Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚМДБ: ҮШІНШІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МЕКЕМЕСІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі www.muftyat.kz 11.09.2019 705 1 пікір

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қайырымдылық мекемесі ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, т.б. мүфтият қызметкерлері мен имамдар қатысты.

Шарада сөз алған Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

«Қайырымдылық мекемені ашудағы мақсатымыз – жеке тұлғаны имандылыққа, адамгершілікке, ұлттық салт-дәстүрге сай тәрбиелеу, баланың ғылымға, өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамыту, оларды патриотизмге баулу, тәрбиеленушінің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды зиянды әдеттерден (маскүнемдік, нашақорлық, зинақорлық, темекіге әуестік, ұрлық, т.б.) сақтандыру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, діни-ағарту жұмыстарын жүргізу, Ислам негіздерін үйрету, діни оқу орындарына талапкер дайындау, баланың өмірге және өзіне деген сенімін арттыру, елімізде отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік-рухани көмек көрсету, жетім балаларды әлеуметтік қолдау. Міне, мекеме осы бағытта жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, Бас мүфти сауапты істі қолған жандарға айрықша алғысын жеткізді.

Ашылу салтанатында ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов сөз сөйлеп, мүфтият өзінің сан-салалы қызметі аясында негізгі төрт бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін, соның бірі – қайырымдылық екенін атап өтті.

«Бұл мекеме қазақ балаларын оқытып, оларды отаншылдық, патриоттық, имандылық бағытта тәрбиелеуге сүбелі үлес қосады деген сенімдемін», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Осымен үшінші рет ашылған қайырымдылық мекемесі әлеуметтік, қайырымдылық, мәдениет, білім, қоғам игілігі үшін өзге де ізгі мақсаттарды жүзеге асырады. Айта кететін жайт, бұл – қайырымды адамдардың ерікті мүліктік жарналары негізінде құрылған коммерциялық емес ұйым.

Мекеме өз қызметінде ҚР Конституциясын, Азаматтық Кодексін, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Баланың құқығы туралы», «Білім туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңдарын, сонымен қатар аталған мекеме туралы Діни басқарманың шешімімен қабылданған Жарғыны басшылыққа алады. Айта кетсек, бұған дейін дәл осындай мекеме Маңғыстау, Алматы облысында ашылған болатын.

«Біз ең бірінші баланы адамгершілік пен толеранттылыққа тәрбиелеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулимыз. Мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге үйретеміз. Өйткені, жастайынан тәрбиеленген бала өскенде өзгеге өнеге көрсете алады. Адам баласы жастық шақта ақпаратты, білімді өзінің бойына тез сіңіріп алады. Бұл сәтті ата-аналар жіберіп алмауы керек. Дәрістер Діни басқарма бекіткен сабақ кестесі бойынша жүргізіледі. Бекітілген пәндерден бөлек балалар үшін мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылады. Қабылданған бала арасында әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен жетімдер де болды», – дейді ҚМДБ Уақып және қайырымдылық бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев.

Мекемеде жатын бөлмесі, кітапхана, дәрісхана, ұстаздар кабинеті бар.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Isa Musa | 13.09.2019 09:08

Алла разы болсын. Игі бастама. 

Соңғылар

Мұрағат