Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Атырау: Құрбан айт мерекесінің құрметіне орталық мешітте спорттық жарыс өтті

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне Атыраудың бас мешітінде ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыс өтті.

Бұқаралық сипаттағы жарысқа мешіттің ерлер жамағаты асқан белсенділікпен қатысты. Сайыс шымылдығын ашқан орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев ұлық мереке құрметіне ұйымдастырылып отырған спорттық бәсекенің маңызына тоқталып өтті.

"Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла Тағала әрқайсымызға көркем бейнемен бірге, денсаулықты нәсіп етті. Адам баласы рухани саулықпен бірге, тәннің саулығын да сақтай білуі керек. Біздің мақсатымыз салауатты өмір салтын насихаттай отырып, мұсылман бауырлардың бірлігін арттыру",- деп атап өтті сайыстың ашылу салтанатында ұстаз Мұрат Мұстафаев.

Спорттық бәсеке ұлттық ойындардың үш түрі бойынша ұйымдастырылды. Яғни, қой көтеру, кір тасын көтеру және қазақша күрес. 

Қой көтеру сайысында Марат Оразғаниев бірінші орынды иеленді. Қой малын бір демде 83 мәрте көтерген ол жиналған жамағатты тәнті етті. 

Кір тасын көтеруде бірінші орын Бақтыбек Бектиминовке бұйырды.  24 килограмм болатын кір тасын Бақтыбек 85 мәрте көтеріп шықты. Нұрлыбек Қалидолла тасты 80 мәрте көтеріп, екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орын Алпамыс Айтмұxановқа бұйырды. Ол кір тасын бір демде 56 мәрте көтеріп шықты. 

Қазақша күрес бәсекесі де өте тартысты өтті. Барша жамағат асқан белсенділік танытқан күрес сайысында Ибрагим Гусейнов топ жарып, бас жүлдені иеленді. 

Дастан Байсымақов пен Мұрат Әбуталиев екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат