Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДӘББӘТ ҚАНДАЙ ЖАРАТЫЛЫС?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 18.08.2022 4774 0 пікір
ДӘББӘТ ҚАНДАЙ ЖАРАТЫЛЫС?

Қияметтің ең үлкен белгілері саналатын «дәббәт» атты мақұлық туралы «Нәмл» сүресінің 82-аятында: «Берілген сөз (уәде етілген азап) іске асуға шақ қалғанда, оларға жерден бір дәббәт (мақұлық) шығарамыз. Сөйтіп әлгі мақұлық адамдарға тіл қатып, аяттарымызға лайықты түрде иланбағандықтарын айтады», – деп баяндаған.

Араб тілінде «дәббәт» сөзі жер бетінде ақырын жүретін жәндіктерге қаратып айтылады. Аяттағы «дәббәның» сипаты Алланың өзіне ғана белгілі. Ол жануар жерде сүйреліп жүре ме, әлде екі, төрт немесе сансыз аяғы бола ма, белгісіз. Діни әдебиеттерде ол «дәббәт ул-ард» деп аталады.

Сондай-ақ бұл аяттың тәпсірін ғұламалар былай деп түсіндіреді: «Қиямет қайым болған кезде имансыздардың басына уәде етілген азап келеді. Осы кезде жерден бір хайуан шығады. Бұл хайуан шыққаннан кейін пенденің тәубесі қабыл етілмейтін уақыт туады. Ол адамдардың дінге және пайғамбарға иман келтірмегені жайлы айтады». Аят осы жағдайды баяндап тұр. Ол туралы ешқандай шүбә болмауы тиіс.

Хафиз ибн Кәсир: «Бұл хайуан ақырзаман таяғанда адамдардың арасында  бұзақылық әбден таралып, Алланың әмірін тәрк етіп, нағыз дінді өзгертіп алған кезде шығады», – деген.

Хузайфа ибн Үсәйд әл-Ғифәри (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он белгіні көрмей Қиямет болмайды», – деп жерден бір хайуан шығатыны туралы айтып өткен (Ахмад ибн Ханбал).

Абдулла ибн Әмір (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткендей, Қияметтің бірінші белгісі – күннің батыстан көтерілуі, жерден «дәббәт» атты хайуанның шығуы. Күндіз болатын бұл оқиғада қайсыбірі алдымен шықса, кейінгісі алдынғысының артынан шығады деген хадисті естіп, оны сірә ұмыта алмадым», – деген екен (Мүслім).

Мухаққиқ тәпсір ғалымдары Құранда аты айтылған бұл хайуан туралы керексіз және негізсіз әңгімелерді көбейтіп, алыпқашпа хабарларға аса мән бермеу қажеттігін айтады. Ол туралы Құран Кәрімде және сахих хадистерде жеткілікті айтылған. Нақты ақиқаты бір Аллаға ғана аян.

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №22, 2021 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру