Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НҰРБЕК ӘУЕСХАНҰЛЫ: БІЗГЕ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КЕҢЕСІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Кеулімжай Құтты muftyat.kz 28.02.2023 8926 0 пікір
НҰРБЕК ӘУЕСХАНҰЛЫ: БІЗГЕ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КЕҢЕСІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Назарларыңызға ҚМДБ Қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлының «Иман» діни-танымдық журналына жарияланған сұхбатын ұсынып отырмыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қоғаммен байланыс бөлімінің өз алдына отау тіккеніне де бір жылға таяп қалды. Сұхбатымызды бөлімнің атқаратын қызметінен бастасақ.

– Діни басқарма қоғаммен байланыс бағыты бойынша жұмыстарға ұдайы басымдық беріп келеді. Жеке бөлім болып енші алып шыққанға дейін Уағыз-насихат, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімдерінің құрамында болып, біраз шаруалар атқарылды.

2022 жылдың басында елімізде тұрғындарының ынтымағы мен бірлігіне сызат түсіретін түрлі оқиғалар болды. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды бірлікке, тыныштыққа шақыруға үндейтін насихатты күшейту мақсатында 2022 жылды «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» жылы деп жариялады. Сондай-ақ қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстарды жандандыру күн тәртібіне шықты. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының шешімімен 2022 жылы басымдық берілетін жеті жұмыс бағытының бірі «Қоғаммен байланыс» бағытын бекітіп, маусым айында «Қоғаммен байланыс» бөлімі ашылды. Осылайша ел-жұртпен байланысты нығайтып, осы сала бойынша атқарылатын іс-шараларды сапалы әрі жүйелі ұйымдастыру мен қадағалау міндеті бізге жүктелді. Жұмыс бағытымызды нақты, жүйелі жүргізу үшін алдымызға біршама міндеттер қойып, нақтылап алдық. 

Ол қандай міндеттер?

– Қоғаммен байланыс саласындағы Діни басқарма қызметінің негізгі бағыттарын анықтау; ҚМДБ-ның объективті имиджін қалыптастыру аясында оның атқарған жұмыстарын қоғамға таныстыру; ҚМДБ-ның қоғаммен байланыс саласындағы қызметін бақылау; мүфтияттың әртүрлі сала өкілдерімен өзара байланысын арттыру мақсатында ортақ шаралар ұйымдастыру. Ал басты міндеміз – ел мұсылмандарын бір шаңырақ астына топтастырып отырған Діни басқарманың қоғамдағы оң имиджі мен беделін қалыптастыра отырып мемлекеттік органдармен және түрлі қоғамдық ұйымдармен тиімді байланыс орнатып, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайта түсу.  

Діни басқарма жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға әрекет жасап келеді. Соның бірібұрынғы қазақ қоғамында ерекше мәртебеге ие болған Ақсақалдар институтын заман талабына сай қалпына келтіру. ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің негізі қызметі мен міндеті қандай?

– Ақсақалдар кеңесі – ұлтымызға тән институт. Бабаларымыздың дәуірінде де осындай кеңестер құрылып, ақсақалдар көптеген мәселелерді реттеп отырған. Қазақ хандығында тарихи рөл атқарған «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» де өз бастауын осы Ақсақалдар кеңесінен алған. Хандарымыз ел басқаруда, батырларымыз жер қорғауда ақсақалдардың ақылына жүгінген. Демек халықтық мәселелерді шешуде Ақсақалдар кеңесінің рөлі күшті десек, қателеспейміз. Бүгінгі таңда имамдар ата-баба дәстүрімен ұштасқан дінімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап келеді. Жастарымыздың да ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үмітін ақтауы маңызды. Бұл ретте бізге жастарға ақылын айтып жөн көрсететін, өмірде көргені мен түйгені көп ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жастардың ең жақсысыкәрілерге ұқсағаны», – деп айтқанындай, түр-әлпеті емес, жүріс-тұрысынан даналық байқалып тұратын жас буын өкілдерінің қалыптасуына көпті көрген үлкендердің әсері мол. Біз көбіне қоғамда, отбасында болып жатқан келеңсіз жайттардың салдарымен күресуге әдеттеніп алдық. Енді себебімен күресетін уақыт жетті. Осы орайда ертеден келе жатқан бабалар жолын жандандырып, тиісті іс-шараларды атқару үшін Ақсақалдар кеңесі құрылды. Аузы дуалы, данагөй қарттарымыз Діни басқарманың қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстарына жаңа серпін береді деген сенімдеміз.

Сонымен бірге былтыр ҚМДБ жанынан Сарапшылар кеңесі құрылды. Сарапшылар кеңесінің үш кездесуі өтті. Кеңес жайында кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Қай заманда да қоғамның ілгері дамуында парасат пен ізгілік жолын таңдаған ғұлама ойшылдар мен ғалымдар айрықша рөл атқарған. Ел ішіндегі дін мен руханият саласында өз айтар ойы бар, қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген азаматтардың басын қосып, 2022 жылғы 30 наурызда ҚМДБ жанынан Сарапшылар кеңесі құрылды. Бас мүфтидің бастамасымен құрылған алғашқы жиынға елімізге белгілі ғалымдар мен ұстаздар, атап айтқанда, Досай Кенжетай, Асылбек Ізбайыров, Ерлан Ақатаев, Алау Әділбаев, Мұхитдин Исаұлы, Қалижан Заңқоев, Құдияр Біләл, Құлмұхаммед Маханбет, Талғат Жақиянов, Жалғас Сандыбаев, Балғабек Мырзаев, Кеңшілік Тышқан, т.б сарапшылар қатысып, еліміздегі діни ахуалға қатысты ой-пікірін ортаға салды. Мақсат – мұсылмандық дәстүрлі діни мектепті қалыптастыру, діни тұрақтылықты нығайту, жамағаттың діни сенім бірлігін арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Кеңес мүшелері осы мүдде жолында бірлесіп, белсенді қызмет етуге уағдаласты. Сонымен қатар, Сарапшылар кеңесінің жұмыс бағыттары талқыланды. Осы уақытқа дейін кеңестің үш мәжілісі өтті.

Қоғаммен байланыс бөлімінің атсалысуымен осы уақытқа дейін республика бойынша 2 мыңнан астам іс-шара өткен екен. Негізгі іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.

– Қоғаммен байланыс бөлімі қоғамдағы түрлі сала өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасап келеді. Мысал ретінде айтар болсақ, Алматы қаласында елімізге танымал спортшылармен табиғат аясында еркін пікір алмасу форматындағы басқосу ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті Сәрсен Құранбек, сондай-ақ Ардақ Назаров, Бейбіт Ыстыбаев, Данияр Қасқарауов, Нұрбақыт Теңізбаев, Руслан Әбдіразақ, Алмат Кебіспаев, Дархан Әшіров, Жанқош Тұраров, Арман Әшімов т.б белгілі спорт шеберлері қатысты. Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей қатысуымен елімізге танымал БАҚ өкілдерімен, блогерлермен бейресми еркін форматтағы кездесулер, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

2022 жылғы наурыз айында «Қариялар – ел қазынасы» атты І республикалық ақсақалдар форумын ұйымдастырдық. Жиынға мемлекеттік билік өкілдері, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері және республиканың түкпір-түкпірінен келген белсенді ақсақалдар мен облыстың бас имамдары қатысып, үндеу қабылдады. Талдықорған қаласында «Ислам – ынтымақ мен бірлік діні» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Жиынға белгілі дінтанушы-ғалымдар қатысып, дін мен дәстүр, қоғамдық келісім тақырыптарында баяндама жасады, ынтымақ пен тұрақтылықты сақтау жолдары айтылды.

Қараша айында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Онда Діни басқарма  тарапынан әзірленіп жатқан «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының мазмұны талқыланып, ақсақалдар тарапынан тиісті ұсыныс-пікірлер айтылды. Бұдан бөлек «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі», «Қариялар – дәстүрдің қазығы» сияқты тақырыптарды арқау еткен аймақтық форумдар өткізілді.

Желтоқсан айында «Шоудаун соқырлар үстел теннис федерациясы», «Көзімнің қарасы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, көз жанарынан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында «Showdown» үстел теннисінен республикалық турнир ұйымдастырылды.

Ауыл ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен жүздесіп, қоғамның өзекті мәселелелерін талқылау әдетке айналды. Болашақта бұл игі істер жалғасын табады деген ойдамыз.  

– «Мүфтият үздіктері» бастамасына тоқталсаңыз. Жоба тиімділігін көрсете алды ма?

– Ел мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарманың жұмысын жетілдіру мен діни қызметкерлерді ынталандыру мақсатында 2022 жылдың соңында осы жобаны қолға алған болатынбыз. Дін – асқан ұқыптылық пен ерекше жауапкершілікті талап ететін өте нәзік сала. Адамның жанын ұғу арқылы діни түсінігін қалыптастырып, сеніміне ие болу оңай дүние емес. «Мүфтият үздіктері – 2022» шарасы арқылы жылды қорытындылап, дін және руханият саласының үздіктерін марапаттадық. Бірнеше номинация (үздік ұстаз, үздік мешіт т.б) бойынша іріктелген үміткерлердің жасына шектеу қойылмады. Үміткерлерді ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің ХХХІІ мәжілісінде бекітілген «Мүфтият үздіктері» Дін және руханият саласының үздіктерін марапаттау туралы» ережеге сәйкес құрылған арнайы комиссия анықтады. 

 

Биыл қандай жобалар мен іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Алла қаласа, биыл 2023 жылға бекітілген жұмыс жоспары бойынша және қоғамның түрлі сала өкілдерімен бірлесе отырып, ізгі қоғам қалыптастыру бағытындағы шаралар атқарамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ,

«Иман» журналы, №1, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру