Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ПАРЫЗ АМАЛДАРЫ АЯҚТАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 09.07.2022 3074 0 пікір
ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ПАРЫЗ АМАЛДАРЫ АЯҚТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін қазақстандық қажылардың басым бөлігі қажылықтың негізгі парыздарын аяқтады. Кеше күнұзақ Арафада тұрып тілек тілеген, Мұздалифада түнеп таң намазын оқыған қажылар бүгін Жамаратта шайтанға тас атып, құрбан шалды. Қағбаға барып парыз тауабын жасап, ихрамнан шықты.

Шайтанға тас ату – Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар заманынан жеткен діни рәсім. Ибраһим пайғамбар Алла Тағаланың бұйрығын орындау үшін ұлы Исмаилды құрбан қылуға алып бара жатқанда алдынан шайтан шығады. Ол Исмаилды: «Әкең сені өлтіруге алып бара жатыр», – деп азғырады. Исмаил әкесіне қарсы келмейді. Шайтанның азғыруына ермей, керісінше оған тас атады. Содан бастап қажйлық кезінде қажылар шайтанға тас ату рәсімін жасайды.

Тас ату рәсімі Жамарат деп аталатын көпқабатты орында атқарылады. Мұнда Исмаилдың шайтанға үш рет тас атқан жеріне үш бағана қойылған. Бүгін қажылар Мұздалифадан теріп алған 49 тастың жетеуін ақаба жәмраға атты. Енді алдағы екі-үш күнде қажылар Жамаратқа барып тағы да бірнеше тас лақтырады.

Бүгін Жамаратқа тас лақтырған соң қажыларымыз құрбан шалды. Содан соң Қағбаны тауап жасап, шаш алдырып, ихрамнан шықты. Осымен қажылықтың парыз амалдары тәмамдалды. Енді қажылар алдағы екі күнде қажылықтың уәжіп амалдарын атқарады.

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру