Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАҒДАРЫМЫЗ БЕН БАҒЫТЫМЫЗ – «ЖЕТІ РУХАНИ ҚАЗЫҚ»

www.muftyat.kz 14.11.2019 4794 0 пікір
БАҒДАРЫМЫЗ БЕН БАҒЫТЫМЫЗ – «ЖЕТІ РУХАНИ ҚАЗЫҚ»

 Кезінде Ұлы Жібек жолында елмен елді елдестіріп, татулық пен бірлікке, экономикалық өрлеуге бастау болған 362 әулиенің мекені саналған ұлы дала – Маңғыстау жері қаншама тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі болған киелі өңір. Бұл өңірде Шопан-ата, Қараман-ата, Масат-ата, Шақпақ-ата, Бекет-ата, т.б. киелі орындар жалғасын тауып кете береді. Маңғыстаудағы жерасты мешіттері – халқымыздың бағзы заманнан бері ислам дінін ұстанып, имандылық жолында өмір сүріп келе жатқанының жарқын көрінісі деп атар едім.

Бүгінгі таңда басты мәселенің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында дін мен дәстүрді халыққа насихаттау. Осынау абыройлы аманатты жүзеге асыруда дін қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі үлкен маңызға ие.

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен киелі Маңғыстау облысының бас имамы болып Әнуар Ізімбайұлы тағайындалды. Ол облысқа бас имам болып тағайындалған сәттен бастап, Бекет атаның басына барып, зиярат жасап, Құран бағыштап қайтты. Жаңаөзен қаласына іс-сапармен келген кездесуде бұл туралы әңгімелеп берді.  

Расында, бас имамның алғашқы қадамы өте орынды деп санаймын. Өйткені, біз, қазақ халқы әулиелерін сыйлап, құрмет көрсетіп, олардың өнегелі өмірлерінен, артына қалдырған рухани мұраларынан ғибрат алып, оны ұрпаққа насихаттап келе жатқан жоралы жұртпыз.

Тарихын ұмытпаған ұрпақ тегінен жерімейді. Тарих дегеніміз – адамзатттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят», – деген тәлімді сөз айтқан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Дін және тарих тағылымы» игі бастамасын одан ары жаңғыртып, жамағатты тарихтан алар сабақтармен сусындатып келеді. Жуырда Елордада Діни басқараның ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы өтті.

Расында, рухани құндылық – адамзат баласын игілікке бастайтын қуатты күш. Ал руханияттың қайнаркөзі Ислам діні ешқашан ғасыр соңында қалмайтын, заманды өз соңына жетелейтін өркениеттің, ғылым мен білімнің діні. Форумда «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы, «Діни рәсімдер тізілімі» құжаты қабылданды.

Халқымыздың дәстүрінде, өзіне тән өмір сүру салтында жеті қазына қандай қастерлі болса, «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы мұсылман қауымының құлшылығы мен тіршілігінің шамшырағына айналса деген игі тілектер айтылды.

Ислам этикасы көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады.

Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады.

Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.

«Жеті рухани қазық» Тұғырнамасында бірінші имандылық мәселесі көтерілген. Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі.

Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыз да адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған.

Екінші мәселе – отаншылдық. Отаншылдық халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және мақтан тұтуымен тікелей байланысты. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады.

Үшінші мәселе – білімділік. Білім алу – исламдағы басты парыз. Абай атамыз «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп білім алуға үндеген.

Төртінші мәселе – бірлік. Тұрақтылықтың негізгі діңгегі – ауызбіршілік. Халқымызда «Береке басы – бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөздер бар. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары анық.

Бесінші мәселе – еңбекқорлық. Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда жақсы.

Алтыншы мәселе – мәдениеттілік. Мәдениеттілік көркем мінезділік пен әдептілікке негізделеді. Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады.

Жетінші мәселе – әділдік. Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді.

Осы жеті рухани қазық біздің қоғамда, оның ішінде әрбір адамның тұлабойында көрініс тапса деген тілегіміз бар. 

 

 

Майлыбай ӨТЕБАЕВ,

техника ғылымдарының докторы,

РФ Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылым академиясының академигі,

Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру