Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАҚЫТЖАН ЕРТАЕВ: ОТАНШЫЛ АДАМ ОПАСЫЗ БОЛМАЙДЫ

Ағабек Қонарбайұлы muftyat.kz 22.06.2020 5361 0 пікір
БАҚЫТЖАН ЕРТАЕВ: ОТАНШЫЛ АДАМ ОПАСЫЗ БОЛМАЙДЫ

Полиция күні қарсаңында қазақтың батыр ұлдарының бірі, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлының сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

«Батырлық – ар-намысты ездіктен қорғау»

 – «Біз табиғатымыздан төзімді, иманды, батыр халықпыз». Бұл сөзді жиі айтасыз. Ақтамберді жыраудың «Балпаң, балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдамас. Батырмын деп кім айтпас, барарға жүрек шыдамас» деп жырға қосатыны бар емес пе? Сіз уағында Ауғанстанда оқ пен оттың ортасында болдыңыз. Батырдың батырлық туралы ойын білгіміз келеді...

– Батырлық жайлы сөз қозғағанда әуелі Бауыржан Момышұлының сөзі еске түседі. Баукең былай дейді: «Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі». Көрдіңіз бе, қандай ғажап сөз, қандай тауып айтылған теңеу. Бұдан артық мен не айта алуым мүмкін?

 

Кемені басқару әдісі немесе көреген көшбасшы

 

– Батыр болу үшін әуелі күшті болу маңызды ма, әлде адамға мықты сенім қажет пе?

– Иманды адам ғана нағыз батыр бола алады. Иманды, отаншыл адам отбасына, өз Отанына ешқашан опасыздық жасамайды. Біз ұрпақты батыр болуға, кісіні сыйлауға, дінге бас июге, үлкеннің батасын алуға үйреткен халықпыз.

Батырлық дегеніміз – білім мен иман, күш пен жігер. Батыр күшті болғанымен, ол алысқа қарай алмайтын адам болса, оның батырлығы өзіне ғана емес, айналасына қауіп төндіреді. Батырға тән қасиеттің бірі – қырағылық. Ал қырағылық біліммен, тәжірибемен келеді. Көреген адам көшбасшы болады.

Құдайға деген мықты сенім – адамға ерекше күш беретін ең ұлы сезім. Сіздер Ислам тарихын жақсы білесіздер. Мұсылмандар өз діні мен ар-намысын сақтап қалу үшін талай жорықты бастан кешті. Сол жорықтарда мұсылмандарды жеңіске жеткізген күш – Аллаға деген сенім. Пайғамбарымыз жаудан қашпауды өсиет еткен. Біздің дінімізде майдан алаңында жүріп, соғыстан қашу үлкен күнәлардың бірі саналады. Бұл – Құдай жолындағы адамға ерекше күш береді.

Менің есіме Пайғамбардың тағы бір хадисі түсіп отыр. Ол: «Соғыс – айла», – деген екен. Ал айла дегеніміз – білім. Майданда тактика маңызды. Жаудың әрекетін алдын ала көріп отыратын командир тиімді тактикасымен тығырыққа тірейді. Командир барлық солдаттың тағдырына жауапты. Қателесіп кетсе, қаншама жанның өміріне қауіп төндіреді. Солдат деген біреудің арқа сүйер асқар таудай әкесі, біреудің жары, қарияның жалғыз баласы болуы мүмкін.

Кемені басқарған адам жақсы біледі. Бұл мысалды Баукең жиі айтады. Кемеде теңіздің тереңдігін анықтап тұратын арнайы құрылғы болады. Бұл – кеменің табанын үлкен тасқа немесе мұзға соғып алудан сақтайтын құрылғы. Капитан соның көмегімен кемені басқарады.

Командир де осы секілді болу керек. Ол өз әскерін қандай қауіп күтіп тұрғанын, алда қандай кедергілер болатынын алдын ала көре білуі тиіс. Тағы да айтам: осының бәріне білім мен тәжірибе керек. Ақылы мен күшін, тәжірибесі мен қабілетін ұштастыра білген адам батыр бола алады.

 

Отбасыңа қамқор болғаның – Отаныңа қорған болғаның

 

– Бір ізгі ғұлама «Отанды сүю – иманнан» деген екен. Бір сөзіңізде «Отаншыл адам опасыз болмайды» деп қалдыңыз. Отаншыл адамның бойында қандай сипаттар болу керек деп ойлайсыз?

– Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Отанға қызмет етем десең, әуелі отбасыңды жарылқа. Бала-шағаңа дұрыс тәрбие беріп, біліміне ден қой. Содан кейін туған-туыстарыңа қарайлас. Қолыңнан келсе көмегіңді жаса. Олардың қуанышы мен қайғысында бірге бол. Содан кейін туған жерге жақсылығыңды жаса. «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар.

Ауылға барып, ақсақалдардың батасын алып, оларға құдайы ас беру – менің әдетіме айналған әрекетім. Ауылға ас беріп, үлкеннің батасын алған кезде бір қария: «Біздің генерал туған жеріне мешіт салып берер ме екен?» деді. Қысылғанымнан: «Қолдан келсе, өтінішіңізді орындаймын», – деп уәде бердім. «Уәде – Құдайдың бір аты» демей ме? Содан Алланың үйін салуға арнайы ниет етіп, тәуекелге бел буып, мешіт құрылысын бастап жібердік. Алланың жәрдемімен үш айда бітірдік. Мешіттің ашылуына сол кездегі Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі келіп, батасын беріп, халықты құттықтаған еді.

Бірде ауылдағы жиынның бірінде тағы бір ақсақал: «Біздің генерал ауылына ауызсу жүргізіп бермей ме екен?» деді. Ол мәселені де шешіп беруге барымды салдым. Тағы бірде ауыл ақсақалы: «Біздің генерал туған жеріне көпір салып бермей ме екен?» деген өтінішін білдірді. Оның өтініші бойынша ауылға көпір салып бердім. Мұның бәрін мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Жастарға үлгі болсын, ой салсын деген ниетпен айтып отырмын. Асылында халыққа қызмет етуден асқан бақыт жоқ.

Отбасына, ағайын-туысына, ауылына қорған бола білген адам Отанына да қызмет ете алады. Айналаңа қарасқаның – Отаныңа қызмет еткенің. Отбасыңа қамқор болғаның – Отаныңа қорған болғаның.

 

Мешітті жөндегенім үшін партиядан шығармақшы болды

 

– Ауғанстанда соғыста жүріп бір мешітті жөндеп берген екенсіз. Бұл әрекетіңіз нағыз ерлік болған деседі...

– Мешіт деген – Алланың үйі. Мешітті салу, оны жөндеу – қасиетті іс. Бала кезімде ауылда мешіт болатын. Жұма күні мешітке жүгіріп, ақсақалдардың қолына су құятынбыз. Олардың батасын алып, мәз болатынбыз. «Көп адамның қолына су құйсаң, көп өмір сүресің» деген сөзді естіп алған біз, ойын баласы қарияларға зыр жүгіріп қызмет етеміз, жұмсаса бұлжытпай орындаймыз. Мешіт ауласында өскен бала Алла үйін қашан да қадірлеп өтеді деп есептеймін.

Ауғанстанда соғысып жүргенде біздің танкіміз байқаусызда мешітті бұзып кетті. Біз сол мешітті жөндеп, қалпына келтіріп бердік. Жергілікті үлкен кісілер бұл ісімізге риза болып, батасын берді. Бірақ осы ісім үшін мені партиядан шығарып жібере жаздаған. Сол кезде Краснодор обкомының хатшысы Олег Евгеньевич біздің провинцияда кеңесші болған. Ол бұл ісімді қолдап, мені жақтаған еді. Сөйтіп маған араша болып, партия қатарында қалуыма көмектескен еді. Әйтпесе, партия билетін тапсыруға шақ қалған уақыт еді. Алла үйіне көмектескен адамның абыройы биіктей беретінін сол кезде түсіндім.

 

Тағдырдан ешкім ешқайда қашып кете алмайды

 

– Майдан алаңы – тағдыр алаңы. Оқырманға ойсалар қандай оқиғалар есіңізде қалды?

– Біздің батальонда Сергей деген солдат болды. Түнде жаман түс көрген екен. Оны қасындағы қазақ жігіттеріне айтып береді. Ырымшыл қазақ емеспіз бе? Біраз қазақ жігіт маған келіп, Сергейдің түсін айтып, оны соғысқа жібермеуімді өтінді. Ары ойланып, бері ойланып «орыс соғыстан қорқып шықпай қалды» деген сөз болмасын деген шешіммен: «Сергей, сен бүгін кезекшісің. Осында қал», – деп бұйырдым.

Біздің батальон орналасқан орында күнде бір мина жарылады. Бірақ одан ешкім зиян шеккен емес. Бірақ Құдайдың құдіретін айтсаңшы, сол күні мина дәл Сергей қалған батальонға түседі. Сөйтіп, Сергейімізді ажалдан құтқарамыз деп, керісінше ажал құштырдық. Әрине, бұл Алланың қалауы ғой. Менің айтпағым: адам қай жерде жүрсе де ажалы жетеді.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалы келмеген өлмейді» деген сөз бар. Менің де басымнан естен кетпес оқиға өтті. Бір күні маршал Ахремеевтің жиналысына әскерді бастап баруым керек болды. Әскери көлікке отырып, жолға шыққаным сол еді «Ертаев тікұшақпен шұғыл жетсін» деген бұйрық келді. Мен қарсылық білдіргеніммен, хабаршы «бұйрық орындалуы керек» деп тұрып алды. Сөйтіп амалсыз тікұшаққа отырдым. Көп уақыт өтпей мен мінген әскери көлікке мина түсіп, ішіндегі адамдар өртеніп кетіпті деген суық хабар жетті. Әр істің бір қайыры бар деген осы шығар. Ол кезде өлімнен аман қалғаным үшін қуанғаным жоқ. Осы бір оқиғадан кейін Құдайдың құдіретіне тәнті болумен келемін. 

Енді ойланып көріңіз. Өмірдегі дәм-тұзы таусылған біреу өз ажалынан қашып жүріп, ажалына жетеді. Ажалы келмеген біреу қырғын соғыстың ішінен еліне аман-есен оралады. Міне, бұл – Алланың заңдылығы. Тағдырдан ешкім ешқайда қашып кете алмайды.

Қажет болса тағы бір оқиға айтып берейін. Соғыс кезінде бір қазақ жігіті қатты жараланды. Қансырап жатқан оны қорғаштап, әскери көліктің астына жатқызып: «Бауырым, көп уайымдама! Тірі қаласың», – деп жанына жалау болатын сөздерді айтып, көңілін аулаған болдым. Құдай аузыма салды ма екен, айтқаным айдай келді. Қайбір жылы Қапшағайға барғанымда сол жігітті маған жолықтырды. Мені құшақтап: «Аға, тірі қалған жігіт мен боламын», – деді. Мұндай мысалды көп айта беруге болады. Қазақ қандай сөз айтса да тауып айтады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген сөз бекер айтылмаса керек. 

 

Адамның ойын басқарғаның – өзін басқарғаның

 

– Батыр болу мен командир болудың айырмашылығы не?

– Батыр адам қандай болу керек екенін жаңа сөзімде айттым. Егер сен сарбазды өз балаңдай жақсы көрсең, ол да сені әкесіндей сүйетін болады. Өзгені сыйлағаның – өзіңді сыйлатқаның. Кейбір командир сарбазды қатал тәртіппен ұстау қажет деген ұстанымды басшылыққа алады. Бұл – дұрыс емес. Қатал мінез қажет шығар. Бірақ адам баласы қатал боламын деп қатыгез болып кетпеу керек. Қатігездік адамды бір-біріне жауластырғаннан басқа ештеңе әкелмейді.

Адамды ешқашан күшпен басқара алмайсың. Біздің Бәукең сарбаздың тілін білуді үйреткен. Аллаға шүкір, біздің қазақта намыс бар. Біз намыстан жаралған халықпыз. Қазақ жігіттерінің намысын оятсаң, кез келген жауды қасқайып тұрып қарсы алуға дайын. Командир деген әр ұлттың сарбазын өзіне тән менталитетімен тәрбиелеп, басқара алуы керек. Басшы ақылды болуы қажет деп қайта-қайта айтып жатқаным осы.

Адамды басқарудың ең тиімді тәсілі – оның жанын түсіну. Адам жанын түсінсең, оның санасына әсер ете аласың. Сананы басқарғаның – адамды басқарғаның. 

 

«Ерлік есеппен жасалмайды»

 

– Сіз құрметпен еске алатын Бауыржан Момышұлының «Ерлік есеппен жасалмайды» деген сөзі бар. Осы сөзге алып-қосарыңыз бар ма?

– Бәукеңе еліктеп, батыр болсам деп өскен жігіттің бірімін. Бірақ Ауғанстанда соғысам деп еш ойламаппын. Батыр адамның да жүрегі бар. Ол да қорқады. Бірақ командир қорықпауы керек. Ол қорықса, артынан кім ереді? Артына адам ергізе алатын басшы ештеңеден тайсалмауы тиіс.

Батырлық жасайтын сәтті Құдайдың өзі бұйырады. Ондай сәт күтпеген жерден келеді. Сол кезде оған дайын болуың керек. Ал менің батырлығымды жұрт көрсін деп жасайтын адамды батыр деп айта алмас едім.

Бәукең рас айтады. Ерлік ешқашан есеппен жасалмайды. Ұлы істерді жасауға адамның бүкіл өмірі жетпеуі мүмкін. Бірақ сондай бір сәт келеді, сен сол кезде ерлік жасасаң, ұлы ісің ешқашан ұмытылмайды.

 

Батырлық соғыспен өлшенбейді. Бүгінгі күннің ерлігі – өз ісіңді адал ниетпен орындау. Біреу мақтасын, жұмысымды көрсін деген ниетпен қызмет етпеу керек. Ең бастысы Алла көріп тұр.

Аллаға шүкір, қазір тыныш заман. Құдай соғысты көрсетпесін. Білім алып, халыққа адал қызмет етуді батырлыққа балар едім. Біздің дініміз батырлыққа, адалдыққа тәрбиелейді. Пайғамбар: «Өз нәпсісін немесе ашуын жеңген адам – нағыз батыр», – деген екен. Міне, адамды ашумен емес, ақылмен басқар деген сөздің төркіні осы деп білемін.

«Өз отбасын асырау үшін жолға шыққан немесе жұмысқа барған адам Алла жолында күрескенмен бірдей» деген сөзді де естігем. Міне, өз отбасына ие болған адамды бүгінгінің батыры деп атар едім. Өз жанұясын басқарған адам, ағайынына ақыл айта алады. Ағайынға жанашыр болған адам ауылына көмегін тигізе алады. Ал ауылына көмегі тигін жанның өз еліне де шарапаты тиеді. Міне, батырлық деп осыны айту керек. Әр бала, әр қазақ батыр болуға лайық. Балаларымыз батыр болып өссін. Ол үшін біз батыр болуымыз керек.

Ел басына туған сынақты бірлігіміз арқылы жеңіп, жақсылықта жүздесейік. Ел аман, жұрт тыныш болсын! 

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру