Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

РАШИД МҰХИТДИНОВ: ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ЖАНАШЫРЛЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ kazislam.kz 29.01.2018 1693 0 пікір

Бүгінгі қазақ қоғамындағы діни ахуал қандай? Зайырлылық ұғымы мұсылман қауымы үшін жат па? Діни еркіндік деген не? Мұсылманның басты кемшілігі неде? Қоғамда қордаланған діни мазмұндағы мәселелерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының канидаты, исламтанушы Рашид Мұхитдинов жауап берді.

–  Қазіргі кезде дін мемлекеттен бөлек дегенмен, қоғамнан дінді бөлек қарастыра аламыз ба? Осы қағиданың орта тұсы қайсы?

– Иә, қазіргі күні дін – мемлекеттен бөлек. Бұл – зайырлы мемлекеттің сипаты. Діннің мемлекеттен, мемлекеттің діннен бөлек болуы мүмкін, бірақ діннің адамнан бөлек болуы мүмкін емес. Өйткені, дін сенімге негізделеді. Ал сенім – жүректің мәселесі. Көп жағдайда бұл сенім адамның әу бастағы болмысында болады. Егер қоғамның адамдардан тұратынын ескерсек, дінді қоғамнан да бөле алмаймыз. Менің түсінігімше, дінді қоғамнан бөлу мемлекеттің болашағын бұлыңғыр етеді. Оған тарихтың өзі куә. Бұл саладағы жұмыстар дінмен күресуге айналмай, діни бағытты дұрыс жолға бағыттауға негізделсе, діни келеңсіздіктердің алдын алуға болады, қоғамда діни тұрақтылық орнауға мүмкіндік жасалады. Бұл мәселедегі дұрыс ұстаным – дінді мемлекетке қарсы қоюдан, мемлекетті дінге қарсы қоюдан сақ болу қажет. Яғни, мемлекет пен дін әріптес ретінде қоғамда әділдіктің, адалдықтың, заңның, заң талаптарының орындалуын қадағалап, қоғамның алға жылжуына мүдделілік танытуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда мемлекет дінді қоғамдық істерге етене араластырса, мемлекетке қырын қарайтын әртүрлі ағым мүшелерінің мемлекетке деген түсініктері өзгеруі бек мүмкін.

– Діни атрибуттарды зайырлы қоғамда көрсету, ұстану дұрыс емес деп те айтылады. Бұл қаншалықты дұрыс? Конституция әр азаматтың діни сенім бостандығына кепілдік берсе, діни ұстанымды шектеу де заңға қайшы болмайды ма?

– "Дін – мемлекеттен бөлек" деген дінді қоғамнан ысырып тастау деген сөз емес, бұл сөзді атеистер сияқты дінге қарсы құрал ретінде қолдануда натура (дұрыс емес). Дамыған еуропалық мемлекеттерде өз елдерінің басым халқы ұстанатын дінге жағдай жасалған. Оны сол елдердің заңдарынан да көруге болады. Бұл сөзімді Еуропа елдерінде ұзақ уақыт өмір сүрген адамдар растай алады. Егер адамға діни бостандық бермесе, ол сол мемлекетке іштей болса да қарсы болады. Ел басына күн туғанда ол мемлекетті, дінге қысым жасаған үкіметті қорғау үшін қолына қару алып күреспейді, ел үшін, жер үшін жанын, тәнін пида етпейді. Керісінше, сол үкіметтің құлауына тілеулес болады. Бұл – ойланатын мәселе. Қайталай айтарым, зайырлы қоғам дінсіз қоғам дегенді білдірмейді. Зайырлы қоғам өз сеніміңді басқаларға мәжбүрлеп тықпаламау, әркімнің діни бостандығы болу дегенді білдіреді. Жалпы дін мен зайырлылықты бір-біріне қарсы қоюдың өзі қате түсінік.

– Қоғамда кереғар пікірлердің өрбуіне дінді желеу еткен жат ағымдардың тікелей себеп екені жасырын емес. Жат идеологияның алдын алу үшін не істеу керек?

– Өте орынды сұрақ. Біріншіден, жат идеологияның алдын алу үшін қоғамда әділдік, теңдік орын алу керек, парақорлық, сыбайлас жемқорлық жойылуы тиіс, заң алдында барлығы, басшысы мен қосшысы бірдей құқыққа ие болуы қажет. Осы керектер орындалған қоғамда ол қоғамға қарсы жат ағымдардың да ықпалы жойылады. Екіншіден, алтауды ала қылмай, төртеуді түгендеп, мемлекет дін мәселесінде ұстанымдарын айқын айтып, бұл саланың салмақты мәселелерінде нағыз мамандарды тыңдап, бір мекемеге құзіреттілік берілгені жөн деп ойлаймын.

Біздің қоғамға және мұсылмандарға не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Біздің қоғамның ауруы – енжарлық, өз саласының маман емес кейбір тұлғалардың жауапты мәселелерді «шешуі». Ал мұсылмандарға ауызбіршілік жетіспейді. Жалпы қоғамда қазақ қоғамының жарқын болашағы үшін жанашырлық жетіспейді.

– Республика көлемінде, мешіттерде және түрлі діни-мәдени шараларда жүргізілетін уағыз-насихаттың ұлттық сипатына қандай баға бересіз? «Мешіт мінберлерінде көбіне-көп араб, түркі ғалымдарының еңбектері айтылады» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Жалпы, республикалық деңгейде ҚМДБ жүргізіп отырған діни шаралар мен үгіт-насихаттарға жақсы баға беремін. "Араб, түрік ғалымдарының еңбектеріне басымдылық беріледі" деген тұжырым дінді түсінбегендіктен шыққан. Ал Қазақ даласынан шыққан ғалымдардың еңбектері кеңес үкіметі тұсында жадымыздан өшірілген. Оны енді енді жинақтап жатқан жайымыз бар. Уақыт келе бұл да дұрыс жолға қойылар. Қазақ даласынан шыққан даналар аз емес, көп. Бүкіл әлемге мақтана айтар тұлғалар, діни қайраткерлер баршылық. Ол бабаларымыз туралы тәуелсіздік алғалы бірнеше ғылыми жұмыстар да жазылды. Бірақ насихатталуы кемшін түсіп жатыр. Өз діни қайраткерлеріміз туралы кино түсіріліп, кітаптары мен өсиеттері насихатталып жатпағаннан кейін ел де оларды біле бермейтіні белгілі.

– Ойымызды жалғастыра кетсек, биыл «Рухани жаңғыру» идеясын негізге алып, елімізде әртүрлі салада ауқымды жоспарлар түзіліп, іс-шаралар қолға алынды. Осы ретте ұлттық руханиятымызды көтеру үшін дін саласында үлкен мақсаттар керек секілді. Бұл бағытта қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Ең бірінші ұсынысым, діни қайраткерлеріміз туралы кинолар, телехикаялар түсірілсе, жыраулардың, дін қайреткерлерінің, Алаш арыстарының асқақ армандарын теледидардан елге насихаттасақ; екінші ұсынысым – дін туралы мінберден, теледидардан, әлеуметтік желілерден басқа салалардың мамандарын сарапшы ретінде сөйлетуге тыйым салынса; үшінші ұсынысым – теледидар мен әлеуметтік желілерге анайы суреттер мен хабарлар таратуға тоқтау салынса; төртінші ұсынысым – Тәуелсіздік мейрамы өз деңгейінде тойланса, рухани жаңғырар едік. Халық рухтанар еді. Өйткені біз дінге осы тәуелсіздіктің арқасында жеттік; бесінші ұсынысым – дін саласының мамандарына, имамдар мен молдаларға нақақтан жала жапқан, олар туралы олардың абыройына нұқсан келтіретін қате мәлімет таратқан журналистер жазаланса. Қазір қазанның қақпағы кетіп, қоғам бүліне бастады. Дәл осы кезеңде рухани азындауға жол беріп жатқандарға "тәйт" дейтін билік керек болып тұр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат