Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дәнеш Ахметұлы: Шариғат жолы

18.02.2014 6012 0 пікір

Бүгіні ертең, ертеңі бүрсігүні қайталанып, ғұмыр бойы жаттанды, бірегей күй кешкен, сөйтіп, тірлік шамының білтесі қа­лай жанып біткенін де аңдымайтын адамдар болады. Солардың бірі – Шадияр.

Таңертең уақытынан қалмай дәрет алады. Жайнамазды алдына жайып жіберіп, сәттік уақыт болса да Алламен үнсіз сырласқандай, күллі дүниені ұмытып, мүлгіп намаз оқиды. Кемпірі сауып біткен қара қасқа ­сиырды өріске ұзатады. Қалтасынан тастамайтын ұялы телефонымен Алматыдағы, Астанадағы балаларымен хабарласады. Күніне болмаса да, екі-үш күнде бір балаларының даусын құлағы шалмаса көңілі көншімейді. Қолы қалт етіп, босай қалды бітті, мұқабасы тозыңқы Құран беттерін ашып, өзі сан мәрте қайталаған сүрелерге тағы көз жүгіртеді. Әсіресе, «Бақара» сүресін қайталап оқиды. «Жарықтық, Алла атымен жазылған заң қағидасы ғой бұл сүре. Мұнда не керектінің бәрі бар» деп іштей толқып, сүйсініп те қояды.
Міне, Шадиярдың бірегей тірлігінің репеті осы.

Әр адамның көкірек пердесі ашылып, жаны қалайтын шуақты шақтары болады. Шадияр жұма күнін ұнатушы еді. Ол күні есігін айқара ашып, дастарқанын жайып қояды. Келе қалған пенде болса, құрақ ұшып, қуана қарсы алады. Құран жайлы сөз бола қалса, барын салып, ортаға үйіледі.
Күн жұма еді. Намаз біткен соң, сәті түсіп, Шадиярдың үйіне келдік. Екі-үш жігіт едік. Бәріміз де кеңсе қызметкерлеріміз.

Шадияр қуанып қалды. Шай іштік.

– Шәке, жасыратын несі бар, дінге сусап жүрген жандармыз ғой. Құран туралы уағыз айтыңыз. Сөз болсын, – дедік.

Шадияр аппақ сақалын саумалдап, аз отырды. Қара доқаба тақиясын жөндеп киді. Жөткірініп қойды.

– Кейбіреулер Арабияға, Меккеге барсам дейді. Ол да дұрыс болар. Бірақ әр пенденің жүрегінде өз Меккесі болғаны жөн ғой. Иман қайда болса, Алла сонда, – деп бір қойды.

– Жұма намазына барған жөн. Алайда бара алмай қалса, өкінетін де дәнемесі жоқ. Себебі, әр адамның көңіл төрінде өз жұма күні, өз мешіті болғаны жөн ғой, - деп және бір әңгіменің әдібін қабыды.

– Құдай деген пендеде иман болады. Ал иман Алланың алтын шұғыласы. Иман бар жерде тек жақсылық, ізгілік, инабаттылық қана болады. Адамға ғұмыр бойы жетпейтін екі нәрсе бар. Ол – иман мен төзім. Иман ұйыған жерде мешіт салынады. Төзімділік – періштенің уәжі, – деп тағы өзгеше тың ойды толғап өткендей болған.

Сөз Құдай, Құран, мешіт жайлы болғаннан кейін бе, лезде өріс алып, жанданып, қызып сала берді. Әлемдегі әрқилы мешіттер хикаясы сөз болды.

– Балалар, сендер Жаркент шаһа­рын­да болған шығарсыңдар, – деп қалды сөз арасында.

Біз болғанымызды білдіріп, бас изестік.

– Болсаңдар сондағы атақты Уәли байдың мешітіне бардыңдар ма?

– Иә, барғанбыз.

– Беу, бұларың жөн екен, – деп Шәкең құнжыңдап, қуанып қалды,–тегінде мұсылман баласына мешіт жағалаған жарасады. Сол мешіттің хикаясынан хабарларың бар ма?

– Шет жағалап естуіміз бар…

Әңгіме Жаркент қаласындағы әйгілі Уәли бай мешітіне ауысты.

– Кезінде Жаркент өңірінде Уәли деген ұйғыр байы болған, – деп бастады әңгімесін ол. – Өзі байлықпен қатар білім, мәдениеті де жетілген сұңғыла жан болғанға ұқсайды. Саудагер екен. Ана шеті Бейжің, Шанхай, мына шеті Петербор, Ташкент арасына сауда жасапты. Әнзалы, Жібек жолының қызығын солар көрген сыңайлы. Өзі қытай, орыстан тартып, әлденеше тіл біліпті.

Сонымен баянсыз тірліктің сынаптай сырғып, білдіртпей өтіп бара жатқанын сезген бай бір күні терең ойға шомыпты. Артына мұра етіп қалдырар нәрсе ойлапты. Ақыры осы мешітке табан тірепті. Толып жатқан ақылгөй, серіктерін жиып алып, осы тоқтамын хабардар етіпті. Уәли ұсынысын бәрі бір ауыздан қолдапты.

– Соныңыз дұрыс, – деп отырғандар шу ете түсіпті.

– Сізге сондай іс қана жарасады.

– Мешіттің екі дүниеде сауабы мол деседі.

– Жер бетіне Құдайдың үйін салған адам ана жаққа барғанда тозақтың отына күймейді деген де сөз бар…

– Рас, рас…

– Мен бір қытай шеберін білемін, – депті отырғандардың біреуі суырылып сөйлеп, – Әне, нағыз шебер деп соны айт.

– Иә, айта түс, – депті шебер табыл­ғанына қуанған бай.

Әлгі адам сөзін қайта созыпты.

– Ол өзі ішкі Қытайдан көрінеді. Қазір Іле өзенінде салшыларға қосылып, кәсіп қып жүр. Ұйғыр тіліне де жетік көрінеді.
Өзі шебер болса, өзі ұйғыр тіліне маман болса, бізге одан артық қандай адам керек. Ертең ертіп кел.

– Құп, тақсыр, болады.

Ертесі қытай шебері де келіп жетеді. Әлгі айтқандай, мұның өзі ішкі қытайлық болып шығады. Аты-жөні Хон Фик екен. Бейжіңде туып-өсіпті. Тума шебер көрінеді. Ағаштан түйін түйіп, өрім өріпті. Ол жасаған есік, терезе, түрлі қақпалар мен әсем сарайлар өзінің қайталанбас табиғи, таза сұлулығымен қараған жанды қайран қалдырыпты. Бейжің ұлығы шақырып, оған керемет храм салдырыпты.

Шебер Бейжің ұлығының өзі құралпы баласымен дос болғанға ұқсайды. Екеуі талай мезет сырлас, сапарлас болыпты. Храм бітер жылы ұлықтың баласы Құлжа қаласына қызметке ауысыпты. Шебер өз досына:
– Мені мұнда қалдыра көрме, өзің­мен бірге ала кет. Мен Құлжа қала­сында, сенің қол астыңда тағы осындай мінсіз, сұлу храм салғым келеді. Соған жәрдем ет, – деп көп жалыныпты.

Храм бітіп, қолы құрбандыққа шалынып, кесілер мезеті таянарын сезгенде жанын қоярға жер таппай, қатты қамығыпты. Үнсіз қыстығып, еңіреп жылапты. Қос қолын көкке созып, Тәңірден жәрдем күтіпті. Тіпті у ішіп, өліп қалғысы да келіпті. Бала шебер сөзін әкесіне айтады. Әкесі:
– Бұл дара шебер. Демек, храм да жалғыз болуы керек. Біз қытайдың ішкі құпиясын, ғажайып сәулет өнерін өзгеден көз тасалап, қалқалап ұстауға тиіспіз. Мұндай ғажайыптар кез келген жерде салына берсе, қытай өнерінің құны кетеді. Сол үшін де шебердің қолы шабылуға тиіс. Осыны білесің бе? – депті. Баласы:

– Білем, бірақ сізден өтінерім сол, шебердің қолы бұл ретте шабылмасын. Құлжада менің әмірім бойынша және бір храм салсын. Одан кейін мен сіздің бұйрығыңызды бұлжытпай орындаймын. Осыған ант етемін, – депті. Бежін ұлығы:

– Жарайды, – депті жалғыз ұлының өтінішін жерге тастай алмай,– сенің айтқаның болсын. Бердім тілегіңді.

– Рахмет, әке! – депті бала басы жерге жеткенше тағзым етіп, – Алла тағала сіздің шарапатшыңыз болсын…

– Жақсы, дегенмен Құлжа қаласын­дағы храм бітісімен шебердің қолы тезінен шабылатын болсын.

– Мақұл әке, құп түсіндім бәрінде.

– Шебердің қос қолы қиылып түсі­сімен маған шұғыл хабар беретін бол.

– Мақұл әке, келістім.

Сөйтіп, шебер ұлықтың баласымен селбесіп, Құлжа қаласына келеді. Екі жыл ішінде Бейжің үлгісіндегі храмның және біреуін салып шығады. Іс аяқталар тұста қапиясын тауып қашып кетеді. Содан өзіне өзге ат қойып, пошымын өзгертіп, мұсылман ішін паналап тірлік етіпті…
Шебер өзін Уәли бай алдында тым сыпайы, сергек ұстайды.

– Сіз ойлағандай және сіз дітте­ген­дей керемет мешіт салуға уәде беремін. Дегенмен, бір өтінішім бар, – депті шебер. Бай үнсіз бас изеген.

– Шартың болса айта бер.

Шартым сол, – депті қытай шебері, – мен не айтсам соның бәрі сөзсіз орындалатын болсын. Жина дегеннің бәрін жинап, кес дегеннің бәрін кесе беріңдер. Бұл қалай деген қарсы сұрақ болмауы тиіс.

– Болады, әйтеуір бір керемет мешіт болады ғой.

– Болады. Оған өміріммен ант етемін.

– Адамдар әрқилы. Сөз де құбылып айтылады. Күндердің күні болғанда бөгде біреулердің сөзіне еріп, маған қарсы келіп жүрмесеңіздер болғаны.

– Келістік.

– Ақысын мешіт салынып біткеннен кейін толық есептесетін боламыз.

– Келістік.

– Әзірше алуға тиесілі дүниенің ширек бөлігін берсеңіздер де жетіп жатыр.

– Келістік.

Сөз осымен бітеді де, жұмыс бас­талады. Ағашты Іленің арғы тұсынан, қалың қарағайлы таудан тасиды. Өгіз, ат арбаға қарағай тиеген жүкшілер пәлен шақырым жүріп, көп мехнат шегеді. Қытай шебері болса, әлгі тасып әкелінген қарағайлардың қасына келіп, мынандай етіп кесіңдер деп өлшеп беріп, өзі қараңғы бөлмеде апиынын шегіп, рақатқа батып жата беріпті. Жұмысшылар құрылыс материалын пәлен мерзім тасыған көрінеді. Қажетті дүниелер тау болып, үйіліп қалыпты. Бір-біріне ұқсамайтын, алуан қилы етіп кесілген ағаштар жал-жал болып, тізіліп жатады. Бірақ құрылыс басталмапты.

Бір күні Уәли байға қасындағылар арам ойлы, жат пиғылдың шетін шығарыпты.

– Байеке, біз ағашты тасып жатырмыз, тасып жатырмыз, ал қытай шебері болса, кестіріп жатыр, кестіріп жатыр. Кесілген ағаштан көз тұнады. Бұл қытайдың не білгені бар? Жұмысты қашан бастамақ өзі?

– Әлгінде ғана сөйлестім. Әлі де біршама ағаш кесуге тура келіп тұр, – депті бай.

– Осы ағаштар аз дей ме?

– Аз дейді.

– Жақсы. Ал мынаны да ойлаған жөн. Бұл дегеніңіз тегі бөтен, жат адам. Ағаштарды кестіріп, кестіріп, қашып кетсе не істемекпіз?

– Өйте қоймас.

– Байеке, жатжұрттықтың алдында онша изектей бермеңіз.

– Ендеше ақылдасалық.

– Өзімізше тегіс бас қосып, ақылдасқан да жөн болар.

– Жақсы…

Келесі күні Уәли бай қытай ше­берін шақырып алады.

– Осы жатқаның да жетер. Енді істі баста, – дейді.

Хон Фик шоқ басқандай ыршып түседі.

– Байеке, мен сізге айттым ғой, ағаш тасу, кесу ісі әлі жалғаса бермек.

Бай айтқанынан қайтпайды.

– Айттым бітті, істі ертеңнен қалдыр­май баста.

Қытай шебері енді жалынғандай болып, жағдай айтады.

– Байеке, маған сеніңіз, мына ағаш­тан мен ойлағандай мешіт шықпайды. Аз.

– Жә, сөзді қой. Осы ағаштарға шағлық мешіт тұрғызатын бол.

– Байеке.

– Тоқтат сөзді…

– Байеке, сізге көп-көп жалынамын. Тағы ағаш әкеліп кесе түсіңізші.

– Тоқтат сөзді.

– Байеке…

– Жоқ, болмайды.

Бай бұдан ары тыңдамасқа бекінеді. Қытай шеберінің де енді шегінер жері қалмаған. Тұтқиылдан құрылыс жұмысы басталады. Ортаға діңгек орнатып, беліне аспалы арқан байлап, қолына сайманын алған шебер іске кіріседі. Әлгі аспалы арқанға тербеліп, екі жаққа кезек-кезек балта сілтейді. Арқанмен лықсып барып, үйдің ана қабырғасын бір соғып өтсе, қайтар тұста екінші қабырғаға тағы балта сілтеп үлгіреді. Аяқ-қолы, балта-балғасы бірдей жұмыс істейді. Жұмыс тоқтаусыз жүреді. Жүз күнге жетер-жетпес мезетте мешіт ісі тегіс аяқталады. Осынау зәулім мешітке жалғыз тал темір шеге қақпаған Хон Фик өз ісін адал атқарып шығады. Бай да, ел де риза болады. Іс аяқталар сәтте шебер мешіттің ең төменгі тұсына бір сынаны бос қағып, іліндіріп қояды. Соған бола мешіт бір жағына білінер-білінбес сәл ауытқып тұрғандай екен. Бірақ бұл ақауды шебердің өзі болмаса, былайғы жұрттың ажырата алмасы анық еді. Хон Фик, Уәли бай және оның жандайшаптары мешіттің іші-сырты, айналасын түгел аралап шығады.

Уәли бай қатты қуаныш үстінде толқып тұрып, қытай шеберіне тиесілі алтыны мен апиынын береді.

Хон Фик:

– Байеке, қараңызшы, мешіт күмбезі түзу тұр ма, – дейді.

Байдан бастап бәрі де аяқталған іске анталап, түгел көз жүгіртеді. Әйткенмен, еш мін таба алмайды.

– Түзу тұр, – дейді қарап шыққан­дардың бәрі бір кісідей тіл қатып.

– Түзу.

– Түп-түзу тұр.

– Тегі мін жоқ мешітте қарап тұрсаң.

– Көкке тіке шаншылып, Алланың алақанында еркелегендей болып, жарқырап тұр жарықтық.

Олардың бұл сөзіне қытай шебері күледі. Сөйтеді де, қолына балғасын алып, өзі діттеген тұстағы босаң сынаны қағып кеп қалады. Мешіт енді қапысыз дәлдікке көшеді.

– Міне, – дейді ол қуана тіл қатып, – мешіт енді сіз бен біз ойлағандай түп-түзу болды.

– Рахмет, еңбегіңнің қызығын көр, – дейді бай. Сөйтеді де, шеберге қайыра сұрақ қояды.

– Шебер, айып етпесең сенен мынаны сұрағым келеді. Сен неге ол сынаны бос қалдырдың?

Қытай шебері де қулана тіл қатады.

– Сақтық үшін солай болған, – дейді шынын айтып, – бәлкім, сіз уәдені бұзып, берем деген нәрсені бермей кетерсіз. Бәлкім, сіз бен біз күтпеген оқыс оқиғалар болып қалар. Бәлкім…

Бай бұдан ары ештеңе демей, қытай шеберін құшақтап бауырына басады. Міне, Жаркенттегі Уәли бай мешітінің қысқаша тарихы осындай…

Біз үнсіз тыңдап, ойға шомдық. Серіктестерімнің бірі шыдай алмады білем, әңгімешіге қайыра сұрақ қойды.

– Шәке, сол қытай шеберінің өмірінің соңы не болыпты?

Шадияр аз толқып тұрды да, тіл қатты.

– Арты жаман болған түрі бар, – деді үнінен өкініш лебі білініп, – әлгі мешіт кесілген ағаштың аздығынан, шебер ойлағаннан көп кемшін болып шығыпты. Шебер байғұс өз мүмкіндігін аша алмағанына іштей таусылып, қайғы шегіпті. Іле-шала артынан пәлен мерзім шам алып түскен қуғыншы да жетіпті. Аңдыған жау қойсын ба, ақыры ұстап алып, қол-аяғын байлап, тұтқын етіпті. Құлжа ұлығының, атап айтқанда, баяғы өзінің бала күнгі досының өкімі бойынша екі қолын бірдей білектен кесіп, бар тапқанын сыпырып алып, өзін беталды тентіретіп жіберіпті…

– Обал-ай, ә.

– Обал, обал…

Біз Шадияр әңгімесіне рахмет айтып, тысқа беттедік. Көпке дейін өз еңбегінің қызығын емес, шыжығын көрген сорлы қытай шеберіне деген жанашырлық сезімінен айырыла алмадық. Көз алдымызға екі қолы бірдей кесілген, шын қайыршы қалпіне еніп, аузымен ғана жем жеген мал тектес ас ішіп, тілімен таусап су ұрттаған бейкүнә бейбақ қара елестеді. Ағаш арасы, жаман тамның қалқасы не болмаса әйтеуір есік алдына ойда-жоқта пайда бола кететін міскіннің тірлігі тым аянышты. Жей ғой деп қалтасына салған құрт, май, ежігейге ыржалақтап күле қараған, қарны ашқанда қалтасындағы нәпақасын тісімен тартқылап жатып, аузына әрең жеткізіп, онысын жерге түсіріп алмайын деп, ағаштың діңі немесе тамның керегесіне тіреп қойып, иегімен сүйеп, қысып зорға талмап жұтқан, әр тілде сөйлеп, өзгеге жалынышты сөзін айтып, жан бағып, қаңғып жүрген, шашы өсіп кеткен, киімі алау-далау қытай шеберінің бейнесі көкірегімде ауыр мұң болып қабыздады.

Обал-ай, жауыздықтың да шегі жоқ екен-ау…

Дәнеш Ахметұлы

«Ана тілі» газеті
№6 (1212) 13-19 ақпан 2014 жыл

Суретке мақалада айтылған мешіттің бүгінгі шынайы бейнесі қойылды.
wikimedia.org сайтынан алынды 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру