Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДІН МЕН ДӘСТҮР – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Сансызбай Құрбанұлы muftyat.kz 19.04.2023 5122 0 пікір
ДІН МЕН ДӘСТҮР – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Ислам діні – адамзатқа түскен соңғы хақ дін. Күллі әлемді жоқтан бар еткен, жаратылыстың ішкі және сыртқы сырын толығымен білген Алла Тағала Исламды Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арқылы адамдар мен жындарға рақым етіп жіберді. Алла Тағала Құранда Ислам діні жайында былай дейді: «Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым» («Мәида» сүресі, 3-аят). 

Дін – дегеніміз  Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннаттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді.

Алла Тағала адамзат әубаста бір ер мен әйелден жаратылғанын былайша баян етеді: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен тайпаларға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Барлық адам баласы бір ата мен анадан тараған. Түбі бір ата-анаға барып тірелсе де, әр халықтың өзіне тиесілі алуан-түрлі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Аятта айтылғандай, Алла Тағала ұлыстар мен тайпаларды өзара тану үшін жаратқан. Әр халықтың өзін танытатын салт-дәстүрі бар. Егер салт-дәстүрі жойылса, сол халықтың өзі де жойылары сөзсіз.

Діннің мақсаты белгілі бір ұлттың дәстүрін, әдет-ғұрпын мансұқтау емес. Ислам діні бүкіл халықты дәстүрі мен құндылығын сақтау арқылы надандық соқпағынан алып шығады. Әрине, шариғатқа қайшы келетін дәстүрді ұстануға рұқсат бермей, тыйым да салады. Бұл ұстаным жайында дана халқымыз «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» былай. Демек бұл ұстаным шариғат қағидасымен ұштасып жатқанын айта аламыз.

Дәстүр, әдет-ғұрып сөздерінің түсінігі жайында Ахмад ән-Нәсәфи өзінің «әл-Мустасфа» еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз – адамдардың көңілінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». Ислам құқық негіздерінің ғалымдары ғұрыпқа былайша анықтама берген: «Адамдардың немесе белгілі бір елдімекеннің, ұлттың дағдыға айналған іс-әрекеттері және өздері ғана түсінетін белгілі мағынада қолданатын сөздері ғұрып деп аталады».

Әһлі сүннет ғалымдары (Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары) үкім шығаруда жүгінетін негізгі қайнар көз ретінде бірауыздан келіскен негіздер бар. Олар – Құран, сүннет, ижмағ және қияс. Ал өзге де мәселелер бойынша пәтуа беру үшін әр мәзһаб ғалымы тарапынан дәлел ретінде ұстанатын ережелер бар. Ол ережелерге истихсан, сахаба сөзі, әдет-ғұрып және тағы басқа дәлелдер жатады. Осы ережелер үкім шығару мен дәлел келтіруде негізгі ұстаным болып саналады.

Ханафи мәзһабында үкім шығару барысында қажет кезде әдет-ғұрып мәселесі дәлел бола алады. Құран мен сүннетте әдет-ғұрыпты дәлел ретінде қолдануға болатыны жайында айтылған. Мәселен, мына аятта былай дейді: «Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті» («Бақара» сүресі, 233-аят). Мұндағы «бил-мағруф» – дегеніміз ғұрыпқа сәйкес нәпақасын беру, киім-кешекпен қамтамасыз ету деген сөз. Сол секілді Құранда: «Әйелдердің күйеуі алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелі алдында заңды міндеттері бар» («Бақара» сүресі, 228-аят) делінген. Шариғат ер мен әйелдің отбасындағы міндеттерінің аражігін ажыратуды ғұрыпқа қалдырған.

Әдет-ғұрыптың дәлел ретінде жүретініне қатысты мынадай хадис бар: «Мұсылмандар жақсы деп тапқан зат, Алланың құзырында жақсы» (Ахмад). Ислам құқығының ережесі бойынша да дәлелге алынады, яғни «әдет-ғұрып – төреші» деген қағида бар. Осы дәлелдерге сүйене отырып, мұсылман үшін Алла Тағаланың шариғатын орындауда әдет-ғұрыптың өзіндік орны барын әрі оны мансұқтаудың жөні жоқ екенін ұмытпауымыз керек.

Қазақ халқының дәстүрін Ислам дінінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Себебі күнделікті өмірдегі іс-әрекетіміз, өмір сүру салтымыз, түсінігіміз, дүниетанымымыз Ислам дінімен біте қайнасып жатыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде бірнеше мысал келтірсек.

Біріншісі, қан тазалығы. Шариғат бойынша отау құрғалы жатқан жұптар өзара жақын туыс болмауы шарт. Бұл жайында қасиетті Құранда былай деген: «(Уа, мүміндер!): Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-қарындастарымен, туған бауырларыңның қыздарымен, туған әпке-қарыңдастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен және қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жар төсегінде қосылмай тұрып ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә арқаламайсыңдар. Сондай-ақ сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену һәм апалы-сіңлілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді» («Ниса» сүресі, 23-аят).

Халифа Омар (Алла оған разы болсын) қан тазалығына қатысты Сәиб тайпасының өкілдеріне былай деген: «Уа, сәибтықтар! Сендер дүниеге әлсіз ұрпақ алып келіп жатқандарыңды көріп тұрмын. Туысқаннан емес, алыстан некелесіңдер. Дүниеге әлсіз бала әкелмеңдер» («әт-Тәлхис әл-хабир 3/146-б)

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Менің сүннетіме және менен кейін Хуләфа-и рашидиннің (әділетті төрт халифаның) сүннетіне берік болыңдар», – деп айтты (Әбу Дәуіт).

Қазақ халқы үйлену мәселесінде шариғат талаптарын тиісінше ұстанып, қан тазалығына қатты мән берген. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Осы мәселеге қатысты бабаларымыз былай деген: «Үш атада тән өзгереді, жеті атада қан өзгереді». Қан тазалығына аса мән берген бабаларымыз ер жігіттің үш жұрты болатынын алға тартады: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Қыздың да үш жұрты бар: төркіні, нағашы жұрты, өз жұрты. Қазақ халқы қыз баласын қонақ деп құрметтеп, барған жеріне тастай батып, судай сіңсін, оның негізгі жұрты күйеуі жақ деп қыздың тәрбиесіне арнайы көңіл бөліп, қазақтың шаңырағы берік болуына үлкен үлес қосқан. Қызды тәрбиелеу бір күндік іс емес, қыздың бойына тәрбиені мықтап сіңіру үшін  ұзақ жылдық тәлім керек. Қыз баланың тәрбиесіне аса көңіл бөліп, қонақ деп төрге шығарып сыйлауына Пайғамбарымыздың хадисі негіз болған. Бірде Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиындығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелеп-жеткізсе, Алла Тағала осы қызға жасаған рақымы үшін оны жәннатқа кіргізеді», – дейді. Осыны естіген бір сахаба: «Уа, Алланың елшісі! Егер екі қызы болса ше?» – деп сұрады. Пайғамбар: «Екі қызы болса да жұмаққа кіреді», – дегенде әлгі сахаба: «Бір қызы болса ше?» – деп тағы сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Ол қызды жақсылап тәрбиелеп, өсіріп-жеткізсе, жәннатқа кіреді», – деген жауап береді (әт-Тарғиб уә әт-тәрһиб, 1973).

Екіншісі, әмеңгерлік. Қазақ отбасында дүниеден ері озса, жесірді қаңғыртпай, жетімді жылатпай «аға өлсе, жеңге мұра, іні өлсе, келін мұра» деген әмеңгерлік дәстүрін ұстанған. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген түсінікте болған. Қайтыс болған ер азаматтың жылдық асын бергеннен кейін ру ақсақалдары келелі мәжіліс өткізеді. Әмеңгер болуға бірнеше үміткер болса, ішінен балаларға қамқор болатыны таңдалады. Жесір қалған әйел тұрмысқа шыққысы келмесе, өз еркіне қалдырылып, бала-шағасымен бірге сол елде өмір сүреді. Барлық керек-жарағымен қамтамасыз етеді. Күйеуі қайтыс болған жесір мен әкесіз қалған жетімге отағасының туыстарынан артық ешкім мейірім көрсетпейді. Ал қаны жақын туыстарының арасында еш қиындық көрмей өсетіні сөзсіз. Хадистерге зер салсақ, жесірге қол ұшын созып, жәрдемдескен адам түнін құлшылықпен, күндізін ораза ұстап өткізетін адам секілді болады деген. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жесір жайлы былай дейді: «Жесір мен міскінге жақсылық жасап, көмектесуге ұмтылған әр адам Алла жолында барын салып күрескен жанкешті құл секілді және түнінде шаршамай-талмай құлшылық ететін әрі үзбей ораза ұстайтын адам сынды» (Бұхари, Мүслим). Ал жетімге қамқорлық еткен адам Алла елшісімен жәннатта бірге болатыны айтылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімге қарайласудың сауапты іс екені жайында бір қолын көтеріп, сұқ саусақ пен ортаңғы саусағын көрсетіп дауыстап: «Мен және жетімге қамқоршы болған адам екеуміз жәннатта осы секілді (бірге) боламыз», – деген (Бұхари). 

Қазақ халқы шариғатты да, адамның болмысын да жақсы түсінген. Қазақ халқының әрбір жасаған ісі, сөздері таза болмыстан (фитрат) алыс кетпей, Құран және сүннет елегінен өтіп, мықты бір дәстүрге айналғанын білеміз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері Ислам дінімен біте қайнасып, мұсылманшылықты өмірлік жол ретінде салт-дәстүріне айналдырғанын салт-сана мен алдыңғы буыннан қалған қанатты сөздерден де байқау қиын емес.

 

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,

наиб мүфти, Шариғат және пәтуа

бөлімінің меңгерушісі

«Иман» журналы, №3, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру