Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

МҮФТИЯТ: ДҰҒАЛАР ҚОСЫМШАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

www.muftyat.kz 31.05.2019 2501 0 пікір

Құрметті оқырман, бүгінгі түндердің сұлтаны болған Қадір түніндегі тілеген дұғаның қабыл болатыны мәлім. Осы орайда ҚМДБ-ның ресми www.muftyat.kz сайтының әзірлеуімен қазақ және орыс тілдерінде жасалған «АЛДАСПАН ДҰҒАЛАР» атты мобильдік қосымшаның іске қосылғандығын жеткіземіз.

Бұл қосымшада күнделікті дұғалармен қатар, Құрандағы дұғалар, Пайғамбарлар дұғасы, нәпіл намаздар, көз тиюден сақтайтын дұғалар, дұға жасаудың әдебі, шарттары, қабыл болатын сәттер және тағы басқа ақпараттар қамтылған.

Дұға – Алла мен құл арасындағы байланыс. Басқа сөзбен айтқанда, құл дұға арқылы ғана Жаратқанға өз ойын жеткізе алады. Кез келген пенде шамасы келмейтін барлық ауыртпалықтың емін құдіреті шексіз Ұлы Жаратушыдан сұрайды, тілейді. Бұл тілектің атауы – дұға. Ол – құлдан Жаратушыға қарай көтерілген тылсым сыр.

Өмірді дұғасыз өткізу мүмкін емес. ғұмырымыз бастан-аяқ дұғадан тұрады. Дұға – Алла Тағала мен құл арасындағы қатынастың түйіскен жері. Дұға бір жағынан ғибадат, екінші жағынан, мүмкіндік әлемі мен метафизикалық (ғайып) әлемді біріктірген, адамды бірте-бірте Хаққа көтеретін нұрлы саты.

Дұға сондай-ақ, пәлекеттің бетін қайтарушы, алдын алушы. Рақымдылық пен разылықты шақырып, азап пен пәлекетті қуатын әсерлі құлшылық. Көбінесе пенденің мүмкіндігі түгесілген сәтте дұға басталады. Пенде Жаратушысының есігін дұғамен қағып, сол есіктен дұға арқылы тілдеседі. Рақымдылықты нөсердей өзіне тартатын да – дұға.

Алла Тағала да:

«Дұғаларың болмаса, қандай қадір-қасиеттерің бар?» дейді («Фурқан» сүресі, 77 –аят).

Біз барлық қажеттіліктерімізді Раббымыздан тілейміз. Алайда, кейде не сұрауды, қалай сұрауды біле бермейміз. Тілеп жатып та, Ұлы Жаратушыға әдепсіздік танытып қоямыз. Оның қалауын емес, өзіміздің қалауымызды көздейміз. Тілегіміздің дереу орындалуын қалаймыз. Орындалмаған тілекті  қабыл болмады деп мұңаямыз. Мұның бәрі дұғаның өзіне тән әдептілігіне жат. Мұндай ниетпен жасалған дұғалар Алла Тағала мен құл арасындағы байланысқа жатпайды. Оның әдісі мен әдептілігіне бағыну – дұғаның қабыл болуының ең негізгі шарттары.

Міне, осы және басқа да дұға жасауға қатысты жан-жақты мағлұматқа кенелгіңіз келсе «АЛДАСПАН ДҰҒАЛАР» қосымшасы өздеріңізге көмекке келмек.

Қосымшаны төмендегі сілтемелер бойынша өтіп, өзіңіздің ұялы телефоныңызға жүктеп алып, кез келген уақытта пайдалануыңызға болады.

Android жүйесінде:

https://play.google.com/store/apps/details?id=com.suradua&showAllReviews=true

iOS жүйесінде:

https://itunes.apple.com/us/app/%D0%B0%D0%BB%D0%B4%D0%B0%D1%81%D0%BF%D0%B0%D0%BD-%D0%B4%D2%B1%D2%93%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80/id1447623523?l=ru&ls=1&mt=8

 

Алла Тағалаға жайылған қолымызды бос қайтаруынан сақтасын! Тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат