Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қажылық – бес парыздың бірі

15.07.2019 17085 0 пікір

Баршаны жоқтан бар қылған, біздерді мұсылмандардан еткен Аллаға мақтау-мадақтар болсын. Раббымыздың тура жолын өмірімен үлгі етіп жеткізген пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық құлшылығы – Алланың құлдарына берген жақсылықтарға толы зор мүмкіншілігі. Қажылық сөзі – араб тіліндегі الحَجُّ (әлхажжу) ұғымының баламасы. Тілдік мағынасы: ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту.

Фиқһ ілімінде қажалық дегеніміз – балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған әр мұсылманның Алла үшін ғұмырында бір мәрте шариғат белгілеген мерзімде арнайы шарттарға тәуелді құлшылық рәсімдерін орындауға дара тағайындалған қасиетті орынды зиярат ету.

Құран Кәрімде Алла Тағала қажылық жайлы бірнеше аятта баян еткен. «Әли Имран» сүресінің 97-аятында былай дейді:

وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж.[1]

Аяттың мағынасында айтылғандай Раббымыз ешкімнің құлшылығына, қажылығына мұқтаж емес. Керісінше күнәсі тау тасынан көп болған пенделердің мұқтаж болған қасиетті ғибадаты. Олай болса бұл ұлы іс тек қана Алла үшін дұрыс ниет, шынайы ықыласпен, үлкен дайындықпен кірісетін амал.

Басқа бір аятында Алла Тағала:

الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَّعْلُومَاتٌ  فَمَن فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلَا رَفَثَ وَلَا فُسُوقَ وَلَا جِدَالَ فِي الْحَجِّ  وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ يَعْلَمْهُ اللَّهُ وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَىٰ وَاتَّقُونِ يَا أُولِي الْأَلْبَابِ

«Қажылық белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда құлшылық парызын өтеуге ниет етіп, бел буса, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ. Сондай-ақ қандай жақсылық жасасаңдар да Алла оны міндетті түрде біліп тұрады. (Өзгелерге мұқтаж болмас үшін) азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық тақуалық! Менен қорқып тақуалық шеңберінде әрекет етіңдер.[2]», дейді.

Қажылық барысында қажы бос істердің бәрін тастап, өзін көріп, бақылап тұрған Раббысының разы болатын қайырлы істерімен ғана айналысуы қажет. Кез келген адам жолға шығар алдында керек азығын алғанындай, бұл қасиетті сапардың ең негізгі азығы болған тақуалықты ала шығу керек. Ал адамның жиған қаржысы, алған киім-кешек, заттары осы тақуалыққа жәрдемші құралдарға айналуы тиіс.

Қажылықтың даналықтары мен пайдалары:

Кез келген амал мен құлшылықта Алла Тағала жасырған даналық пен сыр бар. Қажылықтың да исламдағы алатын орны да өте жоғары. Адамға берер пайдасы да, жасырылған даналығы да өте көп.

  1. Біріншіден бұл қасиетті сапар кімге нәсіп етілсе, ол тек Алланың құлына деген кеңшілігі екенін ескеруіміз қажет. Өйткені Раббымыз:

قُلْ بِفَضْلِ اللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِ فَبِذَٰلِكَ فَلْيَفْرَحُوا هُوَ خَيْرٌ مِّمَّا يَجْمَعُونَ

(Уа Мұхаммед !): «Оларға: Бұл тек Алланың шексіз шарапаты рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл-жиған тергенінен әлдеқайда артық», деп айт.[3] – дейді.
  1. Алланың бірлігін пенденің санасына сіңіріп, Аллаға деген махаббатын арттыратын құлшылық. Қасиетті Құранда:

       وَإِذْ بَوَّأْنَا لِإِبْرَاهِيمَ مَكَانَ الْبَيْتِ أَنْ لا تُشْرِكْ بِي شَيْئاً وَطَهِّرْ بَيْتِيَ لِلطَّائِفِينَ وَالْقَائِمِينَ وَالرُّكَّعِ السُّجُودِ

Әйтсе де, кезінде Ибраһимге қасиетті үйдің (Қағбаның) орнын белгілеп бергенімізде оған: «Маған еш нәрсені серік қоспа. Үйімді оны тауап ететіндер, онда қиямда тұрып, рукуғ жасап, әрі сәжде етіп құлшылық қылатындар үшін таза ұста» деп, бұйырған едік,[4] дейді.

Қажылық күндері мұсылман адам мына сөздерді қайталап Алланың жалғыз екеніне куәлік етеді:

لَبَّيْكَ اللَّهُمَّ لَبَّيْكَ، لَبَّيْكَ لاَ شَرِيكَ لَكَ لَبَّيْكَ، إِنَّ الْحَمْدَ، وَالنِّعْمَةَ، لَكَ وَالْمُلْكَ، لاَ شَرِيكَ لَكَ

Қазақша мағынасы:

«Аллаһым, мен сенің әміріңді орындауға келдім, сенің әміріңе бой ұсындым . Сенің серігің жоқ, сенің әміріңді орындау – менің борышым. Күмәнсіз барлық мадақ саған тән және жалпы иелік пен нығмет сенікі. Сенің еш серігің жоқ».

Ибраһим мақамында екі ракағат намазда оқылатын «әл-Кафирун» «әл-Ихлас» сүрелерінде де Алланың бірлігі баяндалады.

  1. Әлемдегі мұсылмандардың арасында сүйіспеншілік орнатады. Ол жерде болған адам барлық мұсылмандардың түсіне, тіліне, ұлтына, жеріне, еліне, дүниесіне, денсаулығына қарамай бір киімде, бір жерде, бір уақытта, бір құбылаға бет бұрып, бір Аллаға жалбарынып, бір-біріне жәрдем етіп жатқанын байқайды. Жер бетіндегі күллі мұсылмандардың бір денедей екенін сезініп, Алла Тағаланың «Шын мәнінде мүміндер бір-біріне бауыр»[5] деген ақиқатын көзбен көреді. Өзара сырласып, жағдайларынан хабардар болады.
  2. Ғибадаттың барлық түрлерін қамтыған: Намаз, садақа, құрбан шалу, тауап, Құран оқу, зікір ету, дұға тілеу, истиғфар. Алайда бұл құлшылықтардың түпкі мақсаты мұсылманды көркем мінезге тәрбиелеу.
  3. Тәубеге келіп, күналардан тазартатын мінәжат. Алла Тағала Құран Кәрімде:

       يا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ 

«Әй, мүминдер, Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі»[6], деген.
      

Дін ғұламалары тәубенің қабыл болуы үшін төрт шартты бекіткен: күнәдан тыйылу, бұрынғы жасаған күнәларына қатты өкіну, күнәні қайталамауға бел байлау, кісі ақысын иесіне қайтару.

Әр адамның жүрегім таза, ешкімнің ала жібін аттамадым деуіне жөн жоқ. Ендеше әр қайсымыз күнәмыздан тазаруға мұқтажбыз. Әбу Һурайра (р.ғ.) Пайғамбарымыздың ﷺ былай дегенін жеткізеді:

وعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ قَالَ" مَنْ حَجَّ  فَلَمْ يَرْفُثْ وَلَمْ يَفْسُقْ، رَجَعَ كيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ "

«Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туылғандай (күнәсіз)  оралады»[7].

Алла елшісінен ﷺ жеткен құдси хадисте былай делінеді:

«...Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Алла Тағала періштелердің алдында мақтанып, былай дейді: “Құлдарым Жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйысқан (жол жүріп, шаршап шалдығып) күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Әй, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!»[8], деген.
  1. Жәннатқа апарар жол:

الْعُمْرَةُ إِلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا، وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلَّا الْجَنَّةَ.

«Бір умра (кіші қажылық) екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат»,[9] –деп сүйіншілеген.
  1. Қажылық - мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Неге десеңіз, мұсылман ұлттар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Киімдерін шешіп бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Сырттай көз тастасаң бәрі бірдей ақ кебінге оранған секілді. Еріксіз құлдың қиямет күні Мақшардағы сәттерін елестетеді.
  2. Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасату арқылы нәпсінің тізгінін тартып ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Қажылық сапары барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Алла үшін не нәрсені болса да шығындау парасаты өседі.

Қажылықтан кейінгі адамның жағдайы

  1. Қасиетті сапардың жақсы әсерлерімен бөлісуі.
  2. Қажылығының қабыл болуын әрдайым Алладан сұрауы.
  3. Тақуалыққа негізделген жаңа өмір бастауы. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

” يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلَا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ”.

«Әй мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да мұсылман болған күйде ғана өліңдер»[10] деген.
  1. Құлшылыққа ерекше көңіл бөліп, әрдайым ізгі амалдарға ұмтылуы.

وَالَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ أُولَـٰئِكَ أَصْحَابُ الْجَنَّةِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

«Ал және сондай иман келтіріп, түзу амал істегендер, жұмақтық болып, олар мәңгі қалады».[11]
  1. Күналардан сақтану. Қасиетті Мекке жерінде көзіне жас алып кешірім сұраған, шайтанға тас лақтырып, оған қарсы дұшпандық жариялаған пенде енді еліне оралғанда осы күйді сақтай білуі қажет.

Енді қажылықтың парыздары туралы бірер сөз.

  1. Ихрамға кіру;
  2. Арафаттта тұру;
  3. Тауап ету.

Ихрам – «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата, Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ, ниетті тілмен айту – мустахаб. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы — ихрамның шарттары.

Арафатта тұру – арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін Арафат тауында бір мезет болса да тұру. Сондықтан кімде-кім Арафатта тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Пайғамбарымыз ﷺ: «Қажылық дегеніміз – Арафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»[12], – деп, Арафатта тұрмаған кісінің қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен.

Тауап ету араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап — Алла Тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Алла Тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз ﷺ тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтулланың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп, кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін»[13], – деген.

Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында «Хажарул асуад» деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың іргесінен басталады. Қағбаны жеті рет айналғанда тауап тәмамдалады. Тауапта айналымдарды бірінен кейін бірін істеу шарт емес. Тауап толық бітпей жатып, ортасында дәрет алып, намаз оқып, айналуды одан әрі жалғастыруға болады.

Сөз соңында қажылықтың уәжіптері туралы Олардың біріншісі – сағи. Сафа мен Мәруа деп аталатын екі төбенің арасында төрт рет Сафадан Мәруаға, үш рет Мәруадан Сафаға тездетіп жүру сағи болып табылады.

Екіншісі – Муздалифада тұру. Айт күні көкжиектен күннің қызылы кеткен уақыт пен келесі күннің күні шыққанға дейінгі аралықта Муздалифада тұру- уәжіп. Бүкіл түнді сонда өткізу  — сүннет. Муздалифада тұру бір себеппен орындалмай қалса, оқасы жоқ. Себебі, Пайғамбарымыз ﷺ бұл амалды орындай алмаған адамдарға кәффарат (айыпты жуып-шаю) жасасын деп айтпаған. Ал, себепсіз орындамағандар құрбан шалып, айыбын өтейді.

Үшінші уәжіп – Минада шайтанға тас лақтыру.

Төртіншісі – шашты тақырлап алу немесе қысқарту. Минада тас лақтыру рәсімінен кейін «Тәмәтту» қажылыған өтеген адам құрбан шалу қажет. Бұдан кейін Меккеде және айттың алғашқы үш күнінде шашын тақырлап алу немесе қысқарту уәжіп.

Соңғы уәжіп – қоштасу тауабы. Сыртан келіп, миқаттардың бірінен кірген қажылар қажылық амалдарын бітіргеннен кейін қоштасарда Қағбаға тауап ету уәжіп.

Қажылықтың сүннеттері:

  1. Құдум тауапы, яғни алыстан келгендер үшін алдымен Қағбаны тауап ету.
  2. Тауаптың алғашқы үш айналымында рамл ету (керіле жүру), яғни иығын қиқаңдатып, қысқа адыммен басып, шапшаң жүру.
  3. Сағида белгілі жерден (жасыл белгіден) өткен сайын оң иығын ашып, жылдам жүріп өту.
  4. Айт күндері Мина тауында түнеу.
  5. Минадан Арафат тауына күн шыққаннан кейін шығу.
  6. Мұздалифадан Минаға күн шықпай бұрын шығу.
  7. Мұздалифада түнеу.
  8. Үш Жамратта кезекпен белгілі тәртіпте тас лақтыру.

   Міне, осындай қадыр-қасиетін түсінген аталарымыз аталмыш құлшылыққа қатты мән берген. Жолдың алыстығына қарамастан әр қилы қиыншылықтарды бастан кешіріп, жандарын түйіншекке түйіп, айлап, жылдап жүріп, бір емес бірнеше қайта қасиетті жерді зиярат еткен ардақты қажылар жеткілікті. Олардың біреуі Құнанбай Өскенбайұлы. Ол заманында би, балуан, аға сұлтан болған. Оның мұсылманшылдығы мен қажылыққа ниеті туралы Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», – деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», – деп жазады.

1879 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. Құнанбай Өскенбайұлы қажылық сапарынан кейін, ел ісіне араласпай, қалған ғұмырын оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен өткізген.

Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да – қажылық сапарын өтеп, ғұмырын мұсылманшылдықпен өткізген қазақтың бірі. Бес жасында ауыл молдасынан сауат ашқан Шәкәрім араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген.

Шәкәрім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған. Қажылық сапарына жарты жылдай уақыт кеткен.

Қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындап қайтқан. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан аталып кетеді.

Қорыта келгенде бармаған да арманда, барған да арманда қалатын осы қасиетті қажылық сапары пендеге өмірінде бірақ рет берілетін Алладан болған мүмкіндік. Бұл берілген нығметтен кейін де оған лайықты болуға тырысу әр қажының міндеті. Раббымыз баршамызға қажылықты және оны Өзі разы болатындай күйде атқаруымызды нәсіп етсін!

 

[1] Әли Имран сүресі, 97-аят.

[2] Бақара сүресі 197-аят.

[3] Юнус сүресі, 58-аят.

[4] Хаж сүресі, 26-аят.

[5] Хужурат сүресі 10-аят.

[6] Тахрим сүресі, 8-аят.

[7] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[8] Ибн Хиббан хадистер жинағы

[9] Бұхари хадистер жинағы

[10] Әли Имран сүресі, 102-аят.

[11] Бақара сүресі, 82- аят.

[12] Әбу Дәуіт хадистер жинағы

[13] Тирмизи хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру