Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Зекет – әлеуметтік тепе-теңдік кепілі

15.08.2019 2980 0 пікір

Өзара бауырмалдық пен жанашырлыққа, адамгершілік пен гуманизмге негізделген салауатты қоғам құруды мақсат ететін Ислам дінінде әр мұсылманға бес парыздың жүктелетіні белгілі. Парыз дегеніміз, бұлтартпас дәлелдермен әмір етілген діни іс-әрекеттер мен міндеттер. Парыз деп бекітілген істерді қандай да бір себеппен орындамау адамды жауапкершіліктен босатпайды. Осы себепті зекет туралы сөз қозғағанда, оның парыздығын жете түсіну маңызды. Дегенмен зекет беру кімдерге парыз деген мәселеге келсек, мұсылман болуы, нисап (85 гр. алтын) көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу, зекеті берілетін байлықтың өсімділігі, зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы, қарыз болмауы, зекеті берілетін байлыққа толық ие болу сынды талаптары барын көреміз.

Зекет беру парыз болғандықтан, Абай атамыз да өзінің өлеңінде «Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс...» деп келтіреді. Абай хәкімнің түсінуінше, жақсы мұсылман болу бес парызды бір-бірінен бөле-жармай тегіс ұстанумен байланысты.

Дәулетті мұсылмандардың жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруінің астарында үлкен мән жатыр. Тарқатып айтар болсақ, ол қоғамға қарасуға, қайырымдылық жасауға, жанашырлыққа жатады. Берілген зекеттер сол қоғамдағы мұқтаж жандарға, басқа да игілікті істерге жаратылатындықтан, бұл сол қоғамның қайырымды бола түсуіне жол ашады. Аристотельден кейін «екінші ұстаз» атанған, ұлы ғалым-энциклопедист, философ, астроном, математик және медик Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде қайырымды қала қалыптастыратын тұрғындарды беске бөледі: ең құрметті адамдар, шешендер, өлшеушілер, жауынгерлер және байлар. Ойшыл байлар қатарына қалада байлық табатындар, егіншілер, мал өсірушілер мен қол өнершілерді жатқызады. Ойшылдың қайырымды қала қалыптастыруда байларды атауы тегін емес.

Ислам діні адамды ақ, адал еңбегімен дәулетті болуға шақырады. «Әлсіз мұсылманға қарағанда Алла әлді мұсылманды анағұрлым көбірек жақсы көреді» деген хадистен де бұны байқауға болады. Өйткені мұсылманның түсінігінде  дәулетті болу көп жақсылық жасауға мүмкіндік береді. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз ﷺ да дәулеттілердің арасында байлығын қайырымдылық жолда көп жұмсайтындардың аз екендігіне қынжылған. Мына бір оқиғадан осыны аңғарамыз.

Әйгілі сахаба Әбу Зәрр Пайғамбарымызбен  ﷺ бірге мынадай бір оқиғаға куә болғанын әңгімелеген: Бірде біз Пайғамбармен ﷺ бірге Мәдинаның тастақты тұсынан өтіп бара жатқанбыз, ол Ухудқа қарап тұрып: «Әй, Әбу Зәрр!» - деді. «Мұндамын, Алланың елшісі!» - дедім. Сонда ол: «Мына жағдайда ғана Ухуд тауының көлеміндей алтынның иесі болу мені қуантар еді, егер ертеңіне дейін оның тек қарыздарымды өтеуге қалатындай мөлшерін қалдырсам, ал қалғанын осылай, осылай таратсам», - деп мүбәрак қолдарын оңға, солға және артына сілтеп көрсетті. Біраз жол жүргеннен соң Пайғамбар ﷺ: «Расында, ақырет күні байлардың дүниесін осылай, осылай таратпағандарынан басқаларының бәрі кедей болып шығады», - деп тағы да қолдарын оңға, солға және артына сермеп көрсетті де: «Алайда ондайлар аз болады» - деді, қамығып. Расулалланың түсіндіруі бойынша, байлығын оңды- солды садақа етіп тарата алатын жомарт мұсылмандар өкінішке қарай аз болады. Хадистерге қарасақ, дәулетін қайыр-садақадан аямайтын жомарт адамға қызығуға да болатындығын аңғарамыз. «Алла Тағала маған да сондай байлық нәсіп етсе, қайыр, садақа, зекетімді беріп, осылай жұмсар едім» деп ниеттеніп, іштей сауап алуға болады. Құранда жомарттық пен қайырымдылық жасаудың маңызы туралы сөз етілгенде парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз. Мәселен, «Бақара» сүресінің 3-аятында:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ

 «Олар ғайыпқа иман келтіріп, намазды толық орындап, өздеріне берген рызығымыздан жұмсайды»[1] делінген.

Аяттағы «рызығымыздан жұмсайды» деген сөз – Алланың берген ризығын – Алланың разылығы үшін жұмсауды бұйырып тұрғанын аңғартады. Яғни, Алланың берген рызығы арқылы Аллаға жақындау үшін мал-мүлік сарып ету керектігі білдірілген.

Кәріпке қайыр берсеңіз,

Ақыреттің дәулеті

Қараңғы емес, жарық-ты! (Дулат Бабатайұлы).

«Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қазақ халқы да қайырымдылықты жоғары бағалап, әсіресе дәулетті жандардың сараңдығын сынаған. «Қайырсыз адам - сараң, Құм ішінде шөлмен тең. Қайыры мол адам - Суаты шалқар көлмен тең», «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» деп мақалдарына қосқан. Қазақтың ақын-жыраулары да байлардың қоғамдағы жағдайы нашарларға көмек беруін, жанашырлық жасап, қарасуын өлеңдеріне арқау еткен.

Дулат Бабатайұлы:

«Қайырсыз байдан пайда жоқ.

Нашарға жәрдем бермесе.

Кем - кетікті көрмесе,

Көн болып қатса сіреуі,

Екіге сатса біреуі,

Несиенің өсімі,

Мөлшерлі жоқ кесімі,

Үзбей құйса, толмаса» дейді.

Ақын тағы бір өлеңінде:

Қайырымы жоқ, сорлы байлар  ай,

Тәңірі алдына барғанда

Табылар сонда мініңіз  деп, Жаратушының алдына барғанда байлар үшін қайыр жасамаудың үлкен мін болатынын білдірген.

«Зекет кімдерге беріледі?» десек, ол туралы Құранда аят бар. Алла Тағала Құран Кәрімде малының қырықта бірін зекет ретінде қайда жұмсалуы керектігін айтып өткен:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ 

 «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)»[2].

Демек олар сегіз түрлі болады: Кедей-кепшіктер. Міскіндер. Зекет жинауға көмектесушілер. Дінге жаңадан кірушілер. Өз бостандығы үшін жүрген құлдар. Қарызға батқандар. Алла жолында жүргендер. Пақыр жолаушылар.

Зекет беру, Алла жолына қайыр садақа жұмсау, қоғамдағы мұқтаж жандарға қарасу адамның шынайы мұсылмандығын, жомарттығын әрі дүниеге тым құмартпағандығын білдіреді. Өйткені «Пенденің көзі жалғанда» демекші, дүние тіршілігіндегі үлкен сынақтың бірі - дүниеқұмарлық. Мұсылмандар әрдайым бұл дүниенің сынақ, сәл күндік алданыш екенін қаперде ұстайды. Бұл шындық Құран Кәрімде былай бейнеленген:

اعْلَمُوا أَنَّمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزِينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِي الْأَمْوَالِ وَالْأَوْلَادِ ۖ كَمَثَلِ غَيْثٍ أَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهِيجُ فَتَرَاهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَامًا ۖ وَفِي الْآخِرَةِ عَذَابٌ شَدِيدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِّنَ اللَّهِ وَرِضْوَانٌ ۚ وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ

«Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Ал ақыретте (кәпірлер үшін) қатты азап, (мүминдар үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес»[3].

Алланың елшісі ﷺ екі дүниенің парқын мынадай бір мысалмен түсіндірді:

مَا الدُّنْيَا فِي الآخِرَةِ إِلاَّ مِثْلَ مَا يَجْعَلُ أَحَدُكُمْ أُصْبُعَهُ فِي الْيَمِّ فَلْيَنْظُرْ بِمَ يَرْجِعُ؟

«Бұл дүние мен мәңгілік дүниенің айырмашылығын білу үшін, араларыңнан біреуің саусағын теңізге салсын да, одан не ілгеніне қарасын».[4]

Бір жолы Расулаллаға ﷺ бір кісі келіп:

Сахл ибн Саъд ас-Саъди (р.а.) Расулалланың ﷺ былай деп айтқанын жеткізді:

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْد السَّاعديِّ ، رضي اللَّه عنه ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : « لَوْ كَانَت الدُّنْيَا تَعْدِلُ عِنْدَ اللَّهِ جَنَاحَ بَعُوضَةٍ ، مَا سَقَى كَافراً مِنْهَا شَرْبَةَ مَاءٍ »

«Егер бұл дүниенің Алла Тағала үшін масаның қанатындай маңызы болса, онда Ол имансызға бір жұтым су да татырмас еді!»[5].

Қазақ халқы да өзінің танымында дүниеге жалған деп қарап, оның жалғандығын түрлі атаулармен айшықтаған. Атап айтқанда, алдамшы дүние, жалған дүние, ғапыл дүние, арман дүние, сағым дүние, бекер дүние, сарсаң дүние, өткінші дүние, опасыз дүние, белгісіз дүние, шолақ дүние, баянсыз дүние, сынап дүние, ит дүние, боқ дүние, елес дүние, бес күндік дүние, әуре дүние, ұшпа дүние, мұнар дүние, қонақ дүние, тар дүние, қу дүние, сұм дүние, т.б.

Қазақтың мызғымас дәстүрлері де әрдайым жығылғанды көтеріп, сүрінгенді демеуге, өзара жанашырлыққа негізделген. «Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс – аяқ, киім – кешек, көрпе – төсек апарып, қол ұшын созған» («Дін мен Дәстүр»).

Мұсылманның түсінігінде бұл өмір ақыретке дайындық жасау үшін берілген. Адам ақыретке өзімен дүниесін ала бармайды, тек жақсылықты істердегі сауаптарын ғана өзімен ала барады.

Зекет беру үлкен сауапты іс болса, зекетін бермеу ақыретте азапқа себеп болады. Әбу Һурайра, Пайғамбарымыздың ﷺ былай деп айтқанын риуаят етеді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ آتَاهُ اللَّهُ مَالًا فَلَمْ يُؤَدِّ زَكَاتَهُ مُثِّلَ لَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ شُجَاعًا أَقْرَعَ لَهُ زَبِيبَتَانِ يُطَوِّقُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثُمَّ يَأْخُذُ بِلِهْزِمَتَيْهِ يَعْنِي شِدْقَيْهِ ثُمَّ يَقُولُ أَنَا مَالُك أَنَا كَنْزُك ثُمَّ تَلَا هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿وَلَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَبْخَلُونَ بِمَا آتَاهُمْ اللَّهُ مِنْ فَضْلِهِ هُوَ خَيْرًا لَهُمْ بَلْ هُوَ شَرٌّ لَهُمْ سَيُطَوَّقُونَ مَا بَخِلُوا بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ﴾ «. رَوَاهُ البُخَارِيُّ

 «Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», – дейді. Сосын Пайғамбарымыз  ﷺ мына аятты оқыды: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады»[6].

Бүгінде "Зекетімді қайда берсем болады?» деген ізгі мұсылмандар үшін елімізде зекет ғибадатын толыққанды әрі жүйелі орындауына жағдай жасалған. Айтпағымыз, ҚМДБ құрған Зекет Қоры туралы. Қор өз қызметін ашық жүргізіп, жыл сайын халыққа есеп беріп, ақпарат құралдарында жариялап келеді. Зекет қоры арқылы, жеке тұлғалар үшін де, қоғам үшін де, мемлекет үшін де бірталай мәселенің түйінін шешу мақсат етілген. Қор құрылымында арнайы ревизиялық комиссия мен қамқорлар кеңесі де жұмыс істейді. Оның құрамына халыққа беделді ірі тұлғалармен қатар, өздері де зекет пен садақаларын аударып отыратын кәсіпкерлер де кіріп, Қор қызметін қадағалап отырады. Қордан еліміздің түкпір-түкпіріндегі жағдайы нашар болып қиналып жүрген жетім-жесірлерге жүйелі түрде көмек көрсетіледі. Дін саласында  білікті мамандар даярлауға, арнайы білім ошақтарын ашуға, барлық мешіттерді сапалы, білімді имамдармен қамтамасыз етуге жол ашылады. Ислам дінін ел ішінде кең насихаттау тұрғысында сапалы діни ақпарат, оқу құралдары, кітаптар мен өзге де аудио-видео материалдар дайындауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, дәстүрлі дінімізді ұлықтай түсу үшін де зекеттің маңызы өте зор.

Бүгінде халықтың имандылыққа бетбұрысы қарқынды. Ел ішінде Алла разылығын бәрінен жоғары қоя білетін тақуа, адал табысынан мұқтаждарға бөліп беріп, елдің ықыласына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Қазақ «Қол ашықтың жолы ашық» дейді. Қайырымды жандарды халық әрдайым ерекше сыйлап, қайырымды істерін өзгелерге үлгі етіп келген. Ендеше, дәстүрлі дініміздің бес парыздың бірі – зекетті өз талаптарына сай беру арқылы қоғамда ізгіліктің молаюына қызмет етейік, жетімдер мен жесірлерге көмек беріп, көңілі жабырқау жандарға қуаныш сыйлайық.

Шын мәнінде, садақа берумен дүниеміздің кеміп қалмайтындығын әрбіріміз білуге тиіспіз. Денің сау, басың аман кезде берген садақаң сені алда басыңа төніп тұрған түрлі пәлекеттер мен кесапаттардан, әртүрлі қауіп-қатерлерден, ауру-сырқаудан, жамандықтардан мал-жаныңды, дүние-мүлкіңді сақтандырады десек артық айтқандық емес. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: 

   حَصِّنُوا أَمْوَالَكُمْ بِالزَّكَاةِ ، وَدَاوَوْا مَرْضَاكُمْ بِالصَّدَقَةِ ، وَأَعِدُّوا لِلْبَلاءِ الدُّعَاءَ

«Малдарыңды зекетпен қорғаңдар, ауру – сырқаттарыңды садақа беріп емдеңдер, бастарыңа келген бәлекеттер үшін Алла Тағалаға жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңдар»[7].

Зекеттің пайдалары мен хикметтері:

  1. Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындал, тыйған тыйымдарынан қашық болған құлдарына ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің мархаметіне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен. Алла Тағала Құранда: «Олардың малдарын көбейтіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал».[8]
  2. Жалпы адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттардан арылтады.
  3. Байлығының бір бөлігін тек қана Алла ризашылығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болған мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, Отанын ойлайтын азаматқа айнады.
  4. 3екет – қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартыл, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бай кедейлерге мейірімділікпен қарап, байлығының белгілі-бір бөлігін оларға тегін бергендіктен, кедей де оларға құрметпен қарап, олардың байлығы мен дүние-мүліктеріне сұқ көзбен карап, қызғаныш қастандық ойламайды. Осылайша қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді.
  5. 3екет – қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.
  6. 3екет – капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз ﷺ «Зекет – Исламның көпірі» - деп өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат еткен. Өйткені зекет – бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат.
  7. Зекет Ғибадаты – Алла Тағаланың берген байлық нығметіне шүкір болып саналады. Зекет беруші мұсылман әрқашан қолындағы байлықтың Алла Тағала тарапынан берілген жақсылық екенін түсініп, өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығметтен мақрұм екенін түсінеді.
  8. 3екет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтап, байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз ﷺ: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін пәлелерге тілейтін дұғаларыңмен дайындалыңдар» - деп түсіндіреді.
  9. Зекет - қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-сулау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет қояды. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті деп табылатын аса қажеттері зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз көріністер өздігінен тоқтайды.
  10. Шайтан адамды «зекет берсең, аш-жалаңаш, кедей болып қаласың» - деп қорқытып, азғырады. Шындығында зекет малдың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп. Құранда бұл шындық былай баяндалады:

           الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَيَأْمُرُكُمْ بِالْفَحْشَاءِ ۖ وَاللَّهُ يَعِدُكُمْ مَغْفِرَةً مِنْهُ وَفَضْلًا ۗ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла Тағалла сендерғе өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші»[9]

Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде берілген садақаның байлықты азайтпайтынын айтады: «Садақа малдан ештеңе азайтпайды»[10].

Зекет берген адамның жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат кұшағына кіргендей күй кешіп, өмірдің қысымынан, дүние-мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылтады. Зекет мұсылмандарды жалқаулыққа, масылдыққа, жатып ішерлікке тәрбиелеп дағдыландырмайды. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ: «Берген қол – алған қолдан қайырлы» - деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады.

 

 

 

 

[1] Бақара сүресі 3-аят.

[2] Тәубе, 60

[3] Хадид сүресі, 20-аят

[4] Муслим хадистер жинағы

[5] Тирмизи хадистер жинағы

[6] Әли Имран сүресі 180-аят.

[7] Табарани хадистер жинағы

[8] Маида сүресі, 103 аят.

[9] Бақара сүресі, 268-аят

[10] Муслим, Бирр, 69

Зекет – әлеуметтік тепе-теңдік кепілі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру