Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ресейде Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнатылды

https://www.inform.kz/ 15.11.2019 3775 0 пікір
Ресейде Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнатылды

Ресейдің Рязан облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Ресейдегі Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнату идеясының авторы – Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Ескерткіштің ашылуына орай салтанатты шара Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жердегі Ескі татар зиратында өтті.

«Сөз жоқ, бұл – бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне ғана емес, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті, Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады» деген елші Иманғали Тасмағамбетов бастамаға қолдау көрсеткен Рязан облысының әкімшілігі мен дипломатиялық өкілдігіне алғыс білдірді.

Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі – 3 метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.

Еске сала кетейік, Ораз-Мұхаммед сұлтан Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тікелей ұрпағы, Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанның ұлы. Ол өз заманында орыс патшасына бағынышты аймақта хандықты билеп, қазақ сұлтандарының арасында шетелде үлкен абыройға ие болған әйгілі тарихи тұлғаның бірі.

Ораз-Мұхаммедтің ерлігі мен өмірі туралы көптеген деректерді жат жерде сұлтанның сенімді серігіне айналған шежіресі Қадырғали Жалаири жазып қалдырған. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты тарихи романында қазақ сұлтанының қайраткерлігі, парасаттылығы мен қаһармандық келбеті суреттеледі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру