Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Қадір түнін қадірлеген елміз

Сұхбаттасқан Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ 31.05.2019 760 0 пікір

Ассалаумағалайкүм, Еркінбек мырза! Рамазан айы мүбарак болсын! Мінеки, көптен күткен, Пайғамбарымыз Қадір түнін іздеңдер деп сүйіншілеген Рамазан айының соңғы он күндігіндеміз. Осы ретте Қадір түнінің қасиеті туралы айта кетсеңіз.

- Уағалейкүмассалам! Әмин, Құдай құтты қылсын! Иә, күллі мұсылман үмбеті асыға күтетін айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан баршамызға мүбарак болғай. Сондай-ақ, Құран Кәрімнің шарапатымен мың айдан қайырлы болған Қадір түні дұғасы қабыл болып, күнәлары кешірілген үмбет болуымызды Алла нәсіп етсін.

Қадір түнінің қасиеті туралы айтар болсақ, таң атып, кеш батары анық. Дегенмен, Қадір түнінің қасиетін Құран аяттары мен хадистерде келген хабарлар арқылы біле аламыз. Мәселен, Құранның «Қадыр» сүресі тұтастай Қадір түні хақында айтылған. Яғни, Қадір түні дегеніміз – Құран түскен, мың айдан қайырлы болған, Періштелер мен Жәбірейіл (ғ.с.) Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түсетін, таң рауандап атқанға дейін жалғасатын бейбіт те қасиетті түн екен. Сондықтан біз бұл түннің қасиетін жіті ұғынып, пайдалы өткізуге тырысуымыз керек.

Әнәс ибн Мәлик былай айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге Рамазан айы келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады», – деген.

 

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

– Әрине, атам қазақ ықылым заманнан Қадір түнін ерекше құрметтеп, қадірлі қонағындай күте білген ел. Біз сол иманды бабаларымыздың ізгі жолын жалғаған хәлде, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айырушы – Құран түскен Қадір түнін құлшылықпен, дұғамен, Құран оқумен өткізгеніміз абзал. Бұл түн – тағдыр түні деп те аталады. Сондықтан Алладан алдағы өмірімізді Өзі разы болатындай өткізуге жазсын деп тілейік. Көпшілікпен жасалған дұға қабыл дегендей, біз, бұл түнде барынша мешіттерде жамағатпен бірге болғайық.

Сонымен қатар, Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай деп сұрағаны баяндалады: «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» Ол: «Уа, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт».

Сондай-ақ, Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Кімде-кім Қадір түнін иманмен және сауапқа деген үмітпен намаз оқыса, оның бұрынғы өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқанын риуаят еткен.

Бұдан алатын ғибрат, біз осы түнде өзімізге есеп беріп, Құдай алдындағы қадірімізді арттыруға талпынуымыз қажет.

Алматы қалалық Орталық мешітте Қадір түні қандай шаралар өткізілмек?

31-мамыр күні, яғни бүгін Алматы қалалық Орталық мешітінде 2500 адамға ауызашар дастарханы жайылып, Қадір түнін мешітте күтушілер үшін 1500 адамға лайықталған сәресі берілмек.

Сондай-ақ, биыл Қадір түні Алматы Орталық мешітінде арнайы бағдарламада өтпек. Атап айтқанда, жамағатқа білікті отандық дін ғалымдарымыз түрлі тақырыптарда уағыздар айтады. Қарилармыз тамылжыта Құран оқиды. Жамағатқа викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар табысталады. Орталық мешітте Рамазан бойы мешіт жамағаты арасында өткен «Раббым! Білімімді арттыр!» атты білім сайысы өз мәресіне жетіп, жарыс жеңімпазына Ұмра қажылығы берілетін болады. Парыз бен нәпіл намаздары оқылып, еркін құлшылыққа да уақыт беріледі.

Орталық мешітте Құран хатым қай күнге жоспарланып отыр?

Рамазан айының басында өткен баспасөз мәслихатында хабарлағанымыздай, Алматы қаласындағы 50 мешітте тарауық намаздары өткізілсе, оның 46-сында тарауық намаздарында Құран Кәрім толықтай хатым етіледі деп жоспарланған. Аллаға шүкір, сол жоспарымыз толықтай іске асып, мешіттерімізде Құран Хатым дұғалары жасалуда. Ал, Алматы қалалық Орталық мешітінде 2 маусым күні Құран хатымның дұғасы оқылады.

Хатым Құранның дұғасына қатысу мұсылмандардың өмірінде ерекше орын алатыны жайында Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде келген.

«Хатым еткен адамның дүние мен ахиреті үшін жасаған дұғасы қабыл болады». (Бәйһақи)

«Хатымды оқыған және тыңдағандардың дұғасы қабыл болады». (Әбу Нуайм)

Ал Хатым Құран дұғасының маңыздылығын саxабалардың өнегесінен де көре аламыз.

Әл-Хакам бин Утайб бірде Мужаһид пен Убада бин Әбу Лубаба (Алла ол кісілерге разы болсын) өзінің артынан Құранның аяқталып жатқаны жайлы және де Құран хатым біткеннен соң Алла Тағаладан сұраған дұғаның қабыл болатындығын айтатын хабаршы жібергенін жеткізеді. «Мусаннәф», Ибн Әбу Шәйба.

Ибн Аббас (ол кісіге Алла разы болсын) кімде кімнің Құранды оқып бітіргелі жатқанын естігенде міндетті түрде сол адамның қасында болуға тырысатыны туралы жеткен дерек бар. «Муснад», әд-Дәрими.

Сондай-ақ кейбір деректер бойынша Әнәс ибн Мәлік (Алла оларға разы болсын) Құранды толығымен оқып бітірер кезде отбасын қасына жинап, Алла Тағалаға дұғамен жалбарынған. «Китәб әл-мәсәхиф», Ибн Әбу Дәуд.

Сондықтан Құранның соңғы бөлігін аяқтап жатқанда ішінде болып, хатым-дұғаға қатысу – Алла Тағалаға жақындаудың және де дұғасы қабыл болып, күнәсі жарылқанатын жандардың қатарында болудың керемет мүмкіндігі екені анық. Осындай мүмкіндіктердің қалт жібермей, 2 маусым күні Алматы Орталық мешітінде оқылатын Құран хатымда ел-жұртымызға тыныштық, отбасыларымызға амандық тілеп қалуға шақырамыз.

Рамазан айында Алматы қаласы бойынша қандай қайырымдылық шаралары атқарылып келеді?

Рамазан – жомарттық пен қайырымдылық айы. Бұл айда сауаптар еселеніп жазылады. Сондықтан қасиетті Рамазанда исі мұсылман қауымы жақсылақта жарысып, Алланың разылығын алуға тырысу керек. Осы сөзіміздің үддесінен шығу мақсатында, Рамазан бойы Алматы қаласында көптеген игі шаралар атқарылып келеді. Атап айтқанда, Алматы қаласының 50 мешітінде Рамазан шатырлары құрылып, қала бойынша күніне 10 мыңдай ораза тұтушыларға арналып ауызашар дастархандары жайылуда. Соның ішінде Орталық мешіттің өзінде күніне 500-ге тарта адам ауыз ашуда. Сонымен қатар, қасиетті айда қала мешіттері тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, қаржылай және азық-түлік, киім-кешекпен көмек көрсетілуде. Алла қаласа, күні ертең Алматы Орталық мешітінде де кең көлемде «Рамазан керуені» атты қайырымдылық акциясы өткізілмек. Онда 500-ден аса отбасыға қайырымдылық жасалады.

Қадір түніне айтар тілегіңіз.

– Алла Тағала қасиетті Рамазан айының құрметіне, адамзатты екі өмірлік бақытқа жетелейтін хақ кәләмі – Құран Кәрімнің құрметіне, мың айдан қайырлы болған Қадір түнінің құрметіне тілеген барлық дұғаларымызды қабыл етсін. Лайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, отбасы-шаңырақтарымызға құт-береке дарысын. Жомарттық пен қайырымдылық айында жасаған игілікті істерімізді қабыл етіп, мол сауаптардан жазған болсын. Баршамызға Алла разы болғай!

 

Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат