Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

РУХАНИ ДАМУ КЕНЖЕЛЕП ҚАЛҒАН ТҰСТА КҮНӘЛАР ДА КӨБЕЙЕ БЕРЕДІ

Айнұр Махамбетқызы www.muftyat.kz 08.06.2017 2565 1 пікір

РУХАНИ ДАМУ КЕНЖЕЛЕП ҚАЛҒАН ТҰСТА КҮНӘЛАР ДА КӨБЕЙЕ БЕРЕДІ

Қасиетті Рамазан айында белгілі уағызшы, дінтанушы, РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев Сыр елінде қонақта болды. Әрбір уақыты жоспарланған дінтанушыдан сұқбат алудың сәті түсті.

Сыр еліне қош келдіңіз, аға. Сұқбатымызды бастасақ. Жалпы, дін саласындағы мамандар насихатының өтімді болуы үшін ең алдымен қандай қасиетке ие болу керек деп ойлайсыз?

Адамның таңдайтын мамандығына, жақсы адами қасиеттерге ие болуына бала кезінен алған тәрбиесі, ортасы, ұстаздарының рөлі өте зор дер едім. Өзім білім алған ұстазым әдебиетке жақын, иманды жан болатын. Өзі тәрбиелеген шәкірттерінің барлығы дерлік ел алдында жүрген азаматтар десем артық айтқандық болмас.

Сондай-ақ, менің достарым, тығыз қарым-қатынас ұстаған жақын адамдарым, отбасым да әдебиетке жақын, діннен алыс емес болатын. Осының барлығы менің осы салаға бейімделуіме, дінге қызмет етуіме үлкен әсер етті. Имам болу – бір бөлек, имам әрі уағызшы болу мүлдем бөлек зор жауапкершілікті қажет ететін мамандық.

Сізді осы қызмет барысында не жігерлендіреді, өзіңізді қалай дамытып отырасыз?

Менің өзімді-өзім дамытуыма ең алдымен себепкер – ол тыңдармандарым. Тыңдармандарыма қажетті насихатты жеткізе алсам, мен үшін үлкен жеңіс деп білемін. Мені тыңдайтын ортадағы адамдардың талғамы да әртүрлі. Кейде бір тақырыпты екі ортада әртүрлі етіп жеткізуге тура келеді. Сол үшін көп ізденемін. Қазақ тілінде діни әдебиеттерді оқымаймын десем де болады. Бірақ, көркем әдебиетті көп оқимын. Айтар уағызымның түсінікті, қарапайым адамдарға ұғынықты болуына тырысамын.

– Сіздің алдыңызға белгілі бір мәселемен, сауалмен адамдар көп келеді. Солардың арасында Сізді таңқалдырған тағдыр болды ма?

Әр адам бір тағдыр. Иә, түрлі тағдырлармен кезігесің. Дегенмен, менің алдыма келген адамдардың тағдырлары алуан түрлі. Сондықтан оларды бөліп-жарып, ерекшелей алмаймын.

Жат ағымдармен күресуде насихаттан бөлек қандай ұсыныс білдірер едіңіз?

Қоғамда жат ағымдармен күрес тек насихат жолымен ғана жүріп жатқан жоқ, әрине. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан да қолдаулар, алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Жат ағымдардың қызметін заң аясында да шектеуге мүмкіндік бар.

- Әлеуметтік желі қолданушысының «Иманға аш, уағызға тойған заман» деген көзқарасы көпшіліктің түрлі пікірін тудырды. Бұған не дер едіңіз?

Біздің қазақ ол дәрежеге әлі жеткен жоқ деп ойлаймын. Халыққа әлі де болса білімді дін мамандарының уағызы көп керек. Және сөз бен іс қатар жүру керек.

- Күнәлардың қоғамға зияны турасында айтсаңыз?

Еліміз бүгінде бәсекеге қабілетті үздік елдер қатарына ілесеміз деп тоқтаусыз даму үстінде. Мысалы, биылғы өтетін ЭКСПО – халықаралық көрмесі аясында қаншама құрылыс жүріп жатыр. Дегенмен, біз даму деп тек қана материалдық дамуды қабылдамауымыз керек. Халық үшін рухани дамудың, отбасы құндылықтарын сақтаудың маңыздылығы зор. Себебі, бүгінде ажырасулар көп. Ішімдіктің зардабын тартып жүргендер қаншама. Рухани даму кенжелеп қалған тұста күнәлар да көбейе береді. Сол себепті ең алдымен рухани жетілу, рухани прогреске ұмтылу қажет деп білемін.

- Сіз еліміздің барлық аймақтарында боласыз. Сыр елінің жамағатына қандай баға берер едіңіз?

Мен Сыр еліне әдемі қоңыр рең берер едім. Дәстүр мен дінді ұстануда Сыр елінің қазақылығы, қарапайымдылығы ерекше. Тіпті өзге ағым өкілдерінің өзі дәстүрді дәріптей біледі дер едім. Дін ұстанудағы жұмсақтығы өз алдына бөлек.

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рахмет! Алла еңбегіңізге береке берсін!

Сұқбаттасқан Айнұр Махамбетқызы,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз хатшысы

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Bakhradin Yerezhepov | 17.06.2017 06:26

Алла Разы болсын

Соңғылар

Мұрағат