Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ақтөбе: Қайырымдылық қанат жайған Құрбан айт

 Гүлсамал АЙМАХАНОВА, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз хатшысы 19.08.2019 227 0 пікір

Елімізде қайырымдылық қанатын жайып, мейірімділіктің дәнегін сепкен қасиетті Құрбан айт мерекесі де бір демде өте шықты. Бірақ, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ресми сайтына Ақтөбе өңіріндегі мешіттерден келіп жатқан жағымды хабарлар легі толастар емес. Әлбетте, біз жақсы жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізгенше асығып, кейбір өнегелі іс-шараларды еске салып, көпке үлгі еткіміз келеді.

Құрбан айт өңірде 11 тамызда таңертеңгі сағат 7.00-де «Нұр Ғасыр» мешітіндегі айт намазымен басталды. Ақтөбеліктерді облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтап, халыққа ізгі тілегін арнады. Нұр-Сұлтан қаласынан келген наиб мүфти Бауыржан Есмахан жұртшылыққа ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізді және айт намазын жүргізіп, хұтпа оқыды.

Аллаға құлшылықпен басталған айт, ұлттық мейрамға ұласты. Мешіт ауласында оншақты киіз үй тігіліп, өңір басшысы көпшілікпен бірге мерекелік дастарханнан дәм татып, ұлттық ойындарды тамашалады. Жастар өзара күш сынастырып, жеңімпаздарға бағалы жүлделер табысталды.

Айт мерекесінде өңір басшысы «Нұр Мүбәрак» университетінің ақылы бөлімінде оқитын 5 студентке облыс әкімінің грант сертификатын салтанатты түрде табыс етті. Өкіл имам Төлеби қажы Оспан «Нұр Ғасыр» мешіті атынан 4 балалы жалғызбасты ана Қарлығаш Тапалованың мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуы үшін алғашқы жарнасына 300 000 теңге қаражат берді.

Қайырымдылық шеруі Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес, «Мектепке жол» республикалық акциясымен жалғасып, шараға наиб мүфти қатысты. 100 балаға оқу құрал-жабдықтарымен мектеп сөмкелері және әрқайсысына 5000 теңгеден тарту етілді. Бұл шараға «Нұр Ғасыр» мешітінен 1 200 000 теңге бөлінді.

Сонымен қатар қалалық орталық мешітінде де 100 балаға мектеп сөмкелері, оқу құралдары сыйланды. «Алтын алқа иегері» атанған аналарға құрмет көрсетіліп, қаржылай көмек берілді. Ал «Қабақ баба» мешітінің Жастар секторы қаладағы 50 мұқтаж отбасы мен көпбалалы аналарға 8000 мың теңге көлемінде азық-түлік қоржындарын таратты.

Шалғайдағы Шалқар жұрты айтты ерекше тойлап, стадионда «қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, аударыспақ» сынды ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өтті. Жүлде қорындағы 220 000 теңгеге сыйлықтар алынып, қаржылай 120 000 теңге бөлінді. Жеңімпаздарға «Алғыс хаттары» мен «Дипломдар» табысталды. Балаларға - 650 балмұздақ, 200 дана шырын, ал ересектерге - 60 литр қымыз, 60 литр лимонад ұсынылды. 10 такси мен автобус халықты тегін тасымалдады.

Сондай-ақ, ауданның Айшуақ ауылында «Бегімбет» мешітінің ұйытқы болуымен киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

«Мектепке жол» акциясы бойынша Мұғалжар ауданының Ембі қалалық мешітінде балаларға оқу құралдарымен мектеп сөмкелерін, аяқ киім тарту етті. Ал Хромтау аудандық мешітінде 40 балаға қуаныш сыйлады.

Қобда аудандық мешітінде «Бабадан қалған байлығым» атты бата беру, құран оқу сайысында үздік шыққан ақсақалдарға «Алғыс хаттары» мен сыйлықтар берілді.

Сөйтіп, «Нұр Ғасыр» бастаған Ақтөбе жамағаты ұлық айтты кеңінен тойлап, жарқын мерекеге айналдырды. Айт күндері 2 434 мұқтаж отбасыға 12 373 келі құрбан еті таратылды. Бұған қалалық әкімдік пен Ақтөбе медресе-колледжі де сүбелі үлес қосты.

Сөз соңында Құрбан айт қайырымдылығына атсалысқан баршаға алғыс айтамыз. Ақпараттық қолдау көрсеткен: республикалық «Хабар» арнасы, облыстық «Aqtobe» және «РИКА Тв» телеарналары, «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», «Диапазон» газеттері, түрлі жергілікті басылым ұжымдарына ризалығымыз шексіз. Ел-жұртымызды ынтымаққа үндеп, жақсылыққа шақырған айттан айтқа есен-сау жетейік!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат