Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

УАҚЫТЫҢДЫ БАҒАЛА!

Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ muftyat.kz 14.10.2021 10163 0 пікір
УАҚЫТЫҢДЫ БАҒАЛА!

Алла Тағаланың адам баласына берген ерекше нығметтері бар. Соның бірі – уақыт. Өйткені адам баласы уақытын қалай өткізсе, өмірін де солай өткізген болып саналады. Уақыт ешқашан тоқтамайды, ауыспайды, кері қайтпайды, жылжып өте береді.

Алла Тағала Құран Кәрімде уақытқа байланысты болған жаратылыстармен ант ішеді: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» («Ғасыр» сүресі, 1-3 аяттар). Хақ Тағала бұл аятта заманмен серт жасады. Мұндағы заман дегені – барлық адам баласының ғұмыры, әртүрлі кезеңнен өту, сәттілік-сәтсіздік, бейнет-зейнет сияқты барлық дүние.

Алланың адам баласына берген үлкен сыйлығы – біздің өмірміз. Сондықтан Оның берген өмірін лайықты сүру өз қолымызда. Өйткені Қиямет күні біз есеп береміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы қалай өмір сүргені, жастық шағын қалай өткізгені, дүние-мүлкін қандай жолмен тауып, қайда жұмсағаны және алған білімін қалай пайдаланғаны жайлы есепке тартылмайынша, бір адам да орнынан тапжылмайды» деген (Термизи). Қазақ «Судың да сұрауы бар» дейді. Өміріміздің барлық кезеңі үшін есеп беретініміз хақ. Бұл дүниеде ешкім және ешнәрсе мәңгі емес. Өмір өзендей ағып өте береді. Ал өмірді дұрыстап өткізу үшін Алла Тағала бізге ақыл, сана берді. Осы хадистегі екі нәрсе біз үшін маңызды: ғұмырымыз һәм жастық шағымыз. Жастық шақта адам баласы көп нәрсені түсінбей ойын-күлкіге немесе басқа да күнә істерге жақын тұрады. Себебі жастар барлық нәрсені мәңгі қалпында тұратындай қабылдайды. Денсаулығы мықты, уайым-қайғысы жоқ. Сондықтан алтындай бағалы уақытын бекер, бос нәрсемен өткізуге тырысады. Сосын Хәкім Абай айтқандай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деп өкініп жатады.

Жастық шақты дұрыс өткізудің қаншалықты маңызды екенін осы ақынның осы өлең жолдарынан-ақ түсінуге болады. Адам жастық шағын ғылым ізденумен, пайдалы нәрселерді үйренумен өткізсе, қалған ғұмыры мәнді-сәнді болары анық. Демек адам баласы жастық кезеңдегі уақытын үнемді пайдаланып, барынша пайдалы дүниелер оқуға, имандылық жолына бет алып, білім мен ғылымға көңіл қойса, ғұмыры өкінішсіз өтеді.

Ғұлама Имам Шафиғи (Алла оған разы болсын): «Мен сопылардың жанында жүріп екі жақсы сөзінен пайда алдым: «Уақыт – қылыш. Оны дұрыс пайдалану керек. Болмаса ол сені өлтіреді», «Жаныңды жақсылықпен толтыр. Әйтпесе жаның жамандыққа толады». Яғни адам баласы уақытын барынша толық пайдалану керек. Әр сәтті бекер өткізуге болмайды.

Адам үнемі ойланып, әрбір уақытын үнемдеп, дұрыс өткізетін болса, ол екі дүниенің бақытына жетеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) уақытқа нығмет деп сипаттама берген. «Екі нығмет бар, көп адам осы екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт».

Нығмет – Алланың адам баласына берген жақсылығы, молшылығы, сәттілігі, берекесі. Нығметтің орнын басқа нәрсе баса алмайды. Сондықтан әрқдайым оның қадірін біліп, түсіну маңызды.

Ең үлкен жақсылық – бос уақыт. Адам бос уақытты қалай өткіземіз десе де өз еркі. Алайда бос уақытты күнәлі істермен, пайдасыз шаруалармен өткізуге болмайды. Керісінше уақыттың ақысын беріп, оны барынша пайдалы өткізуге тырысқан абзал.

Адамның уақытын үш кезеңге бөлуге болады: өткен шақ, қазіргі сәт және болашақ. Өткен уақыттан адам баласы сабақ алуы керек. Жіберген қателігі үшін өкініп, оны келешекте қайталамауға тырысу маңызды. Осы сәт те әртүрлі сынаққа толы. Сондықтан қазір алға ұмтылып, әрекет ету керек.

Ең қызық кезең – болашақ. Өйткені келешек ғайып, оны біле алмайсың. Алда сені не күтіп тұр, белгісіз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла Тағала толық білуші әрі хабар алушы», – деген («Лұқман» сүресі, 34-аят).

Адам баласын әрқашан мазалайтыны – болашағы. Мұсылманның алдында «Келешек өмірді қалай өткізу керек?», «Болашақта ғұмыр мәнді-сәнді болу үшін не істеу керек?» деген сұрақтар маза бермейді. Ендеше, мұсылманның төмендегі талаптарды орындағаны жөн.

Біріншісі – иман. Аллаға деген сенім әрқашан болуы керек. Өмір әр түрлі сынақтардан тұрады. Сол сынақтарға төтеп беру үшін нық сенім керек. Сенім адамға күш-қуат береді, алға қарай жүруіне жәрдемдеседі, шектен шығып кетуіне жол бермейді. Сонымен қатар екі дүниеде де пайдасын беретіні анық. Иман–Аллаға деген махаббат, Алланың қаһарынан қорқу, разылығын алуға әрекет ету. Өйткені уақыт иесі –Алла тағала. Уақытыңды қалай өткізгенің туралы қиямет күні есеп бересің. Алланы жақсы көрген пенде біреудің қарғысын алудан қорқады және ғұмырын барынша дұрыс өткізуге тырысады.

Екіншісі – жақсылыққа асығу. Өмір бойы жақсылықта жарысу керек. Өйткені жақсылықтың сыйы – жақсылық. Адам уақытын жақсылық істеуге, үгіттеуге арнаса, міндетті түрде оның қайырлы болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сонда кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық істеген болса, оны көреді. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, оны да көреді» («Зілзала» сүресі, 7-8 аяттар) деген.

Жақсылық есігі ешқашан жабылмайды. Сондай-ақ уақытты жақсы істер істеуге арнау – ең үлкен сауап. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Егер Алла қаласа, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларыңда сынамақшы. Ендеше, жақсылыққа жарысыңдар. Біртұтас барар жерлерің Алла жақ» («Мәида» сүресі, 48-аят) дейді. Жақсылықта жарысса, яғни адам уақытын жақсы, сауапты, адамдарға пайда беретін жұмыстарға арнаса, Алланың разылығын алары анық.

Үшіншісі – жалқаулық. Ол адам баласына зиянын тигізіп, шайтанның соңынан еруіне себепші болады. Екі дүниеде де опасыздыққа алып барады. Ислам діни жалқаулықты ешқашан құптамайды. Алла Тағала Құран Кәрімде намазын жалқаулықпен оқитындар туралы былай дейді: «Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады» («Ниса» сүресі, 142-аят). Аятта негізінен екіжүзділер туралы айтылып, жалқаулықтан алыс болуға шақырады.

Хәкім Абай отыз сегізінші қарасөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» десе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік,  ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Демек кедейлікке құшақ жайып, жалқаулық дертін асқындыратын осы үшеуі екен.

Жалқаулық – адам жанын аздырып-тоздыратын кесапатты кесел. Абай Құнанбайұлының: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» дегені бекер емес. Демек уақытты жалқаулықпен өткізу – жамандықтың белгісі.

Уақытты тәртіппен өткізген маңызды. Адам баласы уақытын бос өткізбеу үшін үнемі жаңартып, жүйелеп отыруы керек. Ол дегеніміз – алдыңа мақсат қою, соған жету үшін әрекет ету. Адам уақытын тәртіпке бағындырған кезде өмірінің гүл-гүл жайнайды. Имам Ғазали айтқан жақсы сөз бар: «Ақылды адам уақытын төртке бөлу керек: Құдайға жалбарыну, нәпсісіне есеп беру, жаратылысқа қарап өнеге алу, азық-тамаққа уақыт бөлу». Ендеше, осы айтылған кеңестерге құлақ түріп, уақытты қадірлей білейік! Тіршілікті де, құлшылықты да ұмытпай, Алланың разылығын алуға асығайық!

 

Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ,

Павлодар облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру