Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰНДЫЗ ТОН КИЮГЕ РҰҚСАТ ПА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 26.11.2020 13128 0 пікір
ҚҰНДЫЗ ТОН КИЮГЕ РҰҚСАТ ПА?

Жер бетіндегі барлық нәрсе адамның қолайлы өмір сүруі үшін жаратылған. Ол – Құдайдың пендесіне берген нығметі, сый-сияпаты. Адам баласы дүниеге келген күннен бастап сол нығметтерден пайдаланады.

Жаратушы Иеміздің адамзат үшін жаратқан шексіз нығметтерінің ішіне жануарлар да кіреді. Адам баласы жануарлардың етін жеп, сүтін ішеді және терісі мен жүнін пайдаланады.

Бұл туралы Құранда: «Шүбәсіз, төрт түлік малда да сендер үшін ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың ішінен шыққан сүтін сусын ретінде ішкіземіз. Олардың сендерге басқа да көптеген пайдалары бар әрі олардың ет-майын да жейсіңдер. Сондай-ақ сол жануарларға және кемелерге мініп, діттеген жерлеріңе жетесіңдер», – делінген («Мүминун» сүресі, 21-22 аяттар).

Қазіргі таңда синтетикалық материалдар және жасанды терілер кеңінен қолданылса да, табиғи ішік пен жүнге сұраныс аз емес. Қыстыгүні жас қыздардың да, егде тартқан апалардың да жақсы көретіні – құндыз тон. Ең алдымен ол қаһарлы қыста суыққа төзімді әрі жеңіл. Екіншіден, әркім заманға сай көркем киініп жүргенді ұнатады. Ал әдемі ішік адамның реңін ашады, көркіне көрік қосады, көңіл күйін көтереді. Осы орайда қазақтың «адам көркі – шүберек» деген сөзі еріксіз жадыңа түседі.

Дегенмен шариғат бойынша қолданылатын терінің қай жануардыкі екені маңызды. Қолдану тұрғысынан теріні үшке бөліп қарастыруға болады:

  1. Еті желінетін және шариғат талабына сай бауыздалған малдың терісі. Мысалы, қой, ешкі, сиыр, түйе, қоян және басқа еті халал жануарлардың терісі, иленбесе (арнайы өңделмесе) де, таза болып саналады.
  2. Еті желінетін, бірақ шариғат бойынша бауыздалмаған малдың, өліксенің, еті желінбейтін жануарлардың және жыртқыш аңдардың терісі. Мысалы, ит, қасқыр, аю, түлкі, құндыз, кәмшат және еті арам хайуандар. Бұлардың терілері нәжіс (таза емес) есептеледі. Оны шикідей қолдануға болмайды, бірақ илегеннен кейін қолдануға рұқсат етіледі.
  3. Мүлдем қолданысқа жарамайтын тері. Ол – шошқаның терісі. Өйткені ол ашық харам саналады.

Біздің мәзһабта құндыздың еті – харам. Өйткені ол – кеміргіштер тобына жататын аң. Құндыз шөп, терек, қайың, қамыс жапырағын жейді. Сонымен қатар жәндіктермен де қоректенеді. Содан оны жыртқыш аңдар қатарына жатқызуға болады. Сонымен қатар құндыз жиіркенішті, жағымсыз жануар есептеледі. Құран Кәрімде: «(Алла Тағала) оларға таза тағамдарды халал етіп, жиіркенішті нәрселерге тыйым салады», – делінген («Ағраф» сүресі, 157-аят).

Алайда құндыздың терісі илеумен тазаланады. Өйткені шариғат бойынша шошқаның терісінен басқа әрбір иленген тері таза үкімін алады. Осы иленген теріден тігілген киімде намаз оқуға және одан жасалған ыдыстан дәрет алуға рұқсат етіледі («Һидая», 1/328).

Дегенмен хадистерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жабайы жануарларды қинап өлтіруден тыйғаны (Мүслім), терісін қолданудан қайтарғаны (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсаи) және кейбір ілімді сахабалардың ондай жануарлардың терісін илегеннен кейін де қолдануды, одан киім тігіп кигенді ұнатпағаны (Тирмизи) айтылған. Ал Имам Мұхаммед (Алла оны рақым етсін): «Құндыз тонды киюдің оқасы жоқ. Бірақ оны атақ (мақтану, адамдарды өзіне қарату) үшін киген жақсы емес», – деген («Фәтауа Һиндия, 5/384).

Хасан Аманқұл,

«Мұнара» газеті, №17, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру