Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІ

04.12.2019 47415 0 пікір
АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІ

КІРІСПЕ

Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең  ұлысы. Олай болса, осы адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – туған ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», деген.

Бұл аятта әуелі Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарауды бұйырған.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

 وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا

Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге жақсылық қылыңдар[1].

Қысқаша түсіндірмесі:  Алланың жалғыз екеніне иман келтіріңдер Оны ұлықтаңдар Оған серік қоспаңдар. Сендерді өсіріп, өндірген ата-аналарыңа жақсылық жасауды, қарайласуды өсиет етемін.

Екінші аят:

يَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنْفِقُونَ قُلْ مَا أَنْفَقْتُمْ مِنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالأقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ

Олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де[2].

Қысқаша түсіндірмесі: Уа Мұхаммед олар сенен өздірі тапқан нәпәқаларын «қандай жолда жұмсаймыз, кімдерге жұмсаймыз?» деп сұрайды. Сен оларға айт: «Алла жолында жақсылық жасасаңдар ең алдымен ата-аналарыңа, жақындарыңа, жетім-жесірлерге, міскіндер мен жолда қалғандарға жұмсаңдар».

Үшінші аят:

 وَوَصَّيْنَا الأنْسَانَ بِوَالِدَيْهِ إِحْسَانًا حَمَلَتْهُ أُمُّهُ كُرْهًا وَوَضَعَتْهُ كُرْهًا وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلاثُونَ شَهْرًا حَتَّى إِذَا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَبَلَغَ أَرْبَعِينَ سَنَةً قَالَ رَبِّ أَوْزِعْنِي أَنْ أَشْكُرَ نِعْمَتَكَ الَّتِي أَنْعَمْتَ عَلَيَّ وَعَلَى وَالِدَيَّ وَأَنْ أَعْمَلَ صَالِحًا تَرْضَاهُ وَأَصْلِحْ لِي فِي ذُرِّيَّتِي إِنِّي تُبْتُ إِلَيْكَ وَإِنِّي مِنَ الْمُسْلِمِينَ

Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: "Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын"[3]деді.

Қысқаша түсіндірмесі: Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында. Сол себепті Алла Тағала Құран Кәрімде өзінің құлдарына үзілді-кесілді ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Құран аяты жалғаса келе оның себебі ретінде ананың өзінің сәбиін бұл өмірге әкелерде үлкен қиыншылықпен әкелетінін, оны машақатпен тоғыз ай көтеріп, бағып өсіретінін сипаттайды.

Төртінші аят:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚإِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا 

Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле[4].

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл жердегі (قَضَىٰ) сөзін атақты ғалым Мүжәһид өсиет етті деп түсіндірген. Тәпсір ғалымдары бұл аяттағы ата-анаға жақсылық қылу жайында әмір тек Аллаға құлшылық қылуға әмір еткеннен кейін келген. Сол себепті ата-анаға қарайласу, олармен жақсы мәміледе болуды Исламдағы ұлы амалдардың қатарына кіргізген. Әсіресе бойларынан қуат кетіп қартайған шақтарында перзент үшін әке-шешесіне бала кезінде оған қалай мейірімділік жасаса ол да солай мейірімділік төгуі – міндетті амалдардан екенін өсиет етеді. Олардың мұқтаждықтары көбейген кәрілік шақтарында «туф» деп айтуды Құранда тиған.

Бесінші аят:

وَوَصَّيْنَا ٱلإِنْسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْناً عَلَىٰ وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ أَنِ ٱشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ ٱلْمَصِيرُ  

Біз адамдарға әке-шешеге қайырымдылық істеуді бұйырдық. Шешесі оған әлсіреген үстіне әлсіреп жүріп жүкті болды, екі жылдан  шығарады. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ[5].

Қысқаша түсіндірмесі: Ата-анамызға жақсылық қылуды бұйырды соның ішінде анаға ерекше ілтипат білдірген. Қасиетті Құранда ананың қиыншылықпен баланы тоғыз ай көтеріп, қиындықпен дүниеге әкелетінін баяндап кеткен. Тіпті баланың емізу уақытына дейін оның екі жыл екенін айтқан. Аяттың соңында иман нығметін нәсіп еткен Аллаға шүкір етуге тәрбие берген ата-анаға жақсылық қылу керек екенін ескертеді.

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

 ثَلَاث دَعْواتٍ مُسْتَجابٌ لَهُنَّ وَلَا شَكَّ فِيهِنَّ : دَعْوَةُ الْمَظْلُومِ ، وَدَعْوَةُ الْمُسافِرِ ، وَدَعْوَةُ الْوَالِدَيْنِ عَلَى الْوَلَدِ

«Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ: Зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына дұғасы»[6].

Екінші хадис:

 إِنَّ اللهَ حَرّمَ عَلَيْكُمْ عُقُوقَ اْلأُمهاتِ ، وَوَأْدِ الْبَنَاتِ ، وَمَنْعًا وَهَاتٍ ، وَكَرِهَ لَكُمْ قِيلَ وَقَالَ ، وَكَثْرَةُ السُّؤالِ ، وَإِضَاعَةُ الْمالِ

Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінде: «Алла Тағала сендерге аналарыңа құрметсіздікпен қарауды қыздарыңды тірідей көмуді, құқықтарды өтемеу мен орынсыз істі орындауды талап етуді, өсекті, көп сұрақты,  дүниені шашуды харам етті» [7].

Үшінші хадис:

كُلُّ الذُّنُوبِ يُؤَخَّرُ اللهُ مِنْها مَا شَاءَ إِلَى يَوْمِ الْقِيامَةِ إِلّا عُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ فَإِنَّ اللهَ يُعَجِّلُهُ لِصَاحِبِهِ فِي الْحَيَاةِ قَبْلَ الْمَوْتِ.

«Барлық күнәлардың жазасы  Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, тек ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді[8]».

Төртінші хадис:

 رِضَا اللهِ فِي رِضا الوَالِدِ ، وَسَخَطُ اللهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدِ

«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» [9].

Бесінші хадис:

عَنْ اِبْنِ عَبّاسِ ـ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ ـ قَالَ : قَالَ النّبي ـ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ ـ : « مَنْ أَصْبَحَ مُطِيعًا لِلَّهِ فِي وَالِدَيْهِ أَصْبَحَ لَهُ بَابانِ مَفْتُوحانِ مِنْ الْجَنّةِ ، وَإِنْ كَانَ وَاحِدًا فَوَاحِدٌ ، وَمَنْ أَمْسَى عَاصِيًا لِلَّهِ تَعَالَى فِي وَالِدَيْهِ أَصْبَحَ لَهُ بَابانِ مَفْتُوحانِ مِنْ النَّارِ ، وَإِنْ كَانَ وَاحِدًا فَواحِدٌ » . قَالَ رَجُلٌ : وَإِنْ ظَلماهُ ؟ قَالَ النّبي ـ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ـ : « وَإِنْ ظَلماهُ وَإِنْ ظَلماهُ وِإِنْ ظَلَمَاهُ »

Ибн Аббас (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бой ұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бой ұсынбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам тұрып айтты: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» деді. Пайғамбарымыз ﷺ: «Ия, зұлымдық жасаса да» деп үш мәрте қайталады[10].

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

1- Әли (Алла одан разы болсын) ата-анаға жақсы қарау мұсылман құлдың ұлы көркем мінезінен.

2- Хасан Басриден әке және анаға жақсылық жасау жайында сұралғанда: «Әкеге жақсылық қылуың ұлы амалдардан, анаға жақсылық қылуың одан да жоғары», деген.

3- Ибн Аббас: «Кім Аллаға шүкіршілік етіп ата-анасына жақсылық жасамаса, оның шүкірі қабыл емес» деді.

4- Хасан Басриден жеткен хабарда: «Ата-анаға жақсылық қылумен жиһад  қажылық, садақ да теңесе алмайды» деді.

5- Ибн Аббас: «Кімде-кімнің ата-анасы болып олармен таң атырып, кеш батырып жақсылығын жасаса, Алла Тағала ол адам үшін екі бірдей жәннәтін нәсіп етеді».

6- Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Құранда ата-анаға жақсылық жасауды өсиет етпесе де сау ақыл ол екеуіне қызмет қылу уәжіп екенін түсінер еді».

7- Кейбір сахабалар былай деген: «Кімде-кім ата-анаға дұға қылуын тоқтатын болса, ризығы тарылады».

8- Ізгілердің бір сөзінде: «Ата-анасына жақсылық қылған адамның Алла ғұмырын ұзақ қылады» деген.

9- Мұхаммад ибн Сирин ата-анасына киім алса ең жұмсағын, сапалысын сатып алатын.

10- Ибн Аббас ата-ана жайында: «Ата-анаңның алдында қожайынның алдында қателік істеп қойған құл секілді әрекет жаса» деген.

11- Айша анамыздан (Алла одан разы болсын) жеткен хабарда ата-анаға мейірім көзімен қарау жайында: «Үш нәрсеге қарау құлшылық: Қағбаға қарау, Құранға зер салу, ата-анаға мейірім көзімен қарау» деген.

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:             

Мұса пайғамбардың қиссасы:

Бір күні Мұса пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) Алладан бұл дүниедегі жәннаттағы серігін көрсетуін сұрады. Сол кезде Жебірейіл келіп: «Сенің жәннатағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы» деп жауап берді. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) қасапшының дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігіт екенін көрді. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) жігіттің істерін жақыннан бақылап көрді бірақ ешбір ерекшелікті байқамады. Түн болған кезде қасапшы аздап ет алып үйіне қайтты. Мұса пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) да оған ілесіп барып, қонақ қылуын талап етті бірақ өзін таныстырмады... Кең пейілмен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ қылды. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) бақылауын жалғастырды. Әлгі жігіт тамақ дайындап, төбеде ілулі тұрған себетті түсіріп, бір қарт әжені алып шықты. Жуындырып, киімін ауыстырып қолымен тамақ беріп болғаннан кейін бұрынғы жайына жайғастырды. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естіді. Анасын тамақтандырғаннан кейін қонағын күтіп, тағам әкеліп бірге тамақ іше бастады. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) бұл қария әже жайында сұрады. Жігіт: «Бұл менің анам мен оның қызметіндемін» деп жауап берді. Содан кейін Мұса (Алланың оған сәлемі болсын): «Анаң өз тілінде не деп айтты» деді. Ол: «Әр кез мен оған қызмет жасаған кезімде ол:            « Алла сені кешірсін және сені қиямет күні Мұсаның серігі етсін», деді. Сол кезде Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) : «Ей жігіт мен сені сүйіншілеймін Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сені байқап едім анаңды ұлықтап, құрмет жасап, жақсылық істегеніңнен басқа амал көрмедім, сенің бұл деңгейің ата-анаңа деген құрметің және жақсылығың» деді.

Екінші қисса:             

Алқаманың оқиғасы:

Алқама есiмдi сахабасы болыпты. Жоқ-жiтiк жандарға үнемi қол ұшын берiп жүредi екен. Бес уақыт намазын қаза етпей оқитын болған. Бiр күнi қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Пайғамбарымыз ﷺ халiн сұрауға бiрер сахабасын жiбередi. Олар келгенде: «Кәлима тауһид пен калима шаһадатты айт», – дейдi. Сонда Алқаманың тiлi күрмелiп, ештеңе дей алмайды. Осы хабарды естiген Пайғамбарымыз ﷺ: Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрайды.

– Иә, қарт анасы бар, – деп жауап бередi қасындағылар.

– Әй, Бiләл, маған Алқаманың анасын шақырып кел, – дейдi Алланың соңғы Елшiсi. Анасы келгенде: «Сiз Алқамаға ренжiп жүрсiз бе?» – деп сұрайды.

– Иә, мен оған қатты ренжулiмiн, – дейдi.

Сонда Пайғамбарымыз ﷺ:

– Түсiнiктi. Анасын өкпелеткенi үшiн тiлi кәлимаға келмей жатыр екен. Имансыз қалпы өлiп кетпесiн. Отын жинап әкелiңдер. Алқаманы отқа жағамын, – дептi. Сонда байғұс анасы:

– О, Алланың Елшiсi! Сен ұлымды көз алдымда қалай отқа тастамақсың? Менiң жүрегiм бұған қалай шыдайды? – дейдi.

– О, Алқаманың анасы, Алла Тағаланың азабы, оның ақыреттегi жалындаған оты бұл дүниедегi оттан әлдеқайда күштi. О дүниеде балаңыздың жанғанын қаламасаңыз, разылығыңызды берiңiз. Разылығыңыз болмаса, балаңыздың оқыған намазы, берген садақасы тозақ отынан құтқара алмайды, – дегенде, дереу анасы қолын жайып:

– Иә, Алла,  Өзiң және қасымдағылар куә болсын! Ұлым Алқамаға разымын, ақыретте одан ақымды сұрамаймын, – дептi. Осы оқиғадан кейiн Алқамаға барғандар оның тiлiнiң кәлимаға келiп, сөйлеп жатқанын көредi. Сол кезде әлгi сахабалар қуанып:

– Аллам, соңғы демiмiз бiтер кезде бiздiң де тiлiмiздi кәлимаға келтiрудi нәсiп ет, – деп жамырай дұға жасапты.

Ата-анаңа  қалай  құрмет  көрсетсең, өз балаңнан да солай құрмет көрерсің. Өз балаңыздан  қандай  жақсылық  күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз, не ексеңіз, соны орарсыз. Жақсылық қылсаң да өзіңе, жамандық қылсаң да өзіңе емес пе?!  «Ата-ана не қылсаң, алдыңа сол келер» деген. Ақ жаулықты, ақ шашты өз  аналарымыз  бен  данагөй   қарияларымызды  ардақтайық, көңілдеріне қаяу, жүректеріне  қайғы салмайық, ағайын!

Үшінші қисса:

Абдулла ибн Омар (р.а.) анасын мойнына салып, Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (р.а.): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылар», – деп жауап берген екен.                   

НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР:

  • Ата-ана қадірін білмеген – халық қадірін біле алмас. Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас. (Ғабиден Мұстафин)
  • Ата-ананы ұмытқан жас — опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы. (Ғабиден Мұстафин)
  • Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, Ұл атадан үйренбей сапар шекпес. (Қорқыт ата)
  • Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің;
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.

  • Әдепті бала ата-анасын мақтатар,

Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.

  • Алып анадан туады.
  • Ананың басқан жерінде пейіш бар.
  • Анаңа ауыр сөз айтпа, Атыңа ауыр жүк артпа.
  • Ана сүті бой өсіреді, Ата тілі ой өсіреді.
  • Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
  • Ата-ананың қарызы, Ұрпақтың өмірлік парызы.

АТА-АНАНЫ ҚҰРМЕТТЕУДЕ ПЕРЗЕНТ ҮШІН ПАЙДАСЫ:

-  Ата-ананың тірі кезінде батасын алған перзент екі дүниеде де бақытты болады.

-  Ата-анаға жақсылық жасау Алла алдындағы ең сүйікті амалдардан.

-  Ата-ана сенің жақсылығыңа ең лайықты адамдар.

-  Ата-ананың разылығы сен үшін екі бірдей жәннаттың есігін айқара ашады.

-  Ата-анаға жақсылық жасаған адам қажылыққа, умраға барғандай сауап алады.

-  Ата-анаға жақсылы адам өмірін ұзартып, ризығын кеңейтеді.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  • Ата-ананың разылығы Алланың разылығы;
  • Ата-ананың қадірін тірі кезінде білуіміз қажет;
  • Ата-ана басқа дінде немесе Алланың парыз еткен құлшылықтарын жасамаса да оларға деген жақсылық тоқтамау керек;
  • Мұсылман ата-анасын дұғаларында еске алады;

ДҰҒА:

Алла Тағала Исра сүресінде:

وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا 

Екеуіне кеңпейілдікпен мейірім құшағыңды жай да : «О Раббым! Бұл екеуін мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, сен де оларды рақымыңа бөлей гөр» деп айт[11].

 

 

 

 

 

[1] «Ниса» сүресі, 36-аят.

[2] «Бақара сүресі», 215-аят.

[3] «Ахқаф» сүресі, 15-аят.

[4] «Исра» сүресі, 23-аят.

[5] «Лұқман» сүресі, 14-аят.

[6] Ахмад хадистер жинағында келген.

[7] Мүслім хадистен жинағы

[8] Ибн Хиббанның хадистер жинағы

[9] Тирмизи хадистер жинағы.

[10] Хакім хадистер жинағы

[11] Исра сүресі, 24-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру