Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Тыныштық – Тәңір сыйы | жұма уағызы

23.04.2019 4657 0 пікір

 

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،

Тыныштық, бейбітшілік, амандық – кез-келген пенде үшін үлкен бақыт. Біз оған шүкір етуге міндетті екенімізді білдіретін Құран Кәрімде аят бар:

          لِإِيلَافِ قُرَيْشٍ ﴿١﴾ إِيلَافِهِمْ رِحْلَةَ الشِّتَاءِ وَالصَّيْفِ ﴿٢﴾ فَلْيَعْبُدُوا رَبَّ هَٰذَا الْبَيْتِ ﴿٣﴾ الَّذِي أَطْعَمَهُمْ مِنْ جُوعٍ وَآمَنَهُمْ مِنْ خَوْفٍ ﴿٤﴾

Құрайышқа нәсіп етілген тыныштық береке-бірліктің құрметі үшін, қысқы және жазғы сапарларында (құрайышқа) нәсіп етілген тыныштық пен береке-бірлік үшін, осынау үйдің (Қағбаның) Раббысына құлшылық етсін. Өйткені Раббылары оларды аштықтан һәм түрлі қауіп-қатерден сақтауда[1].

Құран Кәрімде тыныштықтың кез-келген қоғам үшін баға жетпес байлық екенін байқататын бірқатар аяттар бар. Соның бірі – жоғарыдағы «Құрайыш» сүресінің аяттары. Ол жерде нығметтердің ішінде «тыныштық» нығметі айрықша аталады.

Бұл туралы имам әт-Тирмизи пайғамбарымыздың ﷺ былай деп айтқанын риуаят етеді:

"مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ، مُعَافًى فِي جَسَدِهِ، عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ، فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا"

«Сендерден кім, үйінде, бала-шағасының ортасында аман-есен, дені сау, бір күндік азығы бар болып отырған болса, бүкіл дүниенің байлығына ие болғандай болады[2]».

Ислам алыс заманнан бір-біріне ата жау болып келе жатқан Мадинадағы Аус пен Хазраж тайпаларын бітістірген еді. Ол жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінде былай дейді:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا ۚ وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنْتُمْ عَلَىٰ شَفَا حُفْرَةٍ مِنَ النَّارِ فَأَنْقَذَكُمْ مِنْهَا ۗ كَذَٰلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ ﴿١٠٣﴾

Барлығың да Алланың желісіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде бір-біріңе бітіспен дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам) сынды баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын осылайша ашық баяндайды[3].

Бұған дейін Аус пен Хазраж тайпаларының арасындағы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан соғыстар Ясрибтің[4] берекесін кетірген болатын. Сира[5] кітаптарында олардың хижрадан[6] бес жыл бұрын Буғас деген жерде болған қанды шайқастарында екі жақтан да өте көп адам өлгені айтылады. Екі тайпаның да ірі бастыларының барлығы қаза болады. Ол күн көпке дейін мадиналықтардың тарихында «Буғас күні» деген атпен жаппай аза тұтылатын күн ретінде белгіленді.

Бұл тарихи оқиға тұрақсыздықтың, тынышсыздықтың бір халықты бүтіндей құртып жіберуге қауқарлы екенін байқатады. Ендеше, тыныштықты «нығмет» демей, не дейміз?!

Біздің қазақ халқы да басынан қанша қасірет, небір нәубет кешіргені тарихтан белгілі. «Қарап тұрсақ, бұл дүниеде қазақ көрмеген қасірет аз сияқты. Отырар ойранын, дербес Орда тіктеген дәуірлердегі қиғылық жылдарды айтпағанда, екі ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, екі жарым ғасырдан астам дерлік орыс бодандығы – халқымыздың бүгінгі ақжолтай азат күндерге келер жолдағы бастан кешкен азабы, тартқан тақсырет-тауқыметінің қара жерден де ауыр екендігін айғақтайды[7]».

Тіпті бір ғана «ашаршылық» нәубеті 4 милионға жуық қазақты жалмады. «Зерттеушілер қазақ сол кезде қасіреттен аман болғанда кемінде 45-50 миллион болар еді дегенді айтады. Мәселен, түріктер сол кезде 10 миллион шамасында болса, қазақтар алты миллионнан асқан. Ал, түрік халқы арада ғасырға жуық уақыт өткенде жетпіс миллионға жетсе, қазақ он миллионнан әрең асты. Қасіреттің кесірі[8]». Осы бір мысалдың өзінен-ақ тыныштықтың баға жетпес байлық екенін аңғаруға болады. Бүгінгі жеткен, жетіп жатқан жетістіктеріміздің барлығы да Құдай берген тыныштықтың арқасы.

Тіпті Құдай берген тыныштықтың қайтарымы саналатын құлшылық-ғибадаттардың өзін орындау немесе толық атқару үшін тыныштық керек болады екен. Құран Кәрімдегі соғыста намазды қысқартып оқуға болатыны туралы аятта: «(Жорық тамамдалып немесе үрейлерің сейіліп) қауіпсіз жағдайда болғандарыңда намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар[9]», - деген. Тағы бір мысал, шариғатта қажылыққа барып-қайтатын қаражаты болып, бірақ жол қауіпсіз болмаған жаңдайда қажылық парыз болмайды.

Тыныштық үшін күресу. Тыныштықты Құдай береді. Бірақ оны сақтау, қорғау үшін қоғамның барлық мүшелері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жабыла жұмылуылары керек-ақ. Олай ету – біріншіден, әр адамның азаматтық борышы болса, екіншіден, сауапты іс. Имам әт-Тирмизи мынадай хадис келтіреді:

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَبَّاسٍ رضي الله عنه قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَقُولُ: "عَيْنَانِ لَا تَمَسُّهُمَا النَّارُ: عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشْيَةِ الله، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فِي سَبِيلِ الله"؛

Абдулла Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің ﷺ былай деп айтқанын естіген: «Екі көзге тозақ оты тимейді: Алладан қорқып жылаған көз және Алла жолында түнімен күзеткен көз[10]».

Бұл жерде шекарашылар ғана емес, тыныштықты, тұрақтылықты сақтауға ат салысатын барлық адамдар меңзелуде. Сіз әскер қатарына қосылып шекара күзетпесеңіз де, құқық қорғау органдарында қызмет етпесеңіз де, алдымен өзіңіз тыныштықтың қадірін түсініп, содан соң оны отбасыңызға, туған-туысқандарыңызға түсіндіру арқылы да ел тыныштығына үлес қоса аласыз. Қазақта «Оң қолыңа сол қолың арашашы болсын» деген мақал бар.

Сондай-ақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі  мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты құндылығымыз. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет[11]. «Өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін қылмаңдар жанжал-ерегес» деп Бұқар жырау бамамыз да бекер айтпаса керек.

Сонымен қатар, әр мұсылман тыныштық тілеп, ұдайы болуын сұрап Алла тағалаға жалбарыну керек. Олай ету – пайғамбардың сүннеті. Пайғамбарымыз ﷺ жаңа туған Айды көрсе былай деп дұға оқитын болған:

"اللَّهُ أَكْبَرُ. اللَّهُمَّ أَهِلَّهُ عَلَيْنَا بِالْأَمْنِ وَالْإِيمَانِ، وَالسَّلَامَةِ وَالْإِسْلَامِ، وَالتَّوْفِيقِ لِمَا تُحِبُّ وترضى. رَبُّنَا وَرَبُّكَ اللَّهُ".

«Алла ұлық! Я, Алла! Бұл айдың тыныштық пен иманға, бейбітшілік пен исламға және Өзің жақсы көретін, риза болатын істерге толы болуын нәсіп ет! (Сосын Айға қарап) «Біздің де, сенің де Жаратушың Алла»[12]».

 

Бұқар жырау бабамыз да:

«Жетінші тілек тілеңіз:

Желкілдеген ту келіп,

Жер қайысқан қол келіп,

Сонан сасып тұрмасқа», - деп өсиет айтқан екен.   

   

Тыныштық үшін тәуекел ету. Кейде тыныштықты сақтап қалу үшін кейбір өзімізге тиімсіз, өзгенің ұпайына шешілейін деп тұрған істерге баруға тура келетін кездер де болады. Оны «тыныштық үшін құрбандық ету» деп түсіну керек. Тыныштық үшін кезінде Мұхаммед пайғамбар Мекке мүшіріктерінің ауыр да, қиын шарттарына келісуге мәжбүр болған. Бұл оқиға Ислам тарихында «Худайбия келісімі» деген атпен белгілі.

Алла елшісі ﷺ түсінде өзінің және сахабаларының әл-Харам мешітіне кіргенін, Қағбаның кілтін өз қолына алғанын, барлығы тауап етіп, кіші қажылық (умра) жасағандарын, кейбірі шашын қырғызып, кейбірі қысқартқанын көреді. Мұны естіген сахабалардың қуанышында шек болмапты. Олар бұл түсті Меккеге осы жылы кіретініміздің белгісі деп топшылаған. Сөйтіп, Пайғамбар ﷺ сахабаларымен бірге Меккеге қарай, «умра» сапарына аттанады.

Мұсылмандар Меккеге жақындап қалған еді. Құрайыш әскері көз жетер жерге келіп тоқтап, екі жақ бір-бірінің аңысын аңдап тұрған сәтте Алла елшісі ﷺ құрайыштарға өзінің келген мақсатын түсіндіру үшін әйгілі сахаба Османды (Алла оған разы болсын) елшілікке жібереді. «Оларға біздің соғысу үшін емес, умра жасау үшін ғана келгенімізді айт әрі оларды Исламға шақыр», – деп тапсырады. Сонымен қатар, Алла елшісі ﷺ Османға Меккедегі иман келтірген ер-әйелдерге баруды, оларға мұсылмандардың жеңіске жететіні туралы қуаныш хабарын жеткізуді, Алла тағаланың Өз дінін Меккеде үстем ететінін, бұдан кейін меккеліктерден ешкімге иманын жасыру қажет болмайтынын хабарлауды бұйырады.

Осман (Алла оған разы болсын) елшілікке кетуін кеткенмен, күтілген мерзімде қайтып орала қоймады. Бұл жағдай сахабалардың көңіліне күдік ұялата бастаған. Тіпті, мұсылмандардың арасында оның өлтірілгені жайлы хабар да тарап кетеді. Мұндай суыт хабарды естіген Алла елшісі ﷺ: «Біз бұл адамдармен соғыспайынша, ешқайда кетпейміз», – дейді де, сахабаларын ант беруге шақырады.

Сахабалардың соғысқа әзір екенін аңдаған құрайыштар енді, керісінше, келісім түзуге асыға бастады. Құрайыш басшылары Суһайл ибн Амр деген адамды мұсылмандар тарапқа елшілікке жіберген.

Суһайл келіп, Алла елшісімен ﷺ ұзақ сөйлескеннен кейін, екі тарап ортақ келісімге тоқтайды. Келісімнің мазмұнына мынадай шарттар кірген еді:

  1. Алла елшісі ﷺ бұл жылы Меккеге кірместен қайтады да келесі жылы мұсылмандар қалаға кіріп, үш күн тұрады. Оларға өздерімен бірге жолаушының қаруларынан – қындарына салынған қылыштарын ғана алып кіруге рұқсат етіледі. Үш күн ішінде құрайыштар оларға ешқандай қысым көрсетпейді.
  2. Екі тараптың ортасында он жылға дейін соғыс тоқтатылады. Осы мерзім ішінде адамдарға тыныштық орнайды, екі жақ бір-біріне соқтықпайды.
  3. Мұхаммедтің келісімі астына кіргісі келгендерге де, құрайыштардың келісімі астына кіргісі келгендерге де ерік беріледі. Екі жақтың әрбіріне қосылған тайпа сол тараптың бір бөлігі ретінде саналады, ал бұл тайпаларға жасалған кез-келген дұшпандық олар қосылған тарапқа көрсетілген дұшпандыққа баланады.
  4. Кімде-кім құрайыштардан Мұхаммедке қамқоршысының рұқсатынсыз (яғни, олардан қашып) келсе, ол кері қайтарылуы тиіс, ал Мұхаммедтің жанындағылардан кімде-кім (одан қашып) құрайыштарға келсе, ондай адам кері қайтарылмайды.

Байқасаңыздар, шарттың екінші және үшінші тармақтары екі жақ үшін де тиімді болғанмен, бірінші және төртінші тармақтары мұсылмандарды ашық төменсіту еді. Келісімде екіжақты теңдіктің сақталмауы кез-келген мұсылманның қитығына тиетіндей-ақ әрекет болатын.

Осылайша, пайғамбар ﷺ барынша сабыр қылып, көптеген шегіністерге барды. Ал өзге сахабалар үшін Суһайлдың бұл әрекеті ашық басыну боп көрініп, өздерін әрең тежеп тұрған-тын[13].

Міне, осының барлығына пайғамбарымыз ﷺ тыныштық үшін төзген болатын. Есесіне, он жылға жуық тұрақтылықтың, тыныштықтың арқасында мұсылмандар айтарлықтай күш-қуат жинап алды.

 

Тыныштық – Исламның талабы. Ислам – тыныштық пен бейбітшіліктің діні. Шариғатта тыныштықты бұзып, берекені қашыратын өлтіру, ұрлау, пара алу сияқты істердің барлығына тыйым салынған. Тіпті көршіге зиян тигізу де – имансыздық. Бұл туралы айғамбарымыз ﷺ былай деген:

"وَاللَّهِ لَا يُؤْمِنُ، وَاللَّهِ لَا يُؤْمِنُ، وَاللَّهِ لَا يُؤْمِنُ». قِيلَ: وَمَنْ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: «الَّذِي لَا يَأْمَنُ جَارُهُ بَوَائقَهُ".

Бірде ол «Алланың атымен ант етемін, ол мұсылман емес» деп үш рет айтады. Сахабалар «Кімді айтасыз, ей, Алланың елшісі?» деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Көршісіне кесірі тиетін адам» дейді[14].

Басқа бір хадисте пайғамбарымыз ﷺ былай деген:

"الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ".

«Мұсылман – басқа мұсылмандар тілі мен қолынан зиян көрмеген адам[15]». Бір риуаятта «басқа адамдар» деп келеді. «Тек жүрсең, тоқ жүрерсің» деген екен атамыз қазақ.

Бір сөзінде пайғамбарымыз ﷺ бауырына ойнап болса да, пышақ тақаған адамға періштелердің қарғыс айтатынын айтқан. Осыған ұқсас қазақ халқында «Итпен ит ырылдасса – тамағының тоқтығы. Жігітпен жігіт қырындасса – ынтымағының жоқтығы», «Бәле қуған бәлеге жолығады. Жала қуған жалаға жолығады» деген мақал-мәтелдер бар.

Тыныштықты сақтау мақсатындағы шариғат талаптары. Шариғаттың асыл мақсаттары адамның жанын, арын, тегін, мал-мүлкін және дінін қорғау болатын болса, тыныштық – соның кепілі. «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт, тыныштық көрсе, сәтке тұрмай жалыға қала-тұғыны қалай?» деп, Абай атамыз айтқандай, басымызда тұрған тыныштықты қолдан құртып алмауымыз үшін шариғат әр мұсылманнан төмендегілерді талап етеді:

  1. Өзгенің құқығына қол сұқпау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:

"اَلْمُسْلِمُ أّخُو الْمُسْلِمِ ، لاَ يَظْلِمُهُ وَلاَ يُسْلِمُهُ ، وَمَنْ كَانَ فِي حَاجَةِ أَخِيهِ كَانَ اللهُ فِي حَاجَتِهِ".

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді[16]».

  1. Әділ қарым-қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін де бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:

"إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإِحْسَانِ وَإِيتَاء ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ".

«Анығында, Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды[17]».
  1. Көркем мінезділік: Ислам көркем мінез-құлықтан тұрады. Бұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
  2. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін бұл дүниеде айыптамайды. Дінде зорлық жоқ[18].

Сөз соңында айтарымыз, Алла тағаланың 99 көркем есімінің бірі – «әл-Мумин», яғни «Тыныштық сыйлаушы». Уағызымыздың тақырыбын «Тыныштық – Тәңір сыйы» деп қойғанымыз да сондықтан.

 

Алла Тағала елімізді тыныштығынан, береке-бірлігінен айырмасын! Ел басында, дін басында халқына қызмет қылып жүрген азаматтарымызға күш-қуат берсін!

 

اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.

 

 


 

 

[1] «Құрайыш» сүресі

[2] Әт-Тирмизи, 2346-хадис

[3] «Әли Имран» сүресі, 103-аят

[4] Мәдина қаласының ескі аты

[5] Пайғамбар тарихы

[6] Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мадинаға көшуі

[7] https://egemen.kz/article/160259-qazaq-koergen-qasiret

[8] https://baq.kz/kk/news/asil_kazina/kasiret_bolmaganda_kazak_sani_keminde_4550_millionga_zheter_edi

[9] «Ниса» сүресі, 103-аят

[10] Әт-Тирмизи

[11] http://www.muftyat.kz/kz/nasihat/6030

[12] Әт-Тирмизи

[13] http://www.muftyat.kz/kz/article/304

[14] Әл-Бухари

[15] Әл-Бухари

[16] Әл-Бухари

[17] «Нахыл» сүресі, 90-аят

[18] http://www.muftyat.kz/kz/nasihat/6030

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру