Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ақтөбе: «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі»

Гүлсамал Төрединқызы, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз хатшысы 09.09.2019 200 0 пікір

Ақтөбе облысының дін істері басқармасының ұйытқы болуымен, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында «Ашық есік күні» өткізілді. Осынау ауқымды іс-шара барысында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, Ақтөбе қаласы әкімдігі құрылымдық бөлімдерінің мамандары қабылдау жүргізді.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, тұрғын үй қатынастары бөлімі, жер қатынастары, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және т.б. басқармалардың өкілдері болды.

«Бос орындар жәрмеңкесіне» қаладағы әртүрлі саланы қамтитын 14 мекеменің өкілдері келіп, 67 жұмыс орнын ұсынып отыр. Негізінен, ер адамдарға жұмыс ұсынылуда. Жалпы, биыл 10 жәрмеңке өткізіліп, нәтижесінде 768 адам жұмысқа орналастырылды»,- дейді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы К.Ақтілеуова.

«Фотон» ЖШС өкілі Д.Жұмағұлованың айтуынша, мекеме сәуір айында ашылған екен. Сондықтан қаланың өндірістік аумағында орналасқан жаңа мекеме түрлі мамандықтар бойынша жұмысшылар қабылдауға дайын. Бұлар: ағаш шебері, автокраншы, газэлектр дәнекерлеушісі, инженерлер, операторлар мен слесарьлер, сантехник, түрлі жұмысшылар.

«Ақбұлақ» АҚ сынды танымал кәсіпорын: токарь, газэлектр дәнекерлеушісі, электрмонтері, экскаватор машинисі, тракторшы мен аспаптардың көрсеткіш есептерін тексерушілерді жұмысқа қабылдауға әзір. «Атамекен нан-2000» ЖШС жүргізуші, кондитер, экспедитор, диспетчер, жүк тиеуші, қамыр илеуші жұмыстарын ұсынады. Ал «Қызмет тобы» ЖШС өкілінің айтуынша, бүгінде мекемеде 20 шақты жұмыс орны бос тұр. Жихаз цехы 2 жихаз жасаушы мен 2 шәкіртті қабылдауға дайын.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Д.Смамутованың сөзіне қарағанда, мемлекеттік бағдарлама аясында, мысалы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Негізінен, кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын жасап, кәсібін бастауға көмектеседі.

«Облыс әкімі О.Оразалинның тапсырмасына сәйкес, тамыз айынан бастап Ақтөбе қаласында «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында бүгін «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты мен жерлестерімізге «Ашық есік күнін» ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз – ақтөбеліктердің әлеуметтік мәселелерін кеңінен қамту, өңірдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, жамағат арасында мемлекеттік органдарға деген сенімділікті күшейту»,- дейді Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы Ә.Тұралиев.

Осылайша, 6 қыркүйекте «Нұр Ғасыр» мешітінде қала әкімдігі құрылымдық бөлімдерінің мамандары өткізген «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде» жұмыссыз жүрген 15 жерлесімізге жолдама беріліп, еңбекке орналасу мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта осындай игілікті істер жақсы жалғасын тауып, оң нәтижесін береді деген үміттеміз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат