Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИМАМ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

Төлеби ОСПАН muftyat.kz 02.09.2021 3206 0 пікір
ИМАМ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

Интернет, оның ішінде әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы қашан. Кеше ғаламтор ойын-сауықтың бір түрі болса, бүгінде қажеттілік деңгейіне көтерілді.

Интернет – керекті ақпаратты жедел алу көзі. Сауатты қолданушының біршама шаруасын жеңілдетті. Апталап шапқылап тындыра алмайтын ісін бірер минутта бітіреді. Сонымен қатар, терезені ашсаң таза ауамен бірге шаң-тозақ да кіретіні мәлім. Ғаламтор көпшілікке қолжетімді болғандықтан, ақпараттар ағысын «сары баспадан» ажыратып алу қиындық тудырады. Кейде бұрмаланған немесе дұрыс берілмеген хабар-ошар үлкен дауға себеп болады. Сиямен жазғанды, балтамен шауып түсе алмайсың дегендей интернет заманауи қалам міндетін атқаруда. Сондықтан айтар ойды жеті өлшеп бір кескен жөн.

Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаятында: «Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қағбаны тауап етіп жүріп: «Қағба сен неткен көркемсің, исің неткен тамаша. Неткен ұлықсың, қасиетің сенің ұлық. Алайда, Мұхамедтің жаны иелігінде болған Алланың атымен ант етемін, Алланың құзырында мұсылманның қадірі, оның мал-мүлкі және жаны сенен биік. Біз мұсылман жайлы тек жақсы ойдамыз», – деп айтқанын естідім» , –  делінген.

Қазақта «Он бәленің тоғызы – тілден» дейді. Ол дегеніңіз тілден туындайтын онға тарта күнә бар. Өтірік айтудан бастап, өсек-аяң, жала жабу, жалған куәлік ету деп шұбатылып кете береді. Исламда сен айтпаған сөзіңнің қожайынысың, ал айтылған сөз сенің қожайының деген мәні терең ойлы сөз бар. Шынында, ойды қорытып отыз тістен шықпайынша сөз – адамның иелігінде. Ал ауыздан шыққан соң, «жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады» демекші, кісі еркіне бағынбайды. Ал енді ол сөз жай адамның емес, көпшілікке ықпалы бар кісінің сөзі болса, онда жауапкершілік тіптен бөлек. Дінді енді үйреніп жүрген кісінің қателігі мен имам немесе ұстаздың қателігін салыстыруға келмейді. Себебі имамның шалыс басуы көпшілікке әсер етеді. Демек мешіт қызметкерінің иығында үлкен жауапкершілік бар.

Имам – жетекші, көшбасшы деген мағынаны білдіреді. Діни мәтіндерде имам деп ел басқаратын тұлғаларды айтады. Ал бүгінде бұл термин діни қызметкер ұғымымен шектеледі.

Имам – рухани жетекші. Біздің имамдар – бес уақыт намазға жетекшілік етумен қатар діни дәріс беретін ұстаз. Жаны жұтап келген кісіні мазалаған сансыз сауалына жауап беретін психолог. Ең бастысы, асыл дінімізді дұрыс түсіндіретін маман. Мешіт имамдары мен ұстаздар әлеуметтік желіні уағыз-насихат және дәріс алаңы ретінде қолдануда. Мешітке келе алмай жүрген азаматтар аудио, видео және мақалалар арқылы Құран мен хадисте айтылған даналықтарды үйренеді. Бұл – интернеттің берер пайдасы. Имам мен дінге қызығушылық танытқан тыңдарман мен оқырман арасын жақындатуда. Интернет алтын көпір қызметін атқаруда. Алайда бұл жауапкершілікті еселеп арттырады. Өйткені дұрыс жүйелеп айтылмаған сөздің бір ұшы иесіне тиеді. Ең бастысы, тыңдарманның қате ақпарат алуы. Сондықтан бұл біздің, яғни имамдардың жауапкершілігін күшейтеді.

Қара шаңырақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл сайтынан бастап, өңірлердегі барлық діни ақпараттық сайттар осы талаппен елге қызмет етіп келеді. Мешіт сайттарына жарияланатын жаңалықтан бастап уағыз-насихат мақалалары жіті тексеруден өтіп барып, оқырманға жол тартады. Бұл – жамағат пен оқырман алдындағы үлкен міндет.

 

Төлеби қажы ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру