Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАНБОЛАТ САПАШОВ: «ПОДКАСТ СҰХБАТТАРЫМЫЗ КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ»

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 17.11.2020 5436 0 пікір
ЖАНБОЛАТ САПАШОВ: «ПОДКАСТ СҰХБАТТАРЫМЫЗ КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ»

Елдегі пандемия жағдайына байланысты мешіттердегі діни насихаттар онлайн форматқа ауысқалы мінберде айтылатын уағыздарды монитор алдына отырып тыңдап келеміз. Осындай онлайн дәрістер мен сұхбаттарды жаңаша форматта өткізіп жүрген Алматыдағы «Орбита-3» мешітінің бас имамы, подкастер Жанболат Сапашовпен сұхбаттасып, жаңа тәсілдің жай-жапсары жайлы білген едік.

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай өңірде дүниеге келдіңіз, қайдан білім алдыңыз?

1989 жылы қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданының Ақжар ауылында дүниеге келдім. Кейін автотехникумда оқып, көлік тасымалдау және ұйымдастыру мамандығын алдым. Одан кейін әскери борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін діни білімге деген қызығушылығым пайда болды. Мешіттегі дәрістерге қатысып жүрдім. Сондай бір дәрістер кезінде Шымкенттегі «Сейіткәрім қажы» мешітінде Ерсін Әміре ұстаздың дәрісін тыңдадым. Кейін жеке дәріс алып, ұстаздан Құран оқуды үйрендім.

– Демек Ерсін Әміренің шәкірті болдыңыз ғой?

– Иә, алғашқы ұстазым – Ерсін Әміре. Сол кісінің кеңесімен екі жыл араб тілін үйрендім. Кейін Алланың қалауымен Триполи университетінде (Ливан) төрт жыл оқып, «Исламтану» мамандығын меңгердім.

– Оқу бітіріп келгесін имам қызметіне кірістіңіз бе?

Оқуды 2018 жылы жақсы аяқтадым. Елге келген соң Алматыдағы «Ақсай» мешітінің ұстазы болдым. Биылғы қаңтар айынан бастап «Орбита-3» мешітінің бас имамы қызметін атқарып жатырмын. Шама-шарқымызша Алланың Құраны мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін насихаттауға күш салып келеміз.

– Әлеуметтік желімен жұмыс істеуге қашан ден қойдыңыз?

Студент кезімде Facebook желісіне оқыған діни кітаптарымнан үзінділер, ғалымдардың ойлары, ғибратты сөздерді жиі жазып тұратынмын. Instagram-дағы жеке парақшамды ашқаныма екі жылдай болды. Ал желілермен жүйелі түрде жұмыс істеуге жақында ғана кірістім. «Әр нәрсенің бір қайыры бар» демекші, бүкіл әлемге жайылған пандемия мешітіміздің «Mihrab.kz» жобасын қолға алуымызға ықпал етті. Өкінішке қарай мешіттеріміз жабылып, жамағатымыз келе алмай қалды. Біз де мінберге шығып, уағыз-дәрістер жүргізе алмай қалдық. Сөйтіп дәрістерді интернет желісі арқылы жүргізуді қолға алдық.

– Mihrab.kz жобасы YouTube желісінде 2015 жылдан бастап бар екен. Бірақ биыл ғана таныла бастады.

– Иә, Mihrab.kz арнасы YouTube-та 5 жылдан бері бар. Бұрын жазылушысының жалпы саны мыңға жетпейтін. Осы арнаны жалғастыруды ұйғардық. Аллаға шүкір, подкаст арқылы басталған жобамыз көптің көңілінен шықты, аудиториясы көбейді. Негізінде подкаст – еуропалық блогерлер қолданатын формат. Әйтсе де мазмұны бұзылмайтынын әрі қазіргі таңда жамағаттың жаңашыл форматқа әуес келетінін ескеріп, тәуекелге бел будық.

– Не үшін «михраб» атауын таңдадыңыздар?

– Негізінде «михраб» деп мешіттің құбыла жағындағы, имам намаз өткізетін орынды айтамыз. Ескі заманда, яғни университет, институт жоқ кездерде ғылыми ізденіс, шәкірттердің дәріс алуы, тәлім-тәрбие осы михрабтың алдында өткен. Діни білім ғана емес, дүниелік ілім де михраб алдынан тараған. Сондықтан Mihrab.kz арнасы елге пайдалы болып, дінімізді, дәстүрімізді дәріптесін деген ниетпен осы атауды таңдадық.

– Арнаның логотипі ше?

– Mihrab.kz логотипі үш белгіден құралған. Байқасаңыз, ортасында арабша «мим» деген әріп бар, яғни бұл михраб сөзінің бас әрпі. Суреттен михраб көрінсін деп жоғары жағын күмбезге ұқсаттық. Ал жалпы логотиптің сыртқы формасы дәрі-дәрмек капсуласына ұқсайды. Бұл жобамыз жамағатымызға, көрерменімізге рухани азық әрі ем болсын деген мақсатпен дайындалды.

– Подкаст жанрындағы сұхбат әзірлеу әуелден ойда бар ма еді?

Жобаны бастаған кезде қандай форматта ұсынамыз деп командамызбен ақылдастық. Сол кезде арамыздағы ағылшын және араб тілін жетік білетін әрі АҚШ, Еуропа және Араб елдерінің діни контентін ұдайы бақылап, мониторинг жасап отыратын мамандарымыз шетелдік дін ғалымдарының осы подкаст жанрын насихатқа пайдалана бастағанын айтты. Бұл ұсыныс бәрімізге бірден ұнады. Сөйтіп түсірілімді бастап кеттік. Алғашқы подкастымыз Құрбан айтқа арналды. Содан бері алты подкастымыз жарыққа шықты.

– Mihrab.kz арнасының алға қойған жоспары қандай?

Ханафи мәзһабының фиқһы бойынша дәрістер түсіре бастадық. Ұстаздарымыз кітап бойынша дәріс оқиды. Алла қаласа, алдағы уақытта ақида, тәпсір сабақтарын да ұсынбақ ойымыз бар. Одан бөлек тағы бір қызықты жобаны ойға алдық. Әзірге құпия болып қалсын. Уақыты келгенде көрерменге ұсынамыз.

 Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

«Мұнара» газеті, №21, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру