Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ораза айт күні әр мұсылман істеуі тиіс 8 амал

Кенжетай БАЙКЕМЕЛҰЛЫ 04.06.2019 1450 0 пікір

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мадақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ оның отбасына және сахабаларына салауаттар болсын. Қазақ халқында бағзы заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: Әнастан  жеткен хадисте «Алла Елшісі ﷺ Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз ﷺ: «Бұл қандай күндер?»,-деп сұрағанда: «Жәһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк»,- дедi. Пайғамбарымыз ﷺ: «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды»,- дедi.

Ғаламдық деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Айт - барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Мұсылмандар оразадан кейін ауыз бекітпейтін ең алғашқы күн. Отыз күн оразада жасаған құлшылық ғибадаттан кейін құлдың бір сәт үзіліс алып, мерекелік көңіл-күйде Алланың сансыз нығметтеріне ой жүгіртетін кезі. Осынау ұлық мереке біздің ұлы даламызда аса жоғары бағаланып, осы уақытқа дейін ұлықталды. Тарихи құжаттарға үңілер болсақ, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхан Төралқа мәжілісіне қатысқан екен. Сондай-ақ көркем әдеби шығармаларда Қажығұмар Шабданұлының “Пана” атты романында Зуқа батырдың елінде айт намазы кезінде еркек кіндіктінің бірі қалмай, сапқа тұрғаны суреттеледі. Кеңес өкіметі 1926 жылдан күштеп тоқтатқан мұсылмандар мерекесін қазақ қоғамының жүрегінен өшіріп тастай алмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта ресми мәртебе беріліп, тарихи әділеттілік қайта орнығып, қасиетті мерекемен еліміз қауышты.

Ораза айтындағы мұсылманның істеуі тиісті амалдары:

 

 Пітір садақасы

 

Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруі тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады. Пітір садақасы мұсылмандарға һижра жыл санауы бойынша екінші жылы шағбан айында парыз болды. Бұл жөнінде пайғамбарымыздың ﷺ мүбарак хадисінде келген: «Пайғамбар ﷺ адамдарға рамазан айында пітір садақасын беруді парыз етті».

Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгеріп тұрады. Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»,- делінген.

Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: «Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын». Пайғамбарымыз ﷺ өсиетiнде:

«Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу»,-делiнген.

Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан Пайғамбарымыз ﷺ өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады. Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады. Пайғамбарымыз ﷺ айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын.

 

Тәкбір айту

 

Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Алла тағала Құран Кәрімде:

«Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»,-деген

Имам әз-Зухри былай деп баяндаған: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын"

 

Айт намазын оқу

 

Намазға шығар алдында құрма жеп шығу. Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл Пайғамбарымыздың ﷺ оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі. Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал.

Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн. Себебі бұл туралы Ибн Омар былай деген: «Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне ﷺ алып келіп: «Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», – деді. Бұған Пайғамбар ﷺ: «Мұндай киімді ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді», – деп жауап берді.

Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Алланың Елшісі ﷺ адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын».

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне амансаулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні Пайғамбарымыз ﷺ адамдарға былай деп айтқан:

«Ей, адамдар! Бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»,-деген.

Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Пайғамбарамыздың хадисінде ﷺ: «Бірде-бір адам айт күні көрші ауылдағы досын зиярат етуге жолға шығады. Жолда оған Алла періште жіберіп, ол адамнан: «Қайда бара жатырсың»,- деп сұрайды. Ол: «Бұл ауылда бір бауырым бар еді, соған бет алдым». Періште: «Бір шаруаң бар ма еді ол адамда». Ол: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көрем сол үшін» дейді. Сол кезде періште: «Алла мені саған жіберді, сен ол адамды жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрді»,-дейді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан. Жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, әтірлену. Қуаныш, шаттық көрініс табу. Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы. Ораза күні қайыр жақсы амалдар күні болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер жомарт, рақымды жандардан мейірім лебін сезгісі келетіні анық. Осы күндері төмендегі адамдарға жақсылық жасаған абзал. Пайғамбарымыздың ﷺ Әбу Һурайрадан келген хадисінде: «Жесір әйелдер мен міскіндерге жәрдем еткен адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей»,- деген.

 

 Жетімдерге көмектесу

 

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар»,-деген.

Айт - басқаларға кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыздың ﷺ Абдолла ибн Амрудан келген хадисінде Алла Елшісінен ﷺ адамдардың ең жақсысы кім деп сұрады. Пайғамбарымыз ﷺ: «Әрбір жүрегі пәк, тілі шыншыл адам» деді. Сахаба: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деді. Пайғамбарымыз ﷺ:

«Жүрегі пәк дегеніміз - тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам»,- деді.

Қорыта келе, Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі - қуаныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылықты күшейту. «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар» деп атамыз қазақ айтқан, осындай ұлы күндерімізді ұлықтайық, шынайы мұсылман болайық!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат