Мұсылманның бойында табылу керек болған ұлы сипаттардың бірі – даналық. «Дін - тәрбие діңгегі», - деп айтылғанындай, дініміз адамның жан дүниесін иләһи жүйемен тәрбиелей отыра, оның бойында даналық атты ұлы сипатты қалыптастырады. Себебі қасиетті кітабымызда Алла Тағала: «Дана Құранмен ант етемін»[1], - деп айтқанындай, Құранның әрбір аяты, әрбір сөзі мен әріпі даналық болып табылады. Даналыққа қатысты Ислам ғалымдары көптеген анықтамалар келтірген. Бірақ олардың негізгі мағынасы бір арнаға тоғысады. Ғалымдардың көпшілігі даналықтың жалпы анықтамасы «әрбір істі өзіне қатысты орнына қоя білу»[2], - дегенге келіскен. Бұл айтылған анықтамаға сай қандай адаммен қалай сөйлесу, бір мәселені қалай жеткізу, қай жерде не айту керектігін білетін адамды «дана адам» деп айтамыз. Осыған орай, араб халқында дәрігерлерді әр дәріні сырқаттанған жерге сай қолдана білгендіктен «хукама» яғни «даналар» деп те атап жатады. Дінімізде де әр адамға қажетті мағлұматты дұрыс жеткізу аса маңызды істерден. Өйткені, кейде бір адамға қатысты айту керек болған мәселе, екінші бір адамға айтылмауы мүмкін. Ол әрбір адамның ерекшелігіне, танымына, әлі ол мәселеге дайын болмауына, психологиялық жағдайы сияқты т.б. себептерге байланысты болады. Мысалға, Пайғамбарымыздың өзі «Аллаһым бұл (балаға) даналық үйрет»[3], - деп дұға тілеген Ибн Аббас (р.а) атты сахаба бір күні шәкірттеріне сабақ беріп отырады. Осы кезде бір кісі алқынып, асығып кіріп келеді де бірден: «адам өлтіргенді Алла кешіре ме?» - деп сұрақ қояды. Ибн Аббас ол кісінің жүзіне үңіледі де «шынайы тәубе етсе кешіреді», - деп жауап береді. Ол кісі кетіп қалғаннан соң, көп ұзамай тағы бір кісі келеді де, дәл сол сұрақты қойып: «адам өлтіргенді Алла кешіре ме?» деп, - сұрайды. Ибн Аббас ол кісінің жүзіне қарайды да: «кешірмейді», - деп жауап қатады. Ол кісі де кетіп қалады. Бұның мәнісін түсінбеген шәкірттері бірден: «Ұстаз бұл қалайша болғаны? Екі адам келді, екеуінің сұрағы да бірдей еді, бірақ сіз екеуіне екі түрлі жауап бергеніңіздің мәнісі неде?» - деп сұрақ қояды. Сонда Ибн Аббас: «бірінші келген кісі «адам өлтіргенді Алла кешіре ме?» - деп сұрағанында дереу оның жүзіне қарадым. Қарадым да жүзінен өкініш көрдім. Демек, ол бір адамды өлтіріп қойып, соған тәубе еткісі келіп тұрған кісіге ұқсады. Сол үшін де оған: «шынайы тәубе етсе кешіреді», - деп жауап бердім. Екінші келген кісі дәл осы сұрақты қойғанында оның жүзіне қарап едім, оның жүзінен ыза мен кек көрдім. Ол маған біреуді өлтірсем деп бара жатқан адамға ұқсады. Осы себепті оған «кешірмейді» деп жауап бердім», - деген екен. Пайғамбарымыздың тәлімін көрген сахабалардың бойында табылған даналық қасиеттер осындай болған. Өйткені ұлы ұстаз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бүкіл ісі даналыққа толы еді. Қасиетті Құран аяттарында былай делінеді:
«Іштеріңе өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі даналықты үйретететін, сондай ақ білмегендеріңді үйрететін елші жібергендігіміз сияқты»[4].
Тәпсірші ғалымдар Құран кітабында даналық сөзі Құран уағыздары, түсінік, тәпсір мен тауилді меңгеру, білім, пайғамбарлық, ақыл сынды т.б. көптеген мағыналарда келгендігін хабардар еткен. Имам Шафиғи сияқты кейбір ғалымдар Құранда «даналық» сөзі екі түрде келетіндігін айтады. Бірі жеке өзі келсе, екіншісі Құран сөзімен бірге келеді. Даналық жеке өзі келген аяттарда жоғарыда келтірілген өзінің анықтамасына сай мағынаны қамтиды. Ал, Құран сөзінен кейін келсе «сүннет» деген мағынаны білдіретінін айтқан. Сүннет дегеніміз - Пайғамбарымыздың сөзі, ісі, сипаты мен құптауы екендігі белгілі. Демек, Ол кісінің (с.а.у.) сөзі де даналық, ісі де даналық, сипаты да даналық және құптауы да даналық болған.
Даналық туа бітетін қасиет пе, жоқ әлде білім алу, іздену, өзін дамыту арқылы қалыптасады ма? - деген сұрақтың қойылуы әбден заңды.
Құранда бұның екеуі де айтылған. Бір аятта даналықтың Алла Тағала қалаған адамына беретін үлкен нығмет екендігі бяндалып, былай делінген: «Кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады»[5].
Басқа бір аятта:«Расында Лұқманға даналық бердік»[6], - деп айтқан.
Бұл аяттарға үңілер болсақ, даналық тек Алланың қалауымен ғана берілетін нығмет. Әйтсе де, Құранның басқа аяттарында адамның бұл сипатқа үйрену арқылы да жетуге болатындығы нұсқалып, Пайғамбарлардың адамдарға даналық үйрету үшін келгендігі айтылады.
«Іштеріңе өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі даналықты үйретететін, сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін елші жібергендігіміз сияқты»[7]. Демек, адам бұл сипатқа үйрену арқылы да жетуіне болады. Омар ибн АбдулАзиздің: «Егер сендер көп сөйлемейтін адамды көрсеңдер одан ұсталыңдар, өйткені ол сендерге даналық береді», - деген сөзі бар.
Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі «Әл-Хаким». Демек, Даналық иесі. Алла Тағаланың «Әл-Хаким» атты көркем есімі Құранда мынадай сипаттармен бірге келеді:
«Әл-Ғалимун - әл-хаким» - Бәрін білуші, Даналық иесі;
«Әл-Хаким – әл-Хабир» - Даналық иесі, Толық хабар алушы;
«Әл - Ғазиз – әл-хаким» - Аса ұлы, Даналық иесі;
Бұл сипаттардың бірге келуіне байланысты ғалымдар: «Даналық – білімді жүзеге асыруда, болып жатқан хабарды дұрыс түсінуде, қандай да бір істі дұрыс басқара білу үшін қажет». Бұл айтылғандарға назар аударсақ, алған білімді жеткізуде даналықтың орны өте маңызды. Алла Тағала Құранда ол жөнінде:
«Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр»[8]. Демек, білім ақпарат болса, сол ақпаратты дұрыс пайдалана білу үшін даналық қажет. Осы себептен де жоғарыдағы аятта Алла Тағала Өзінің жолына біліммен емес «даналықпен шақыр» деп бұйырған. Демек, жеткізуші қандай да бір мәселені оқумен не білумен ғана шектелмей оны жеткізуге келгенде кімге қалай дұрыс жеткізу керектігін жақсы білуі қажет.
Әрбір жеке адамға керекті мағлұматты дұрыс жеткізу қандай маңызды болса, енді әрбір ортаға, қоғамға, халыққа мағлұмат жеткізуде ол халықтың танымын, салт дәстүрін ескеру үлкен даналықты талап етеді. Өкінішке орай, көптеген шет елдерден білім алған жастарымыз осы мәселені жете ескере бермейді. Соның салдарынан, алынған білім мұсылмандардардың бірлігі мен діннің дамуына әсер еткеннің орнына көбіне теріс нәтиже беріп жатады. Ислам тарихына үңілер болсақ, даналықтың үлгісі болған Пайғамбарымыз (с.а.у) бір жерге сахабаларын жіберерде қандай халыққа, қандай ортаға бара жатқандығын ескертіп, әрі не нәрседен бастап дінді жеткізу керектігін үйрететін болған. Бұны сабақ еткен кейінгі Ислам ғұламалары да әр халықтың дүние танымына, салт-дәстүріне сай қандай мәселені қалай жеткізу керектігін жақсы білген. Осыған орай мәзһаб ғұламаларының бірі имам Шафиғидың өмірінен мысал келтірсек болады. Ол кісі Иракта болғанында «Әл-умму» деген кітап жазады. Кейін ол кісі Ирактан Мысырға қоныс аударады. Ол кезде Мысырда Ханафи және Малики мәзһабтары тараған болады. Мысырдағы ғалымдармен кездескеннен кейін, Имам Шафиғи ол жерде халық арасында тараған хадистерге сай көптеген мәселелерде өзінің пікірін өзгертеді. Имам Шафиғидің Мысырдағы мәзһабы «жадид» (жаңа), ал Ирактағы мәзһабы «қадим» (ескі) мәзһабы деп аталған. Мұсылман ғұламаларының бұл істерін даналықпен ғана байланыстыруға болады. Өйткені олар осылай істегенде ғана діннің дұрыс дамып, әрі мұсылмандардың арасында да бірлік сақталатындығын жете түсінген. Сан ғасырдан бері Ханафи мәзһабын ұстап келген ата-бабаларымызда асыл дінімізді халқымызға салт-дәстүрімізбен керемет ұштастыра отырып насихаттаған. Осы себептен де халқымыз дінді өмірінен бөлек дүние ретінде емес, керісінше күнделікті өмірімен тығыз ұштасып жатқан белгілі қағидалар ретінде қабылдаған. Адам денесіне ауаның қажеттілігі қандай болса, рухани болмысымызға имандылық та сондай қажет екендігі белгілі. Қазіргі қоғамда имандылықты дұрыс жеткізу де осындай аса қажетті істерден екендігі даусыз.
Ендеше дініміз бен ділімізді сақтаған, салт-дәстүрлерімізді құрметтеген, ата-бабалар салған сара жолмен жүретін ұрпақтардан болуды баршамызға нәсіп етсін!
Аягөз қалалық мешітінің наиб имамы
Сайфуллин Думан Нәдірұлы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.03.2014
6083
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру