Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұр-Мүбарак студенттері садақ ату өнерімен танысты

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 21.11.2019 495 0 пікір
Нұр-Мүбарак студенттері садақ ату өнерімен танысты

Садақ ату – сабырды шыңдап, сананы тәрбиелейді. Ақыл-ойды дамытады. Кейде бір ай бойы шешілмей жүрген мәселе бір сағат садақ атумен айналысқан соң шешімін де тауып кететін кездер көп. Осыған орай белгілі садақшы Әбдіғани Айқынбаев Нұр-Мүбарак университетінің студенттеріне шеберлік дәріс өткізіп, шәкірттерімен бірге садақ атудың керемет үлгісін көрсетті.

«Садақ ату – тұнып тұрған физика-математика. Тренер 10 пайыздай ғана бағыт көрсете алады, ал қалғаны адамның өзінің еңбектенуіне байланысты. Бір ғана ескеретін жай, жарыс кезінде мүлт кетпес үшін демін ішіне тартып тұрған сәтте тыныс алу қиындауы мүмкін», – деді садақ атудың сұрмергені Әбдіғани Айқынбаев.

Садақ ату, суда жүзу, атқа міну жайлы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет етуі де хикметке толы екені садақ атудан спорт шебері, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Ұлттық құрама бас бапкерінің дәрістерінен анық аңғарылып тұрды. Тәжірибесімен бөліскен садақшының дәрісін студенттер ұйып тыңдады. Себебі «Университетте садақ ату үйірмесі ашылады» деген жаңалықтың өзінен спорттың бұл түрін меңгеруге деген студенттердің қарасы көп болып шықты.

«Садақ ату – спорт түрі ғана емес, ұлттық салт-дәстүріміз, мұсылмандық міндетіміздің бірі. Сондықтан бұл ұлттық спорт өнері жастардың бойында жігерді шыңдап, мергендікті, ой ұшқырлығын арттыра түсетіндіктен, студенттерге де қолжетімді етудің жолын қарастырудамыз» деді университет басшылығы.

Студенттер бас бапкерден садақ атудың қыр-сыры жайлы естіп қана қоймай, садақты қолына алып, нысананы көздеп, садақ атудың әліппесімен танысты.