Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ: ДІНІ ПӘКТІҢ - ДІЛІ ПӘК (ойтолғау)

17.04.2015 5281 0 пікір

«Құдайға құрмет - елдің салты, Еліне құрмет-ердің даңқы», - дейдң қазақ мақалында. Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толған тарихи датаны белгілі жоспармен атап өтудеміз. 1456 - шы жылы Алтын Ордадан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергені тарихтан аян. «Қазақ» деп ұран тастағанда рухы көтеріліп, намысы оянған барлық қазақ тайпалары түгел жиналып, Қазақ хандығының іргесі қаланыпты. Сан түрлі сынаққа салынған Қазақ халқы соңғы үш ғасыр бойы ұлтымыздың  тарихы мен ар-ожданы  табанға тапталған  түрлі нәубетті бастан өткерді. Бірақ, мың өліп мың тірілген қазақ ақыры азаттығын алды. Ал, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту бүгінгі азаттықты сыйлаған бабаларға деген құрмет болса керек-ті.

Осы ерекше датаның бүгінде мәні мен маңызы қандай? Дүбірлі той өз деңгейінде аталып өтуі үшін біз қандай үлес қоса аламыз? Осынау ұлы іске еліміздегі екі мың жарымнан астам мешітті ұстап отырған имамдар мен молдалар, дін қызметшілері қандай үлес қоса алады?-деген сауал төңірегінде өз ойымды ортаға салуды жөн көремін. ҚР-ның заңнамалары бойынша дін мен мемлекет бөлек десек те әрбір дін қызметшісі осы елдің азаматы екендігі анық. Ендеше Тәуелсіз қазақ мемлекетінің азаматы ретінде бұл парыздан  дін қызметшілері де тысқары қала алмайтыны белгілі.

Бүгінгі таңда әлемдегі барлық ұлттар өздерінің жүріп өткен жолдарына  қайырыла қарап, «Біз мынадай қасиетке ие халықпыз» деп мақтан етіп, ұлттық  болмысы мен бейнесіне  тамаша айғақ тұтарлық озық қасиеттерін қарастырып, насихаттауда. Қазақ азаматтары да  халқымыздың таңдаулы дәстүрімен сабақтасқан өзіне тән өзгеше ұлттық намыс-жігері күші арқылы ішкі жан дүниесінде намыс туын тіктеп, өз халқының таңдаулы дәстүрін, озық мәдениетін ардақ тұтып, ерліккке тола тарихыңды қастерлеп, батыр бабаларды ұрпаққа үлгі етіп, айбынды да дана патшалар мен ақын-жырауларымыздың ел болып етек жиып, ұлт болып ұйысуымыз жолында сіңірген ересен еңбектерін дәріптей білуіміз қажет. Ол үшін тарихи дәстүрді бойына сіңіріп, ұлттың ұлық қасиеттерін қанып ішер ұрпаққа үлгі болатын үлкендерімізбен қатар ұлт руханиятының қайнар көзі болған қасиетті Ислам дінін насихаттаушы имам-молдаларымыз да  әділдігімен қара қылды қақ жарып, аталы сөзіне тоқтата алатын даналықты игере білуі қажет. Сонда ғана қызымыз ибалы, ұлымыз иманды болып, жастар үлкеннің сөзіне тоқтайтын болады. 

Бүгінде ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен «Дін мен дәстүр» жобасы қолға алынып, осы бағыттағы ата-бабадан жалғасқан дәстүрлі дінімізді насихаттаған  әртүрлі шара өзіндік нәтижелерімен жалғасын тауып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы бүгінгі алмағайып заманда жастардың дүниетанымын қалыптастырып тәрбиелеуде ұлттық дәстүріміздегі адамгершілік пен ар-ұят ұстанымдарын  шариғат пен қоса  заман талаптарына  сай тиімді түрде қолдануды басты бағыт етіп ұстап отырғанын ел халқы түсініп отыр.  Әлбетте  дін мен дәстүр деген  ұғым тек салт-сана, әдет-ғұрып ғана емес ұлтымыздың  ділі, тілі, мәденеиеті, тарихы түгелдей қамтылатын кең ауқымды түсінік екендігі белгілі.

Ислам шариғаты сан түрлі халықтардың ерекшеліктері мен қасиеттеріне құрмет көрсетіп, ұлттық мәдениетті, ұлттық әдет-ғұрыптарды және дәстүрлерді жою, ұмыттыру үшін емес, сақтау, дамытуды мақсат ететін дін. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Кешірімді бол, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған.

Енді төл тарихымызға көз жүгіртелік. Аллаға аян, біз тәуелсіздік алғалы бері ғана мұсылман болған жоқпыз. Қазақ  халқы мың жылдан бері мұсылман халық. Тарихта Ислам діні бүгінгі Қазақстан территориясына VІІІ ғасырдың соңынан тарала бастаған деп айтылады. Түркі-ислам өркениеттерінің тоғысы нәтижесінде туған топырағымыздан Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари секілді мұсылман ренессансына елеулі үлес қосқан даңқты тұлғалар шықты. Қазақ ұлты мен мемлекеттігі ислам діні аясында, ислам шариғаты шеңберінде қалыптасты. Халқымыздың рухани-моральдық құндылықтарына мұсылмандық қағидалар тірек болды. Йассауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп тәрізді рухани тұлғаларымыз ұлтымыздың діни көзқарастарын ислами ағартушылық тұрғысынан жүйелеп берді. Қазақтың барлық салт-дәстүрлері ислам шариғатымен біте қайнасып кетті. Бір сөзбен айтқанда, мұсылмандық біздің өмір салтымызға айналды.

Еліміз қазір қоғамдық елеулі жаңару бағытын бетке ұстап, алға ұмтылуда. Мейлі қандай кезде болмасын, қоғамдық қатынастар дәстүрге өз әсерін тигізбей қоймайды. Өмір өзгеріп, заман жаңарып отырады. Бұрынғы дәстүр көнеріп қатардан қалып, жаңа дәстүр, жаңа салттар пайда болады. Бұл да өмірдің бір түрлі заңдылығы.  Бірақ қандай замандар болса да, қазақ халқы үшін ұлтымыздың тілін, дәстүрін, тарихын,  әдебиеті  мен мәдениетін, өнерін, өткені мен бүгінін жоққа шығарып, басқа жолды дәріптейтін,  кенеттен аспаннан түсіп келген «дінсымақтың», сондай-ақ қазақтар баяғыдан тасқа, пұтқа табынып келгендіктен олардың көзін ашып дінді енді ғана өздері үйрете бастаған сияқты еліріп жүрген бүгінгі таңдағы кейбір «дін ғалымдарының» да бес тиынға да қажеті жоқ екені түсінікті.

Осындайда ұлтымыздың ұлық мінездеріне ұйытқысы болуға тиіс имам-молдаларымыз елінің, жерінің, халқының, ұлтының, мемлекетінің тарихынан мақұрым,өнері мен мәдениеті, әдебиеті туралы түсінігі жоқ болса не үлгі-өнеге көрсетпек?-деген ой туындайды. Арғысы Керей,Жәнібек, Бұрындық хандар, бергісі әз-Тәуке, Абылай, Кенесары хандардың ерен еңбегі мен ерлігінен, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» туралы ой толғап,  өлең-жырлары өз замандардың айнасы болған атақты жыраулар мен шешендер даналығынан  үзінді келтіріп жұма намазы алдында, немесе басқа уақыттарда айтатын уағыз-насихаттарын мақал-мәтел, өлең-жыр термемен нақыштап, халықтың санасына қарапайым түсінікпен жеткізе алатын діни қызметшілер(имам, молдалар) мешіттерде  бар ма? Немесе, Абай, Шәкәрім, Дулат, Бұхар жырау, Ақтамберді, Махамбет, Қадыр, Мұқағали сияқты ұлтымыздың басқа да алыптарының өлеңдерін  оқып, түсініп, біразын болса да жатқа біліп, оны өзінің уағыз-насихатында тиімді қолдана білмейтін имам-молдаларды ұлт руханиятының ұстазы деп айтуға болады ма?  Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сабит Мұқанов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев секілді басқа да ғұлама жазушыларымыздың жазғандарын өз ана тілінде оқып тұщынып көрмеген имам-молданы зиялы, білімді, мәдениетті деп айтуға ауыз бара ма? Құрманғазы, Ықылас, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Дина, Нұрғиса, Қаршыға  және басқа да дәулескер күйшілеріміздің күйлерін тыңдап, түйсіне алмайтын діни қызметшіні  зиялы, білімді, мәдениетті деп  уағызын тыңдап отыра аламыз ба, қалай айтасыз? Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Әсет Найманбайұлы, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ және де басқа да өлшеусіз ғаламат дүниелер қалдырған ақындарымыздың өлеңдерін бағалай алмайтын  адамдарды  зиялы, білімді, мәдениетті деп кім айта алады?

Тіптен ең қарапайым адами құндылық ретінді  тәуелсіз мемлекетінің Әнұранын жатқа білмек түгілі оны білуге тиіспін деп түйсінбейтін діни қызметшілер арамызда некен-саяқ болса да бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Қазiргi қоғамдық-әлеуметтiк  жағдайда жеке тұлғаның  бойындағы Қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру басты міндет болып саналады.  Отаншыл, ұлтжанды  тәрбиенiң  күре тамыры ежелгі сақ, ғұн, Түркi қағанаты, Алтын Орда, ХҮI-ХҮIII  ғасырда елi мен жерi үшiн жан аямай күрескен көптеген батырлар, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр т.б. хандарымыз бен Жалаңтөс, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ер Жәнібек, Батыр Баян т.б. батырлар ісінен, ХIХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтеріліс, екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде негiзi қаланып,  1986 жылғы қазақ жастарының елiмiздiң тәуелсiздiгi үшiн күресi арқылы жалғасын тауып, бүгiнгi егемен елiмiздiң қарқынды дамуы үшiн өз үлестерiн қосып отырған Қазақстан халықтарының  еңбектерiнен көрiнiс тауып отырғаны анық.  Міне осы көріністер ұрпақ бойындағы ерлiк сезiмiн оятып, туған жерге деген  сүйiспеншiлiгiн қалыптастыруда негізгі орын алады.

Жастар руханиятқа  қарай топ-тобымен  ағылып жатыр, ал руханияттың қайнар бұлағы дін екендігіне ешкім де таласа қоймас. Алайда «шатақ дінді»(Шәкәрім) уағыздаушылар соңғы кездері  дінсүйер жастардың арасына «Алдымен мұсылман, сосын қазақсың ба, әлде әуелі қазақ, содан кейін барып мұсылмансың ба?»  деген китұрқы сұрақтар қоятынын естіп жүрміз. Құрандағы әйгілі «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден  жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың»  деген аяттың алғашқы жолдары бәрімізге де түсінікті. Осы аяттағы «Бір-біріңді тануларың үшін» деген жолдарға үңілсек, «Ұлтты қалай тануға болады?»,-деген сұрақ туындайды. Ендеше, басқа бір ұлтты ең бірінші сол ұлтқа ғана тән ерекшеліктері болушы антропологиялық-нәсілдік өңі, сосын тілі, ділі, дәстүрі, мәдениеті, өнері, өмір сүріп отырған мекені қатарлы әлгі ұлтты өзгелерден өзгешелендіріп тұратын белгілері бойынша  танимыз.  Бұлар талқылауға жатпайтын  табиғи заңдылықтар. Бір сөзбен айтқанда барлығы да  Жаратушы тарапынан келген, белгілі бір ұлтқа ғана берілген генетикалық кодтар. Осы арқылы халықтың ұлттық пішіні, пошымы шығады. Енді осы ерекшеліктерді сақтауға ұмтылу Құдай құптар іс  екендігі белгілі. Ұлт – салт-дәстүрімен көрікті екендігін, ұлттың ұлылығы – бірлігінде екендігі бәрімізге де аян. Сондықтан да шынайы қазақ болсаң, сөз жоқ, мұсылмансың.Әрине, қасарсып бас тартпасаң!?

Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай! 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша  өкілдігінің баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру