Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗИНА – ҮЛКЕН КҮНӘ

19.12.2018 136328 0 пікір

Әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға сан-санақсыз мақтаулар болсын. Біздерге Ислам дінін дін етіп жібергені үшін шүкір етеміз. Оның Ақырғы Елшісі Мұхаммед Мұстафаға (ﷺ) қиямет-қайымға дейін салауат-сәлем жолдаймыз.

«Зина» сөзінің шариғи мағынасы бойынша ер немесе әйелдің некесіз бөгде біреумен төсек қатынасына түсуін меңзейді[1].

Алла Тағала зинаның кез келген түріне, зина жасауға себеп болатын кез келген әрекетке, қадамға қатаң тыйым салған.

Зинақорлық – мүміннің сипаты емес. Оны жасаған адам жазаға жолығады, қияметте де қатты азапталады. Бұл жайында Құдай Тағала қасиетті Құранда былай дейді. 

وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ يَلْقَ أَثَاماً * يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَاناً * إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلاً صَالِحاً فَأُوْلَئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ وَكَانَ اللَّهُ غَفُوراً رَّحِيماً

«Олар (мүміндер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, хұқтары болмаса Алла тыйымына қарсы кісі өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды. Ал кім соларды істесе ол жазаға жолығады. Қиямет күні оған деген азап еселене түседі де, ол сонда қор болған күйде мәңгілікке қалады. Алайда кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рахымды»[2].

Зинақорлық – жеке басты құрдымға жіберетін өте қауіпті күнә. Ол адамды күнәға батырып, шынайы тәубе жасалмаса Алланың назарынан, рахымынан алыстатады.  Зинаның адамның басты байлығы болған иманына әсер ететіні жайлы хадисте былайша баяндалады:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إذَا زَنَى الرَّجُلُ أُخْرِجَ مِنْهُ الْإِيمَانُ وَكَانَ عَلَيْهِ كَالظُّلَّةِ فَإِذَا أَقْلَعَ رَجَعَ إلَيْهِ الْإِيمَانُ». رَوَاهُ أَبُو دَاوُد.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (ﷺ) былай дейді: «Пенде зина жасағанда одан иман шығып кетеді де (оның үстінде) шатыр сияқты болып тұрады. Ал одан (зинадан) ажырағанда, (яғни, мүлде тыйылғанда) оған иман қайтып келеді»[3].

Бұл жайында мынадай хадистер бар.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ«. رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُد وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадис-шарифте Алланың ақырғы Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес»[4]. Нәсәи риуаятында бұл күнәларды істеген мұсылман мойнынан Ислам дінінің жібін алып тастағандай болатыны, егер күнәні қайталамайтындай болып шынай тәубе жасаса ғана Алла оны кешіретіндігі жайлы айтылады.

 

 

Көз зинасы

 

Көз нығымет дұрыс пайдаланбаудың көптеген зияны бар. Солардың бірі көру нығметін рұқсат етілмеген нәрселерге қарауға пайдалану арқылы адам күнәларға барады.

Құранда өзге еркектер мен әйелдерге көз салу туралы:

قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ

(Мұхаммед () Мүміндерге айт:) бөгде әйелдерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла олардың не істегендерінен хабар алушы[5], - дейді. Тағы бір аятта:

وَلَا تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ ۚ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولَٰئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْئُولًا

Құранда Алла Тағала: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы сұралады»[6],- делінеді.

Танып білу мақсатында бірінші рет қарауға болады. Ал, ары қарай көңіл кетіп, нәпсімен қарау көз зинасы болып табылады. Бұған көшедегі ашық-шашық киінген әпке-қарындастарымызға нәпсілік ниетпен қарау, әлеуметтік моншаларда, т.б. орындарда бөгденің әуретіне сұқтана қарау, ұятсыз фильмдер тамашалу, т.б. көз арқылы жасалатын зина тектес дүниелер қамтылады.

Зинаның дүниелік зардаптарымен қоса ақыреттік зардаптары да өте ауыр.  Жоғарыдағы «Фұрқан» сүресінің аяттарында тәубе келтірмесе қияметте азаптың еселеніп, тозақта мәңгілік қалатыны айтылады. Ал, хадистерде зинақор кәріге өте қатты қорлық бар екені баяндалып былай делінеді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «ثَلَاثَةٌ لَا يُكَلِّمُهُمْ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَا يُزَكِّيهِمْ وَلَا يَنْظُرُ إلَيْهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ: شَيْخٌ زَانٍ، وَمَلِكٌ كَذَّابٌ، وَعَائِلٌ - أَيْ فَقِيرٌ - مُسْتَكْبِرٌ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ وَأَحْمَدُ وَالنَّسَائِيُّ.  

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Қиямет күні Алла үш адаммен сөйлеспейді әрі оларды ақтамайды және оларға назарын да салмайды һәм оларға күйзелтуші азап болады. Олар: зинақор шал, өтірікші патша, кедей тәкаппар»[7].

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына бір хадисте Пайғамбарлар Сұлтаны (ﷺ) былай дейді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «أَرْبَعَةٌ يُبْغِضُهُمْ اللَّهُ: الْبَيَّاعُ الْحَلَّافُ، وَالْفَقِيرُ الْمُخْتَالُ، وَالشَّيْخُ الزَّانِي، وَالْإِمَامُ الْجَائِرُ». رَوَاهُ النَّسَائِيُّ وَابْنُ حِبَّانَ.

 Яғни, «Алла төрт адамды жек көреді, олар: ант ішкіш саудагер, айламен пайда табуға тырысатын пақыр, зинақор шал және қатыгез әмірші»[8].

Жоғарыдағы екі хадистен зинақорлықтың әдетке айналып, зинасын қоймаған адаммен Алла Тағала қиямет күнінде сөйлеспейтіні, назарын салмайтыны, жек көретіні, тіпті ақтамайтыны айтылады. Бұдан өткен ақыреттік азап бар ма?

Қасиетті Құран аятында бұл туралы былай дейді:

وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً 

«Және зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол»[9].

Сонымен қатар, Құран күллі адамзатты азғындықтың барлық түрінен жоламауға шақырады:

وَلاَ تَقْرَبُواْ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ

«Азғындық істердің жариясына да, жасырынына да мүлде жоламаңдар»[10].

Аллаға серік қосу, адам өлтіру сынды ауыр күнәларымен қатар аталған зина күнәсі адамзатты аздырып, шежіре тазалығын жоғалтып, ар-ұжданға қас болғандықтан Алла одан барынша сақтануға үндейді.

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысында зинақорлық арсыздық һәм тексіздік ретінде бағаланады. «Қызға қырық үйден тыйым, Қала берді, қара құлдан тыйым» қыз баланың абыройын барынша биік тұтып, қызғыштай қорыған. «Арсыз болса, қыз жаман, Ақылсыз болса, ұл жаман», «Мал сақтама, ар сақта», «Малым - жаным садағасы, Жаным - арым садағасы» деп арсыздықтың барып тұрған жаман қасиет екенін ұрпақ жадына құйып өсірген.

Аталмыш күнәнің зардабын жақсы білгендіктен дала заңдарында да зинаға өте ауыр жазалар тағайындалатын болған. Тәуке ханның «Жеті жарғысының» 4-жарғысы зинақорлыққа арналған. Онда «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын» делінеді. Яғни, бұл жарғыда бабаларымыз Құдай Тағаланың әмірін қалтқысыз орындайтын құқықтық нормативтік актілер қабылдап отыр. Сондықтан зинақорлық біздің балаларымыздың жолында да айыпталған.

«Қарадан шыққан хан» атанған Құнанбай қажының Қодар мен Қамқаны қалай жазалағаны туралы баршаңыз білсеңіздер керек.

Жақын болғанын айлап кісі жіберіп аңдытып, әбден дәлелденген, айғақтары табылған соң қатал үкім кесілген. Қодар мен келіні Қамқаны шөгерілген қара атанға теңдей артады да, түйені тұрғызады. Яғни, өлім жазасы – дарға асудың далалық көшпенді формасы. Құнанбайдың бұйрығымен қырық рудың адамдары құздан төменге лақтырылған Қодардың өлі денесіне тас атады.

Бұл туралы Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының Жесір қалған келінін Қодар алып,

Қылмайтын істі қылған құдай құлы[11], –

деп бірден мәселенің басын ашып алып, қарабайыр шындықты ешқандай әсірелеусіз, өз қалпында көрсетеді.

Зинаны жасаған адам пәк жарға үйлене алмайтыны жайлы Құран аят бар. «Тең теңімен, тезек қабымен». Алла нәсілінің асыл негізін бүлдіріп, тектіліктің тамырына балта шабатын азғындықты жасағандар ғана бір-бірлеріне қосылады.

﴿الزَّانِي لَا يَنكِحُ إلَّا زَانِيَةً أَوْ مُشْرِكَةً وَالزَّانِيَةُ لَا يَنكِحُهَا إِلَّا زَانٍ أَوْ مُشْرِكٌ وَحُرِّمَ ذَلِكَ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ﴾ 

«Зинақор ер тек зинақор әйелге не мүшрік әйелге ғана үйленеді. Әрі зинақор әйелге тек зинақор ер не мүшрік ер ғана үйленеді. Ал бұл иман келтіргендерге харам етілді»[12].

Ал, осындай жазалар мен зардаптары бар зина күнәсынан бас тартудың өзі үлкен құрмет, Алла алдында зор дәреже болмақ. 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» سَبْعَةٌ يَظِلُّهُمُ اللهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لاَ ظِلَّ إِلاَّ ظِلَّهُ: الإِمَامُ الْعَادِلُ وَشَابٌّ نَشَأَ فِي عِبَادَةِ رَبِّهِ، وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ فِي الْمَسَاجِدِ، وَرَجُلاَنِ تَحَابَّا فِي اللهِ اجْتَمَعَا عَلَيْهِ وَتَفَرَّقَا عَلَيْهِ، وَرَجُلٌ طَلَبَتْهُ امْرَأَةٌ ذَاتُ مَنْصِبٍ وَجَمَالٍ فَقَالَ إِنِّي أَخَافُ اللهَ، وَرَجُلٌ تَصَدَّقَ أََخْفَى حَتَّى لاَ تَعْلَمُ شِمَالُهُ مَا تُنْفِقُ يَمِينُهُ، وَرَجُلٌ ذَكَرَ اللهَ خَالِياً فَفَاضَتْ عَيْنَاهُ«. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ فِي كِتَابِ الْجَمَاعَةِ وَالإِمَامَةِ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (ﷺ) былай дейді: «Өзінен басқа ешқандай көлеңке болмаған күні (Қиямет күні) Алла Тағала жеті адамға көлеңке береді. Олар: әділ имам (басшы да жатады), ғибадатпен есейген жас жігіт, жүрегі мешітке байланған кісі, Алла жолында бір-бірін жақсы көріп, бауырласып, Алла үшін жиналып, Алла үшін тарқасқан екі жолдас, атақты һәм сұлу әйел күнә істеуге шақырғанда, «мен Алла Тағаладан қорқамын» деп бас тартқан ер, жасырын түрде садақаны көп бергені сонша, оның санын білмейтін бай, оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам»[13].

Зинаның түрлері де алуан түрлі. Оның объектісінің жақындық-алыстығына да қарай, Ислам дінінде азғындыққа берілетін жаза да ауырлай түседі.

عَنْ عَبْدِ اللهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلْتُ أَوْ سُئِلَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الذَّنْبُ عِنْدَ اللهِ أَكْبَرُ؟ قَالَ: أَنْ تَجْعَلَ لِلَّهِ نِدًّا وَهُوَ خَلَقَكَ، قُلْتُ: ثُمَّ أَيُّ؟ قَالَ: ثُمَّ أَنْ تَقْتُلَ وَلَدَكَ خَشْيَةَ أَنْ يَطْعُمَ مَعَكَ، قُلْتُ: ثُمَّ أَيُّ؟ قَالَ: أَنْ تُزَانِي بِحَلِيلَةِ جَارِكَ، قَالَ: وَنُزِلَتْ هَذِهِ الآيَةُ تَصْدِيقًا لِقَوْلِ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ﴾». رَوَاهُ البُخَارِيُّ. 

Абдулла (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісінен (ﷺ): «Ең үлкен күнә қайсы?» – деп сұрағанда, ол (): «Өзіңді жаратқан Аллаға ортақ қосуың», – деген. «Сосын қайсы?» – деп сұрақ қойғанда, ол (): «Асыңа ортақтасады деп балаңды өлтіруің», – деген. Тағы да: «Сосын қайсы?» – деп сұрағанда, ол (): «Көршіңнің әйелімен зина жасауың», – деген.

Бұл көршіден басқа әйелмен зина жасауға рұқсат бергендікті білдірмейді. Бәлкім, көрші, жақын отыратын адамдармен жамандық жасаудың зардабының еселене түсетінін түсіндіреді.

 

Зина жасаған қауымға Алланың мейірімі түспейді. Керісінше, тәубе жасамаса ол қауымның басына әртүрлі бәлекеттер, апаттар жіберіледі. Сол індеттің бірі қазіргі таңда белең алған жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар. Бүгінде күллі адамзаттың мәселесіне айналып отырған ЖҚДБ (СПИД) екендігі белгілі.

 

Ислам дінінде зинаның кез-келген түріне тыйым салынып адамдардың ар-ұжаны, ұяты мен намысы, тектілігі мен тазалығы қорғалады.

Жүсіп-Баласағұн бабамыз «Қыз-келіншектің ләззаты – некелескен түндері, Ер жігіттің ләззаты – жау қайырған күндері» деп адам құмарлығының ақ-адал нұсқаларын ұрпақ санасына ұсынады.

Сөзімізді пайғамбарымыздың () заманындағы мына оқиғамен түйіндесек;


Жүләйбиб (р.а.) әйелдерге осалдығы бар жігіт еді. Бір күні ол ардақты пайғамбарымызға келіп, зина жасауға рұқсат сұрады. Сахабалар бұл әдепсіз қылыққа өретүрегелісті. Алайда Расулалла оны жанына шақырды. Жүләйбиб жанына барып отырғанда, жайлап оны сөзге тарта бастады:

-          Айтшы кәне, басқа біреудің анаңмен зина жасағанын қалар ма едің?

-          Құрбан болып кетейін, жоқ.

-          Рас, ешкім де анасымен біреудің зина жасағанын ұнатпайды.

-          Ал қызыңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?

-          Жолында өліп кетейін, жоқ, уа, расулалла.

-          Рас, ешкім де қызымен біреудің зина жасағанын қаламайды.

-          Басқа біреудің қарындасыңмен зина жасағанын қалайсың ба?

-          Жолында өлейін, жоқ.

-          Рас, ешкім де қарындасымен біреудің зина жасағанын қаламайды.

-          Әпкеңмен біреудің зина жасағанын қалар ма едің?

-          Жолында өлейін, жоқ.

 

Иә, Алла елшісі ақыл-ой, қисын тұрғысынан Жүләйбибті көндіріп, оның жүрегін қанағаттандырған болатын. Артынан қолын әлгі жігіттің кеудесіне қойып былай деп дұға етті:

«Алла тағалам, бұл жігіттің күнәларын кешіре гөр, жүрегін тазала, әрі ұятын сақтай гөр[14].

Зинақорлық асыл дінімізде де, ата жолында да ауыр қылмыс, үлкен күнә. Алла бұл ауыр күнәдан баршамызды сақтасын!

 

 


 

 

[1] Рағиб әл-Исфахани, Муфрадату Әлфазыл-Құран, Дамаск, 1992, 384

[2] «Фұрқан» сүресі, 68-70 аяттар.

[3] (Термези, Әбу Дәуіт риуаят еткен).

[4] Бұхари, Мүслім, Термези, Әбу Дәуіт, Нәсәилер риуаят еткен.

[5] «Нұр» сүресі, 30-аят

[6] «Исра» сүресі, 36-аят.

[7] Мүслім риуаят еткен хадис.

[8] Нәсәи, Ибн Хиббан риуаят еткен.

[9] «Исра» сүресі, 32-аят

[10] «Әнғам» сүресі, 151-аят.

[11] Т. Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Жүректің басына төгілген қан) https://abaialemi.kz/post/view?id=911

[12] «Нұр» сүресі, 3-аят.

[13] Бұхари риуаят еткен.

[14] Ахмад хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру