Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МАДХАЛИЗМ ЖАМАҒАТЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Болатбек Ұласқанұлы muftyat.kz 11.05.2023 4090 0 пікір
МАДХАЛИЗМ ЖАМАҒАТЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Мадхалиттер – Рабиғ ибн һади Ғұмайр әл-Мадхалидің көзқарасын ұстанатын, «шариғат негізінде қоғам құруға» бағдарланған сәләфилік сенімдегі жамағат. Бұл жамағат 1990 жылдардың басында Сауд Арабиясында орын алған саяси жағдайларға байланысты, сәләфия өкілдерінің ортақ ұстанымы жоқтығы себебінен пайда болған бірнеше қозғалыстың бірі ретінде қалыптасты.

Тегі эфиопиялық Мұхаммед Аман әл-Жами 1991 жылы Сауд Арабия территориясына АҚШ әскерін кіргізуге байланысты үкіметтің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды харижиттер деп айыптады. Бұл сол кездегі билікке ұнап, Сауд Арабиясында жамия деген топ пайда болды. Үкіметтің қолдауымен олар күш алып, өздеріне қарсы шыққандардың бәрін адасушы, бидғатшы және үкіметке қарсы шығушылар деп кінәлады. Кейін Мұхаммед Аман әл-Жамидің пікірлерін Рабиғ ибн һади әл-Мадхали жалғастырды.

Рабиғ ибн һади әл-Мадхали 1932 жылы Араб түбегінің оңтүстігінде дүниеге келген. Ол Мәдина қаласындағы Ислам университетінде білім алып, ХХ ғасырдағы ең ірі сәләфи (уаххаби) ағымының шейхтері Насруддин әл-Әлбани (1914-1999), Абдулазиз Ибн Баз (1910-1999) және Мұхаммед-Амин Шанкытидың (1905-1973) шәкірті болған.       

Дін саласы мамандарының айтуынша, Рабиғ ибн һади әл-Мадхалидің ұстанымдары «Мұсылман бауырлар» және Сәйд Құтыптың көзқарасына реакция ретінде пайда болған. Кезінде оның өзі 20 жылға жуық осы «мұсылман бауырлардың» арасында жүрген. Ол Сәйд Құтыптың «әділетсіз басшыға қарсы шығу керек» деген ұстанымына қарсы шыққан. Осылайша ол «мұсылман бауырлар» мен Құтыпты әрдайым кінәлап, оған қатысты арнайы еңбек те жазған. Олардың ұстанымдарынан бұл өте айқын байқалады. Өздеріне ұнамаған суруриттерді көбіне «ихуан», «құтыпшылдар», «харижиттер» деген секілді жағымсыз атаулармен атап, өздерін ақ қылып көрсеткісі келеді. Бұл жамағаттың өкілдері Ибн Таймия, Мұхаммед ибн Абдул-Уаххаб, сондай-ақ кейінгі Абдулазиз Ибн Баз, Мұхаммед ибн Салих әл-Усәймин, Салих әл-Фаузан, Насруддин әл-Әлбани сияқты шейхтарды өздеріне ұстаз санайды.

Сүнниттік мәзһаб имамдарына тақлид (ізінен еру) етуді жоққа шығара отырып, мадхалиттер өзге де сәләфилер секілді тек өздерінің ұстаздарын тыңдайды. Бұл жамағаттың өкілдері дұрыс емес манхаджды (Ислам мен шариғатты дұрыс түсіну және жеткізу әдісі) ұстанды деп, сүнниттік мәзһабтарды ғана емес, сонымен бірге сәләфизм идеологиясының өзге де ағымдарын сынайды. Осы әрекеттері үшін олар сәләфизм ағымдарының ішінде такфиристік (такфир – күпірлікпен айыптау) топ деген атқа ие болды.

Мадхалиттер бұрын өздері қолдаған билікке қарсы іс-әрекетке көшумен де сипатталады, бұл олардың идеологиясының негізінде жатыр. Үлгі ретінде Осман империясының билеушісіне қарсы қару көтеріп, жазықсыз мұсылмандарды күпірлікпен айыптап, олардың қанын төккен Мұхаммед ибн Абдул-Уаххабтың идеяларын айтуға болады. Кейінгі кезде де мұндай жағдайлар орын алған. Мысалы, Ливиядағы азаматтық соғыс барысында бастапқыда Муаммар Каддафиге деген адалдығын көрсеткен мадхалиттер кейін оны күпірлікпен айыптап, бір сәтте оған опасыздық жасаған. Бұл олардың радикалдық ағымдарға тән әрекеттерге бір сәтте ауысу мүмкіндігі жоғары екенінің айқын дәлелі.

Осы жерде жоғарыда аты аталған Ибн Баздың қазіргі билеушілерге қатысты шығарған пәтуасына назар аудару керек. Бұл пәтуада шариғатсыз жүзеге асқан билікке ешқандай адалдық таныту туралы айтылмайды. Осы пәтуаның мазмұнынан зайырлы заңнаманы қолданатын кез-келген билік, мұсылмандарды басқара алмайды деген қорытынды жасауға болады. Мұндай билікті «адасқан кәпірлер» деп атап, олар қолданатын зайырлы заңдардың шариғаттан жоғары болуы мүмкін емес деп санайды. Ибн Баздың пікірінше, Ислам дінін қабылдаудан бас тартқан кәпірлермен, сондай-ақ шариғатқа негізделмеген мемлекеттік мекемелер және олардың қызметкерлерімен, олар Исламды қабылдағанға дейін шайқас жүргізу керек.

Сонымен қатар Раби ибн Хади әл-Мадхали демократия мен зайырлық билік жүйесін теріске шығарып, оны күпірлік деп санаған. Осыған қатысты өзінің «Бүліктер мен демократиядан сақтандыру» атты мақаласында: «Егер басшы Алланың түсіргендерімен басшылық етпесе, бірақ шариғат заңдарын мойындап, өзінің ісін харам деп білсе, ол – кіші күпірлік. Егер басшы Алланың түсіргенімен басқармауды халал деп біліп, демократиямен басшылық етсе, онда ол үлкен күпірлікке түсіп, Исламнан шығады», – деген.

Олар билікке қарсы шықпайды деген қате пайым нәтижесінде елімізде кейбір орталарда өзге сәләфилерге қарсы осы топтағыларды қолдау керек деген ұстанымның бар екенін де айта кету керек. Бұл – қате пікір. Өзге сәләфи (уаххаби) ағымдарының өкілдері секілді мадхалиттер де халқымыздың салт-дәстүрлерінің мәніне дұрыс үңіліп, мағынасын түсінбестен «бидғат» (дінге енгізілген жаңашылдық) деп мұсылманшылықпен астасып жатқан әдеп-ғұрпымызға білместікпен қарсы шығады.

Бұл жамағаттың тарихы көрсеткендей, мадхалиттер қалыптасқан саяси жағдайға байланысты ұстанымдарын кез келген сәтте өзгертуі мүмкін. Сауд Арабиясы Корольдігіндегі мадхалиттердің ықпалының төмендеуі салдарынан олардың шетелдегі, атап айтқанда Кувейт, Мысыр, Орталық Азия, Еуропа және Солтүстік Африка елдеріндегі позициялары нығая бастады. Сондай-ақ аталған жамағаттың қазіргі уақытта Ливия жеріндегі белсенділігі жоғары.

Мадхали-сәләфилердің негізгі сипаттары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымынан айырмашылықтары мынадай:
  1. Діни қағидаларды ақылмен түсіндіруді терістеп, Құран және хадистерді тікелей мағынасында ұғынады.
  2. Исламды түрлі жат әдеттер және барлық бидғаттардан тазарту қажет деп есептейді.
  3. Алла мен адам арасындағы уасилә (дәнекерлік) мүмкіндігін жоққа шығарады.
  4. Зайырлы мемлекеттік құрылымды мойындамайды.
  5. Діни көзқарасына байланысты кейбір азаматтық міндеттерден (әскери борышты өтеу, мектепке бару т.б.) бас тартады.
  6. Зайырлы өмір салтына тән бірқатар үрдістерден (суретке түсу, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді атап өту т.б.) бас тартады.
  7. Матуриди және Әшғари сенім мектептерін, сондай-ақ сүнниттік бағыттағы төрт мәзһабты мойындамайды.
  8. Кез келген сопылық жолын адасу деп айыптайды.
  9. Ұлттық салт-дәстүрімізді бидғат әрі адасу деп санайды.
  10. Сәләфилік идеологиясын ұстанбайтын мұсылмандарға төзімсіздік танытады.

 

Қорыта айтқанда, кез-келген сәләфилік идеологиядағы топтар секілді, мадхали жамағаты да ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, өздерін «шынайы» Исламды таратушы жамағат ретінде танытуға тырысатынын, сол арқылы дәстүрлі қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейтінін айта кеткеніміз жөн.

 

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

Қызылорда облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру