Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАМАЗАН – КЕШІРІМ АЙЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 01.04.2022 5233 0 пікір
РАМАЗАН – КЕШІРІМ АЙЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد 

Әлем мұсылмандарының сағына күтетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келіп жетуі баршамыз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, қасиетті Рамазан айы – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, тақуалықтың, нәпсі тәрбиесі мен  кешірімділіктің айы.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айы кіргенде адамдарды сүйіншілеп:

قَدْ جَاءَكُمْ رَمَضَانُ ، شَهْرٌ مُبَارَكٌ ، افْتَرَضَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ صِيَامَهُ ، تُفْتَحُ فِيهِ أَبْوَابُ الْجَنَّةِ ، وَتُغْلَقُ فِيهِ أَبْوَابُ الْجَحِيمِ ، وَتُغَلُّ فِيهِ الشَّيَاطِينُ ، فِيهِ لَيْلَةٌ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ ، مَنْ حُرِمَ خَيْرَهَا ، فَقَدْ حُرِمَ

«Ақиқатында Алла Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл жәннат есіктері ашылатын, тозақ есіктері жабылатын және шайтандар кісенделетін ай. Осы айда мың айдан қайырлы түн бар. Кім де кім осы түннің жақсылығынан құр қалса, барлық жақсылықтар мақұрым болғаны», –деп айтатын болған.

Дін мен дәстүрін ардақтаған халқымыздаРамазан айы келгенде жарапазан айтып:

Айтамыз жарапазан ауылыңа,

Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.

Береке, құт әкелсе, Ораза айы,

Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман, –деп, үй-үйді аралап, береке-жақсылық тілейтін болған. Жарапазан сөзі  «жә-әрамазан» деген сөзден шығып «Рамазан келді» деген мағынаны білдіреді. Балалар мен жасөспірімдер оны Рамазан айында сәресі уақыты жақындаған кезде айтады. Ондағы мақсат адамдарды сәресіге ояту. Еліміздің кейбір өңірлерінде оны оразаның алғашқы үш күнінде, ортаңғы үш күнінде және соңғы үш күнінде ауызашар уақыты кіргеннен бастап айтады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан – Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады», – деп жазған.

Көріп отырғанымыздай ата-бабаларымыз қасиетті айды осылайша ардақтаған. Біз де бұл айды шамамыз келгенінше құрметтеп, ораза ұстап, Алла Тағаланың кешірімін алуға тырысуымыз қажет.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабынүміт етіп, ораза ұстаса, оның бұрынғы жасаған күнәлары кешіріледі», – деп айтқан.

Тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы –рақым, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деп айтылған.

Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Әр жыл рамазан айында отыз күн руза тұту парыз. Рамазан деген сөз «күйдірген» деген мағынада. Яғни рамазан айында руза ұстағандардың күнәсі күйдіріледі», – деген.

Қасиетті Рамазан айының кешірім айына айналуы үшін мұсылман адам мынадай амалдарға ерекше мән бергені дұрыс:

 

Бірінші: Ораза ұстау

Ораза ұстау әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды, жолаушы болмаған мұсылманға парыз.Алла Тағала қасиетті Құранның«Бақара» сүресі, 183-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Әрине, сақтанарсыңдар», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بُنِيَ الإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَالحَجِّ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ

«Ислам бес негізге құрылған, олар: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі» деп куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және Рамазанда ораза тұту», – деген (имам Мүслим).

Жалпы, ораза деген – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста болмауы дегенді білдіреді.

Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты кітабында: «Ей, достар, оразаға қалайша салақпыз? Оны да парыз емес демейміз. Қарынымыз ашады десек дүние ісі үшін неше күндер аштыққа, қиыншылыққа шыдайтұғынымыз қайда? Және ораза тұтқанда аузымызға не келсе, соны сөйлеп, күнә сөзден, істерден тыйылмай жүріп ұстайтұғынымыз қалай? Құдай тағаланың он бір айы біздің күнә істеуімізге жетпеді ме? Осы бір ғана айды күнә жасамай, шамамыз келгенше құрметтеп өткізуге шыдай алмағанымыз қалай?» – дейді.

Демек, адам баласы бұлайда ораза ұстаумен қатар, күнә атаулыдан тыйылып,өткен күнәлары үшін тәубе етіп, Жаратушыдан кешірім тілеуі қажет. Сонда ол адамның күнәсі кешірілуімен қатар, үлкен сауаптарға ие болады. Алла Тағала құдси хадисте:

كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلَّا الصِّيَامَ، فَإِنَّهُ لِي وَأَنَا أَجْزِي بِهِ

«Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін», – деген (имам Бұхари).

 

Екінші: Қасиетті Құранды хатым ету

Қасиетті Рамазан айында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Құран аяттары түсірілген. Ол турасында Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 185-ші аятында:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деп айтқан.

Қасиетті Құранның Лауху әл-махфуздан дүние аспанына түсуі де Рамазан айында болды. Ол турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Қасиетті Құран Лауху әл-махфуздан Рамазан айының қадір түнінде дүние аспанына түсірілгенін, кейін түрлі оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға оған Алланың салауат мен сәлемі болсын) бөлек-бөлек түсіріліп отырғандығын айтқан. Сол себепті де Рамазан айында ораза ұстаумен қатар қасиетті Құранды оқудың сауабы өте үлкен.Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الصِّيَامُ وَالْقُرْآنُ يَشْفَعَانِ لِلْعَبْدِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، يَقُولُ الصِّيَامُ: أَيْ رَبِّ، مَنَعْتُهُ الطَّعَامَ وَالشَّهَوَاتِ بِالنَّهَارِ، فَشَفِّعْنِي فِيهِ، وَيَقُولُ الْقُرْآنُ: مَنَعْتُهُ النَّوْمَ بِاللَّيْلِ، فَشَفِّعْنِي فِيهِ ، قَالَ: فَيُشَفَّعَانِ

«Ораза мен Құран пенде үшін қиямет күні шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым! Мен бұл құлыңды күндізгі уақытта ішіп-жеу мен шәһуаттан тыйдым. Енді мені оған шапағатшы ете гөр», – дейді. Құран да: «Мен түнде оны ұйқыдан тыйдым. Енді мені оған шапағатшы ет» – деп тілейді. (Оларға шапағат етуге рұқсат беріліп», екеуі шапағат етеді» – деген (имам Ахмад).

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Рамазан кезінде Жебірейіл періште  Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр түні кездесіп Құран оқып тексеретін», – деген(имам Бұхари, имам Мүслим).

Осы жәйттарды негізге алған ғалымдарымыз қасиетті Рамазан айында Құранды толықтай бір мәрте не одан көп рет хатым етудің мұстахаб амал екендігін айтқан. Себебі, Жебірейіл періште мен ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр Рамазанда Құранды хатым етіп, ал соңғы жылы екі мәрте хатым жасаған.

Бұрынғы өткен ғұламалар қасиетті Рамазан айы кірісімен өзге ғылымдармен шұғылдануды уақытша тоқтатып, жаппай Құран оқуға кірісетін болған. Бұл уақытта олардың үйлерінен оқылған Құранның дауысы араның ызыңындай болып естіліп тұратын. Мысалы, төрт мәзһаб ғалымдарының бірі Имам Мәлик (Алла оны рақымына алсын) Рамазан айы кірісімен хадис іліміндегі зерттеулерін тоқтатып, Құран кітабын оқуға кірісетін еді делінген.

Негізінде Рамазан айының барлық сәті Құран оқуға лайық. Дегенмен, түнгі уақыттар Алланың зікір етуге, Құран оқуға өте лайық сәт болып табылады. Жебірейіл періштенің Пайғамбарымызбен бірге Құран қайталауға түнгі уақытта келуінің сыры да осыда.  Ендеше, осы айда Құран оқуға ерекше назар аударуымыз қажет.

 

Үшінші: Тарауих намазын оқу

Рамазан айында Жаратшушымыздың кешіріміне бөленуімізге себепші болатын сауапты құлшылықтардың бірі – тарауих намазын оқу. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا، غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін мешітте тарауих намазын оқыды. Мұсылмандар да оған ұйып тарауих намазын бірге орындады. Ертесі күні таң атысымен осы мәселені бір-біріне түсіндіре бастады. Екінші күні кешке мешітке жиналған мұсылмандар саны көбейе бастады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке келіп оларға намаз оқытты. Таң атқаннан кейін жамағат бір-біріне бұны да түсіндіре бастады. Үшінші күні жамағат саны кешегіден де артты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін жамағат алдына шығып намаз өткізді. Төртінші күні кешке мұсылмандардың көбейгені соншалық, мешітке сыймай кетті. Бірақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тарауих намазын оқу үшін көпшілік алдына шықпады. Кейбіреулер намаз оқу үшін жиналғандарын ескертуге тырысқанымен, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таң намазына дейін олардың алдына шықпады. Таң намазын оқып болғаннан кейін жамағатқа бет бұрып куәлік сөздерін айтты да: «Жамағатпен тарауих намазын оқудағы әрекеттеріңізді көрдім. Алдарыңа шығуға кедергі болғаны– мен осы намазды өздеріңе парыз етіп қабылдап, бұл намазды өтеуде әлсіздік танытып күнәға бой алдырасыңдар ма деп уайымдадым», – деді» (имам Бұхари, имам Мүслим).

Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) тұсында ол мешітте жамағаттың бәрі өз бетінше намаз оқып жатқанынкөретін. Кейін ол мұсылмандардың бір имамның артында тұрып, жиырма рәкәғаттан тұратын тарауих намазын оқуды бұйырған. Әділ халифалардан кейін тарауихтың жиырма рәкәғат болып жамағатпен оқылуына ешкім қарсы шықпаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің және әділетті халифаларымның сүннетімен жүріңдер», – деп айтқан (имам Әбу Дәуід).

Сонымен қатар Ибн Аббастың (Алла оған разы болсын) рамазан айында жамағаттан бөлек тарауих намазын жиырма рәкәғат оқығаны, артынан үш рәкәғат үтір намазын оқығаны риуаят етілген.

 

Төртінші: Мұқтаждарға жәрдемдесу

Садақа беріп, мұқтаждарға жәрдемдесу дініміздегі үлкен құлшылық деп танылатын амалдардың бірі. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында мұсылман адам осы құлшылық түріне ерекше мән беруі керек. Өйткені хадисте:

وَكَانَ أَجْوَدُ مَا يَكُونُ فِي رَمَضَانَ حِينَ يَلْقَاهُ جِبْرِيلُ، وَكَانَ جِبْرِيلُ يَلْقَاهُ فِي كُلِّ لَيْلَةٍ مِنْ رَمَضَانَ، فَيُدَارِسُهُ القُرْآنَ، فَلَرَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ يَلْقَاهُ جِبْرِيلُ أَجْوَدُ بِالخَيْرِ مِنَ الرِّيحِ المُرْسَلَةِ

«Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішіндегі ең жомарты болатын. Әсіресе, онымен Жәбірейіл періште Рамазан айында кездескенде ерекше жомарттық танытатын. Рамазан кезінде Жәбірейіл періште онымен әр түні кездесіп Құран оқып тексеретін», – деп айтылған (имам Бұхари, имам Мүслим).

Бұл хадистен әсіресе мүбәрак айда ораза ұстау мен қасиетті Құранды оқудың рухани пайдасының үлкен екендігін түсінеміз.Себебі, Жаратушысының кәләмін оқу арқылы адам үгіт-насихат алып, күндізгі оразада ашығатындықтан мұқтаж жандардың қал-ахуалын бүкіл жан-дүниесімен сезініп, мейірімділігі оянып, пенденің ізгі амалдарды ерекше ықылас-ниетімімен атқаруына себепші болмақ.

Бұлайша өзгеге жәрдемдесу мұсылманға рухани рахат сыйлауымен қатар адамдардың арасындасүйіспеншілік орнауына себепші болады. Кезінде ата-балаларымыз ауқатты адамдардың мұқтаждарға жәрдемдесуін жүйелі түрде реттегендіктен, сол арқылы қазақ қоғамында алауыздық атаулыға жол берілмейтін. Хәкім Абай өзінің әкесі Құнанбай қажы жайында:

Мұсылманға қоймаған,

Орынсыз жанжал шатақты.

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты, – деп сипаттайтыны сондықтан.

Ендеше, осы қасиетті Рамазан айында өзгелерге жәрдемші болуға тырысайық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең абзал садақа – қасиетті Рамазан айында берілген садақа», – деген (Имам Тирмизи).

 

Бесінші: Өзге адамдарды кешіру

Қасиетті Рамазан айында адам баласы Алла Тағаланың кешірімін үміт ететіндіктен, бұл айда ораза ұстаушының өзі де өзгелердің қателіктерін кешіріп, жүрегіндегі өкпе-реніштерін ұмытқаны жөн.Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 2-аятында Алла Тағала:

وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا أَلاَ تُحِبُّونَ أَن يَّغْفِرَ اللهُ لَكُمْ وَاللهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан.Асан қайғыбабамыз:

Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, – деп насихат айтқан! Тіпті, өзінікі дұрыс, өзгенікі қате болса да, мұсылман адам өзгенің қателігін кешіріп, ол адамның қателігін мүлде ұмытқаны дұрыс. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресінің 85-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَاصْفَحِ الصَّفْحَ الْجَمِيلَ

«Ендеше сен  (ел-жұрттың қатесін қиянатын) көркем түрде кешір», – деп айтқан. «Көркем түрде кешіру» дегенді ғалымдарымыз: «Көркем түрде кешіру – қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның кемшілігін ашу, тәкаппарлық таныту, артық сөз айту, жек көру сынды теріс істерден ада болу», – деп түсіндірген. 

 

Қадірменді жамағат!

Қасиетті Рамазан айында атқарылатын ізгілік амалдардың түрлері өте көп. Ең бастысы мұсылманның оразасы тек ашығумен ғана шектелмей, игі амалдарды атқаруымызбен толығуы қажет. Сонда ұстаған оразамыз біздер үшін рухани медресеге айналып, оның екі дүниеде шынайы пайдасын көре аламыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ يفْرَحُهُمَا: إِذَا أَفْطَرَ فَرِحَ بِفِطْرِهِ وَ إِذَا لَقِيَ رَبَّهُ فَرِحَ بِصَوْمِهِ

«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ол ауыз ашқан кезде қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – деген (имам Бұхари).

Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршаларымызға мүбәрак етіп, қасиетті айда ұстайтын ораза, тілейтін дұғаларымызды қабыл еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру