Фаджр

Восход

Зухр

Аср

Магриб

Иша

Расписание на год на месяц

ШЫНАЙЫ ЫҚЫЛАС

08.01.2020 44831 0 Комментарии
ШЫНАЙЫ ЫҚЫЛАС
  1. КІРІСПЕ:

Аса қамқор, Ерекше мейірімді Алла Тағалаға сансыз мадақ болсын! Адамзаттың ардақтысы, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ көптеген салауат және сәлем болсын.

Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің түзулігін көрсететін айна. Бір сөзбен айтқанда ықылас – ең әуелі адамзатты жоқтан бар еткен, құдіреті күшті, мейірімді Алла Тағалаға деген шынайылық.  

Ықыластың ең маңыздысы адамға деген қарым-қатынаста адал, ниетінің риясыз болуы және пенденің Жаратушы Алла Тағалаға деген ықыласының бекем болуы. Ислам шариғатында ықылас ұғымының терминдік мағынасы: Алла Тағалаға ешбір мақлұқатты ортақ етпей, әрбір ісінде жалғыз Оған ғана шынайы берілуімен құлшылық ету деген сөз.

  1. ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

اِلَّا الَّذ۪ينَ تَابُوا وَاَصْلَحُوا وَاعْتَصَمُوا بِاللّٰهِ وَاَخْلَصُوا د۪ينَهُمْ لِلّٰهِ فَاُو۬لٰٓئِكَ مَعَ الْمُؤْمِن۪ينَۜ وَسَوْفَ يُؤْتِ اللّٰهُ الْمُؤْمِن۪ينَ اَجْرًا عَظ۪يمًا

«Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар мүміндермен бірге. Алла күндердің күнінде мүміндерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді»[1].

Қысқаша түсіндірме:

Имам Ибн Кәсир жоғарыдағы аяттағы «واَخْلَصُوا د۪ينَهُمْ لِلّٰهِ» деген сөзді: «Аз болса да көзбояушылықтан сақтана отырып, бірақ шын ықыласпен Алланың дініне берілетін болса, жасаған ізгі амалдары пайда береді», – деп түсіндірген. Демек, әрбір істеп жатқан іс-әрекетіміз, құлшылық-ғибадатымыз жалғыз Алланың разылығын қалап жасағанда ғана қабыл болады деген сөз.

Екінші аят:

اِنَّٓا اَنْزَلْنَٓا اِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللّٰهَ مُخْلِصًا لَهُ الدّ۪ينَۜ

«(Уа, Мұхаммед!) Біз саған осынау кітапты ақиқаттың нақ өзі етіп, лайықты түрде түсірдік. Ендеше, осынау хақ дінді шын жүректен толық қабылдап, бар ықыласыңмен бір Аллаға ғана құлшылық ет!»[2].

Қысқаша түсіндірме:

Имам Табари: аяттағы «فَاعْبُدِ اللّٰهَ مُخْلِصًا لَهُ الدّ۪ينَ» деген сөзді: «Уа, Мұхаммед! Аллаға бар ынта жігеріңмен итағат етіп, жалғыз Аллаға ғана құлшылық ет. Алладан басқа пұттарға табынған пенделер сияқты болма,  құлшылығыңда Оған ешкімді ортақ қоспа» деп түсіндірген.

Үшінші аят:

قَالَ رَبِّ بِمَٓا اَغْوَيْتَن۪ي لَاُزَيِّنَنَّ لَهُمْ فِي الْاَرْضِ وَلَاُغْوِيَنَّهُمْ اَجْمَع۪ينَۙ اِلَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَص۪ينَ قَالَ هٰذَا صِرَاطٌ عَلَيَّ مُسْتَق۪يمٌ  اِنَّ عِبَاد۪ي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ اِلَّا مَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْغَاو۪ينَ

«Ібіліс шайтан: «Уа, Раббым! Адастырғаның (сынап сүріндіргенің) үшін (ант етемін), олар үшін жер бетіндегі (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп безендіріп қоямын, сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда ықыласты құлдарыңның жөні басқа (мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын) – деді. Сонда Алла: «Міне, (ықыласқа, толық мойынсұнушылыққа негізделген) осынау жол – Өзім кепіл болған тура жол. Менің (ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана жүретін болады»[3], – деп айтты.

Қысқаша түсіндірме:

Имам Қуртуби: «الَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَصِينَ» сөзін «Ешбір риясыз, шын ықыласпен Аллаға құлшылық ететін пенделерің» деп түсіндіре келе, Иса Пайғамбар мен оның ең жақын серіктестерінің арасындағы болған өзара диалогты мысал ретінде келтіреді. Сонда серіктестері: «Алла үшін ықыласты болу дегеніміз не?» деп сұрады. Иса Пайғамбар: «Алла үшін ықыласты болу дегеніміз – қандайда бір ізгі амал істегенде адамдардың мақтағанын күтпеу», – деп жауап берді.

  1. ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

عنْ أنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ فَارَقَ الدُّنْيَا عَلَى الْإخْلَاصِ لِلَّهِ وَحْدَهُ وَعِبَادَتِهِ لَا شَريِكَ لَهُ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، مَاتَ وَاللهُ عَنْهُ رَاضٍ

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі ﷺ былай деп бұйырған: «Кімде-кім ешбір серігі болмаған Аллаға ықыласпен құлшылық етіп, намазын оқып, зекетін беріп дүниеден өтетін болса, Алла Тағала разы болған күйде дүниеден өткен болып есептеледі»[4].

Екінші хадис:

عَنْ تَمِيمْ بْنِ أَوْسٍ الدَّاري أنَّ النَّبِيَ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: الدِّينُ النَّصِيحَةُ قُلْنَا لِمَنْ يَا رَسُولَ اللهِ قَالَ للهِ وَلِكِتَابِهِ وِلِرَسوُلِهِ وَلِأَئِمَّةِ الْمُسْلِمِينَ وَعآامَّتِهِمْ

Тәмим ибн Аус әд-Дари (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі ﷺ: «Дін – насихат (шынайылық)» деді. Сонда біз (сахабалар): «Кімге насихат?» деп сұрағанымызда, Пайғамбар ﷺ: «Аллаға, Оның кітабына, Елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және жалпы адамдарға (шынайылық таныту)», – деді[5].

Үшінші хадис:

عَنْ اَبِى اُمَامَةَ الْبَاهِليِ قَالَ: .... فَقَالَ رَسوُلُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَمَ إِنَّ اللهَ عَزَّ وَجَلَّ لَا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

Әбу Умәмә әл-Бәһили (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі ﷺ былай деп бұйырды: «...Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді»[6].

Төртінші хадис:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِنَّ اللهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَركُمْ وَأَمْوَالِكُمْ، وَلَكِنَّ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ

Әбу  Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбар ﷺ: «Расында Алла сіздердің түр-әлпеттеріңізге, мал-мүліктеріңізге қарамайды, алайда жүректеріңізге (ықыластарыңызға) және амалдарыңызға қарайды», –деді[7].

Бесінші хадис:

عَنْ عُمَرَ بْنِ الخَطَّابِ رضي الله عنه قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَقُولُ: «إِنَّمَا الأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إِلَى دُنْيَا يُصِيبُهَا، أَوْ إِلَى امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا، فَهِجْرَتُهُ إِلَى مَا هَاجَرَ إِلَيْهِ

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) Алла Елшісінен ﷺ былай деп естігендігін жеткізеді: «Шындығында амалдар ниетке байланысты және расында әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне қарай қоныс аударса, ол Алла мен Оның елшісі үшін қоныс аударған (болып саналады), ал кім мал-дүние табу не бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, ол сол қоныс аударған нәрсесіне ғана қол жеткізген болып есептеледі»[8].
  1. ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса

Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ ертеректе жолаушылап шыққан үш кісінің уақиғасын баяндайды. Әлгі үш жолаушы түнейтін жер таппаған соң бір үңгірге кіріп, демалып жатқанда таудан үлкен тас түсіп, үңгірдің аузы жабылып қалады. Сонда олар өздерінің жалғыз Алланың разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Аллаға жалбарынғанда үңгірдің тас құлаған аузы ашылып құтылады.

Сонда үш жолаушының бірі: «Уа, Алла Тағала! Менің жасы келген кәрі әке-шешем бар еді. Таң атысымен ата-анамның жағдайын жасамай тұрып, бала-шағама көңіл аудармайтынмын. Бірақ бір күні шаруамен жүріп үйге келсем, астарын ішпей ұйықтап қалған екен. Мен әдеттегідей екеуіне сүт сауып дайындадым. Екеуінің шырт ұйқыда жатқанын көріп, олардан бұрын бала-шағамды тамақтандыруды дұрыс көрмедім. Сөйтім таң атқанша олардың оянғанын күтіп, таң атқанда олардың сүттерін бердім. Я, Алла! Мен сол істі тек қана Сенің разылығың үшін шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас кішкене ғана орнынан қозғалды.

Екіншісі: «Уа, Алла! Менің қолымда туысымның қызы тұрды. Мен оны қатты ұнатқандықтан маған жаман ой келді. Бірақ мен ойымды іске асыра алмадым, ол қашып кетті. Арадан көп жылдар өткен соң ашаршылық заман болды. Сонда әлгі қыз күн көре алмай маған келді. Менің ақша беріп, оңаша қал деген ұсынысымды қабыл алды. Мен енді ғана жақындай бергенімде, ол: «Мен саған арымды арам жолмен таптауға ризалығымды бермеймін», – деп қарсылық білдірді. Оның осы сөзінен кейін мен оған қатты ынтық болып тұрсамда арам ісімнен бас тарттым. Оған берген алтынымды да кері алмадым. Уа, Алла! Егер мен сол істі Сенің разылығың үшін ғана шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас тағы да орнынан аз ғана қозғалып ашыла бастады.

Үшіншісі: «Уа, Алла! Мен бір жылдары жалшы жалдап, жұмыс істеткен едім. Барлығына өз еңбектерін төледім. Бірақ біреуі өз еңбегін алмай кетіп қалған болатын. Сөйтіп жылдар өткен сайын сақтап қойған оның сыбағасы өсе берді. Арадан жылдар өткен соң маған келіп: «Менің жалақымды берсеңіз», – деп сұрады. Мен оған: «Мынау көріп тұрған түйе, сыйыр, қой – бәрі сенің жалақыңнан көбейген малың. Бәрі сенікі, тіпті малдарды бағып жүрген қызметшілер де сенікі», – дедім. Сонда ол: «Мені мазақ қылып тұрсыз ба?», – деп сенімсіздік білдірді. «Жоқ мен сені мазақ қылып тұрғаным жоқ», – дедім де бар мал-мүлкін алдына салып бердім. Уа, Алла! Мен сол істі Сен үшін, шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас түгелдей ашылып, олар үңгірден шықты»[9].

Міне, бұл қиссадан ұғарымыз адам баласының кез келген ісі шын ықыласпен, риясыз көңілден Алла Тағаланың разылығы үшін орындалатын болса, тіпті бұл дүниенің өзінде таршылықтан, қиыншылықтан құтылуға септігі тиеді.

Екінші қисса

Төртінші ғасырда өмір сүрген Әбу Бәкір Шибили деген тақуа кісі болатын. Имам Шибилиге Бағдаттық наубайшы оның ғұламалығы мен тақуалығына тәнті болып, өмірінде бір рет көруге қатты ынтық болады. Солай бола тұра жұмысын тастап кете алмайды. Имам Шибли жайында сөз бола қалса, «шіркін, сол кісіні бір рет көрсем ғой», – деп армандайды екен әлгі Наубайшы.

Бір күні наубайшының алдына киімі жұпыны ақ сақалды қарт келеді. Қарт:

  • Алла разылы үшін жарты нан беріңізші, – деп сұрайды. Наубайшы ашуланып:
  • Аулақ жүр. Сендерден әбден шаршадық қой. Алла разылығы дегенді үйреніп алғансыңдар, қайта-қайта мазалап, – деп қуып жібереді.

Қолын жайып келген ақсақал ләм-мим деместен теріс айналып, өз жөнімен кетеді. Бұны көрген ел наубайшыны сөгіп:

  • Сен не істедің? Бұл ақ сақалды қария сен тәнті болып жүрген имам Шибили ғой.
  • Мына ескі-құсқы киген адам ба?
  • Ия.

Аңтарылған наубайшы Шибилидің артынан тұра жүгіріп, қуып жете етегіне жармасып «мені кешіріңізші» – деп жалынады. Алла разылы үшін жарты нанын бөліп бере алмаған наубайшыға дәріс болсын деп Шибили оған мынадай ұсыныс жасайды:

  • Бағдат алаңында жүз алтыныңды қиып, халыққа тамақ таратсаң кешірейін, – дейді.
  • Құп болады. Сіз үшін жүз алтын сөз болып па? – деп келісілген жерде халыққа ас береді. Жұрт тегіс келеді. Тамақ жеп болған ел Шибилиден үгіт-насихат етуін күтеді. Адамдардың бірі:
  • Жиналған халық жаннат пен тозақ жайлы насихат айтуыңызды сұрайды. Осы жайында уағыз айтсаңыз, – деп өтінеді. Сонда Имам Шибили былай дейді:
  • Жаннаттықтардың кім екенін білмеймін, әйтседе, тозақтықтардың кім екенін сұрасаңдар айтайын. Жиналғандар бір-біріне қарап, жамағат келіскен сыңай танытты:
  • Олай болса тозақтықтардың кім екенін айтыңыз, – десті.
  • Тозақтық адам көргілеріңіз келсе, сіздерге тамақ берген мына наубайшыға қараңыздар! – деді.

Айнала тып-тыныш. Бәрі аң-таң. Сонда Шибили жағдайды былай түсіндіреді:

  • Мына наубайшы Алла разылы үшін жарты нан бермеді, бірақ Шибили үшін жүз алтындық ас беруден тайынбады, – деді. Жамағат үнсіз, терең ойға батқан күйі:
  • Имам Шибили бізге ұмытылмас сабақ берді. Бәріміз бұдан ғибрат алуымыз керек, – деп сыбырлап қоя берді жиналған жұрт.[10]
  1. ІЗГІЛЕРДІҢ ҒИБРАТТЫ СӨЗДЕРІ:

Иса Пайғамбар (ғ.с.): «Ықылас дегеніміз – бір істі істегенде ешбір адамның мақтауын күтпей жасау», – деген.

Халифа Омар (р.а.): «Дін – ниеттің тазалығынан тұрады», – деген.

Халифа Али (р.а.): «Істің көптігіне емес, аз болса да ықыласпен істеуге көп көңіл бөлу керек», – деген.

Имам Ғазали: «Зат түрлі қоспалардан арылғанда ғана тазарады. Дәл сол секілді амалдар да шынайы болғанда ғана таза болады», – деген.

Фудайыл ибн Ияд: «Ел үшін күнәны істемеу – рия, жұрт үшін ғибадат жасау – ширк. Ал ықылас – Алла Тағаланың осы екеуінен сені сақтауы», – деген.

Имам Нәуәуи: «Кімде-кім жасаған жамандығын естіген кезде ренжитін болса және істеген жақсылықтарын естігенде де ренжісе, бұл оның ықыласының белгісі. Өйткені нәпсісінің ләззат алуы рияшылдық. Ал рия кейде көптеген күнәлардан да қатерлі. Ықыласты кісі ойында тек қана Алланың разылы болғандықтан игі істерінің жұртқа жария болуын да қаламайды», – деген.

  1. ҚҰЛШЫЛЫҚТАҒЫ ЫҚЫЛАСТЫҢ ОРНЫ:

Қандай амал жасалса да Алла Тағала оның қалай жасалғаны мен жақсы нәтижесіне емес, оның қандай ниетпен жасалғанына қарай сауабын береді. Хадистегі Алла Тағаланың: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»[11] деуі де соған саяды. Өйткені адам күні бойы аш жүргені сырт көзге ораза болып көрінуі мүмкін, бірақ оның жүрегіндегі ниеті Аллаға мәлім және оның ниетінің деңгейін Өзі өлшеп, қарымын Өзі ғана бере алады.

Намазымыз болсын, оразамыз болсын немесе зекет пен қажылығымыз болсын, Алла Тағала оның сыртқы бейнесіне ғана емес ішкі ниетіне аса назар аударады. Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай: «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды»[12].

Сондықтан Алла бір адамның істеген ісіне ғана қарап баға беруден бұрын, оның қандай ниетпен жасағанын біледі. Ал адам баласы іс-әрекетке қарап қана бағалай алады.  

Пайғамбарымызға ﷺ бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сондай бір адам болады, Алланың сауабынан үміт етіп, Ислам жолында соғысады, бір жағынан оны сол үшін мақтап, мадақтағанын қалайды» – деді. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Оған ешқандай сауап жоқ» – деді.

Ол кісі осы сұрағын үш рет қайталап сұрағанда да осылай жауап беріп, үшіншісінде былай деп қосты: «Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді»[13] деді.  

Тіпті өзіне қауіп-қатер төніп тұрған соғыс майданында жүрген адам  ниетінің нәпсі қалауына бұрылғаны үшін амалының зая кететінін ескерсек, күнделікті тіршілігіміздегі құлшылықтарымыздың ниетінің түзу болуы аса маңызды екенін осы хадистен байқаймыз.

Намазда қыблаға жүзін бұру бекітілген парыз. Дегенмен қыблаға қарауға кейбір себептермен қиындық туып, мүмкіндік болмаған жағдайда, мысалы ұшақта т.б. бұл құлшылық басқа тарапқа қарап та орындала береді. Бұл жерде маңызды болған нәрсе әрекеттен көрі ниеттің басымдылығын білдіреді.

Осыдан келіп шығатын мағынада, әрбір мұсылман бір игі іске шынайы ниет етсе, оны іске асыра алмаса да оған сауабы жазылатынын білеміз. Мысалы, «байлығым болса зекет берер едім» деген ниетпен өмір сүріп, сол күйінде байлыққа қолы жетпей өтсе де зекет бергеннің сауабына ие болады деген сөз. Ал керісінше, қолынан келіп тұрып тек ниетпен өмір сүру, бос қиял мен өзін-өзі алдау ғана. Мәселен, намаз оқу әрбір мұсылманның қолынан келетін іс. «Намаз оқысам деген ниетім бар, бірақ пәлен де түген толып жатқан кедергілер бар» деп сыныққа сылтау іздеу шынайы ниетке жатпайды.  

Әрбір ісіміз құмға сіңген судай пайдасы мен нәтижесін көріп, жемісін жей алмасақ, бар еңбегіміз зая болып, ақыреттің күнінде өкініште қалар қауіп бар. Бір амалды жасар алдын, оны не үшін, кім үшін жасайытынымызға көңіл бөлуіміз керек. Ниетіміз Алланың разылығы үшін болса, оның қайырымын бұл дүниеде ғана емес, ақыретімізде де көруге үміттенеміз. Пайғамбарымыз ﷺ: «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді»[14] деген.

Жақсы ойдың өзі қайырлы, ол да ниеттен туындайды. Алланың мейірімі мен рақымының кеңдігі сондай, жақсы ниетпен туындаған ойымызға да сауап жазады.

Иман мен ниеттің орны жүрек. Жүрегіміздің дұрыс болуы барша амалымыздың түзелуіне, амалымыздың түзелуі адамдығымыздың кемелденіп, Аллаға жақын шынайы құл болуымызға жетелейді. Алланың шынайы ниетті құлдары Өзі уәде еткен жәннатқа лайықты болады. Сондықтан мұсылман үшін ең құнды және баға жетпес байлығымыз болған иманымыз бен ықылас-ниетіміздің алтын сандығы – жүрегіміз дұрыс әрі таза болуы басты мәселе.  

  1. ЫҚЫЛАСҚА ҚАТЫСТЫ НАҚЫЛ СӨЗДЕР:

Жақсы ниет – жарым ырыс.

Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды.

Етпен қарын тоқ, ниетпен жаның тоқ.

Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме,

Ниетің қисық болса, ағайынға өкпелеме.

Шығысы жаман қамысты, су ішінен өрт шалар.

Пейілі жаман адамды, түйе үстінен ит қабар.

Су бермегенге сүт бер,

Ақ ниетіңді білсін.

  1. УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТ:
  • Шынайы жасаған ізгі амал қабыл болады.
  • Шын ықылас сансыз сауапқа, алғысқа кенелтеді.
  • Шынайы ықылас Алланың азабынан құтқарады.
  • Шынайы ықылас дұғаның қабыл болуына себеп.
  • Шынайы ықылас иманның ләззатын сездіреді.
  • Шынайы ықылас дүниеде де, ақыретте де, абыройлы етеді.
  • Шынайы ықылас барлық жаманшылық атаулыдан сақтайды.
  • Шынайы ықылас өмірдің, ризық-несібенің берекелі болуына себеп.
  1. ДҰҒА:

Зәйд ибн Арқамнан (р.а.) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз ﷺ намаздан кейін былайша дұға жасағандығын риуаят етеді:

اَللَّهُمَّ رَبَّنَا وَرَبَّ كُلَّ شَيْءٍ، اِجْعَلْنِي مُخْلَصًا لَكَ وَأهْلِي فِي كُلِّ سَاعَةٍ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، يا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ

«Уа, Раббымыз және барлық жаратылыстың Раббысы! Уа, жомарт Иесі болған Алла Тағала! Мені және жанұямның әрдайым, дүние және ақыретте ықыласты болуын нәсіп ет!»[15].

Уа, Жаратқан! Біздерді де ықыласты құлдарыңның қатарынан айырма. Әрбір амалымызды шынайы ықыласпен орындап, тағат-ғибадаттарымыздың, дұға-тілектеріміздің қабыл болуын нәсіп ет. Әмин!

 

 

 

[1] «Ниса» сүресі, 146-аят.

[2] «Зүмәр» сүресі, 2-аят.

[3] «Хижр» сүресі, 39,40,41,42-аяттар.

[4] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[5] Муслим хадистер жинағы.

[6] Нәсәи хадистер жинағы.

[7] Муслим хадистер жинағы.

[8] Бұхари және Муслим хадистер жинағы.

[9] Бұхари және Муслим хадистер жинағы.

[10] А.Әділбаев, Кемелдік кілті, Астана, 2011. 78-б.

[11] Бұхари, Муслим.

[12] Муслим хадистер жинағы.

[13] Нәсәи және Әбу Дәуд хадистер жинағы. 

[14] Дәйләмидің хадис жинағы.

[15] Әбу Дәуіт хадистер жинағы.

Комментарии (0)

Только авторизованные пользователи могут оставлять комментарии! Вход на сайт