Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: РАМАЗАН – АЙЛАРДЫҢ ЕҢ ҚАЙЫРЛЫСЫ

Жадыра ШАМҰРАТОВА "Астана ақшамы" газеті 23.04.2020 923 0 пікір
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: РАМАЗАН – АЙЛАРДЫҢ ЕҢ ҚАЙЫРЛЫСЫ

Барлық айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Біз Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына еліміздегі төтенше жағдайға байланысты биылғы Рамазан айының ерекшелігі туралы сұрақтарымызды қойған едік.

 

– Төтенше жағдайға байланысты биылғы Рамазан айында кейбір діни жоралғылардың уақытша орындалмайтыны, айталық, тарауық намазы әдеттегідей жамағатпен оқылмайтыны, көпшілік үшін ауызашар берілмейтіні туралы естіп жатырмыз, осы жайында біздің оқырмандарымыз үшін толығырақ түсіндіріп өтсеңіз.

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әуелі барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарға, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Барша мұсылман жұрты күткен айлардың сұлтаны Рамазан да келді. Бұл ай – мейірім мен сауапқа, кешірім мен жақсылықтарға толы ай. Осы айда барынша жақсылық жасауға шақырамын. Отыз күн оразамызды Алла Тағала құлына парыз еткеніндей өтеуді нәсіп етсін. Иә, шынында бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті жер бетіндегі әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны баршаңызға мәлім. Өкінішке қарай, бұл індеттен мыңдаған адам көз жұмды. Өздеріңіз білетіндей, наурыз айының бел ортасында ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесімен ақылдаса отырып, Төтенше жағдай жарияланған кезде мешітте жұма және бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуа шығарған болатынбыз.

Алла Тағала адамзат баласына «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» дейді «Бақара» сүресінде. Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс» деген. Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар. Осыған орай Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді. Біз де елдегі жағдайды ескере отырып, бес уақыт және жұма намаздарын жамағатпен оқуға уақытша шектеу қойдық. Мешіттеріміз жабылған жоқ. Бірақ жамағатпен намаз оқуды әзірге тоқтаттық. Әрине, оңай тиіп жатқан жоқ. Ең бастысы, мұсылман адам өзіне де, өзгеге де зарар бермеуі керектігін естен шығармай, карантин талаптарын орындауға шақырамын. Сондықтан дәл осы карантин кезінде тәртіпті сақтасақ, тазалық әдебін ұстансақ, онда бұл індеттен де ертерек құтыламыз. Биылғы ораза 24 сәуірде басталады. Карантин мерзімі ұзартылғандықтан, әзірге ауызашар рәсімін үйде өткіземіз. Дегенмен, қазір көптеген жерлер тамақты жеткізу қызметімен айналысып жатыр. Соған сай бір жақыныңызға ауыз­ашар берем десеңіз, осындай да жолы бар. Карантин мерзімі біткенше ауызашар мен тарауық намаздарын үйге атқарамыз.

– Пітір садақасы мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болатын мүмкіндік жасалмақ екен, бұл қалай жүзеге асады?

– Иә, қазіргі қоғамның сұранысы, цифрлы техно­логияны пайдалана отырып осындай қадамға бар­дық. Көпшілік мұны жылы қабылдады. Өйткені үйден шықпай-ақ өзіне қажетін телефон қосымшасы арқылы атқаруға болады. Айта кетсек, ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан бері­летін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Мен осы 370 теңгені беруге міндеттімін бе деп көпшілік сұрап жатыр. Шариғатта осы пітір садақасын өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет). Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі.

Қалай төлейміз дегендер үшін смартфоныңыздағы kaspi.kz мобильді қосымшасын ашып, төлемдер бөліміне басыңыз. Осы жерден екі түрлі әдістің бірін қолдану арқылы төлем жасай аласыз.
1) Іздеу алаңына «садақа» сөзін жазсаңыз, автоматты түрде «Пітір садақа» деген бөлім ашылады. Сол жерден өзіңіздің өңіріңізді таңдап, «Пітір садақа» төлем түрін басыңыз.
2) Жаңа қызметтер бөлі­міне кіріп, «Пітір садақа» төлем түрін басыңыз. «Сумма» деген жерге кемінде 370 теңге құнын енгізіңіз. Одан кейін төлем жасау шотыңыз­ды таңдап, пітір садақаңызды мешітке бармай-ақ бере аласыз. Алла Тағала пітір садақаларыңыз­ды қабыл етсін…

– Біздің оқырмандар тарауық намазы оқылмайтынына өкініш білдіреді, ал намазды онлайн оқуға бола ма?

– Коронавирус індетінің таралуына байланысты бүгінде бірқатар елдердегі мешіттерде жұма және бес уақыт намаздың уақытша тоқтатылғаны баршамызға мәлім. Біздің елде де жұма намазы уақытша тоқтатылды. Оның орнына әркім өз үйінде бесін намазын оқуда. Алайда осы кезде Мәскеу орталық мешітінде жұма намазының онлайн-трансляция арқылы өткізілуі біраз тартысты пікірлер туындатты. Жамағат тарапынан «Неге біз де жұма намазын осылай оқымаймыз?», «Бүгінде намазды онлайн арқылы өтеуге қандай кедергі бар?» деген сұрақтар және түрлі ойлар айтыла бастады. Шынын айтқанда, әлемдегі мұсылман ғалымдарының басым көпшілігі құлшылықты онлайн арқылы өткізуді құптамайды. Тіпті ондай пәтуаны дұрыс емес деп есептейді. Өйткені шариғат бойынша Алланың нақты үкімі келгенде, оның елшісі бір кесімді сөзге тоқтағанда немесе бір заманның көпшілік ғалымдары бір­ауызды шешім қабылдағанда ешкімнің оны өзгертуге хақы жоқ. Және оған мына дәлелдерді алға тартады: Алла Тағала Құранда: «Алла және Оның елшісі бір іске үкім шығарса, ешбір иманды ер мен иманды әйелге басқа шешім таңдауға жол берілмейді. Кімде-кім Алла және Оның елшісіне қарсы шықса, онда ол анық адасыпты» делінген («Ахзап» сүресі, 36-аят).

Шариғи үкім Құран немесе сүннетке негізделген болса, оған тағы басқа шешім іздеудің қажеті жоқ. Өйткені ол пайдасыз бос әрекет болып қалады. Сондай-ақ ақылмен шығарылған шариғи үкім болжамды болып есептеледі. Ал нақты дәлелмен шығарылған үкім анық әрі сенімді болады. Анық нәрсе қашанда болжамды нәрседен басым түседі. Абдулла ибн Аббас ауа райының қолайсыздығы себепті адамдарға зиян тиюі мүмкін болғандықтан, жұма намазды мешітте емес әркім өз үйінде бесін намазын оқығанды дұрыс деп тапты. Ол бұны Алла елшісінен көрген болатын (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ ғалымдар жұма намазының орнына бесін намазын оқу керектігін бір ауыздан қабылдаған және осы күнге дейін әһлі сүннет ғалымдарының біреуі де бұған қарсы келмеген. Сондықтан, жұма намазы мен басқа да жамағат намаздарын онлайн арқылы жүргізу – үкімді өзгерту. Сонымен қатар адамдар бір жерде құлшылық етсе ғана, олар жамағат болып саналады. Ал жамағат болмаған және жамиғ-мешітте оқылмаған жұма намазы шариғат бойынша дұрыс болып есептелмейді. Алла Тағала елімізді түрлі апаттардан сақтап, жұма намазы мен бес уақыт намазды мешітте көпшілікпен бірге оқитын бейбіт, тыныш күндерге жеткізгей! Әумин.

– Сіздерде «Хикмет» студиясы, Діни басқарманың ресми каналдары бар. Карантин кезінде Рамазан айының ерекшелігі, қадір-қасиеті туралы насихаттауда қандай танымдық бағдарламалар ұсынасыздар?

– Елімізде Төтенше жағ­дай жарияланған соң біз де онлайн дәрістерді күшейттік. Мен әр жұма сайын жұма насихатын «Хикмет» студиясының ютубтегі тікелей эфирінен ұсынуды бастадым. Одан бөлек, біздегі ұстаздар әр күн сайын кемі екі реттен тікелей эфирге шығып «Құрандағы қиссалар», «Пайғамбарлар тарихы», «40 хадис», «Рамазанға дайындық» сынды тақырыптарда сабақтарын өткізіп келеді. Оған қоса еліміздің барлық аймағында осы әдіс қолданылуда. Біздегі Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары келіп түскен сауалдарға тікелей эфир арқылы жауап беруді қолға алды. Өткен жұма күні ҚМДБ-на қарайтын барлық әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы онлайн сұрақ-жауап ұйымдастырдық. Рамазанға арналған онлайн конференцияны бір мезітте 20 мыңға жуық көрермен тамашалады. Бір сағатта 200-ден аса сауал келіп түсті. 60-тан аса сұраққа тікелей эфир кезінде жауап берілді.

– Рамазанға қатысты ақпаратты, әр өңірге лайықталған ораза кестесін, сәресі мен ауызашар, оразаны бұзатын және бұзбайтын нәрселер туралы мағлұматтарды қайдан алуға болады? Осы жерде Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының Орталық аппараты жанынан ашылған Діни ақпарат орталығының қызметі туралы да айта кетсеңіз.

– Бұл ретте ең бірінші дерек көзі ретінде muftyat.kz сайтын атап өтер едім. Еліміздегі Діни басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, шыққан пәтуалар жинағы, Діни мерекелерге қатысты ақпараттардың барлығын осы жерден табасыз. Күні кеше біздің қызметкерлер әр аймақтың уақыт ерекшелігін есептеп Ораза кестесін ұсынды. Оны да көпшілікке таратып жатырмыз. ҚМДБ жанында Хикмет студиясы бар. Әлеуметтік желі арқылы хабар таратып отырған арнамыздың контенті көрерменнің көңілінен шығуда. Рамазан айында тікелей эфирлер өз жалғасын табады. Сондықтан ақпаратты осы мен айтқан сенімді дереккөздерден алуды ұсынамын. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін call-center арқылы жамағаттың сауалына жауап берудеміз. Ақпарат орталығының (call-center) нөмірі 8 (7172) 33-30-30. Орталықта дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді. Статистика бойынша соңғы бір айда аталған орталыққа 5 мыңнан аса сұрақ келіп түскен.

– Карантин кезінде кімдерге ораза ұстамауға болады?

– Пайғамбардың (с.ғ.с) «Ақиқатында Ислам діні – жеңіл дін. Кім оны өзіне қиын, күрделі етіп алатын болса, ол адам түбінде жеңіледі. Сондықтан, дінді жеңілдетіп жеткізіңдер, ауырлатпаңдар. Қуантып айтыңдар, қашырып жібермеңдер!» деген сөзі ислам дінінің кез келген қауымның сұранысы мен кез келген заман талабына жауап беретін, кемел дін екендігін көрсетеді. Біз де діннің адамзатқа берген жеңілдіктерін пайдаланамыз. Енді кімдерге Ораза ұстамауға болады дегенге келсек, шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді. Одан бөлек созылмалы ауруы бар адамдар, мәселен, қант диабеті сынды дерті бар адамдар Оразадан босатылады. Бірақ олар ұстамаған әр күні үшін Підия садақасын беруі тиіс. Бұл ретте ҚМДБ биылғы підия көлемін 1700 теңге деп бекітті. Бұл – 850 теңгеден, яғни, таңғы сәресі мен ауыз ашқанға жұмсалатын шығын. Біреудің аузын аштыру арқылы оразаның қазасын өтейсіз.
Бекітілген підияны (1700 теңге) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (370 теңге) підия береді. Оған да шамасы келмесе, ештеңе бермесе де болады, Алладан кешірім тілейді.

– Осы сұхбатты пайдалана отырып елорда жұртына не айтар едіңіз?

– Каратин кезін игілікті істерге жұмсасақ, көбірек кітап оқып, балаларымыз­бен көбірек уақыт өткізсек, жұбайларымызға көңіл бөлсек, ауылдағы ағайынмен күнара сөйлесіп, оларды қуантып қойсаңыз қандай ғанибет?! Одан бөлек, Діни басқарма ақылдаса келе осы карантин кезінде «Берекелі отбасы» республикалық байқауын жариялады. Ол турасында сайтымыздан толығырақ біле аласыздар. Карантин мерзімі кезінде жұмысы тоқтап қалғандар бар, шағын кәсібі уақытша жабылған азаматтар бар, көмекке мұқтаж жандар да жетерлік. Діни басқарма жұмысының бір бағыты – осы қайырымдылық. ҚМДБ қайырымдылық жұмыстарын үдетпесе тоқтатқан жоқ. Республика деңгейінде басталған «Біз біргеміз» акциясына қатысып, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткіздік. Көптеген азаматтардың кәсібі тоқтап күнкөрісіне де соның салқыны тиіп жатқан жайы бар. Осыны ескере отырып, қазіргі уақытта біздің имамдарымыз соңғы бір аптада алты мыңға жуық отбасына керегін алып берді. Мешіттеріміздің жанындағы Зекет қоры тарапынан 30 млн теңгедей қаражат жұмсалды. Азық-түлікпен қатар қажет болып отыр­ған медициналық маскаларды жамағатқа тегін тараттық.

Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Мен жұртымызға жолдаған Үндеуімде карантин кезінде үмітсіздікке бой алдырмай, сауапты амалдар мен қайырымдылық шараларға үлес қосуға шақырдым. Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, жан-жағымызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып өсіп-өнген елміз. Сындарлы сәтте бір-бірімізге жылы сөз айтып, жабыққан жандарға көмектесудің сауабы мол. Осынау сауапты іске үлес қосқан барша дін қызметкерлері мен демеуші азаматтарға риясыз ризашылығымды білдіремін.

Бұл – бір өтпелі кезең. Біздің халқымыз бұдан да қиын сәттерді бастан кешті. Бірақ бірліктің, ынтымақтың арқасында жеңіп шықты. Сондықтан дәл осы кезеңде қысылғанға қамқор, сүрінгенге сүйеу бола білсек, жақсы күндерге жетеміз. Әрдайым истиғфир айтып, салауат жолдап, дұғада болуға шақырамын. Ауыр індетпен күресіп, алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегін де ескеруіміз керек. Алла олардың ісіне жеңілдік берсін. Біз әрқашан Алладан осынау індеттен тезірек айығып, мешіттеріміз ашылып, мектептеріміз бен жұмыс орындары қайта жандануына тілектеспіз. Жақсылықтан үміт еткен елдің баласы ретінде Сіздерді де жақсылық жасауға, жақсы ой ойлауға шақырамын.

– Құрметті мүфти ха­зірет, Сізге алғыс білдіреміз. Рамазан айы құт­ты болсын!

 

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА,

"Астана ақшамы" газеті, 23 сәуір, 2020 жыл

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі