Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Камалжан ТҰРДЫБАЕВ: 26 610 ОТБАСЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Әбу НАЗАР muftyat.kz 24.04.2020 4713 0 пікір
Камалжан ТҰРДЫБАЕВ: 26 610 ОТБАСЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

– Рамазан айы құтты болсын! Діни басқарманың ұстанып келе жатқан төрт бағытының бірі – қайырымдылық. Елімізде төтенше жағдай басталысымен сіз басқаратын Қайырымдылық және уахып істері бөлімі бірқатар сауапты істерге белсене кірісті. Қайырымдылық шаралары қандай бағыттар бойынша жүріп жатыр?

– Иә, ҚМДБ-ның ұстанып келе жатқан төрт бағытының бірі – қайырымдылық. Елімізде төтенше жағдай жарияламастан бұрын да мүфтияттың осы бағыты өз жұмысын жүйелі жүргізіп келді. Олай дейтініміз жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы, «Берекелі Рамазан», «Раббың үшін құрбан шал», «Балаларға базарлық» сияқты қайырымдылық түрлері дәстүрлі жалғасын табуда.
Елімізде індеттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде бас мүфтиіміз бастаған дін жаншырлары «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасын жүргізу арқылы халықтың қасынан табыла білді. Айта кететін бір нәрсе осы уақытта жүргізілген қайырымдылық тек бір бағытта ғана жүзеге асқан жоқ. Яғни демеуші азаматтардың көмегімен азық-түлік, қаржылай қолдау, бетперде, дәрі-дәрмек, тіпті ерікті жамағаттардың көмегімен қандай да бір көмекке зәру отбасыларының түрлі қажеттіліктерін жеткізіп беру жұмыстары сияқты істер кеңінен атқарылуда. Алдағы уақытта да шамамыз келгенше атқара береміз. Осы бағыт бойынша қазіргі таңда имамдар қарқынды жұмыс жасап келеді.

– Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасының нәтижесі қандай? Қанша отбасы алақан жылуын сезінді?

– Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет облыстың бас имамдарына «Жүрек жылуы» акциясын ұйымдастыру арқылы халыққа қызмет етуді тапсырды. Аллаға шүкір, акция аясында мүфтият 26 610 отбасыға азық-түлік тарату арқылы қайырымдылық көмек көрсетті. Вирустан сақтану үшін 54 271 бетперде таратты. 264 адамға түрлі дәрі-дәрмек үлестірілді. 400-ге жуық ерікті жұмысқа жұмылдырылды. Бәріміз бір нәрсені жақсы түсінуміз керек. Қазіргі таңда карантинге байланысты мешіттеріміз жабық. Осы атқарылған шаруалардың барлығы имамдарымыздың қажырлы табандылы мен қайырымды жандардың қолдауы арқылы іске асып отыр.

– Былайғы жұрт ҚМДБ-ның екі құрылымы Қайырымдылық және уақып істері бөлімі мен «Зекет» қорының қызметін ажырата алмайды. Екі бөлімнің айырмашылығы қандай?

– Бөлімнің аты айтып тұрғандай, Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің негізгі бағыты – қайырымдылық жұмыстарын бірізділікке түсіріп, дұрыс жолға қою. Ал «Зекет» қорының алға қойған өз мақсат-жоспары бар. Дүниесі мен дәулеті нисап мөлшерінен асқан азаматтар мал-мүлкін арамнан сақтау үшін қаражатын осы «Зекет» қорына аудару арқылы сауапты іске қолдау көрсетіп жатады. Айланып келгенде екеуі де мүфтияттың бір-бір бөлімі, атауы бөлек болғанмен мақсаты ортақ. «Зекет» қоры «Ел үлесі пәтерге», «Тайқазан», тағы да сол сияқты ауқымды жобалары арқылы атсалысып келеді.
Біздің бөлімнің тағы бір бағыты – көпбалалы отбасы мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында жеке Қайырымдылық мекемелерін ашу. Қазіргі таңда мүфтияттың 18 қайырымдылық мекемесі арнайы тіркеуден өтті. Ол мекемелерге көбіне жоғарыда айтқан отбасының балалары, сонымен қоса жатақхана тимеген студенттер қабылданады. Оларға сапалы білім, дұрыс тәрбие алуына барлық мүмкіндік жасалған.

– Қайырымдылық мекемелерін құрудағы негізгі мақсат қандай?

– Еліміз бойынша қазір 18 мекеме тұрақты жұмыс жасап келеді. Мақсатымыз – қоғамда қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылығын қалыптастыру, қолдау және нығайту, өскелең ұрпақты жат ағымның шырмауына түсуден сақтау. Олардың санасына бейбітшілік, отансүйгіштік сезімін сіңдіру, достық пен қоғамдық келісім, халық бірлігі, дінаралық татулық, адамның рухани тұрғыда жетілуі, отбасының қоғамдағы беделі мен рөлін нығайту, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету. Қайырымдылық мекемелерін көптеп ашудағы тағы бір мақсат – балалар мен жастарды патриоттық тәрбие беруге баулып, рухани жетілуіне жәрдем беру. Қазір бұл мекемелерде 500-ге жуық бала қайырымдылық көмек алуда.

– Діни басқарманың биылғы 30 жылдық мерейтойына орай бірқатар қайырымдылық шарасы қолға алынғаны белгілі. 30 көпір салу, 30 құдық қазу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Дұрыс айтасыз, ҚМДБ-ның 30 жылдығы аясында елдімекендерде 30 көпір салу, 30 құдық қазу, Қазақстан бойынша қайырымдылық керуенін жүзеге асыру секілді шаралар қолға алынды. Алғашқы көпір Алматы облысы Жамбыл ауданында ел игілігіне берілді.
Алдағы уақытта мұсылман зиратын бір ізге түсіру, жерлеу рәсімін шариғат талабына сай етіп, халықтың қалтасын қақпайтындай жағдайға жеткізу секілді жұмыстар атқарсақ деген жоспарымыз бар. Одан бөлек еліміздегі киелі орындарға рухани сапар ұйымдастыру, зиярат әдебін түсіндіру, сауапты шараның мәдениетін қалыптастыру секілді жобаларды жүзеге асыру арқылы халыққа қызмет етпек ниетіміз бар.

– Қайырымдылық бағытындағы жұмыстарыңыз жайлы жақсы мәлімет алдық. Ал уақыптың қайырымдылықтан айырмашылығы қандай?

– Ханафи ғалымдарының сөзіне сүйенсек, уақып жасау сүннет болып саналады. Уақып деген – шариғатта істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Мүлікті Алла жолында уақып етуге нұсқайтын әрі уақып құрудың қажетті нәрсе екенін дәлелдейтін,  тура болмаса да соған жақын келетін аяттар бар. Мысалы «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» деген Құран аяты бар. Жәбір (р.а) сахаба: «Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған» деген. Ал Омардың (р.а) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын ғұламалар «Ислам тарихындағы ең алғаш уақып» деп бағалаған. Сонымен қатар қазақ мәдениетінде де уақып атауы кең қолданыста болғанын, сонымен амал еткенін байқауға болады.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,

Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,

Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,

Байларымыз жиналып уақып қылсақ, – дейді.

Қорыта айтқанда, зекет, садақа, қоғам үшін пайдалы нәрселердің барлығы уақып жұмысына жатады. Одан бөлек Ақсақ Темір салдырған Яссауи кесенесі, Құнанбай салдырған Меккедегі тәкия (қонақ үй) уақып ретінде пайдаланып келгені белгілі.

– Бүгін Рамазан айының бірінші күні. Биыл пітір садақа берудің цифрлы жүйесі қолға алынды. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер, атап айтқанда Каспи және Халық банк қосымшалары арқылы пітір беру мүмкіндігі іске қосылды. Мұның нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?

– Пітір садақасы – оразаның қате-кемшілігін толтыратын, Аллаға шүкіршілік ету үшін берілетін және әлеуметтік ахуалы төмен адамдарды қолдауға бағытталған садақа түрі. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 127 мың теңге деп бекітілді. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес. 

Пітір садақаны Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға беруе болады. 

Ал бұл тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасын әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, кембағалдарға мешіт арқылы жетуін, таратылуын қалап, сауапты істерге ат салысамын деген адамдар үшін қосымша жағдай ғана жасап отыр. Дінімізде кез-келген сауапты, игі амал Аллаға деген махаббатпен, Алланың разылығын табу үшін ғана жасалады. Ары қарай пітірді кімге, қалай беруі – патша көңіл жамағаттың өз ықтиярындағы амал. Алла ниеттерімізді қабыл етсін!

Асыл дініміздің адамзаттың көш ілгері дамып, ғылым мен технологияларды кеңінен қолдануын шектемейді. Олай болса осы нығметтерді сауапты шараға неге пайдаланбасқа? Рамазанға байланысты баспасөз мәслихатын өткізген еліміздің Бас мүфтиі «мешіттердің есігі уақытша жабық тұрғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды» деген тұспалды сөз айтты. Сондықтан біздің де мақсатымыз – сауапқа ниеттенген халыққа шамамыз келгенінше оңтайлы жағдай жасау.

– Білуімізше, пітір садақа – мұқтаж адамдардың ақысы. Пітірден түскен қаражат мұқтаж адамдардың жоғын түгендеуге жұмсалуы қажет. Жалпы, пітірден түскен қаражат қайда жұмсалады?

– Пітір садақасын кімдерге жинауға болатынын асыл дініміз көрсетіп қойған. Мешіттер мемлекет қамқорлығындағы, не болмаса қаржылық мекеме емес. Оның үстіне түскен садақа есебінен мұқтаж жандарға қайырымдылық беріліп келе жатқаны жасырын емес. Қаншама мұқтаж отбасы мешіт арқылы көмек алып келеді. Жолда қалғандар мен түрлі себептермен көмек сұрап келушілер қаншама. Одан бөлек ораза кезіндегі жамағатқа берілетін ауызашарларды қосыңыз. Мешіттердің коммуналдық және қысы-жазы ұстап тұру шығыны тағы бар. Бұл бір реттік қана дүние емес, жыл сайын қайталанып, жалғасып келе жатқан мәселе.  

– Байқасаңыз, әлеуметтік желіде әртүрлі топтар «пітірді мешіттерге бермеу керек» дегендей жағымсыз пікірлер жазып жатыр. Олардың бұлай ойлауының себебі неде?

– Қазақта «мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» деген сөз бар. Мешіт айналасында жүрген жамағат біледі. Қанша ақша түсіп жатыр, қайда кетіп жатыр, барлығы ашық. Түскен қаражат мешіттің алқа мүшелерімен  ашылып, саналады. Оның үстіне бір жылдан бері мешіттерге электронды садақа терминалдары іске қосылды. Кейбір адамдар пітірін өздері білетін мұқтаж отбасыларға апарып беріп жатады. Алла қабыл етсін! Жоғарыда атап өткенімдей, бұл тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасын әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, кембағалдарға мешіт арқылы жетуін, таратылуын қалап, өзге де сауапты істерге атсалысамын деген адамдар үшін қосымша қолайлы жағдай ұсынып отыр.  

– Алла разы болсын! Еңбектеріңіз берекелі болғай!

– Қазақта «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген қанатты сөз бар. Қайырымдылық жұмыстарының бәріне қолдау көрсетіп отырған әрине халық. Елімізде тынышық болып, жаман індет іргесін алыстатсын! Алла ауызбіршілігімізді мықты етіп, дінімізді, елімізді көркейтсін!

 

Сұхбаттасқан Әбу НАЗАР   

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру