Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МАРАТ ЖАППАСБАЕВ: БИЫЛ 42 МЕШІТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 28.12.2020 5763 0 пікір
МАРАТ ЖАППАСБАЕВ: БИЫЛ 42 МЕШІТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мешіттердің әр елдімекеннің сәніне айналғаны тек ғимараттарының көркімен ғана емес, оларға барып жатқан адамдардың имандылыққа бет бұруымен де ерекшеленетіні анық. Аллаға шүкір, мешіттердің саны  жылдан жылға көбейіп, халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр. Ал осы мешіттердің салыну үрдісі, қазіргі қиын кездегі жағдайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевпен болған сұхбатта жан-жақты айтылды.

– Марат мырза, былтыр еліміз бойынша 80 мешіт ашылған екен. Алла береке берсін! Ал биыл неше мешіт пайдалануға берілді?

– Өзіңізге белгілі биылғы жылдың наурыз айында басталған дерттің беті осы күнге дейін қайтпай, әлем жұртшылығын алаңдатуда. Қоғамның қай саласы болмасын ол сынақтың ауыртпашылығын анық сезінді. Әйтсе де, Жаратқанның сауабынан үміт еткен пенделердің салып жатқан мешіттері еліміздің түкпір-түкпірінде баршылық. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның бүйірі шығады» демекші, жердегі Алла үйлерінің құрылысына біреулері қаржылай көмектесіп жатса,  енді біреулері халық болып асарлатып бітіруде.

Биыл жыл басынан бері 42 мешіт есігін халыққа айқара ашты. Соңғы бес жылды салыстыратын болсақ, 2015 жылы – 85, 2016 жылы – 89, 2017 жылы – 89, 2018 жылы – 93, 2019 жылы 71 заңды және жеке тұлғалардың мешіт салуына рұқсат берілген болса, 2020 жылы 50 мешіт салуға рұқсат қағазы берілді. Осыдан-ақ жоғарыда айтылған жұқпалы дерттің қоғамға тигізген ауыртпашылығы салдарының мешіт құрылысына да әсер еткенін байқауға болады.

– ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай 30 мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сол мешіттерді атап өтсеңіз.

Мерейтойдың тойлануына орай кезегін күтіп тұрған мешіттердің біразының жөндеуден өткені рас. Атын атап, түсін түстейтін болсақ, Ақмола облысы бойынша Целиноград ауданы, Р.Қошқарбаев ауылдық мешіті мен Көкшетау қаласындағы «Жақия қажы» мешіті, Ақтөбе өңірі бойынша Байғанин аудандық орталық мешіті мен Атырау облысында Құрманғазы аудандық «Темірәлі» мешіті, Алматы аймағы бойынша Іле ауданының Әли ауылындағы «Есқара ата» және Талғар аудандық мешіті, Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы Үштаған ауылдық мешіті жөнделді.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында Сырым ауданы Тоғанас ауылдық мешіті мен Шыңғырлау ауылдық мешіті, Жамбыл облысы бойынша Т.Рысқұлов ауданы Алғабас ауылдық мешіті мен Шу ауданы Шоқпар ауылдық мешіті, Қарағанды өңірінің Абай ауданы Қарабас кенті мешіті мен Бұқар жырау ауданы Қушоқы ауылдық мешіті, Қостанай облысы бойынша Наурызым аудандық «Түркебай» мешіті мен Алтынсарин аудандық «А.Жанұзақұлы» мешіті күрделі жөндеуден өтіп, келбетін жаңартты.

Түркістан облысы С.Қожанов ауылының «С.Қожанов» мешіті

Қызылорда өңірі бойынша Қармақшы ауданы Ақай ауылдық «Мүсірәлі сопы» мешіті мен Қазалы ауданы Қожабақы ауылының «Ділімбет ишан» мешіті, Түркістан облысы бойынша Кентау қаласы С.Қожанов ауылының «С.Қожанов» мешіті, Түркістан қаласының Яссы мөлтекауданында орналасқан «Жұма» мешіті, Сарыағаш ауданы Дархан ауылдық мешіті және Шымкент қаласының «Торлан» мешіттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Талдықорған аймағында Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентінің «Ақмешіт» мешіті мен Алакөл ауданы Бұлақты ауылдық «Әз-ана Нұрғұлқасыл» мешіті, Өскемен аймағы бойынша Зырян аудандық «Ақтан» мешіті мен Ұлан ауданы Бозанбай ауылдық мешіті қайта түрленсе, Семей аймағында Абай ауданы Құндызды ауылы, «Байтөлек» мешіті мен Бородулиха ауданының «Қарбай» аудандық мешіті күрделі жөндеуден өтті.

Ал еліміздің солтүстігінде биыл жөндеуден өткен Павлодар облысының Павлодар ауданы Чернорецк ауылдық «Әбу Шахман» мешіті мен Ақтоғай ауданының «Қожабек» мешіті, СҚО бойынша Ғ.Мүсірепов ауданы 25 жылдық Қазақстан ауылдық мешіті бар.

– Алла разы болсын, бірқатар мешіттер жаңарып қалған екен. Бұдан бөлек тағы 30 мешітке тарихи тұлғалардың есімін беру жоспарланған еді. Мәселен, жақында Атырау облысында Қасым хан атындағы мешіт ашылса, Семейдегі бір мешітке Әлихан Бөкейхан есімі берілді. Тұлғалар есімін алған біз білмейтін тағы қандай мешіттер бар?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай бірқатар игі істер жоспарланғаны анық. Солардың қатарында жер, су және орысша ауыл атаулары мен құрылыс жұмыстары аяқталып жаңадан ашылатын 30 мешітке ардақты дініміздің өркендеуіне үлес қосқан дін және қоғам қайраткерлерінің, Алаш арыстарының атын беру жоспарға енгізілген болатын. Қолға алған игі істі жүзеге асыру мақсатында ҚМДБ-ның әр аймақтағы өкілдігінен өңірдегі мешіттерге атын беруге лайықты тұлғалардың есімдері жинақталып, ҚМДБ-ның кезекті Ғұламалар кеңесінің XXVI мәжілісінде қарастырылып, бекітілді. Нәтижесінде олардың ішінен 37-і іріктеліп алынып, өз туған жеріне, еңбегі сіңген өңіріне байланысты әр тұлғаның есімі ұсынылды. 

Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылының «Қасым хан» мешіті

Бүгінгі күнге дейін оншақты мешітке бекітілген сол тұлғалардың есімдері берілді. Мәселен, Түркістан облысы Отырар ауданының Қоғам ауылында заман талабына сай салынған мешітке әл-Фараби, Қарағанды қаласындағы мешітке Қазыбек би, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылындағы мешітке Қажыбай қажы берілсе, ал Семей қаласында құрылыс жұмыстары аяқталып, ашылуы таяу қалған мешітке Абай Құнанбайұлының есімі беріледі. 

Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өзі алғашқы капсуласын қалап, құрылысы басталған Ақтау қаласындағы мешітке жергілікті дін қайраткері Ержан Төлегенұлы хазіреттің есімі берілсе, өзіңіз айтқан Атырау облысы, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында жаңадан ашылған мешіт Қасым хан есімімен аталды.

Бірер ай бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдаған кезде еліміздегі мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру мәселелері көтерілген болатын. Осыған орай қандай жобалар, жоспарлар,  жалпы, іс-шаралар қолға алынуда? Мешіт салу ережелері мен тәртібіне егжей-тегжейлі тоқталып кетсеңіз.

– Мұсылман елдеріне барған адам сол жердегі мешіттердің ерекше сәулет үлгісімен салынғанын байқамауы мүмкін емес. Мешіт жобасын жасап  салуда әрбір халық өзінің ежелгі сәулет өнері мен дәстүрін ескеріп, ұлттық нақышын көрсетуге тырысқан. Сол секілді еліміздегі мешіттердің де өзінің қазақша стилі болуы тиіс. Себебі Алла қаласа бұл мешіттер ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, халық игілігіне қызмет етеді. Атап өту керек, бізде мешіт салу ісінде ұлттық нақыштағы ғибадат үйлерін салу дәстүрі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Күні бүгінге дейін мешіт салуда қазақ мәдениетін ашық айқындайтын өзіндік стиль толық қалыптасып үлгермеді. Алтайдан Атырауға созылған кең қазақ даласының мешіт салудағы сәулет ерекшелігі де әртүрлі. Бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи мешіттеріміздің құрылысына қарасақ солтүстік, батыс және шығыс өлкелердегі мешіттердің татар сәулеттік өнер үлгісімен салынғанын, ал оңтүстік аймақтағылардың Орта Азия сәулеттік үлгісінде бой көтергені айқын аңғарылады. Ол мешіттердің барлығы бүгінде баға жетпес жәдігерлерімізге айналды.

Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, өзінің тарихи, рухани мұрасын ұмытпай қастерлеп, оны ертеңгі ұрпаққа жетуін ойлайды. Мысалы, туыстас ел Түркияны алсаңыз, Осман империясының сәулет ерекшелігі бойынша салынған, көк сүңгі сынды көкке шаншылған жәми мешіт мұнаралары қай тұстан да менмұндалап тұрады. Мешіттердің барлығы бір үлгіде салынған және қазір де сол үлгіні ұстанып келеді. Сыланбайды, әктелмейді, тастан салынады. Мұндай мешіт үлгісін бұдан бес ғасыр бұрын түрік архитекторы Мимар Синан қалыптастырып кеткен.

Қазіргі таңда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы негізінде елімізге танымал архитектор Жанболат Сағындықов пен белгілі дизайнер Есенгелді Ахметов ағаларымызбен бірлесе отырып арнайы жұмыс тобын құрудамыз. Жасалынатын мешіттер жобасы қалалық, аудандық, ауылдық болып бөлініп, оларды салуда елдімекен халқының саны мен климаттық ерекшелігі ескеріледі. Архитектуралық үлгіні жасауда мешіт мұнарасы, күмбезі және іші-сыртының безендірілуі жергілікті қазақша нақышқа сай болуы басты талап ретінде алынбақ.

Бәрімізге аян, мешіт – Алланың жердегі үйі. Оны кім салса да, кімнің қаражатына салынса да ол әуелі халыққа – мұсылман жамағатына, мұсылман  халықтарының бірлігі мен ынтымағы, достығына қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ мешіт ғибадат орны ғана емес, рухани орталыққа да айналу керек. Сондықтан мешітке келген әрбір адам рухани тұрғыдан қанағаттанып шығуы тиіс.

Елбасының бастамасымен салынып жатқан елордадағы зәулім мешіттің құрылысы қалай жүріп жатыр?

– Елбасының бастамасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының сол жақ жағалауында құрылысы қарқынды жүріп жатқан мешіт Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болады деп күтілуде. Оның алып жатқан аумағы – 9,4 гектар, ал  құлшылық үйі 57 мың шаршы метр болмақ. Мұнаралары – 130 метр, бас күмбезінің биіктігі 88,2 метрді құрайды. Сыйымдылығы 30 000 кісіге арналған. Мешіт ішінде намаз оқитын бөлмеден бөлек Ислам мұражайы, неке сарайы, мәйітхана, қолөнер шеберханасы, телестудия, асхана болады. Жерасты автотұрағы тағы қарастырылған. Бір мұнарасының үстіне қаланы тамашалауға арналған жедел сатымен көтерілетін «Тамашалау орталығы» орналасады.

Қазіргі таңда мешіттің құрылысы қарқынды жүруде, қабырғалары мен мұнаралары және күмбезінің қалыбы тұрғызылып, сыртқы бетіне тас тақтайшалары орнатылуда. Мешіттің ішкі және сыртқы безендірілуі ұлттық қазақи нақышпен көмкерілмек. Құлшылық үйінің іші-сыртына жазылатын Құран Кәрім аяттары да ҚМДБ тарапынан бекітіліп, оларды жазуға арнайы каллиграф мамандар шақырылды.

Пандемия кезеңінде мешіт істерінде бірқатар өзгерістер болғаны белгілі. Сақтық шаралары қалай жүзеге асып жатыр?

– Биыл наурыз айының басында бүкіл әлемге қауіп төндірген COVID-19 жұқпалы дерті салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, барлық әлеуметтік-мәдени нысандар жұмысын тоқтатқан болатын. Бүгінгі уақытта мешіт қызметі іске қосылғанымен, жамағатпен орындалатын діни рәсімдерге бірқатар шектеулер қойылған. Мешітке келушілер карантин талаптарын сақтай отырып, тек бес уақыт намазды жамағатпен оқып жүр. Карантин талаптары күшейтілген аймақтарда мешіт қызметтері уақытша тоқтатылған.

Еліміз бойынша мешітке келуші жамағатқа ерекше талаптар қойылып, жұқпалы дерттің алдын-алу шаралары барлық мешіттерде күшейтілді. Мешіт ішіне дене қызуын өлшеу аппараттары мен антисептиктер орнатылды, келушілерге міндетті түрде бетперде тағып кіру, кіреберісте арнайы антисептик заттарды пайдалану, дәретті барынша үйден алып келу, мешіт ішінде арақашық сақтау, бір-бірімен қол алыспау, намаз оқығанда арақашықтық 2 метрден жақын болмау, мешіт ішінде ұзақ бөгелмеу секілді талаптар қойылған. Сондай-ақ дене қызуы 37°-тан жоғары, тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдардың, жасы 65-тен асқан қариялардың, мектеп жасындағы балалар мен әйел кісілердің мешітке келмеуі дұрыс деп танылып, жамағатқа жеткізілді.

Мешіт жамағатымен көрікті дегендей, Алла Тағала мешіттерімізде әуелгі кездердегідей жамағат иық тіресіп, жұма намаздарын бірге оқуын жақын күндерде нәсіп еткей!

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру