
Әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтаулар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарлардың соңғысы - Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адам баласын Алла Тағала көптеген нығметтермен безендіріп, барлық жағынан «Ахсанул Тақуим» етіп жаратқан. Қай жағынан алып қарасақта ерекше құндылықтарға ие адам баласы бейне бір осы әлемнің халифаты, басшысы, ең негізгі жаратылыстың мақсаты деп еріксіз түрде айтуға мәжбүр боламыз. Себебі, адамзаттан өзге жаратылыстарда бізде болған қасиеттердің ешбірі жоқ. Біз қуанамыз, жылаймыз, ойлаймыз, сөйлейміз тағы басқа сезімдерге иеміз. Алайда, кей жағдайда қазіргі қоғам қауымына қарасақ, адамдардың көпшілігі өз құндылықтарын жойып, өмірге келген мақсатын ұмытып, жалған дүниеге мас балып, мінездері өзгеріп, нәпсінің жетегінде кетіп бара жатыр. Жүрекке батқан бұл ащы ақиқат бізді қандай жартасқа соқпақ, қандай құздан құлатпақ?! Туысқандар алауыз боп, дүние үшін бір-бірін жалмап жатқан кезеңде қоғам ішіндегі ақиқатты, адалдықты сүйетін мұсылман қалайша иманына еш дақ түсірместен, қиыншылықтарға қалай төзбек? Оған да жол сілтеген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да осындай заман келетінін білгендей «сабыр,сабыр, сабыр» деп өсиет еткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахих хадисінде:
وعن أبي يحيى صهيب بن سنانٍ رضي الله عنه قَالَ : قَالَ رسولُ الله صلى الله عليه وسلم
عَجَباً لأمْرِ المُؤمنِ إنَّ أمْرَهُ كُلَّهُ لَهُ خيرٌ ولَيسَ ذلِكَ لأَحَدٍ إلا للمُؤْمِن : إنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكانَ خَيراً لَهُ ، وإنْ أصَابَتْهُ ضرَاءُ صَبَرَ فَكانَ خَيْراً لَهُ
«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қандай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлық танытады – бұл оған қайырлы», – дейді (Бухари, Зекет 50; Муслим, Зекет 124).
Мұсылманның қандай жағдайда болса да бір қалыпты, еш уайымдамай қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға төзетінін және ол мұсылманның ең негізгі қасиеттерінің бірі екенін айтқан. Сабырға қатысты аяттар мен хадистер көп бола тұра көп жағдайда амалға аспай жататыны белгілі. Қиыншылық лебі ескен сәттен-ақ, көңіл-күйіміз түсіп, төбемізге бұлт үйіріліп, жүктің бәрін өзімізге ғана артқандай күй кешеміз. Кейде Алла Тағалаға тікелей шағым айтпағанмен, іс-әрекетімізбен, хал-тілдерімізбен айтып жатамыз. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 155-аятында былай деп айтпады емес пе:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِين
«Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед с.ғ.с. сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!».
Онсыз да өмір сынаққа толы. Сынақ, қиыншылық, қайғы болмай адамдар арасында имандылық дәрежелері білінбейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құдси хадисінде де: «Жәннат қиыншылықтармен көмкерілген, тозақ ләззаттармен көмкерілген» делінген (Мүсілім, Жәннат 1; Әбу Дәуіт, Сунна 22). Демек, кез келген ауыртпалық Алла Тағаланың сыйы, ризашылығы, сабыр ету арқылы жәннатымызға керекті сауаптарға қол жеткізетін бірден-бір себеп.
Ал, қазіргі кездегі көпшілік мұсылман адамдар осынын бәрін ұмытқан, сабырсыз, уайымшыл болып келеді. Соның салдарынан қазіргі заманда қанағатшыл адамдар қаптап, сол әлсіз тұсымызды пайдаланған дүниеқұмар қанаушылар «БАНК, КРЕДИТ» деген жүйені ойлап тауып, одан сайын адамды құтылмас қарыз, шыға алмас қиыншылықтар батбағына батыруда. Ал, Алла Елшісінен сахих жолмен жеткен мына бір хадиске иман етіп, осы жаман нәтижелерден құтылудың жолы бар екеніне көз жеткізсек:
مَا يَكُونُ عِنْدِي مِنْ خَيْرٍ فَلَنْ أَدَّخِرَهُ عَنْكُمْ , وَمَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللَّهُ , وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللَّهُ , وَمَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ ، وَمَا أُعْطِيَ أَحَدٌ عَطَاءً خَيْرًا وَأَوْسَعَ مِنَ الصَّبْرِ
«Қолымда тағы бір игілік болса, сендерден әсте аямаушы едім. Кім сұраудан ұялса, Алла оның жанын пәк етеді. Кім қанағатшылдық танытса, Алла оны басқаға мұқтаж болудан сақтайды. Кім сабыр етуге ұмтылса, Алла оған сабыр береді. Ешкімге сабырдан артық мол игілік берілмеген». (Бухари, Зекет 265\3; Муслим, Зекет 1050).
إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ
«Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі.» (Зүмәр-10) деген аят та осыны меңзеп тұр.
Сабырмен адам батыр болып, кез–келген қиыншылықтарды жеңе біледі. Қазіргі кездегі етегін кең жайып кеткен қоғам дерттерінің бірі – суицид те сабырсыздықтан туындаған үлкен қатер. Болмашы бір қиыншылықтардың хикметін түсінбей, өз-өзіне қол жұмсау арқылы құтылғысы келеді. Алайда, ақыретте сұрау бар емес пе? Бұл өмірдегі қиыншылық о дүниеде шаң-тозаңдай ғана.
Сабырлы адам сабыр етуі арқылы Алла Тағаланың мейірімін оятып, көптеген сауаптарға ие болады. Ал мына аятқа қарасақ, Жаратушының әр-қашан сабырлы адамдарды қолдап, жәрдем беретінін көреміз.
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ
«Ей иман келтіргендер! Алладан сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Алла Тағала, әлбетте, сабыр етушілермен бірге». (Бақара-153)
Мұсылман адам сабыр арқылы тек көздеген мақсатына жетуді ғана емес, онымен қоса, күнәларына кешірім болады деп біледі.
«Мұсылманның шаршау, ұзақ сырқат, мазасыздық, көңілсіздік, жағымсыз нәрсе, уайым-қайғыға тап болуы, тіпті тікеннің өзі арқылы Алла оның істеген қателіктерін кешіреді», - делінген хадис арқылы кез–келген қиыншылық еш болып қалмай ма? (Бухари 5641, 5642; Муслим 2573)
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолына қарайтын болсақ, сабырлықты танытатын оқиғалар көп. Ол сабырлық нәтижелері қазіргі кездегі жемісі біз көріп тұрған – Ислам діні. Әр адам өмірінде бір нәтижеге жету үшін сабыр сақтауы керек. Кішкентай сәбидің өзі жүруді үйрену үшін көп жығылып барып үйренеді. Ілім алу үшін де жаттауға сабырың болуы керек. Сол сияқты барлық жетістіктерге жету үшін сабырды қанат етіп, төзімділікпен, ыждағатылықпен алға қол созу керек.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты науқастанып қалады. Қызуы көтерілгендігі сондай, тіпті суық суды маңдайына тигізіп тұрған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары (р.а.): «Біз сізден қатты ыстықты байқадық, - дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.):
مِنْ أَشَدِّ النَّاسِ بَلاءً الأَنْبِيَاءَ ، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ إِنَّ
«Адамдардың ішіндегі ең ауыр қиындықты бастан өткерушілер, әуелі – пайғамбарлар, содан кейін дәрежесіне қарай келген таңдаулылар,» - деп жауап берген. (Тирмизи, Зуһд 56; Ибн Мәжә, Фитән 23) Пайғамбарлар Алланың ең таңдаулы, сүйікті құлдары емес пе? Демек, қиыншылық пен қайғылардың ең қиыны дәреже жағынан жоғарғысына тән болмақ. Жоғарыда айтқанымыздай, ол ауыртпалықтарға сабыр етіп, шексіз сауптарға ие болсын деп берген Алла Тағаланың бір сыйы іспетті. Олар қиыншылықтарды жеңу арқылы үлкен сыйлықтарға ие болады. Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген мына бір оқиға соған дәлел:
ابنُ عَباسٍ رضي اللهُ قَالَ :ِ المَرْأةُ السَّوداءُ أتتِ النَّبيَّ صلى الله عليه وسلم ، فَقَالَتْ : إنّي أُصْرَعُ ، وإِنِّي أتَكَشَّفُ ، فادْعُ الله تَعَالَى لي . قَالَ : « إنْ شئْتِ صَبَرتِ وَلَكِ الجَنَّةُ ، وَإنْ شئْتِ دَعَوتُ الله تَعَالَى أنْ يُعَافِيكِ » فَقَالَتْ : أَصْبِرُ
«Талма ауруымен ауыратын айел адам Алла Елшісіне (с.ғ.с.): Иә, Русулулла (с.ғ.с.) менің талма ауруым бар. Алла Тағалаға дұға жасаңызшы, мен сырқатымнан жазылғым келеді, - дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.): Жарайды, мен Алла Тағалаға дұға жасайын, бірақ қаласаң осы ауруыңа сабыр етіп жүрсең, жәннаттық боласың, - деді. Сонда әлгі әйел адам сабыр етуді таңдаған екен». (Бухари мен Мүсілім риуаят еткен). Кейін біраз жылдар өткен соң Омар (р.а.) халифалығы кезінде, Омар (р.а) сахабаларға: Жәннаттық адамды көргілерің келе ме? – деп сұрайды. Иә, - деп сахабалар кім екен деп қарап тұрғанда Омар (р.а.): Міне, мына жасы үлкен кәрі әйел, себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.) оны жәннатпен сүйіншілеген, - деп әлгі сабыр етем деген ауру әйелді көрсетіпті».
Кейбір адамдар сынақтар мен қиыншылықтарға тап болса, әркімге өз мәселесін айта бастайды. Алла Тағала Құран Кәрімде адамдарды тағы бір нәрсеге үйреткен: «Менің өтінішім мен қайырым тілеуім тек Алладан ғана және Ол ғана өтініш пен қайырым сұрағанға жауап береді» деп сабыр етуді өсиет еткен. Иә, қайырым тек Алла Тағаладан. Және Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла Тағала: «Егер мен оның дүниедегі ең жақынын алып қойып, ол болса (сауапты) үміт етіп (сабыр сақтайтын болса), онда Менің мүмін құлым үшін берер сыйым тек қана жәннат болмақ», - деді. (Бухари 6424).
Құрметті мұсылман қауым! Сабырлық деген сезімімізді жоғалтпай, әрқашан Алланың әмірін орындап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне берік болайық!
Адам өзін сабырға үйрете ала ма? Адам өзін кез келген жақсы ахлаққа үйрете алады. Тек Құранда сабырлыларды сүйіншілеген аяттарды көп оқып, соған қызығу және сабыр сақтап, көп жетістіктерге жеткен тарих беттерінде оқиғалары қалған адамдардың қиссаларын оқып, амал істеу. Және қандай да бір қиыншылық келсе, сабыр сақтап, егер сабыр сақтай алмай қалсаң, қайтадан тырысып, өз-өзіңді соған бейімдеу арқылы болады. Сабырлыққа бойың үйренген сайын қандай да бір қиыншылықта жеңілдікті байқай бастайсын. Және Алла Тағала мен Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатың арта түседі. Осы тұста өмір бойы қиыншылық, қайғы басына жамбырша жауған бір адам туралы жеткен мына қудси хадистерді айта кетсек:
«Қиямет күні болғаннан кейін қиыншылықпен өмірі өткен мұсылман адамды Алла Тағаланың құзырына алып келеді де, Алла Тағала оған мәнгі жәннатты береді. Ал періштелер оны жәннат ішінен көргенде «Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатуху» деп сәлем айтып, Алла Тағала сендерге разы болсын, жалған дүниеде сабырлы болғандар қандай ұлы жетістіктерге жеткізді».
Қазіргі қоғамда өмір сүріп жүрген мұсылман адам депрессияға түсіп немесе жүйкесі тозып, көп уайымшыл болып келсе, ол адамның иманында нұқсан бар деген сөз. Мұсылман адам ешқашан жүйкесі тозу деген аурумен ауырмайды. Себебі жоғарыда айтылған барлық аят, хадистерге сүйене отырып, кез келген қиыншылықтан жеңіл өтуі керек. Онсыз да Алла Тағала құлын көтере алатын сынақтармен сынайды. Барлық сынақтардан сүрінбей өту үшін сабырымыз өте қажет әрі ләзім. Сол үшін Алла Тағала сабырлы болуды нәсіп етсін!
Руслан Султанов
ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.02.2014
14366
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру