бұрынғы Премьер-министрі), Ливан атынан Жамил Бей әл-Рафей (Араб революциясының өкілі, журналист), Палестина атынан шейх Сабри Абдин (Жоғары Араб комиссиясының хатшысы) Иран үшін Мырза Рафиғ Мешки (Мысырдағы Иран қоғамдастығының президенті) Түркістан үшін ас-Саид Мүбашшир ат-Тарази (Түркістанның ірі ғұламаларының бірі), Ибрагим Уасил әл-Түркістани (журналист), Қытай атынан генерал Мұхаммед Хусайн Мабуфан, Ахмед Хашем мырза (Египеттегі Индонезия қоғамдастығының президенті), малайлықтар атынан Абдулла ибн Яхия әл-Алауи (Малайзиядағы Ислам партиясының төрағасы) т.б қайраткерлер қол қойған. Олар беделді ұйымға мәлімдеме жолдау арқылы Кеңес одағынан түркі халықтардың адам құқын сақтауды талап етті. «Саут ат-Түркистан»  журналының 1953 жылдың ақпанындағы алғашқы санында аталмыш ресми мәлімдеменің ағылшынша мәтінінен арабшаға аудармалып басылды,  Мысырдың кейбір басылымдары да аталмыш жанайқай сипаттағы үндеуге қолдау көрсетті...

...1955 жылдың 22 сәуіріндегі «Мінбар аш-Шарқ» журналының №26 санындағы «Түркістандық лидерге қастандық әрекет жүзеге аспады» мақаласында құпия полициядан алынған хабар бойынша Батыс Германияның Дюссельдорф қаласында 9 наурызда коммунист жас жігіт Уәли Каим-ханға қастандық жасау айыбымен тұтындалған. Ол Шығыс Германиядан құпия түрде келіп, Батыс Германияға өтіп, лидер тұратын ғимараттың астына жасырын орналасып,  әдетігісінше қастандық жасауға кілтпен пәтердің есігін ашпақшы болған, оның қалтасынан лидердің суреті табылғаны өзек болған. Уәли Каим-хан Түркістан Отанның бірлігі қоғамында орыс отаршылдығына  өз елін азат ету үшін үлкен жұмыс атқарып келе жатқанын, өз ұстанымдарын Каирде тұратын түркістандықтардың лидері Мүбашшир ат-Таразимен келісетін, ол ұстаным Түркістанды тәуелсіз ету, ат-Таразимен үнемі байланыста болатыны баяндалған, бұл ұстаным азат исламдық үкіметке негізделген. Оның насихаты мен бағалы пікірлерін жетекшілікке алатын, екі лидер де күрес жолындағы бір принципке табан тірейтіні келтірілген. Бұдан білетініміз – соғыс Түркістан легионының ұйымдастырушысы, соғыстағы коммунистерге қарсы халықтар блогының белсенді қайраткері Уәли Қаюм-ханмен (1904-1993) байланысы болған.

Мүбашшир ат-Таразидің Сауд Арабиясы корольдері Абдул Азиз әл-Сауд,  Файсал және Халидбен жақындығы болды. Ол Саудияға ресми және басқа да сапармен барған сайын король ат-Таразиді сый көрсетіп қабылдап, пікірлері мен ұсыныстарын тыңдаған. Ол королден Түркістан, Бұхара өңірінен қоныс аударып, киелі жерді паналап жүрген мыңдаған эмигранттарды орналастыру және тұрмыстарын оңалтуға қол ұшын беруді өтінген. 1950 жылдың 24 ақпанында Мысырдағы «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының төрағасы ретінде ат-Тарази өзінің қолы қойылған ресми хатты Сауд Арабиясы короліне жібереген. Хатта түркістандық эмигранттардың жайы баяндалған болатын. Бұл жайында 1950 жылдың 27 ақпанында «әл-Аһрам» газеті және Мысыр ақпарат құралдары хабар таратты.

1950 жылғы 23 наурызда Мысыр газеттерінің жаңалықтарынан ат-Таразидің үкімет үйін зиярат еткенін, жат жерде жүрген Жерлестер қауымдастығының ат-Тарази қол қойған хатты Саудия королімен кездесіп, түркістандық эмигранттарға оң көзімен қарап, қасиетті жерде тұрақтауын жеңілдету жөнінде хат бергенін жарыса хабарлайды.   

1951 жылдың 14 қаңтарында Батыс Түркістан эмигранттар ахуалы жайында хат Пәкістанның бірінші Премьер-министрі Яқит Али-ханға (1896-1951) және Үндістан Премьер-министрі Джавахарлар Неруге (1889 -1964) Каирдегі елшіліктері арқылы жолданды.

1954 жылдың 26 наурызындағы «Минбар уш-шарқ» (Шығыс мінбері) газетінде ат-Таразидің эмиграттар тобының Мысырға келген Сауд Арабиясы короліне қасиетті жерде тұрып түркістандықтарға көмегі үшін рахмет айтқаны баяндалған. Осы хабарда ат-Таразидің бұрын Сауд Арабиясы королінің таққа отыруымен құттықтап, түркістандық босқындарға   мейірімдік көрсетуін сұраған хатына Мысырдағы Саудия елшілігі арқылы жауап келгені де айтылған. Осы жерде, яғни Ислам халықтарын азат ету қозғалысы ұйымында ғалым ат-Тарази өзінің отаршылдыққа қарсы күреске, араб-Ислам қозғалыстарын да өз сөздері, талап-арыздары мен жолдау-мәлімдемелер арқылы шырылдап үн қосты. Осылайша үлкен мінберлерді халықаралық қауымдастықтың Кеңес одағындағы түркі жұртының өзін-өзі билеу құқын табанға салып таптап отырғанын жар сала құлақтандыруды мақсат етті.

«Әл-Жамиат ул-араби» (Араб лигасы) газетінің тілшісі 1956 жылғы 14 наурыздағы №3 санында делегат ретіне келген түркістандық ғалым,  ілімге жетік дін адамы, Исламның терең білгірі Мүбашшир ат-Таразимен сұхбат алу сәті түскенін айтады. Шағын сұхбатта ғұлама өзінің күресі жайлы тілге тиек ете келіп, сөзінің соңында Ауғанстанда орыстарға дайындалған операцияның сәтсіз аяқталғанын өзегі өртене өкінішпен еске алғанда ұзақ үнсіз қалған. Тілшінің суреттеуінше, ол ауыр күрсініп, сөзін ары қарай жалғап былай деген: «Зұлымдық жеңілуі тиіс бірі күні, шындық жеңуі тиіс. Алла бізбен бірге!».

Ат-Тарази Мысырға келген кезде Ислами ұйымдар бірлігін құру пікірінде болды. Осы мақсатта Араб елдері басшылары, Араб елдері лигасының лидерлері мен мүшелерімен кездесулерінде хаттары мен түрлі себептерге байланысты жазған сөздерінде Араб бірлігін Ислам бірлігі деген ұғымға қарай кеңейту қажеттігін үнемі көтерген. Өйткені ол Араб мәселесі мен Ислам мәселесі ортақ және біртұтас екеніне бек сенетін.

Ғұлама 1954 жылы Мысырда құрылған Ислам конгресін қатты қолдап, оның Бас хатшысы Мұхаммед Ануар Садатпен (1918-1981) (кейін 1970-1981) жылдар аралығында Египеттің президенті болған) 1954 жылдың 27 қыркүйегінде кездесіп, өзінің құттықтауымен қоса, кейбір пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Бұдан кейін ол ұйымның Бас хатшысымен үнемі байланысып, жұмысына тілектес болып, ұйымның келешек жоспарлары жайында өзінің қолдауы мен көмегін аяған жоқ. Осы орайда ат-Тарази «Ислам конгресі төңірегінде» деген тақырыптағы мақаласын «Минбәр уш-шарқ» (Шығыс мінбері) газетіне сол жылдың қазан айының басында жариялады. Ол жерде ат-Тарази былай дейді: «Исламның қамымен жүргендердің арасында бұл ұлы хабарға менен артық қуанған, менен артық бақытты болған сірә ешкім жоқ шығар. Өйткені мен мұсылмандар мен Ислам елдерін отыз жылдан бері осы пікірге шақырып келемін». Содан кейін сөзін былай деп өрбітті: «Осы конгресінің құрылуын қоштай отырып, өз дағуатымның нәтижелі болғанын көрудемін, мақсатымызға біртабан жақындай түскенімізге қуаныштымын». Содан кейін осы конгрестің 1954 жылдың 4 қазанындағы Бас хатшысы мен араб және Ислам әлемі өкілдері  қатысқан жиында осы жайлы ойын ортаға салды.

Мекке қаласында «Рабитат ул-аләм ил-Исләми» (Әлемдік ислам лигасы) ұйымы құрылған кезде де ғұлама ат-Тарази оның бас төрағасымен хабарласып, өзінің қолдауы мен ойларын білдіріп ресми хат жолдады. Сондай-ақ бірнеше рет бас төрағамен Меккеде кездесіп, оның шығарған журналына Ислам әлемін бауырмалдыққа, тұтастыққа және ынтымақтастық жасауға үндейтін мақалалары жарияланды. Бұл ұйым оның пікірлерін өте жоғары бағалап, ұсыныстарын елеусіз қалдырмайтын. Тіпті оның «Ислам – мәңгілік фитрат діні» атты еңбегін екі том қылып өз есебінен басып шығарды. Одан бұрын бұл еңбек Каирдегі «Ханики» кітап дүкені тарапынан жарық көрген болатын.

Мүбашшир ат-Тарази алыстағы тұмшаланған тарихи Отанындағы жағдай хақында әртүрлі жолдармен хабар алып тұрды. Газет ақпараттарын шолып, радиоға құлақ түрді. Осы еміс-еміс сараң мәліметтерге қарап, Кеңес одағындағы діни ахуалды шама-шарқынша бағамдап, саралап отырды.     

Кеңес одағында соғыстың отты жылдары биліктің дінге деген көзқарасы аздап жібіді. Сол жылымық жылдары қажылыққа рұқсат берілгенімен, тоқтап қалады. 1953 жылдан қажылар мінген ұшақ Мәскеуден аттанып, Белград арқылы жолда Каир қаласына қонатын. Мысыр астанасында бірнеше күн аялдаған қажылар ресми кездесулерден тыс Мүбашшир ат-Тарази сынды эмигранттармен де амалсыз жолығуға тура келді. Кремль қажылықтың саяси имидждік жағына аса мән берген, Кеңес одағында дінге толықтай еркіндік берілгенін айғақтап, іштегі жағдайды барынша жасыруға, сыртқа жағымсыз ақпараттардың таралып кетуінің алдын алуға тырысқан. Оқшауда маталып, кемістікте ұсталған мұсылмандар арасынан қасиетті сапар бақыты бұйырған санаулы жанға шет елдегі бөтен ойлар мен басқалай ақпараттың ықпал-әсері тиюіне жол бермеуді көздеген.

Сырттан берілген әдебиеттерді алмай, қалдырып кетуді міндеттеген. Оларға қатты шектеулер қойылған, әсіресе сырттың ақпарат құралдарының тосын  сұрақтарына жауап қайтарарда елшілік өкілдерімен кеңесу, шетелдіктермен оңаша жеке қалмау сынды талаптар бар. Қажылар алдын ала әбден сүзгіден өтіп қана жіберілген, шет елдерде олардың әр қадамы тырп еткізбейтіндей аңдулы болған. Соның ішінде эмигранттар мен журналистермен жолығу, жүздесе қалғанда артық ауыз сөйлемеу, өзін дұрыс ұстау сынды тәртіп шегеленіп отырды. Әсіресе Каирдегі Мүбашширдің жыл сайын қажылармен ұшырасуы, әрбір сөзі жіті қырағылықпен бақыланған.

Бұл шараға әсіре сақтықпен қарағандығы сондай, бөлінген квота санын өте   мейлінше қысып, жыл сайын 20 адамнан асырмаған. 1955 жылы әлемнен 200 мың адам барса, олардың 10 мыңы – Үндістаннан, 22 мыңы – Мысырдан, 65-і – Югославиядан, 62-сі – Қытайдан,  20-сы Кеңес одағынан барған. Каирде ата жұртынан парызын орындауға сапар шеккендермен тілдескен Мүбашшир ат-Таразидің «Тағы да жиырма ғана» деген мысқыл сөзі қажыларды қалт жібермей аңдып, құлақ түрген кеңестік тыңшылар қағазға түсірген. Сол кездегі жоғары билік тұтқасын ұстағандарға жіберілген мәлімдемелерде осының бәрі тізбектеліп баяндалған.

Ат-Тарази қажылармен жүздескен уақытта ата жұртындағы жүрегін сыздатып, жанына ауыртар асыл дінінің мүшкіл жағдайының өзгере қоймағанын суыртпалап біліп, таразыға салып Кеңес үкіметінің Исламға бағытталған әділетсіз тұзақта артық қимыл жасатпай тізгіндеп ұстаған  шеңгелді қысымын айыптап отырады. Ол кеңестік дәуірдің ащы шындығын, дінге еркіндік бергенсіген көзалдаушы бояма саясатын әлем жұртшылығы, мұсылман үмметі алдында әшкерелеген.

1953 жылы 18 адамдық топты КСРО-ның Еуропалық бөлігінің және Сібір мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Шакир Хиялетдинов пен Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасының орынбасары Зияутдин-хан Бабаханов (1908-1982) бастап барады. Қажылар Кеңес үкіметінің кездесулерде дінге қысым көрсетпейтінін бүркемелеп сендіріп бақса да бұған осы қуғын-сүргіннің зардабын өз басынан өткеріп, тақсыретін тартқан ат-Тарази алданып, нана бермеген. Сөзіміздің дәлелі ретінде қажылық туралы КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Г.Маленковтің КП Орталық кеңесінің бірінші хатшысы Н.Хрущевке, КСРО Сыртқы істер министрі В.Молотовқа жазылған 1953 жылғы қажылық туралы мәлімдемеден үзінді келтірейік: «Қажылар бұрынғы патшалық Ресей эмиграттары мен Кеңестер одағынан кеткен ақ эмигранттармен (белоэмигрант) көп кездесулер болды, олардың кейбіреулері кеңестік мемлекетке түзу ниетпен қарады. Кейбір эмигранттар қажылардың КСРО мұсылмандарының жақсы өмірі, Кеңестер одағындағы дін еркіндігі туралы айтқандарына иланбады, қажыларды Меккеге арнайы жіберілген үгітшілер деп есептеді. Каирде қажылар жолықтырған аса ықпалды ақ эмигранттардың бірі – дін қайраткері, қазақ, 1928 жылы Жамбылдан қоныс аударған Саид Мүбашшир-хан. Ол Каирдегі дін қайраткерлермен тығыз байланыста, Мысырдың Бас мүфтиімен өте жақын таныс, контрреволюциялық эмиграттардың ұлтшыл ұйымы – «Милли Бірлік Түркестанның» (Түркістан ұлттық бірлігі) белсенді қайраткері. Ол қажыларды ертелі-кеш Түркістанның орыстардан азаттық алатынына және оның территориясында болашақ біріккен мұсылман мемлекетінің құрылатынына сендіріп бақты. Мүбашшир-хан қажылардан Орта Азияға оралғанда халыққа аталмыш ұйымның жұмысы жайында, Түркістан мұсылман мемлекетін құрудағы қиын жұмыстарына көмектесуін сұрады».

Сырттай қарағанда берік, мызғымастай көрінген Кеңес үкіметінің жасандылығына, түбі ыдырап, құлайтынына, халықтың бұрынғы ата дініне қайта оралатынына күмәнданбағанын байқаймыз. Сол күнге тезірек жету үшін дайын болу, қол қусырып қарап отырмау жөн деп есептеп, жерлестерін әрекетке шақырғанын аңғарамыз. Осы күресте күш біріктірудің жолдарын іздеді, көзін ашуға ұмтылды. Келесі 1954 жылы қажылыққа З.Бабаханов, Ш.Мумонов сынды алдыңғы жылы қажылыққа барғандарды жіберіп, Египеттің ықпалды тұлғалары алдында бұрынғы қажылардың қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетпегенін дәлелдеуге тура келген. Кейбір биік дәрежелі эмигранттар сағыныштан Өзбекстанға қайта оралу қалауын білдірген.

1955 жылдың 26 тамызында мысырлық басылымдардың бірінде Мүбашшир ат-Таразидің Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Ишан Баба-ханға ресми хатын ресейлік (кеңестік) қажылар тобының басшысының қолына тапсырғанын ресми ашық түрде сауалдарға жауап беруін сұрағанын хабарлаған. Ишан Баба-хан ибн Абдулмажид-хан (1858-1957) – Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (САДУМ) бірінші төрағасы, осы міндетті өмірінің соңына дейін атқарған дін қайраткері. Мүбашшир-хан онымен эмиграцияға кеткенге дейін таныс-білісте болған. Дін еркіндігі беріле бастаған елдегі Ислам дініне қызмет етеді деп есептелетін Діни басқарма басшысына арналған хатта 16 көкейкесті сұрақ қойылған. Соларға тоқталсақ:

1) Үкімет мұсылман бауырларымыз қажылық сапары кезінде Мәскеу арқылы қайтады, үкіметтік ұшақ арқылы ұшудан басқа рұқсат етілмейді, бәрі кеңес елшіліктердің бақылауында болады. Олардың баруы мен қайтуына неге ерік берілмейді?Менің сауалым: Неге қажылық сапарға аттану мен қайту тек Ресей арқылы, мәселен басқа елдер арқылы қажылыққа бару қалауы берілмейді?; 2) Сапар кезінде бақылаушылар қажылардың байланысқа түсуіне неге шектеу қойылады?; 3 ) Кеңестік елшіліктердің жауапты адамдары қажыларды сапар барысында, кездесулерде неге жеке қалдырмайды? Әсіресе журналистердің сұрақтарына жауап беруде оларға оңаша бет-бет қалуға. Қажылардың өз істерімен қалуына, басқа дүниені көруіне мүмкіндік берілмейді? 4) Ресейден (Кеңес одағынан) келетін қажылардың саны шектеулі? Неге 20-дан аспайды, неге көбеймейді? Ресейдегі мұсылмандар саны 45 миллионға жуық болатын, олар не қырылды, не өлтірілді, не коммунистердің басқаруымен өз дінінен бас тартты немесе жалпы бұқара (халық) жоқшылықтың зардабын тартқандықтан,  қажылыққа баруға жағдайы жоқ?; 5) Ресейдің әр тарабындағы бірнеше мыңдағын мешіттердің орнына Кеңес үкіметі ашылуға рұқсат етілген мешіттер саны жеткілікті ме? Мен айтар едім: мысалы Тараз елдімекеніне 50 мешіттің орнына 1 ғана мешіт жете ме? Оның аймақтарындағы  мыңдаған мешіттер жабылмады ма?; 6) Мұсылман балаларына кәмелетке толғанша, яки коммунистік мектептер сатысын бітіргенше діни оқуға неге рұқсат етілмейді?; 7) Ресей мұсылмандарына жалғыз Бұхара қаласындағы «Мир араб» медресесінен басқа діни медреселер ашуға неге рұқсат етілмейді? Коммунистер жауып тастаған мыңдаған медреселер мен мешіттердің орнын осы жалғыз медресе толтыра ала ма?; 8) Бұхара мен Түркістан өңірінің ондаған мың білім алу жолында жүргендің орнын оқып жүрген жүз шәкірт ауыстыра ала ма?; 9) Коммунистік үкімет неге мешіттер мен медреселердің уақыптарын қайта қалпына келтірмейді?...Діни басқарма Ресейдегі мұсылман мәселелерінің әр жағынан шариғи үкімдерді жүзеге асыруға шамасы келе ме, бұл үкімдерді орындау Алланың бұйрығын орындау емес пе? Менің жауабым: Жоқ, іс жүзінде бұл және оның мешіттер ашып, жетекшілік жасау, мұсылмандарға жан бітіретін барлық орындардағы хұзіреті шектелген; 12) Болжамдап айтсақ, Діни басқармалардың шындықтары, Орта Азия мен Қазақстанға бір басқарма, Еуропалық Ресейге бір діни басқарма жете ме?Менің сұрағым: Ресейдегі барлық мұсылмандарға екі діни басқарма жете ме? Сонда мұсылман халықтарының (дініне) қайта оралуы мүмкін бе?; 14) Шариғат үкімдерін орындауға және мұсылмандарды қаражатпен қамтамасыз етуге керекті уақыптарды қалпына келтіруді талап етуге Діни басқарманың құқы бар ма?; Коммунистік үкіметтің қолдауындағы атеистер (дінсіздер) қоғамдары Ресейдің әр тарапында Ислам дініне қарсы салаларда үлкен ауқымда шараларды іске асыруда (мәселен, жеткен хабарларға газет-журналдар шығарады.); Ал Діни басқармада атеистерге қарсы өз тарапынан шаралар жасауға хұқы бар ма, егер осы салада болса жалақорларға аз болса жауап беруді күшейтуге, атеистік қоғамдар ұйымдастырғандай конференциялар мен жиындар ұйымдастыра ала ма?; 15) Елді бүлдіріп жатқан бұзғыншылық, жаманшылық, азғыншылыққа қарсы Діни басқарманың ахлақтық басылымдарды бастырып таратуға еркі бар ма?; 16) Діни басқармада мұсылман балалары арасында ислами тәлімді таратуға, коммунистік және атеистік ұстанымды қабылдағандардан ажырататын исламдық сенімдер мен ереше жаратылған белгілерін қорғау үшін күн, не апта сайын газет, не ай сайын (кемі) журнал шығара ала ма? Бұлар (Діни басқарманың қызмет аясына қатысты) аз ғана сауал, ал көбін мүмкін ислам оқымыстылары өз талқылау жиындарда айқындар, осыны сізге жолдай отырып жауап аламын деген үміттемін әрі толықтай жөндеп-дұрыстауға күш салуға батылдық пен амандық қажет. Менің айтарым: Сіздің ұлық та құдіретті Алла алдында, қауым жұрттың алдында да жауапкершілігіңіз үлкен... Соңында Ұлы да құдірет Алладан тілерім, Сізге қолдау көрсетсін. Мұнда Ислам мен мұсылмандарға қайыр бар. Мүбашшир ат-Тарази мырза».

Ол бұл хатында Кеңес үкіметінің Ислам дініне қатысты жартыкеш, боямалы саясатының ақиқатын тап басып, өзекті деген тұстарды жанды жерінен дөптеп дәлдеп тигізе уытты тілмен көрсеткен. Соғыстан Кеңестік үкіметтің дінге байланысты саясаты аздап жұмсарғанымен әлі күрделі, өзекті мәселелерінің шешілмей тұрған көлеңкелі жақтарын жайып салған. Екі оттың ортасында жалтақтаса жалтара алмаған мүфти Ишан Баба-хан ашық хатты жауапсыз қалдырмағанын тарихи деректер куәландыра алады. Ол жауабын баспасөз бетінде жариялай алмаса да келесі жылы қажылыққа сапар шеккендердің қолына Мүбаршшир-ханға табыстау үшін аманаттаған.

 

Алайда бұл мәлімдемеде жоғарыдағы ат-Тарази қойған өткір сауалдарға жауап қайтарылғаны байқалмайды. Осыған қарағанда қажылар әкелген хат ғұламаның басқа бір хатына жауап немесе Ишан Баба-ханның сырғытпа жауабымен мәлімдемедегі ат-Таразидің айтқан сөздерін қажылар сақтықпен жоғарыға толықтай жеткізбей, жасырған деп бағамдаймыз. Осы хаттан алыс шалғайдағы басқа құрлықта тұрып жатқан Мүбашширдің Кеңес үкіметі тұсында өгейлік көрген Ислам дінінің жоғын шынайы жоқтаушысы, хақ-еркін қайта қалпына келтіруді даулап сұраушы болғанына қанығып, білеміз. Мүбашшир ат-Таразидің жоғарғы хатында тілге тиек еткен Ислам дініне қатысты аса қажетті жұмыстарды жүзеге асыруға сол кезде жол берілмеді. Тек Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта ғана мүмкіндік туды.

 

Шамшәдин КЕРІМ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

«Мұнара» газеті, №10-11, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру