Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс

10.09.2019 21940 0 пікір

Ысырапшылдық – Алла Тағала сүймейтін іс. Өйткені, ысырапшылдық жеке тұлғаға, отбасына, қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұл дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла Тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан-алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла Тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Себебі, берілген дүние-мүлік пәни дүниедегі тіршіліктің сәні ғана.

Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген:

الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَالْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَاباً وَخَيْرٌ أَمَلاً

«Байлық пен балалар – дүние тіршілігінің сәні. Ал бақи қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында, табыс бойынша да жақсы әрі үміт тұрғысынан да жақсы»[1].

Иә, бала-шаға, мал-мүлкіміздің барлығы осы жалған дүниенің сәні. Бірақ осы дүниеде істелген игі амалдарымыздың жемісін мәңгілік ақыретте жейтініміз сөзсіз. Ибн Аббастың айтуынша, жақсы амалдарға күнделікті бес уақыт намаз және әрбір Алла разылығы үшін жасаған іс-әрекеттеріміз, сөйлеген сөздеріміз жатады.

Сондай-ақ дүние-мүлік те – адам баласының игілігіне берілген нығметтің бірі. Ал пенде әр нәрсенің адал, арамын ажыратып білуі тиіс.

Алла Тағала былай бұйырады:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأَرْضِ حَلالاً طَيِّباً

«Әй, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер[2].

Яғни, адамзаттың ағзасына, ақылына зиян келмейтін әрі кері әсер етпейтін Алланың берген сансыз халал рызығынан жеңдер деуде. Өйткені ішіп-жейтін барлық қоректеріміздің қайсысы халал, қайсысы харам екені ашық та айқын көрсетілген. Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:

إِنَّ الْحَلاَلَ بَيِّنْ وَإِنَّ الْحَرَامَ بَيِّنْ، وَبَيْنَهُمَا أُمُورٌ مُشْتَبِهَاتِ، لاَ يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ، فَمَنِ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقَدْ اِسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ وَعِرْضِهِ

«Расында, халал мен харам анық. Ал халал мен харамның арасында адамдардың көбi хабарсыз болған күмәндi нәрселер бар. Күмәндiден сақтанғандар – өзiнiң дiнi мен ары үшiн тазарған болады»[3].

Олай болса, Жаратушы иеміздің сансыз нығметтерін, оңды-солды шашпай, харам мен халалды ажыратып пайдалану пенденің басты міндеттерінің бірі болмақ.

Құранда:

وكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«....Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді»[4] – деп, берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескертсе, Пайғамбарымыз ﷺ:

كُلُوا وَاشْرَبُوا وَتَصَدَّقُوا وَالْبِسُوا فِي غَيْرِ إِسْرَفٍ وَمَخِيلَةٍ

«Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер»[5], – дейді.

Демек, Алланың берген нығметінен ішіңдер, жеңдер сонымен бірге дәулет артылып жатса жағдайы жоқтарға, кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге, медресе, мешіт, балабақша, аурухана сияқты орындарға жұмсау зор сауапты іс. Сондай-ақ тәкаппарлыққа ұрындыратындай сырт көзге көрсету, мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түріне жатады.

Сондықтан қаражатымызды жалпыға пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін істен аулақ болуымыз абзал. Себебі, Алла Тағала дүние-мүлікті пенделерге жақсылық жасауда үлкен мүмкіндік етті.

Ал енді ысырап сөзі қандай мағына береді, жалпы ислам тұрғысынан ысырапты қалай түсінуіміз керек деген сауалдарға жауап қарастырып көрейік.

«Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау дегенді білдіреді.

Ысырапқор адам берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті үстіне бола берсе деген тоғышарлық мінез танытады.

Олай болса, ысырапқа бармау үшін үнемшіл болу қажет. Үнемшілдік – шектен тыс кетпеу, керегінен аз немесе көп жұмсаудан алыс болу, яғни орта деңгейді ұстай білу.

Үнемшілдік – шүкіршіліктің белгісі. Үнемшіл адам Алланың берген нығметтерінің қадірін біледі. Сондай-ақ құрметпен қарап, ондағы Алланың мейірімі барын сезініп, өзіне берілген сый-сыяпаттың қадірін түсініп, оны босқа жұмсаудан тартынады. Белгілі бір өлшемде ғана қажетіне жұмсайды. Осылайша Жаратушының бергенін қанағат қылады. Оларды тиімді жұмсау біреудің қолына телміруден құтқарады. Және де өз ар-намысын сақтаумен қатар сарқылмас берекеге кенелтері сөзсіз.

Сондай-ақ ол үнемшілдік арқылы Алла Тағаланың разылығына бөленуге болады. Ал ысырап қылушы шайтанның достарынан болып табылады.

Алла Тағала:

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُواْ إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُوراً

«Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші»[6], – деп, ысырап етудің күнә екендігін, тіпті, кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушыға жағымсыз іс екенін білдіреді.

Аятта дүниені оңды-солды шашуға болмайтындығы ескертілуде. Оңды-солды шашудағы мақсат, дүниені аз немесе көп жұмсауында емес, оны қай жерге пайдаланғаны маңызды. Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша, Алла үшін жұмсалған дәулет ысырапқа жатпайды. Ал жеке мүдде үшін қаражатты орынсыз шашу ысырапқа жатады.

Сондай-ақ ысырап үлкен күнә, әр отбасының берекесін қашыратын жағымсыз пиғыл. Құранда:

وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[7] деп ысырапқа үзілді-кесілді жол бермеу керектігі айтылған.

Мәселен, үлкен күнәлар қатарына жататын арақ, құмар ойнау, зинақорлыққа жұмсалған қаражаттың түбі неге апаратыны айдан анық. Өйткені, ішімдікке қаражат жұмсап, сонысына тояттаған адам өз отбасының шырқын бұзады. Оның ақыры жанұяның ажырасуына, шиеттей сәбилердің жетім қалуына әкеп соғады. Сол сияқты құмар ойынға ақша жұмсағандар, соған әуестеніп, санасын улағандар түрлі қиындықтарға душар болып, сан соғып қалып жатады. Сондай-ақ пара беріп өз ойын іске асырғандардың да, болмашы дүниеге алданып арын сатқан барлық зинақордың да күні осылай болмақ. Ондай жолдың соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Міне, осы кесірлердің бір себебі мақтанышпен дүние шашушылық, –яғни ысырапшылдық. Тіпті кейде бұның ысырап екенін білмей, өз істеріне сүйсіне жасайтындарда ұшырасады.

Құран Кәрімде былай делінген:

كَذَلِكَ زُيِّنَ لِلْمُسْرِفِينَ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Солайша шектен шығушыларға (ысырап қылушыларға) істеген істері көркем көрсетіледі»[8].

Яғни бұл аятта адам баласына қандай да бір қиыншылық төнсе, ауырса, кедейленсе, Жаратушы иемізден әр кейіпте: тұрып та, отырып та, жатып та жәрдем сұрайтынын айта келе, әлгі дерттен айықтырған сәтте барлығын ұмытып, баяғы әніне қайта басатындығы айтылған. Бұған қоса өз білгенін дұрыс көріп, ысырапшылдығын тыймайды.

Негізінен жұртқа көрсетіп, байлығымен масаттану үшін жасалған мұндай істердің сыбайласы шайтан. Өйткені, олар жетім-жесірлерді жебеп, кембағал-кәрілерге көмек жасамайды. Ал Құранда:

وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلاَ تُبَذِّرْ تَبْيذِراً

«Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Және мүлде ысырап қылмаңдар»[9], – деп ескертіледі.

Туған-туысымызға, міскін-кедейлерге, сапарға шығып жолда қалғандарға қанша қайырымдылық көрсетсек те ысырапқа жатпайды. Керісінше олардың жағдайын жасау міндетіміз. Және де мүмин орта жолды ұстанғаны дұрыс. Алла Тағала:

وَالَّذِينَ إِذَا أَنفَقُوا لَمْ يُسْرِفُوا وَلَمْ يَقْتُرُوا وَكَانَ بَيْنَ ذَلِكَ قَوَاماً

«Олар мал сарп қылғанда, ысырап жасамай, сараңдық қылмай, ортасында болады»[10], – дейді.

Яғни, өздерінің сарп қылған дүниелерінде ешбір ысырапқа жол бермей әділдікті ұстанып, ортаны игі тұтқандар. Шынайы құлдар Жаратушымыздың көрсеткен шариғатынан асып кетпей, сонымен қатар парыз қылған әмірін кем қылмай орындайды. Сондай-ақ дүние-мүлікті жинап, пайдалы жерге жұмсамай сараңдық танытып, қол қусырып отырғанның да дұрыс еместігін Алла Тағала ескертуде.

Тағы бір аятта:

وَلاَ تَجْعَلْ يَدَكَ مَغْلُولَةً إِلَى عُنُقِكَ وَلاَ تَبْسُطْهَا كُلَّ الْبَسْطِ

«Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң да, тым дарақы да болма)»[11], – дейді.

Ысырап қылу мен бірге тым сараңдық таныту да Исламға жат қылық. Себебі, пендені күтпеген жерінен рызықтандырушы, мал-мүлік беруші – Алла. Бірақ таршылық көрсек, сабырлық танытқанымыз абзал. Адамзатқа ненің керек, ненің керек емес екенін жақсы білетін Алла Тағала әрбір істі хикметпен жаратыны сөзсіз. Олай болса, дүниені сарп ету мен оған сараңдық таныту тек бір Аллаға тән сипат. Өйткені, Ол – мүліктердің Иесі.

Жеп-ішудегі ысырап:

Жалпы күнделікті қимыл-қозғалыс, жұмыс істеу үшін қорек қабылдап отыру табиғи мәселе, яғни дініміз құптайтын іс. Бірақ тамақтануда өз мөлшерін сақтаған дұрыс. Осы орайда, дініміз аз тамақтанып тән саулығын күшейтумен қатар обырлықпен артық асаймын деп ысырапқа жол бермеу керектігін де ескерткен.

Ендеше, тыңқиып тойып алу да, аштықтан көзі қарауытып құлап түсетін жағдайға жету де дұрыс емес.

Алла елшісі ﷺ:

مَا مَلأَ آدَمِيٌّ وِعَاءً شَرًّا مِنْ بَطْن، بِحَسْبِ ابْنِ آدَمَ لُقَيْمَاتٌ يُقِمْنَ صُلبَهُ، فَإِنْ كانَ لاَبُدَّ فَاعِلُهُ فَثُلُثٌ لِطَعَامِهِ وَثُلُثٌ لِشَرَابِهِ وَثُلُثٌ لِنَفَسِهِ

«Адам баласы еш уақытта асқазанынан өткен жаман ыдыс толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға және үште бірін ауаға арнасын»[12], – дейді. Яғни керегінен тыс тағам жеудің адамға зиян келтіретінін айтуда.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда, жалпы қоршаған ортада ішіп-жеудің нормасы сақталмай ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды бекерге ағызып қою т.б. Бұған той-томалақта шама-шарқына қарамастан ешкімнен құр қалмайын деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз да бар. Ал өмірде күнделікті күнкөріске зар болып жүргендер қаншама. Мүминдер үшін табақтағы соңғы асты ысырап етпей сүннет жолы деп бітіріп тауысып қою әдептіліктің бір көрінісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермеуге тырысайық.

Киім киістегі ысырап:

Негізінде, адам баласы киім киюге мұқтаж. Киімсіз жүруі мүмкін емес. Ол – пендесіне берген Алланың сансыз нығметтердің бірі. Өйткені, Алланың елшісі ﷺ:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ أَنْ يَرَى أَثَرَ نِعْمَتِهِ عَلَى عَبْدِهِ

«Шынында Алла Тағала Өзінің нығметтерінің белгісін құлының бойынан көргенді ұнатады»[13], – деген.

Демек, таза әрі жарасымды киінген құлын Алла Тағала жақсы көретін болғаны. Бірақ адамдарға көрсету мақсатында немесе мақтану ниетімен менмендікке салынса, киімі тұрып мода қуып бірінің үстіне бірін алып жатса, ол – ысырап. Одан сақтанғанымыз дұрыс. Ысырапты Алла жек көреді.

Уақыт ысырабы:

Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Өйткені, уақыттың алатын орны ерекше. Сол себептен Құран кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігі айтылған. Уақыттың маңыздылығы сонша – Жаратушы иеміз Құранның «Фәжр», «Духа», «Аср», «Ләйл» секілді кейбір сүрелерінде уақытқа серт еткен. Алла Тағала:

وَالْعَصْرِ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ

«Заманаға серт. Негізінен, адам баласы зиянда»[14]дейді.

Яғни, уақытпен серт етіп, сол уақыттың ішінде адамзаттың қасіретте болатынын айтқан. Ал сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әрбір сағат, күн, ай, жылымызда игі істердің көп жасалуына көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтануымыз керек. Уақыттың жауы теледидарға (керексіз телесериал көру т.б.), интернетке, бос сөзге, көп ұйқыға берілмеген дұрыс. Сондай-ақ ағзамызға зиян тигізетін арақ, темекіге жұмсалған қаражат та ысырапқа жол ашады. Себебі, ол әр ағзаны бүлдіргенімен қоймай, қаражатты да бекерге шаштырып, қалтаны қағатыны белгілі. Пайғамбарымыз ﷺ:

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ، وَالْفَرَاغُ

«Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет – денсаулық пен бос уақыт»[15] – деген хадисін де тегін айтпаса керек.

Олай болса, Алланың құлына өлшеп берген өмірін, алтындай уақытын өзімізге, қоршаған ортаға пайдасы тиетін амалмен өткізуге тырысайық. Өйткені, уақыттың қас қағым сәтте өте шығатыны бәрімізге белгілі. Уақыттың қадір-қасиетін біліп, оны тиімді қолданған даналарымыз, ғалымдарымыз жеткілікті. Дана Абай:

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа?!», – деп, бұл өмірдің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, уақыттың зымырап өтетінін ескертіп, адамды сүйіп жаратқан Алланың хикметін сезініп, дұрыс өмір сүру керектігін айтқан. Сонда ғана өлшеулі өмірдің мәні ашылмақ.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар»[16], – десе, Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде:

لاَ تَزُولُ قَدَمَا اِبْنِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عِنْدِ رَبِّهِ حَتَّى يُسْئَلُ عَنْ خَمْسٍ: عَنْ عُمْرِهِ فِيمَ أَفْنَاهُ، وَعَنْ شَبَابِهِ فِيمَ أَبْلاَهُ، وَعَنْ مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اِكْتَسَبَهُ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ، وَفِي مَاذَا عَمَلَ فِيمًا عَلِمَ

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, алған білімін не істегендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және тәнін қандай жолда жүріп тоздырғандығы жайлы есепке тартылмайынша бір адым да аттай алмайды»[17], – деген.

Олай болса, берілген нығметтердің қадірін біліп, жеке басымызға, қоғамға пайдасы тиетіндей істерге арнайық. Ысырапты Алланың сүймейтіндігін жадымыздан шығармайық.

 

 

[1] «Кәһф» сүресі, 46-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 168-аят.

[3] Сахихул-муслим, 107 (1599).

[4] «Ағраф» сүресі, 31-аят

[5] Нисаи, зәкет, 66, 79

[6] «Исра» сүресі, 27-аят

[7] «Әнғам» сүресі, 141-аят.

[8] «Юнус» сүресі, 12-аят.

[9] «Исра» сүресі, 26-аят.

[10] «Фурқан» сүресі, 67-аят.

[11] «Ал-Исра» сүресі, 29-аят.

[12] Тирмизи, зуһд, (нәпсіні тию) 47.

[13] Тирмизи, әдеп, 54.

[14] «Аср» сүресі, 1-2 аяттар.

[15] Бухари, Тирмизи

[16] «Тәкәсур» сүресі, 8-аят.

[17] Тирмизи, қиямет, 1,

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру