Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Алматы қаласындағы Құран байқауына іріктеу мәреге жетті (ФОТО)

11.04.2018 674 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан VІІ республикалық Құран байқауына Алматы қаласы бойынша үміткер қариларды анықтау үшін іріктеу сайысы өтті. Мешіттің іші қасиетті Құранды естуге келген көрермендерге лық толды.

Іріктеу сайысына қатысушы үміткер қарилар толық Құранды жатқа оқудан және 20 пара мен 10 парадан жатқа оқудан, сондай-ақ әрбір аятты нақышына келтіре мәнерлеп оқудан жарысқа түсті. Бірі екіншісінен озық тұратын қариларды әділ бағалау үшін Ерсін қари Әміре мен Еркінбек қари Керімбекұлы бастаған еліміздің бетке ұстар қарилары төрелік етті. Іріктеу сайысына демеушілік жасаған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры және «Үммет» қайырымдылық қорлары.

50 үміткер қатысқан іріктеу сайысының жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен сыйлықтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы табыстады. Бас мүфти Хазрет өзінің құттықтау сөзінде:

«Сіздердің баршаларыңыз жеңімпазсыздар. Себебі, көп адамдар қол жеткізе бермейтін қасиетті Құранды толық жаттап, оқып жүрсіздер. Алла елшісі : «Сендердің ең хайырлыларың Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің», – деген. Алла Тағала Құран арқылы дәрежелерді көтереді», – деді.

Сондай-ақ, Құран Кәрімнің ел аумағында осындай биік деңгейде насихатталуына үлес қосқан ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысын білдірді. Мұндай берекелі шаралар еліміздегі жастардың Құран жаттауға деген ықыластарын арттыратынын да тілге тиек етті. Іріктеу сайысынан жүлделі І орынды иеленген қариларымыз Республикалық байқауға Жолдама алды.

Біз де өз тарапымыздан VІІ республикалық Құран байқауына жолдама алған жеңімпаз қариларға жеңіс тілей отырып, барша қариларымыздың Алла Тағала екі дүниеде де абыройларын арттырсын дейміз.

ІРІКТЕУ САЙЫСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ:

 

Толық Құранды жатқа оқу бойынша:

 

1. І Орын - Есмурзаев Бауыржан Кайырбайұлы

2. ІІ Орын - Басиев Мухаммадамин Махмудхожаұлы

3. ІІІ Орын - Сейитмаматов Нурлан Союзмаматұлы

 

Құран Кәрімнің 20 парасы бойынша:

 

1. І Орын - Абишев Қуаныш Токсанбайұлы

2. ІІ Орын - Әшімжан Самат Серғалиұлы

 

Құран Кәрімнің 10 парасы бойынша:

 

1. І Орын - Юров Исмаил Омарұлы

2. ІІ Орын - Табын Муқамедсали Муқмедсахиұлы

3. ІІІ Орын - Садық Дулат Серікұлы

 

Мәнерлеп оқу бойынша:

 

1. І Орын - Бектұрғанов Баубек Бердіғалиұлы

2. ІІ Орын - Рапых Фарух

3. ІІІ Орын - Сайлаубек Темірлан Төлепбергенұлы

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру