Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АРАПА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН 6 КЕҢЕС

Мейрамбек Ақылбекұлы muftyat.kz 27.07.2020 25532 0 пікір
АРАПА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН 6 КЕҢЕС

Арапа сөзі арабтың «ъарафа», яғни, «білу, анықтау, түсіну» мағынасына сай келеді. Бізде оны қарияларымыз «Қарапа» деп атап кеткен. Зұлхижжа айынының тоғызыншы күні, күллі мұсылман жұртының мейрамы Құрбан айттың алдындағы күн және күндердің ең қадірлісі – Арапа күні жақындап келеді.

Қазақ халқы бұл күнді әуелден қадірлеп, құрметтей білген. Арапа күні құрбан айт мерекесіне ерекше дайындық жасап, марқұмдарға дұға бағыштап, бір-біріне қонаққа барып, ұлық мейрамның келгеніне қуанған.

Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді. Ал қажылыққа бара алмаған адам, бұл күнді құрмет тұтып, құлағына, көзіне және тіліне ие болып, тәшриқ тәкбірін айтып, ораза ұстап, дұға және тәубе жасап, кешірім тілеумен өткізеді.

 

Арапа күнгі амалдарға қатысты 6 кеңес

 Арапа күнін құрметтеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн» (Дәйләми) десе, тағы бір өсиетінде: «Арапа күні құлағына, көзіне және тіліне ие болған адам кешіріледі» (Табарани) деген.

Құлағына ие болу – ғайбат, мәні жоқ жаман өлеңдерді тыңдамау деген сөз. Егер бұлар біздің қалауымыздан тыс құлағымызға келетін болса, бізге күнә болмайды. Көзге ие болу – харам нәрселерге қарамау және мубах нәрселерден ғибрат алу деген сөз. Тіліне ие болу – өтірік, өсек, сөз тасу, жаман сөз, тіпті, бос сөзден тыйылу, ешкімді тілімен ренжітпеу дегенді білдіреді. Осы аталғандарға мойынсұнып жүрген адам Арапа күнін құрметтеген болады.

Сондықтан, бұл күні жасалған игі істер үшін сауаптар бірнеше есе артады және оның шын мәніндегі көптігін Алладан басқа ешкім білмейді. Сол сияқты бұл күні жасалған күнәлардың да  жазасы бірнеше есе артады.

Тәшриқ тәкбірі. Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «Аллаһуммә әнтәссәлам...» дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын (жеке оқыса да, жамағатпен оқыса да) дауыстап оқулары керек. Әйел адамдар дауыстарын шағырмай, іштерінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады. Тәшриқ тәкбірі: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд» Мағынасы: Алла Ұлық, Алла Ұлық! Алладан басқа құдай жоқ және Алла бәрінен де Ұлық! Алла Ұлық әрі күллі мадақ-мақтаулар тек Аллаға тән!

Ораза ұстау. Арапа күні ораза ұстау қажет (сүннет) амал. Өйткені, ораза – нәпсі тәрбиесінің негізі. Хадистерде Арапа күні ораза тұтудың сауабы мол және күнәларымыз кешірілетінін жеткізген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) Қиямет сырнайы үрленгенге дейін, өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады» - деген. Тағы бір риуаятта, момындардың анасы Айша (Алла оған разы болсын) Масрукқа: «Ей Масрук, сен Расулуллаһтың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Арапа күні оразаны мың күнмен салыстырғанын естідің бе?» деді. (Байхаки, Табарани).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ұсталған ораза 1000 күн тұтылған (нәпіл) оразаға тең» (Табарани) деген.

«Арапа күні ораза тұтқан адамдардың екі жылдық күнәлары кешіріледі. Бірі, өткен жылғы, екіншісі, келер жылдың күнәлары» яғни, осы күні тұтылған ораза өткен және келер жылда жасалатын тәубелердің қабыл болуына себепші болады. (Муслим)

Дұға жасау. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Дұғаның абзалы – Арапа күнінің дұғасы және мен әрі менен бұрын болған пайғамбарлардың айтқан дұғаның абзалы – Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Иелік және мақтау Алла Тағалаға тән әрі Ол барлық нәрсеге құдіретті»Сол үшін осындай қасиеті мол күнді бос өткізбей, дұғамен күнімізді берекелі еткен жөн болады. Дұғамыз арқылы еліміз бен жеріміздің, жанұямыз бен ағайынның амандығын тілеу қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға» (Бәйһақи) дейді.

Тәубе ету. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары –жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген. Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Сол үшін Арапа күні мейірім есігі ашылған кезде, Аллаға тәубе жасап, күнә-қателіктеріміздің кешірілуін сұрайық. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады» деген. (Дәйләми)

«Төрт түннің күндізі де түні секілді құнды болып келеді. Алла Тағала ол күндері дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұлар: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні, жұма түні және күндері» (Дәйләми)

Кешірімді болу: Кешірім – иманның шынайы көрінісі. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Кешіре әрі райдан қайта біліңдер, өйткені кешірім мен мейірімділік таныту пенденің маңыздылығын арттыра түседі. Егер Алланың сізді ұлықтауын қаласаңыз, онда өзгелердің де күнәларын кешіріңіз».

Ендеше, Алланың шарапатымен, кешіре алатын мұсылман жұмақтағы Кәусәр бұлақтан су іше алады, Алла оны ұлықтайды, Қиямет күні өзі кешіріліп, жоғары дәрежеге ие болады. Ал кімде-кім  мейірімділік танытпаса, мұның бәрінен құр алақан қалуы ықтимал. Осынау Алла қадірлі еткен күнде маңайымыздағы жандардың барлығын кешірсек, Алла бізді де кешіреді.

Арапа күні мүбәрәк болып, елімізден, үйлерімізден бақ-береке кетпесін! Жаратушы Жаббар Иеміз Арапа күнгі жасайтын ізгі амалдарымызды сауаптан жазғай! Әмин! 

Мейрамбек Ақылбекұлы,

Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру