Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жар таңдаудағы мұстахаб амалдар

14.08.2015 4097 0 пікір

Асыл дінімізде жар таңдау мәселесі қай жағынан алып қарасаң да кемел ұстанымдарға негізделген. Дініміз бойынша күйеу жігітті таңдауды қалай жасасақ, келін таңдауды да солай жүзеге асырамыз.

Әдетте, кейбір кісілердің келінді көркіне қарап, енді бір кісілердің келінді мал-мүлкіне, енді біреулердің ата-тегіне қарап таңдайтындығын естіп қалып жатамыз. Десек те, кей кісілердің келінді мінез-құлқы мен дініне қарап таңдайтындығын да білеміз. Міне, осы соңғы таңдау тәсілі Ислам діні насихаттайтын тәсіл болып табылады. 

Бұл туралы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уа саллам): -  «Әйел төрт нәрсеге байланысты некеге алынады: сұлулығы, дүние-мүлкі, ата-тегі және діні үшін. Сондықтан, қолың топыраққа толғыр, діндарын ал!» - дейді (Имам Бұхари, Имам Мүслім, Имам Әбу Дәууд, Имам Насаий және Имам Мәжалар рауаят еткен).

 Адамзат баласы әйел кісіге тән төрт сипаты бойынша: көркі, дүние-мүлкі, ата-тегі және дініне байланысты құмартады. Міне осы мәселелерге хадис шәріпте дәлел келген. Ең әуелі адамзат баласы әйелге көркі үшін құмартатын болғандықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уа саллам) көрікті бірінші айтқан. Ер кісінің әйелге қоятын бірінші талабы оның көрікті болуы болса, екінші талабы әйелдің дүние-мүлкінің болуы екен. Дегенмен, ұлы тәрбиеші және кәміл жолбасшы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уа саллам) жігіттерге мінез-құлқы мен дініне қарап таңдауды насихаттауда. Себебі мінез-құлқы көркем болса, ондай әйелге деген күйеуінің  махаббаты берік болмақ, ал дінді білген әйел күйеуінің дүние-мүлкі мен ар-намысын сақтайды.

Дәл осы  ұстанымды келесі хадис шәріп те қолдап қуаттайды. Әнәс (разияллаһу анху) Пайғамбарымыз саллаллаһу алайхи уа салламнан риуаят етіп айтады: - «Кім әйелге көркі үшін үйленсе, Алла Тағалла оған тек қорлықты артығымен береді. Кім әйелге дүние-мүлкі үшін үйленсе, Алла Тағалла  оған тек кедейлікті артығымен береді. Егер кім әйелге тек  (көзін харамнан тосу және абыройын (харам істерден) сақтау үшін және перзент сүюді қалап үйленсе, Алла Тағала оған және әйеліне береке береді» (хадис шәріпті Имам Табараний «Әл-Әусат»-та келтірген).

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас разияллаһу анхудан риуаят еткен хадис шәріпте: Пайғамбарымыз саллаллаһу алайхи уа саллам: - «Әйелдерге көркі үшін үйленбеңдер, көркі оларды опат етеді. Оларға дүние-мүлкі үшін үйленбеңдер, дүние-мүлкі оларды шектен шығарып жібереді. Дегенмен оларға діні үшін үйленіңдер, тіпті мұрыны тесілген, (тақуа)  қара күң болса да, сол абзал!» - деген (Имам Ибн Мәжа рауаят еткен).

Егер де дін мен көрік қабат келген болса, ол кемелдік саналады. Ақындар мұндайда:

Ғажап-ау дүние,  дінменен көріктенсе,

Мазақ-ау дүние, еркекті күпір еліктірсе – деген.

Дін дегенде әйелдің тек қана намазхан, оразагер болуы назарда тұтылмайды, сонымен бірге әйелдің тақуа (Алла Тағалладан қорқатын) мейірімді, аманатқа адал, Ислам әдептеріменен зейнеттелген, дін үкімдерін ұстанатын болуы, өз мойнындағы Алла Тағалланың және күйеуінің қақын түсініп, оған қиянат етпейтін, дүние-мүлкін Алла Тағалла наразы болатындай деңгейде қолданбайтын, күйеуін бақытты және риза ететін әйел назарда тұтылады.

Бұл туралы Құран Кәрімде де ескертілген:

«Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар». (Рұм, 21 аят)

Демек, момын-мұсылманның жар таңдаудағы басты мұстахап амалы салиха жар таңдау екен.

Салиха әйел – Алла Тағаланың  пендеге берген нығметі болса, күнәһар әйел – Аллаһ Тағаланың пендеге жіберген азабынан хабар береді екен.

Қасиетті де діндар әйел – жәннәт және бақыт болса, дін үкімдерінен қашатын әйел бақытсыздық пен тозақтың белгілерінен болып табылады.

«Раббым! Бізге шамамыз келмейтінді артпа!» (Бақара, 286 аят).

Пайғамбарымыз саллаллаһу алайхи уа саллам: «Әйел кейде жәннәт, кейде тозақ» - деп, босқа айтпаған.

Осы орайда әйел туралы бұрынғы ақындардың бірі:

«Егер бұзсаң, ол шайтан,

Періштеден аумайды сақтай алсаң» - дегенде, ақиқатты айтқан. Сөз соңында айтарымыз Алла Тағалла жігіттерімізге жар таңдағанда дініміз насихаттаған мұстахаб амалға сүйеніп, мінезі мен діні көркіне тең келген аруларымызды таңдап, бақытты да берекелі ғұмыр кешуді нәсіп еткен болсын!

 

 Алатау ауданының Бас имамы

Орынбасар Орынбайұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат