Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Кәсіптегі адалдық

02.07.2019 4018 0 пікір

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің жаратушысы және ризықтандырушы Алла Тағалаға болсын! Және оның елшісі Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты болғай!

Алла Тағала ақырет күнін сауап және жаза үшін, ал дүниені тіршілік пен амал үшін қылды. Демек, адам баласына ақыреттегі бақытқа жетуі үшін мына өмір тіршілігіне бір сәт мән беруі міндет. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 وَجَعَلْنَا النَّهَارَ مَعَاشًا      

«Күндізді тіршілікке  арнадық»[1] дейді.

Тағы бір аятта:

 وَلَقَد مَكَّنّاكُم فِي الأَرضِ وَجَعَلنا لَكُم فيها مَعايِشَ قَليلًا ما تَشكُرونَ      

«Расында сендерді жер жүзіне орналастырып, тұрмыс қажеттеріңді де сонда қойдық. (Алланың осындай нығметтеріне) шүкіршілік етулерің аз»,[2]деп ескертсе, енді бір аятта былай бұйырады:

فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِن فَضْلِ اللَّـهِ 

«Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мархаметінен несібе іздеңдер».[3]

Алла Тағала бұл аяттарында мына өмірде тіршілік жасау керектігін және оның уақытын атап көрсетеді. Жаратушы иеміз әр адам баласына анасының құрсағында жатқанда ризық-несібесін жазып қойған. Және сол несібеге жету жолын адам баласының өз еркіне, тіршілігіне қалдырып, тамағымызды тек адал жолмен табуымызды әмір етті. Яғни, біз тағдырға жазылған ризығымызға белгілі бір кәсіппен жетеміз. Ал, сол кәсіп жолын не халал не харам етіп таңдау еркіміз бар. Харам жолмен жүрген адамға ақыретте ауыр азап, халал жолмен жеткен адамға мол сауап беріледі.

Жаратушы Иеміз  адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, содан соң сол иманның аясында игілікті амал істеуге шақырады. Сол игі амалдың бірі, адал еңбекпен несібесін табу. Бұл пайғамбарлардың жолы. Адал еңбек етудің артықшылығын Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) көптеген хадистерінде айрықша атап өткен. Тіпті, табан ақы, маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған. Бұл жайында мына хадисінде былай дейді:

مَرَّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلٌ، فَرَأَى أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ جَلَدِهِ وَنَشَاطِهِ، فَقَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَوْ كَانَ هَذَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنْ كَانَ خَرَجَ يَسْعَى عَلَى وَلَدِهِ صِغَارًا فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَإِنْ كَانَ خَرَجَ يَسْعَى عَلَى أَبَوَيْنِ شَيْخَيْنِ كَبِيرَيْنِ فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَإِنْ كَانَ يَسْعَى عَلَى نَفْسِهِ يُعِفُّهَا فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَإِنْ كَانَ خَرَجَ رِيَاءً وَمُفَاخَرَةً فَهُوَ فِي سَبِيلِ الشَّيْطَانِ».

«Бірде Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның бойындағы қайрат-жігерін байқаған Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла  жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол – Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, рияшылдықпен, мақтану мақсатында шықса – шайтанның жолында»[4], − деп жауап береді. Және бір хадисінде Алланың пайғамбары Дәуітте (Алланың оған сәлемі болсын) өз еңбегімен тамақ тауып жегені жайлы былай дейді:

 عَنِ الْمِقْدَادِ بْنِ مَعْدِ يَكْرَبَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:«مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَامًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ أَنْ يَأْكُلَ مِنْ عَمَلِ يَدَيْهِ وَإِنَّ نَبِيَّ اللهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلاَمُ كَانَ يَأْكُلُ مِنْ عَمَلِ يَدَيْه

«Миқдад ибн Мағды Якрабтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан жақсы тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуітте (Алланың оған сәлемі болсын) қол еңбегімен тамақ тауып жеген»[5], – дейді. Әсілі, әзіреті Дәуіт әрі пайғамбар әрі ел билеген патша еді. Бұл жайында Имам Құртуби әзіреті Дәуіт пайғамбардың теміршілік кәсіпті игеруіне мына оқиғаның себеп болғанын айтады:

«Әзіреті Дәуіт пайғамбардың қарапайым киім киіп, көшеге шығып, жұртшылықтан: «Дәуітті қандай адам деп ойлайсыз?» деп сұрайтын әдеті бар еді. Бірде Жәбірейіл періште жас жігіттің бейнесіне еніп, онымен бетпе-бет ұшырасады. Әзіреті Дәуіт:

– Әй, жігітім! Дәуіт туралы қандай пікір айтасың? – деп сұрайды. Жәбірейіл періште:

– Дәуіт ізгі адам. Дегенмен, оның бір кемшілігі бар, – деп жауап қатады. Әзіреті Дәуіт жалма-жан:

– Ол қандай кемшілік еді? – деп сұрағанында жігіт кейпіне енген Жәбірейіл періште:

– Дәуіт күн-көрісін мемлекет қазынасынан айырады. Әсілі, егерде өз бейнетімен табыс тапқанда пенделердің ең ізгісі болар еді , – дейді.

Осыны естіген әзіреті Дәуіт үйіне қайтып, Аллаға: «Уа Жаратушы Ием! Мені мемлекеттің қазынасына масыл етпейтін, өз ішіп-жемімді өзім табатын кәсіп үйрете көр!» – деп жалбарынады. Жаббар Хақ елшісінің сұрағанын қабыл алып, әзіреті Дәуітке сауыт жасауды үйретеді. Сөйтіп, әзіреті Дәуіт темірді қолмен иіп, одан сауыт жасайтын темірші ұстаға айналады. Жаратушы иеміз Құран Кәрімде ол жайында былай дейді:

وَلَقَدْ آتَيْنَا دَأوُدَ مِنَّا فَضْلاً يَا جِبَالُ أَوِّبِي مَعَهُ وَالطَّيْرَ وَأَلَنَّا لَهُ الْحَدِيدَ * أَنِ اعْمَلْ سَابِغَاتٍ وَقَدِّرْ فِي السَّرْدِ وَاعْمَلُوا صَالِحاً إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ

«Біз Расында Дәуітке (оған Алланың сәлемі болсын) өз жанымыздан ізгілік бердік (пайғамбарлық, Зәбур кітабы, таулар мен құстардың бағынуы, темірді жұмсарту, сауыт жасау секілді) Оң іс істеңдер. Әрине не істегендеріңді толық көрушімін».[6]

Пайғамбарлардың көпшілігі күн-көріс үшін белгілі бір мамандықтың иелері болған. Айталық, алғашқы тіршілік иесі әрі пайғамбар әзіреті Адам – диқаншы, әзіреті Нұх – ағаш шебері, әзіреті Ыдырыс – тігінші, әзіреті Ибрахим – маташы, әзіреті Дәуіт – темірші, әзіреті Сүлеймен – себет тоқушы, әзіреті Зәкария – ағаштан түйін түйген ұста, әзіреті Иса – дәрігер, әзіреті Худ пен әзіреті Салих – саудагер, әзіреті Әюб – бағбан, әзіреті Мұса мен әзіреті Шұғайып қой баққан шопан болған. Яғни, Алла Елшілері азығын адал еңбегімен тауып, отбасыларын өздері асырап баққан. Ешкімге салмақ салмаған. Себебі, Алла Тағала әр адамның ризық-несібесіне өзінің кәсібі арқылы жететін етіп қойған. Мына аятында ол жайлы былай дейді:

وَلَوْ بَسَطَ اللَّهُ الرِّزْقَ لِعِبَادِهِ لَبَغَوْا فِي الْأَرْضِ وَلَٰكِن يُنَزِّلُ بِقَدَرٍ مَّا يَشَاءُ ۚ إِنَّهُ بِعِبَادِهِ خَبِيرٌ بَصِيرٌ

«Егер Алла құлдарына несібені кеңітіп жіберсе, әлбетте жер жүзінде бүліншілік шығарады. Бірақ қалаған мөлшерде несібе береді. Өйткені Ол, құлдарынан толық хабар алушы, көруші».[7]

Шақиқ бин Ибраһим бұл аятты былай деп түсіндіреді: «Егер  Алла Тағала пенделеріне кәсіпсіз ризығын берсе, оларды кәсіптен, тіршіліктен босатса әлбетте адам баласы азатын еді. Жер бетін бүлік басатын еді. Сондықтан Алла Тағала оларды кәсіппен, тіршілікпен шұғылдандырып қойған».

Осы нәрселерге мән бере қарасақ, адам баласының екі дүниедегі бақыты еңбегіне байлаулы. Сондықтан да атам қазақ: «Еңбек пен бақыт егіз» деген сөзді бекер айтпаса керек.

Ал, Жаратушымыздың бізден талап еткені – адал кәсіп, адал еңбекпен халал нәпақа табу – әрбір мұсылман үшін міндетті іс. Алла Тағала иман келтірген пенделеріне былай бұйырады:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُواْ مِمَّا فِي الأَرْضِ حَلاَلاً طَيِّبًا وَلاَ تَتَّبِعُواْ خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُّبِينٌ              

«Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан».[8]

Басқа бір аятта:

وَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللهُ حَلاَلاً طَيِّبًا وَاتَّقُواْ اللهَ الَّذِيَ أَنتُم بِهِ مُؤْمِنُونَ

«Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар».[9]

Енді бір аятта:

هُوَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ ذَلُولاً فَامْشُوا فِي مَنَاكِبِهَا وَكُلُوا مِن رِّزْقِهِ

«Ол сондай Алла, сендер үшін жерді көнбіс қылып жаратты. Ендеше оның айналасында жүріңдер. Сондай-ақ Оның ризығынан жеңдер».[10]

Яғни, Алла Тағала адам баласына жерді көнбіс етіп жаратты да сол жер бетінде адалынан еңбек қылып нәпақасын табуға бұйырды.

Ардақты Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға адал еңбек етіп, харамнан сақтану керектігін өсиет еткен:

أَيُّهَا النَّاسُ ؛ إِنَّ اللَّهَ طَيِّبٌ لَا يَقْبَلُ إِلَّا طَيِّبًا ، وَإِنَّ اللَّهَ أَمَرَ الْمُؤْمِنِينَ بِمَا أَمَرَ بِهِ الْمُرْسَلِينَ،
فَقَالَ: )يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنْ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ(
وَقَالَ : )يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ(
ثُمَّ ذَكَرَ الرَّجُلَ يُطِيلُ السَّفَرَ ، أَشْعَثَ أَغْبَرَ، يَمُدُّ يَدَيْهِ إِلَى السَّمَاءِ ، يَا رَبِّ ، يَا رَبِّ ، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ ، وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ، وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ ، وَغُذِيَ بِالْحَرَامِ ، فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ

«Әй, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла Пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған», – дейді. Мәселен Алла Тағала пайғамбарларға: «Әй, Пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер»[11], – десе, мұсылмандарға: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер»[12], – деп бұйырады.

Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына осы сүрені оқығаннан кейін артынша әңгімесін жалғап: «Өзі ұзақ сапарда,үстін шаң басқан және жолда Аллаға қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!», – деп дұға жасайды. Бірақ бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – дейді.[13]

Бұл хадисты ашықтаған ғалымдар былай түсіндіреді: Негізі Алла Тағала сапардағы адамның, жұпыны кедейдің және қол көтеріп дұға қылған адамдардың дұғасын қабыл етеді. Ал, кәсібі харамнан болғандықтан ішкені мен жегені және кигені харам болған адамның бойында жоғарыдағы үш сипаты жиналса да Алла оның дұғасын қабыл етпейді дейді.

Хазіреті Омар (Алла ол кісіге разы болсын): «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр», – деп ризығын іздеместен құр отырмасын», – деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен. Сондықтан, әр мұсылман баласының басты міндеті адал кәсіп етіп, отбасын да еңбекке баулып, адал өмір сүруге тәрбиелеу.

Адал кәсіптің артықшылығы:

Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) адал еңбек пен адал несібе іздеген адамға берілетін берекеті мен артықшылығы жәйлы көптеген  хадистері бар. сол нәрселерге тоқталар болсақ:

Маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған. Ол жәйінда, жоғардағы Имам  Табарани жеткізген хадисте былай дейді:

«Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла  жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол - Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, рияшылдықпен, мақтану мақсатында шықса, ол -  шайтанның жолында»,-деді.

Және Сағд бин Уаққас Пайғамбарымыздан дұғасының қабыл болуын сұраған кезде Пайғамбарымыз былай деді:

فَقَالَ لَهُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : " يَا سَعْدُ أَطِبْ مَطْعَمَكَ تَكُنْ مُسْتَجَابَ الدَّعْوَةِ ، وَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ ، إِنَّ الْعَبْدَ لَيَقْذِفُ اللُّقْمَةَ الْحَرَامَ فِي جَوْفِهِ مَا يُتَقَبَّلُ مِنْهُ عَمَلَ أَرْبَعِينَ يَوْمًا ، وَأَيُّمَا عَبْدٍ نَبَتَ لَحْمُهُ مِنَ السُّحْتِ وَالرِّبَا فَالنَّارُ أَوْلَى بِهِ "

«Иә Сағд тамағыңды адал қыл, сонда дұғаң қабыл болады. Жанім оның құзырында болғанмен ант етейін, расында пенде бір түйір харам асты ішіне салса, оның қырық күндік амалы қабыл болмайды, және бойына харам пайдамен, өсіммен қуат алған адамға тозақ оты лайықтырақ».[14]

Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муазды (Алла ол кісіге разы болсын)  жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілініп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (Алла ол кісіге разы болсын) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілінгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.

Ал, малды арам жолмен тапқандар жәйлі былай дейді:

لَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ ، أي : من حرام

«Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді»,[15] – деп ескерткен.

Демек, әр бір адамның өзіне және отбасына напақа табу үшін кәсіп етуі міндет. Сондықтан да Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)

طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ

«Адал пайда табуға талпыну - парыздан кейінгі парыз»[16], деген.

Үш өсиет

Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи (шөл адамы) келеді. Мұны сахабалар пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  жеткізеді. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?», - деп сұрайды. Әлгі кісі «Иә» деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға сат», - дейді. Әлгі бәдәуи пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының қатарына қосылады. Расында да, адамды аздыратын, жұмыссыздыққа апаратын жол – жалқаулық. Ал жалқаулық адамды ар-намыстан бездіреді. Олай болса, кедейлік қасіретінен құтылуымыз үшін бізге қажетті нәрсе Алладан адал кәсіп тілеп, соған сай әрекет ету. Бұл орайда атақты Лұқпан хәкім өз баласына мынандай өсиет қалдырған екен:

«Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:

Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді.

Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіреді.

Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады», - деген екен.

Алла Тағала баршамызды адал кәсіп тауып, адал ризыққа бөленуді нәсіп еткей! Әмин!

 

[1] Ән-нәбә сүресі, 11- аят

[2] Әл-ағраф сүресі, 10-аят

[3] Әл-жүмаа сүресі, 10-аят

[4] Имам Табарани риуаят еткен.

[5]Имам  Бұхари риуаят еткен.

[6] Сәбә сүресі, 10,11- аят.

[7] Әш-шура сүресі, 27- аят.

[8] Әл-бақара сүресі, 168- аят.

[9] Әл-мәидә сүресі. 88 – аят.

[10] Мүлік сүресі, 15- аят.

[11] Әл-мүмин сүресі. 51-аят.

[12] Әл-бақара сүресі 172-аят.

[13] Имам мүслим риуәят еткен.

[14] Имам табарани,әл- мүғжәм әл-әусад, 6669.

[15] Имам Термези риуаят еткен.

[16] Имам Бәйһақи шүғабул иман кітабінда риуаят еткен.

Кәсіптегі адалдық

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру