Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Отанды сүю - иманнан

13.05.2019 18610 0 пікір

Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық  борышы.

Әркімнің де өсіп-өнетін жері – оның Отаны. Адам туған жерін, Отанын қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» халық нақылы. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың қастерлі борышы.

Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген риуаят бар. Мағынасы «Отанды сүю иманнан» дегенді білдіреді. «Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» дегендей, расымен де туған жерге, Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.

Риуаят бойынша, Алланың елшісі мүшріктердің қысымынан соң Жаратқанның пәрменімен Мәдинаға қоныс аударып бара жатқанда сахабасы Әбу Бәкір (р.а.) екеуі алдымен үңгірге жасырынады. Сосын үңгірден түнде жолсыз даламен Мәдинаға бағыт алады. Кейін керуен жолына түсіп, Меккеге апаратын жолды көреді. Сонда Пайғамбар сол жолға қарап, Меккемен қимай қоштасады. Сол кезде Жебірейіл періште көңілі жабырқау Пайғамбарды қуантатын Жаратқан Иенің мына сүйінші аяттарын түсіреді:

 

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿إِنَّ الَّذِي فَرَضَ عَلَيْكَ الْقُرْآنَ لَرَادُّكَ إِلَى مَعَادٍ

Алла Тағала былай дейді: «Ақиқатында, саған Құранды түсірген (Алла) түбінде сені (Меккеге) қайтарады..» (Қасас, 85-аят).

Арада біраз уақыт өткенде Алланың уағдасы орындалып, Ислам діні жеңіске жетіп, Мекке ашылғанда Пайғамбар ﷺ туған қаласына келіп кіреді.

 

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لِمَكَّةَ: «مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ وَالطَّبَرَانِيُّ وَالْبَيْهَقِيُّ.

 

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – дейді. (Хаким, Табарани, Бәйһақи риуаят еткен).

Олай болса, адамзаттың асылы Алланың Елшісі де туған жерін, Отанын қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған. Туған-туысы, жұрты тура жолда болса екен деп тілеген.

Мәдинаға көшіп келген соң қасындағы қоныс аударушы сахабаларымен бірге Меккені аңсап, сағынышын білдірген. Сосын Хақ Тағаладан Мәдинаны Меккедей сүйкімді, ыстық Отанға айналдыруын тілеп дұға қылады.

 

قَالَ رَسُولُ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اَللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوْ أَشَدَّ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

 

Алланың Елшісі ﷺ: «Уа, Алла! Бізге Меккені сүйікті еткеніңдер Мәдинаны сүйікті ет не одан да артық ыстық ет!» − деп дұға қылған. (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Ақиқатында, солай болып шықты да. Мәдинада Меккедегідей құт-береке, мамыражай тіршілік орнады.

 

Елін сүю − имандылық белгісі

 

Расында, елін, жерін жақсы көру шынайы имандылықтың көрінісі. Оның ұлтшылдықпен, жершілдікпен айырмасы бар.

 

عَنْ عَبَّادِ بْنِ كَثِيرِ الشَّامِيِّ، عَنِ امْرَأَةٍ مِنْهُمْ يُقَالُ لَهَا: فُسَيْلَةٌ، قَالَتْ: سَمِعْتُ أَبِي يَقُولُ: سَأَلْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا رَسُولَ اللهِ، أَمِنَ الْعَصَبِيَّةِ أَنْ يُحِبَّ الرَّجُلُ قَوْمَهُ؟ قَالَ: «لاَ، وَلَكِنْ مِنَ الْعَصَبِيَّةِ أَنْ يُعِينَ الرَّجُلُ قَوْمَهُ عَلَى الظُّلْمِ». رَوَاهُ أَحْمَدُ وَابْنُ مَاجَه.

 

Аббад ибн Кәсир жеткізген риуаятта бір кісі Пайғамбардан ﷺ: «Уа, Расулалла! Бір адам өзінің ұлтын, қауымын жақсы көрсе, ол рушылдық болып санала ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Жоқ. Егер адам өзінің қауымының зұлымдық қылуына жәрдем берсе, сонысы рушылдық», − деп жауап береді. (Ахмет, Ибн Мәже риуаят еткен).

Жер бетінде Отанынан, егемендігінен айрылған, басқаға тәуелді ұлт-ұлыстар қаншама?! Асан Қайғы Отанынан айрылып аңырап қалған адамның жаны әрдайым жаралы болатындығын былайша жеткізген:

 

Ата жұрты бұқара

Өз қолыңда болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп!

 

Туған жердің топырағы да ыстық

 

Әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Ата-бабамыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеген. Тап осындай дәстүр арабтарда да бар екен. Араб әдебиетші Жахиздің айтуынша арабтар бір жорыққа аттанғанда немесе алыс сапарға шыққанда өздерімен бірге туған елдің топырағын алып жүрген. Елін, жерін сағынғанда сол топырақты иіскейтін болған.

Туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру. Пайғамбар ﷺ ауру адамды ұшықтап, үшкіргенде сулы қолын топырақтап науқастың денесіне тигізген екен.

 

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ فِي الرُّقْيَةِ: «تُرْبَةُ أَرْضِنَا وَرِيقَةُ بَعْضِنَا يُشْفَى سَقِيمُنَا بِإِذْنِ رَبِّنَا». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

 

Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар ﷺ дұғамен емдегенде: «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады», − дейтін. (Бұхари риуаят еткен).

Әрбір адамның Отанға деген сүйіспеншілігі сөзінде не ісінде көрінеді.

Адамның өз Отанына деген сүйіспеншілігі сөзінде қалай көрінеді? Ақылды адам Отаны туралы зәредей жаман сөз айтпайды. Басқа жұрттың алдында елін, жерін мақтан тұтатады. Жұртын дәріптейтін шығарма, өлең жазады. Жаратқан Иеден елі мен жерінің тыныштығы, жарқын болашағын тілеп, дұға қылады. Мысалы, еліміздегі мешіттерде жұма сайын имамдар, діндарлар Алла Тағаладан Отанымыздың, еліміз, Елбасымыздың амандығын тілейді. Тәуелсіздігіміздің баяндылығын, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сұрайды. Жамағаттың, елдің бірлігі үшін үгіт-насихат жүргізеді, ағайынның татулығын, бейбітшілікті уағыздайды. Медреселерде иманды да ибалы ұл-қыздарды тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Адамгершілік, татулық, тақуалық, бірлік туралы діни дәрістер үздіксіз жүреді. Алла Тағаладан Отанның амандығын, абаттылығын тілеу шариғатта бар дәстүр. Оған мына хадис шәрифтер дәлел.

 

لَقَدْ دَعَا رَسُولُ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اَللَّهُمَّ اجْعَلْ بِالْمَدِينَةِ ضِعْفَي مَا جَعَلْتَ بِمَكَّةَ مِنَ الْبَرَكَةِ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

 

Алланың Елшісі ﷺ: «Уа, Алла! Бізге Мәдинаға Меккеде жасаған құт-берекеңнен екі есе артық береке дарыт!» − деп дұға қылған.

 

دَعَا رَسُولُ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي تَمْرِنَا، وَبَارِكْ لَنَا فِي مَدِينَتِنَا، وَبَارِكْ لَنَا فِي صَاعِنَا، وَبَارِكْ لَنَا فِي مُدِّنَا، اَللَّهُمَّ إِنَّ إِبْرَاهِيمَ عَبْدُكَ وَخَلِيلُكَ وَنَبِيُّكَ، وَإِنِّي عَبْدُكَ وَنَبِيُّكَ، وَإِنَّهُ دَعَاكَ لِمَكَّةَ، وَأَنَا أَدْعُوكَ لِلْمَدِينَةِ بِمِثْلِ مَا دَعَا لِمَكَّةَ، وَمِثْلَهُ مَعَهُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Алланың Елшісі ﷺ: «Уа, Алла! Біздге құрмамызда береке бер, Мәдинамызда береке бер, өлшемдерімізге береке бер! Уа, Алла! Ибраһим Сенің құлың әрі досың және пайғамбарың һәм мен де Сенің құлыңмын әрі пайғамбарыңмын. Расында ол Сенен Мекке үшін дұға қылды, ал мен оның Меккеге дұға еткені сияқты һәм тағы да сондай (береке тілеп) Мәдина үшін дұға етемін!» − деп дұға қылған. (Мүслім риуаят еткен).

Расында біздің ата-бабамыз аса отаншыл, елжанды, ұлтжанды болған. Егер Алаш жұртының бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер, қазақ деген халық, Қазақстан деген кең-байтақ тәуелсіз ел де болмас еді. Отан елден, жерден тұрады. Ал әлеуметтің, қоғамның бірлігі – Отанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұқара халық арасында ауызбірлікті, ағайыншылдықты уағыздау Жаратқанның бұйырған ісі. Өйткені біз – жақсылыққа бұйырып, жамандыққа тосқауыл жасайтын үмбеттің ұрпағымыз.

 

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ

Алла Тағала былай дейді: «Сендер адамдар үшін шығарылған үмбеттердің ішіндегі ең қайырлысы болдыңдар. Өйткені жақсылыққа бұйырасыңдар, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға сенесіңдер» (Әли Имран, 110-аят).

Адамның отаншылдығы, туған жерге деген ықыласы мен құрметі оның ісінде де көрінеді. Қайда жүрсе де туған жерін ұмытпайды. Қолынан келгенше Отанына қызмет етуге тырысады.

 

عَنْ عِرْبَاضٍ بْنِ سَارِيَّةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ. رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ وَالطَّبَرَانِيُّ.

Ирбад ибн Сариядан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар ﷺ: «Адамдардың ең қайырлылары адамдарға көбірек пайда әкелгендері», – деп жауап берген ( Бәйһақи мен Табарани риуаят еткен).

Сондықтан туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Қаражаты болып тұрса, мешіт-медресе сияқты имандылық ордаларын салып, немесе елге қажетті мектеп, аурухана, жол салып туған елге қызмет еткені дұрыс.

Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет осындай кең ұғымды білдіреді.

Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте:

 

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبيِرَنَا 

 

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, аталарымыз бен аналарымызды, аға-әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн.

«Ерім дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Сол үшін Отаншылдық рухы бар, ұлтжанды, иманжүзді ұрпақ тәрбиелеу бүкіл елдің міндеті. Бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу басты мәселе болып тұр. Осы орайда ақиық ақын Мұқағалидың мына өлеңі ерекше:

 

Отан! Отан!

Сен болмасаң, не етер ем?

Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,

Өмірден бұл өксуменен кетер ем.

Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды.

Отансыз жан өмірінде оңбайды.

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға - сол қайғы!

Күн көреді, әкесіз де, анасыз,

Өмір сүрер әйелсіз де, баласыз,

Ал Отансыз - нағыз сорлы панасыз?

 

Отан отбасынан басталады

 

Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген  аталы сөз бар. Отанды сүю, туған елге құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Отаншылдықтың бір көрінісі туған елге ие болып қалатын отаншыл, рухы биік иманды ұрпақ тәрбиелеу.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн.

 

وَقَدْ رَوَى البُخَارِيُّ فِي صَحِيحِهِ مِنْ حَدِيثِ نَافِعٍ عَنِ ابْنِ عُمَرَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ رَاعٍ عَلَى النَّاسِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَامْرَأَةُ الرَّجُلِ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْؤُولَةٌ عَنْهُمْ، وَعَبْدُ الرَّجُلِ رَاعٍ عَلَى مَالِ سَيِّدِهِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْهُ، أَلَا فَكُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ».

 

Бұхари өзінің Сахихында Ибн Омардан Алланың елшісінің ﷺ былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер».

Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғауды үйретуге де отағасы жауапты. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Бала нені көрсе жаста ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жатсынады.

Отанға деген сүйіспеншілік - халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, кісі ақысын жемеу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді.

Бірде Хазіреті  Омар (р.а.) сырттан бір кісі келгенде, дереу алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда: «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап бергені тарихтан мәлім. Бұл Омардың (р.а.)  ел басқарып тұрған халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Сахабалардың қай қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені олар ақиретте бәрі үшін сұрақ барына нық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да терең сезінген. Сондықтан да Алланың алдына ешкімнің ақысын жеместен  жүзі  жарқырап баруын  қалаған.

 

Отанды сүю – қоғам қауіпсіздігін, тұтастығын сақтау

 

Қоғамның бірлігі, әлеуметтің бір сөзділігі Отанның қуаттылығының жарқын белгісі болып табылады. Жаратқан Ие бізді бір-бірімізбен тату болуға бұйырады. Ағайынның алтыбақан алауыз болмай, айрандай ұйыған ауызбірлікті болуына үндейді.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَلاَ تَنَازَعُواْ فَتَفْشَلُواْ وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُواْ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

Алла Тағала былай дейді: «Аллаға және Оның Елшісіне бойсұныңдар, дауласпаңдар! Олай етсеңдер, бірліктерің кетеді. Сабыр етіңдер, Алла сабырлылармен бірге!» (Әнфал, 46-аят).

Мысалы, өзіне қатысы жоқ істер туралы, саясат туралы, жеке бір тұлғалар туралы негізі жоқ әңгімелерді айту, ел арасында күдік-күмәнді көбейтетін қауесеттер тарату исі мұсылманға жат қылық.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مِنْ حُسْنِ إِسْلاَمِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لاَ يَعْنِيهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың елшісі ﷺ былай деген: «Адамның мұсылманшылығының көркем белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы».( Тирмизи хадистер жинағы)

Мұсылман баласы қоғамның қауіпсіздігі, елдің игілігі үшін бір жақсылық жасай алмаса, онда бір зиян тигізбегенінің өзі жақсылыққа жатады.

 

عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللهِ، أَرَأَيْتَ إِنْ ضَعُفْتُ عَنْ بَعْضِ الْعَمَلِ؟ قَالَ: تَكُفُّ شَرَّكَ عَنِ النَّاسِ فَإِنَّهَا صَدَقَةٌ مِنْكَ عَلَى نَفْسِكَ. مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Бұхари мен Мүслім жеткізген риуаятта ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарға ﷺ: «Уа, Алланың Елшісі! Егер жақсылық жасай алмайтындай болсам не істеймін?» − деп сұрадым. Сонда ол (с.а.с.): «Адамдарға еш жамандық қылмауға тырыс. Расында, солай етуің өз-өзіңе берген садақа», − деді».

 

Отаны бірдің — тілегі бір, жүрегі бір

 

Дін және отан – өте қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Қазірде елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар, мемлекетшіл мұсылмандар қажет.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Себебі ынтымақты, иманды елді жау ала алмайды.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ

Алла Тағала былай дейді: «Алланың жібінен (дінінен) түгел ұстаңдар да, бөлінбеңдер!» (Әли Имран, 103-аят).

 

Біздің Отанымыз – Қазақстан

 

Қазақстан елде тұратын 18 миллионнан астам адамның отаны. Сырт елдерде жүрген 5 миллиондай қазақтың жалғыз Отаны. Одан басқа Отан жоқ.

Еліміз жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында, ал мұсылман әлемінде ең үлкен аумақты мемлекет. Ислам әлемінің солтүстік және шығыс шекарасы Қазақстанмен аяқталады. Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың, бірнеше конфессиялардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл біздегі биліктің жүргізіп отырған дұрыс саясаттың нәтижесі.

 

Отан бізге не берді емес, біз Отанға не бердік

 

Біз ортақ үйіміз, Отанымыз – Қазақстан үшін, еліміздің бірлігі үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Мемлекет бізге не береді деп емес, біз осы елдің дамуы үшін не істей аламыз деп жұмыс жүргізуіміз қажет.

 

Отанды қорғау – құрметті парыз

 

Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолындай қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

 

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.  

Алланың елшісі ﷺ: «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз», – деген. (Тирмизи хадистер жинағы)

 

Отанымыз - біздің алтын шаңырағымыз. Әрдайым шаңырағымыз биік бола берсін! Алла отанымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, өмір бойы мәңгілік бақытқа жеткізе бергей! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру