Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СҮЛЕЙМЕНШІЛЕР ЖАМАҒАТЫ КІМДЕР?

Әнуар Ізімбайұлы muftyat.kz 31.05.2023 9511 0 пікір
СҮЛЕЙМЕНШІЛЕР ЖАМАҒАТЫ КІМДЕР?

Өздерін сопылық Нақышбанди тариқатына жатқызатын «сүлейменшілер» жамағаты қазіргі Болгарияның Дунай (Туна) өзені бойындағы Силистире аймағында дүниеге келген Сүлеймен Хилми Тунахан (1888-1959) атымен аталады. Сүлейменнің әкесі Осман (1845-1928) Құранды жатқа білген хафиз әрі өз заманының танымал ұстазы болған.

Сүлеймен алғашында өз ауылында, кейін Стамбұлда білім алды. 1916 жылы жоғары білімді атанып, әрі қарай «Сулеймания», сосын «Құзат» медреселерінде оқуын жалғастырады. Одан соң мешіттерде уағыз айтумен қатар, мұсылман балаларына Ислам дінінің негіздерін үйретеді. 1950 жылы алғаш рет ресми түрде Құран курстарын ашуға қол жеткізеді. Ол халыққа Құран үйретуді және имандылыққа шақыруды мақсат тұтады.

Сүлеймен Хилми Тунаханның жолын ұстанушылар сенім-наным жағынан имам Матуриди тармағын, мәзһабта Әбу Ханифа жолын, тариқатта Нақышбанди бағытын («халидия» тармағын) ұстанады. Нақышбанди тариқатының өкілі Салахуддин ибн Мәуләна Сиражуддин (1843-1910) оның тариқаттағы ұстазы саналады. Ал Сүлеймен Хилми Тунахан тариқат ілімі бойынша өзінен кейін өкіл қалдырған жоқ. Сондықтан олардың ұстанымында Сүлеймен Тунахан Нақшбанди тариқатының сол тізбектегі соңғы (34-ші) шейхы (ұстазы) болып есептеледі.

1959 жылы Сүлеймен Хилми Тунахан дүниеден өткеннен кейін оның жолын шәкірттері жалғастырды және олар «сүлейменшілер» деп атала бастады. Сүлейменшілер жамағаты тарапынан Түркияның көптеген қалаларында, сондай-ақ Германия, Франция, Ресей, АҚШ, Голландия, Швеция секілді мемлекеттерде Құран курстары ашылады. Сүлейменшілер Түркияда пайда болған түрікшіл ұлтшыл діни ағым болып саналады. 1978 жылдың 1 қарашасында Түркияның «Дюнья» газетінде жарық көрген басылымда сүлейменшілер түркиялық мүфтиятқа қарсы тұрған, ресми дінбасыларын «шайтанның әскері» деп атаған секта ретінде көрсетілген.

Сүлейменшілер ХХ ғасырдың 80-жылдарында Түркияда саяси күшке ие болған «Әділет» партиясынан қолдау табу мақсатында осы партия мүшелері арасында құпия түрде белсенді уағыз жүргізген. 1980 жылғы Түркиядағы мемлекеттік төңкеріске дейін ағымның көшбасшысы Кемал Качар (Сүлеймен Тунаханның күйеу баласы) «Әділет партиясынан» Парламент депутаты болған. Сондай-ақ түркиялық БАҚ-та сүлейменшілердің түпкі мақсаты өз жақтастарын көбейтіп, зайырлы республиканың орнына теократиялық мемлекетті құру екені жазылған.

Ресейлік БАҚ-та сүлейменшілер Түркияда бейресми әрекет ететін радикалды діни ұйым ретінде көрсетілген. Радикалды діни идеологиясы үшін Түркияның ресми дін басқармасымен 1995 жылы қатынасын үзген.

Жалпы сүлейменшілер «Ұлы Түркия»/«Ұлы Туран» ұлттық идеясын жақтайтын түркиялық саяси және бизнес өкілдерінің мүддесін жүзеге асырушылар саналады. Олар Түркияның «Ұлттық қозғалыс партиясы» мен «Әділет және даму партиясына» қолдау көрсетеді.

Сүлейменшілер жамағаты қайырымдылықты бүркемеленіп жабық медресе жүйесі негізінде пансионаттар арқылы әрекет етеді. Әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға материалдық қолдау көрсету (тегін тамақтандыру, жатақханадан орын беру) арқылы өз қатарына тартып, олардың санасына жамағатшылдық психологияны қалыптастырады. Сектанттық бағыттағы жамағатшылдық идеологияны жақтастары арасында таратып, ресми мүфтиятқа астыртын қарсы әрекет жасап, елдің діндар қауымының ауызбіршілігін бұзады, дінді саясиландырады. Қайырымдылықты бүркемелену арқылы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды өз қатарына тартып, жамағат мүддесіне берік етіп тәрбиелеп, оларды болашақта өз мүделерін жүзеге асыру үшін саяси және бизнес элита қатарына қосылуына жағдай жасайды.

2000 жылдан бастап аталмыш жамағатты Сүлеймен Хилми Тунаханның немере інісі Ахмед Ариф Денизолгун басқарып келеді. Бүгінде бұл жамағат өздерінің негізгі мақсаттары жастардың діни сауатын ашып, Құранды үйрету, сондай-ақ жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз ету екенін айтқанымен, мұның астында коммерциялық мүдде жатқанын айта кеткеніміз жөн. Түркия жерінде бұл жамағатқа тиесілі көптеген балабақшалар, жеке мектептер, ауруханалар, туристік және қажылық компаниялары, сауда ұйымдары, баспа үйлері тіркелген.

Олар көбіне өздерінің баспаханасында шыққан кітаптарды ғана оқиды. Тәрбиеленуші балалар арасынан озықтары білімін жетілдіру үшін Түркиядағы арнайы курсқа (тәкәмүл) оқуға жіберіледі. Аталмыш курсты бітірген оқушы «ұстаз» атанып, тәлім-тәрбие жұмысымен айналысуға рұқсат алады.

Мекеме өкілдері пансионат тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасаумен қатар, көбінесе «медресе» атын жамылып, шәкірттер арқылы қаражат жинаумен айналысады. Рамазан айы басталғанда ауылдағы ауқатты кісілерден зекет жинайды, Құрбан айт күндері белсенді түрде құрбан шалу рәсімін жүргізеді. Олардың ішінде халық арасында жүріп, жасырын түрде діни рәсімдерді (жаназа намазы, жерлеу, құдайы астар, т.б.) өткізетін «молдалары» да бар.

Сүлейменшілер діни ғибадаттарын Сүлеймен Тунаханды елестету (рабыта) арқылы жасайды. Жұма намазын мешіттен тыс жеке ғимараттарда да өткізе береді, бес уақыт намазды өз араларында арнайы бекітілген намаз кестесіне (тақуим) сай өткізеді. Бұлар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына, құжаттары мен пәтуаларына қайшы келетін мәселелер қатарына кіреді.

Сонымен қатар бұл жамағат Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасына қайшы келетін, қазақстандық патриотизм мен ұлттық идентификациядан айыратын шетелдік жат діни идеологияны астыртын түрде таратуға мүдделі. Радикал діни ойларды ашық түрде насихаттамағанымен, түбінде зайырлық қағидаттарды қолдамайды.

Айта кету керек, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуада Қазақстан аумағында мешіттен тыс орналасқан кез келген (тұрғын үй, қоғамдық орын, базар, өндіріс орны, оқу орны, т.б.) ғимараттар мен құрылыстарда жұма намазын оқуға болмайды, сондай-ақ заңмен бекітілмеген орындарда діни білім беруге, діни рәсімдерді өткізуге заң жүзінде тыйым салынады.

 

Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №8, 2023 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру