Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НУМЕРОЛОГИЯ ДЕГЕН НЕ?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 02.11.2020 19527 0 пікір
НУМЕРОЛОГИЯ ДЕГЕН НЕ?

Тылсым күштерге қызығу – адам баласына тән дүние. Көбіне бұл арқылы тағдырдағы жазмышты біліп, болашақты үйрену немесе мінез-құлық ерекшелігін анықтау көзделеді. Соның бірі – қазір қоғамда кең таралып жатқан нумерология ілімі. Нумерология – табиғат болмыстарына, адамдарға сандардың жағымды немесе жағымсыз ықпал ете алатыны жайындағы мистикалық наным.

Исламдық діни сенім бойынша әлемдегі барлық құбылыстар, өзгерістер Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл жайында «Ағраф» сүресінің 188-аятында: «(Ей, Мұхаммед) оларға: «Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырмай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім де) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді», – делінген.

Атақты мұсылман ойшылы Ибн Халдун «Мұқаддима» еңбегінде сиқыршылардың жын-шайтанның күшіне жүгінетінін баяндайды. Ол сиқыршыларды бірнеше түрге бөледі. Бірі – тек өз күшіне сүйенетіндер, екіншісі – жұлдыздарды немесе сандарды пайдаланатындар. Ибн Халдун біріншісінің дәрежесі жоғары екенін айтқан.

Нумерология ілімі толық сиқырға жатпаса да, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айқындайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген.

Ибн Халдун сандармен қандай да бір болжам жасау туралы: «Бұның барлығы қате тұжырымдар ғана. Олар (нумерологтар) бұл әдісті ой-санасы толық жетілмегендерді алдап-арбау үшін қолданады», – деген.

Тарихта аталған іліммен айналысқан кейбір шейіттік және шектен шыққан сопылық бағыттар жайында келген. «Муқаддима» кітабында мұның жоғарыдағы топтардың ғайыпқа қол жеткізуге құштарлығынан пайда болғаны айтылады.

Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдыретіне, тағдырына шәк келтіру үлкен күнә саналады.

Хасан Аманқұл, 

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру